Республика күні: Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда!
1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды.
Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. 1990 жылғы Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазқастан Президенті:
Қымбатты отандастар!
Республика күні құтты болсын!
Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.
Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты.
Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді.
Біз «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» идеологиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбекқорлық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құндылықтарын қоғамда барынша орнықтырып, келешегіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қалыптасып келеміз.
Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз.
Біз еселі еңбектің, өзара қолдаудың және ең бастысы, мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспарымызды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағындыра беретінімізге сенімдімін. Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда. Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін!
Abai.kz