«Бүкіл халық та еңбек дегенде ерінбесе екен»

ЕРІНБЕЙТІН ЕРҒАЛИЕВ
Қайда болсын алда жүру – Талғат Файзоллаұлының қанына сіңген қасиет. Жас кезінен: мектепте, институтта оқығанда сабақ десе суырылып тұратын. Тіпті, оқулықта жоқ деректер мен дәлелдерді келтіретін, бағдарламада жоқ кітаптарды оқып алатын. Кейін де қоғамның өзекті мәселесін басқалардан бұрын аңғарып, алдымен қозғайтын болды.
Бұдан тура бір мүшел бұрын, сонау 2013 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Талғат Ерғалиев Павлодар қаласындағы С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте кездесу өткізген. Жоғары оқу орнының оқытушылары мен магистранттары алдында сөйлеген. Сол кездесуінде еңбек адамының қоғамда құрметтелуі және жұмысшылардың жетістіктері жаппай насихатталуы керек екендігін қозғаған.
Одан кейін де Мәжіліс депутаты және «Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасы бола жүріп осы пікірін мүмкін болған мінберлер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтып жүрді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылған Отандық кәсіпкерлер кеңесіне мүше болып, соның отырыстарында тағы «жұмысшыларға лайық құрмет көрсетілсін» деді.
Ерғалиев уақыттан озып кеткен еді. «Жаңа Қазақстанды» құру қызу жүріп жатқан шақта Республика Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы жылы деп жариялады. БАҚ-та еңбек адамдар жаппай насихаттала бастады. Өндірісті қалаларда түрлі кәсіпорын жұмысшыларының билбордтары ілінетін болды. Осының бәрін Талғат Файзоллаұлы бір мүшел бұрын қозғаған еді. «Ештен кеш жақсы» дегеннің өзі болып шықты.
Құрылыс саласы – нағыз жұмысшылардың ордасы. Мұның өзінен бірнеше ондаған мамандық табылады. Краншы, бетоншы, кірпіш қалаушы, сылақшы, бояушы, дәнекерлеуші, экскаваторшы сияқты мамандықтар жұртқа белгілі. Құрылысшы деген жалпы атауды көпшілік осындай жұмыс түрлерімен көзге елестетеді. Ал Талғат Файзоллаұлы жылу жүйесі, желдету жүйесі, кәріз жүйесі, сумен жабдықтау жүйесі бойынша мамандықтардың да жұмысшы қауымына жататындығын айтып, Қазақстан кейінгі ширек ғасыр бойы осы мамандықтар бойынша маман даярлауды ұмытқанына қоңырау қаққан. Кез-келген ғимаратқа электр желісінен басқа да желілер кіргізіледі. Дұрыс жылытылмайтын жерді айтпағанда жөні түзу желдетілмейтін ғимарат пайдаланылмай, иен қалады. Осы пікірі жұмысшылар даярлау мәселесімен айналысуға тиісті сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне жеткенімен, айтарлықтай нәтиже шыға қоймады-ау.
Құрылыс – экономиканың қозғаушы күші. Құрылыс басталса кірпіш, бетон, шыны, әрлеу мен бояу, электр, жылыту, желдету, су жеткізу бұйымдарын шығаратын ондаған өндіріске жан бітеді. Адамдарда жұмыс орны ғана емес, жалақы да болады. Мұның сыртында құрылыс материалдарын сақтау мен тасу үшін логистикалық қызмет қызу іске кіріседі. Осыны ескерген Талғат Файзоллаұлы құрылысты тоқтатпау үшін түрлі үкімет бағдарламаларды, оның ішінде ипотеканы қолдай беру қажет деп келеді. Әсіресе, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын бәсеңдету, ақыр аяғында тоқтату туралы экономикалық саясатқа қарсы болды.
Бұл пікірі жерде қалмады. 2025 жылғы қазан айының ортасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ол бағдарламаны әрі қарай жалғастыра беру туралы үкіметке нақты тапсырма берді.
Әрбір жұмыс орны сақталғанда жеке отбасының тыныштығына кепілдік бар. Әрі қарай әрбір отбасының тыныштығы – мемлекеттің ішкі тұрақтылығының кепілі.
«Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасы Талғат Ерғалиев экономиканы жақсы дамытқанда ғана саяси реформалар жүргізуге мүмкіндік туатынын ескертіп келеді. Жалпы республиканың саяси аренасында жүрген одақтар мен бірлестіктер арасында ол басқаратын «Қазақстан құрылысшылар одағының» үні жиі естіледі. Шығармашылық одақтарға қарағанда экономиканың салалары бойынша құрылған одақтардың жұмысын үйлестіру мен саяси сахнаға шығару – өте қиын. ХХІ ғасырдың басында республика азаматтары тек «Қазақстан машина жасаушылар одағы» барын бұқаралық ақпарат құралдарынан білсе, бергі уақытта құрылыс саласындағылардың өз дауысы мен бағыты барын Талғат Файзоллаұлы басқарған одақ байқатып отыр.
Бұл үшін одақ басшысы үкімет мүшелерімен, облыс әкімдерімен, саяси партиялардың жетекшілерімен, Сенат пен Мәжіліс депутаттарымен үнемі кездеседі. Көбінесе түсіністік табады, кейде көзқарастар үйлеспейді. Бірақ, Талғат Ерғалиев сол екі жаққа тартып тұрған бағыттардың өзін үйлестіру үшін еңбек етеді. Заң шығарушы орган болсын, атқарушы билік болсын – халық мүддесін ойлауы керек. Жалғыз Президенттің ағымдағы жұмыстың бәріне атсалысуын күтіп отыруға болмайды. Қайта ол кісінің бір жағына шығып, мемлекетке орта деңгейдегі деп саналатын мәселені Қасым-Жомарт Кемелұлына жеткізбей-ақ, Президенттің аузынан айтқызбай-ақ шешу керек.
Бұл үшін белсенділік керек. Халыққа да, Президентке де жанашырлық керек. Өз басым аман болса жетеді деп көрпені қымтап бүркеніп алуға болмайды. Кейде қорықпау қажет. Бірақ, ондай батырлықты мемлекеттің мығым болуы жолында ғана жасауға болады.
Осылай істейтін Ерғалиевтің мәлімдемелері нәтиже беріп жатады. Бұған мысал көп. Ең соңғысы мынандай.
2024 жылы «Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасы Талғат Ерғалиев республиканың өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отставкаға кетсін деген талап қойды. Оны оңаша жерде айтқан жоқ, бүкіл қоғамға естілген мәлімдеме жасады. Бұрын тек банк-қаржы бойынша жұмыс істеген адамның құрылыс ісінен көп нәрсені білмейтіндігі саланы тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан бұл министрді қызметтен алу керек деп талап қойды.
Талап өте қатаң еді. Әрі ол Талғат Файзоллаұлының жеке басына қуғын-сүргін әкелуі де мүмкін. Бірақ тұтас құрылыс саласы министрдің солақай шешімдерінен тұралайтын болған соң одақ басшысы аузын буып, көзін жұмып отыра алмады. «Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасының ашық та ащы мәлімдемесінен кейін кешікпей 2025 жылдың ақпан айында Президент Жарлығымен Шарлапаев министр қызметінен босатылды.
Талғат Файзоллаұлы кейде шегіне де біледі. Ол – жеке пайдасына емес, қоғамның дамуы мен ілгерлеуіне жасалатын қадам. Мұның бір мысалын келтіруге болар.
Ерғалиев кезекті Президент сайлауында өзінің кандидатурасын ұсынғаны мәлім. Құжаттар дайындалып, Президент ретінде не істейтіндігі жайында бағдарламасы айқындалған тұста ол өзінің кандитатурасын партиялас әріптесі Дәния Еспановаға жол беру үшін алып тастайтынын мәлімдеді. Бұл оңды шешім болды. Әріптесі дауыс беру қорытындысында Тоқаевтан басқа үміткерлер арасында жақсы нәтижеге жетті. Халықтың құрметі шығар, кейін Мәжіліс төрағасының орынбасары болып, мемлекет үшін қажетті заңдар қабылдануына айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Не керек, Ерғалиев ерінбейді. Оның ерінбегені халыққа, қоғамға, мемлекетке қажет.
Abai.kz