Трамп ашулы: Ресейді атсаң ат, шапсаң шап!
Путиннің түнеугүні ядролық зымырандармен «бопса» жасағаны ұнамады ма, әлде Рубиомен тілдескен Лавровтың сөзсаптауы шамына тиді ме, бәлки Ресейдің Харьковтегі балабақшаны соққылағанын Мелания ханым президент күйеуінің құлағына сыбырлады ма, әйтеуір Трамп Ресейге қатты ашулы. Содан Ресейге қарсы бірнеше «соққы» жасады.
Рет-ретімен:
Әуелі Трамп Путинмен кездесуден бас тартты: «Біз Украина мәселесін әлі де бейбіт шешуге үміттіміз. Бірақ, осы жолы Путинмен Будапешттегі кездесуден бас тарттым. Болашақта тағы жолыға жатармыз. Ал қазір біз кездессек те, керек нәтижеге қол жеткізе алмаймыз деп ойлаймын. Сондықтан уақытта босқа өлтіруге ниетім жоқ», - деп шорт кесті.
Бұған себеп - Ресей соғысты майдан шебінде тоқтатуға қарсы!
ТРАМП УКРАИНАҒА РҰҚСАТ БЕРДІ МЕ?
Онан соң The Wall Street Journal мақала жариялады. Онда: «АҚШ Украинаға алыс қашықтықтан ататын зымырандарды қолданып, Ресей аумағын соққылауға рұқсат берді», - деп жазылған.
Кейін президент Трамп бұны терістеген кейіп танытып: «Ол қаруды біз бермейміз. Одақтастар береді және беріп жатыр. Ал оны Украина қалай қолданады, өздері шешеді», - деді. Трамп Украинаға алыс қашықтықтан соққы жасайтын зымырандарды Ұлыбритания мен Франция беретінін айтты.
Мұндағы сөз боп отырған зымыран - Storm Shadow зымыраны жайлы болып отыр.
АҚШ РЕСЕЙГЕ САНКЦИЯ САЛДЫ!
Оның ізін суытпай АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы санкцияларды күшейтті: «Роснефтьке» тиесілі 28 компания, «Лукойлға» тиесілі 6 компания санкция тізіміне енді.
Ал АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент: «Біз Ресейден дереу арада ұрысты тоқтатуды талап етеміз және қажет болса санкцияны күшейтуге әзірміз. Ресей әділ келіссөз жүргізбейді. Соған көзіміз жетті. Біз G7 елдерінен Ресейге санкцияларды күшейтуді талап етеміз», - деді.
Молда сөзін азаншы қостайды деп, Трамп та санкцияларды қолдап сөйледі. Трамп: «АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің алпауыт мұнай компанияларына санкция салды және Мәскеуді ұрысты тоқтатуға шақырады», - деді.
ЕО-НЫҢ 19-ШЫ САНКЦИЯЛАРЫ
АҚШ-тың өзі айғайлап тұрса, Еуропа қарап тұрсын ба, Ресейге қарсы 19-шы пакет санкцияларды мақұлдады…
Сонымен бұл жолғы санкциялар пакетіне не кіреді? Қараңыз:
Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесуші қытайлық және үндістандық компанияларға санкция салу;
Ресейлік банктер мен криптовалюталық биржаға санкция салу;
Ресейдің көлеңкелі флотына жататын тағы 100-ден аса танкерге санкция салу (жиыны 550 танкер болды);
Ресейлік көгілдір отынға шектеу енгізу (ресейлік газға толықтай тыйым 2027 жылдан басталады).
ШАТДАУННЫҢ ШАТАҒЫ
Трамптың қаһары осы боп тұр. Бұл қашанға дейін осылай болары белгісіз. Оның бұлай бұрылуына ненің ықпал еткенін де әркім әрқалай топшылайды. Бірақ, сөзсіз: Трамптың Ресейге қатысты осындай қатаң риторикаға баруына ықпал еткен көп фактордың бірі - АҚШ үкіметіндегі шатдаун!
АҚШ үкімкті Конгресспен келісімнің болмауынан жұмысын тоқтатқалы 23 күннен асты. Әдетте мұндай үзілістер 1-2 күннен аспайтын. Бұл жолы ұзап барады. Бірақ, рекорд емес. Рекордтыш шатдаун 35 күнге созылған. Бұл жолы қалай болары белгісіз. Тіпті, мұның арты Трамптың импичменті деген әңгімеге де жеткізуі мүмкін. Көре жатармыз…
Әзірге Storm Shadow-ға рұқсат берілгенімен, Tomahawk туралы сөз жоқ. Украина басқа-басқа, дәл осы қаруды күтуде…
Abai.kz