Тоқаев ЖИ-ге сүйенген реформа жариялады...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауды тапсырды.
Жетінші рет көтеріліп отырған бюрократиямен күрес бұл жолы цифрландыру мен Жасанды Интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін енгізу арқылы жүзеге аспақ. Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік аппаратты реформалаудың кешенді жоспарын дайындау жүктелді.
Отандық БАҚ мемлекет басшысы бұл қадамды «үстірт өзгерістер емес, басқару жүйесінің іргелі қайта құрылуы» деп атады деп жамырмай жазды.
ЖИ ЖӘНЕ «ДУБЛЯЖДАУСЫЗ» ЖҮЙЕ: РЕФОРМАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін елдегі саяси жүйе жаңарғанымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс әдістері бұрынғы бюрократиялық сүрлеуден шыға алмай отыр. Бұл реформаның басты өзегі — шенеуініктердің санын азайту және функцияларды біріздендіру.
Тоқаев мемлекеттік органдардағы қайталама (дубляждаушы) функциялар мен қағазбастылықты жою үшін ЖИ-ді енгізуді талап етті. ЖИ шешім қабылдауды бұғаттайтын артық процедураларды қысқартуға тиіс.
Реформа барлық деңгейді қамтиды. Мақсат — шенеуніктерді «жоғарыдан бұйрық күтіп отырудан» арылтып, өз бетінше бастама көтеруге және шешім қабылдауға үйрету.
Президент мемлекеттік қызметшілердің қазіргі деңгейін ашық сынға алып, жаңа этикалық стандарттар мен жоғары біліктілік талаптарын қойды.
АЛДЫҢҒЫ РЕФОРМАЛАР НЕГЕ НӘТИЖЕ БЕРМЕДІ?
Қазақстанда бюрократияны азайту мәселесі жылдар бойы айтылып келеді. 2023 жылы билік 496 функцияны қайта бөліп, 364 функцияны мүлдем алып тастағаны жайлы жұрт алдында есеп те берген еді. Алайда, функционалдық анализге қарамастан, мемлекеттік органдар арасындағы заңнамалық қарама-қайшылықтар мен мағынасыз қағазбастылық сақталып қалды.
Шенеуніктердің өз іс-әрекетін сақтандыру үшін ондаған келісімнен өту әдеті елдің экономикалық дамуын тежеп отыр. Сондықтан бұл жолғы реформадан «көзбояусыз», нақты заңнамалық және қаржылық шешімдер күтіледі.
Жолдаудың екінші маңызды бөлігі — Қазақстанның ұзақ мерзімді басымдықтарын анықтайтын жаңа ұлттық стратегиялық құжатты дайындау тапсырмасы.
Президент Әкімшілігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖРА) Қазақстан институтымен (КИСИ) және Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, елдің барлық даму стратегияларын басынан бастап, бақайшағына дейін сүзгілеуге тиіс.
«Инерттілік пен күту — тарихи жеңіліске тең. Бұлай жалғаса берсе, біз мәңгілік «қуып жетуші даму» тұзағында қаламыз», — деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекеттік аппаратты цифрландыру және ЖИ-ді енгізу — заман талабы. Алайда, реформаның сәтті болуы технологияға емес, саяси эркке байланысты. Егер ЖИ жүйесі тек қағазды электронды форматқа ауыстыратын құрал болып қалса, бюрократия түрін өзгертеді, бірақ жойылмайды.
Реформаның басты өлшемі — қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруы мен мемлекеттік қызметтің әділ әрі ашық болуы болып табылады.
Abai.kz