Сарапшы пікірі: Азаматтық қоғам өзін-өзі дамыта ала ма?
Бүгінгі Қазақстан – жаңару жолындағы ел. Мемлекет пен халықтың арасындағы өзара сенім мен ашық диалог орнату үшін азаматтық қоғамның белсенді болуы – ең басты шарттардың бірі. Бұл бағытта жүзеге асыруға болатын бірнеше маңызды бастамаларды атап өтуге болады.
Ең алдымен, қоғамдық қатысуды кеңейту басты назарда болуы тиіс.
Әрбір азамат өз пікірінің ел тағдырына әсер ете алатынын сезінуі керек. Сол үшін қоғамдық кеңестер мен жергілікті бастамаларға қатысу мәдениетін дамыту маңызды. Ашық пікірталас алаңдары мен онлайн платформалар осының тиімді құралы бола алады.
Сонымен бірге, еріктілер қозғалысын қолдау да маңызды. Қазір жастар тек сөзбен емес, іспен көмектескісі келеді. Экологиялық, әлеуметтік, мәдени бағыттағы еріктілер жобаларын тұрақты түрде қаржыландырып, оларға кәсіби оқыту бағдарламаларын енгізу – қоғамдағы белсенділікті арттырады.
Бұл жөнінде үкіметтік емес ұйымдар үшін жаңа мүмкіндіктер туатыны сөзсіз. ҮЕҰ-лар әлеуметтік мәселелердің алдыңғы шебінде жүр. Сондықтан оларға әкімшілік және қаржылық тұрғыдан қолайлы жағдай жасау – қоғам мен мемлекеттің ортақ мүддесіне қызмет етеді.
Ал осы сәтте бізде азаматтық қоғам өзін-өзі дамыта ала ма деген заңды сұрақ туындайды.
Бұл сұрақты саясаттанушы Руслан Түсіпбековке де қойдық:
«Меніңше, азаматтық қоғамның дамуына ешқашан бастаманың қажеті жоқ. Себебі, азаматтық қоғам өзі дамиды. Сол үшін бұған сырттан кедергі жасамау керек. Қысқаша айтқанда, оның бір ғана шарты бар, ол - оған ешкім кедергі жасамау. Мысалы, әлеуметтік желілер пайда болғалы бері біз сол платформалар арқылы белсенділік танытып, азаматтық қоғамның дамуына өзіміз кірісіп келеміз. Жұрт жақсы білетін жер мәселесі, үш тұғырлы тіл мәселесі туралы да сол платформаларда күресіп келеміз», - дейді саясаттанушы.
Қазақстандағы азаматтық қоғам соңғы жылдары айтарлықтай белсенді бола бастады. Еріктілер қозғалысы, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бастамалары — мұның бәрі қоғамның өздігінен дамуға ұмтылып жатқанын көрсетеді. Әсіресе экология, әлеуметтік әділдік, мәдени мұра және білім саласындағы жобаларда бұл айқын байқалады.
Бірақ, азаматтық қоғамның өзін-өзі толыққанды дамытуына кедергі болатын факторлар да бар:
Ең алдымен, қаржылық тәуелділік (көп ұйымдар мемлекеттік грантқа немесе шетелдік қорларға қарап отыр). Содан кейін қоғамдағы белсенді азаматтардың аздығы мен сенім деңгейінің төмендігін айтар едік.
Дегенмен, азаматтық қоғамның ең үлкен күші – инициатива мен идея. Егер адамдар өз ортасында әділдік, ашықтық, және өзара қолдау құндылықтарын дамыта берсе, азаматтық қоғам біртіндеп өздігінен нығая алады.
Азаматтық қоғамды дамыту – тек ұйымдардың жұмысы емес, әр адамның саналы таңдауы. Егер әрбір қазақстандық «бұл мәселеде менің үлесім бар» деп сезінсе, елімізде әділеттілік пен сенімге негізделген жаңа қоғамдық мәдениет қалыптасады.
Abai.kz