Сәрсенбі, 5 Қараша 2025
Дей салдым-ау 378 0 пікір 5 Қараша, 2025 сағат 13:28

Әлемдегі бизнес әдебиетінің 95 пайызын кімдер жазады?

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Әлемдегі бизнес әдебиетінің 95 пайызы табысқа жеткендердің тарихын жазған. Өйткені адамдарға жеңіс ұнайды, ал жеңіліс туралы оқығысы келмейді. Себебі жеңіс сенім сыйлайды, әділеттілікке иланады, «еңбек етсең ерінбей – бәріне қол жеткізесің» деген иллюзияны қалыптастырады. Бірақ, шын өмірде жағдай мүлде басқаша.

Кез келген стартаптың өмірі қысқа. Статистикаға сенсек, әрбір екінші жаңа компания бес жылға жетпей жабылады. Он жыл ішінде олардың жетпіс пайызы нарықтан кетеді.

Стартаптардың 96 пайызы алғашқы онжылдықта сүрінеді. Тіпті атақты Fortune 500 тізіміне 1955 жылы енген ірі компаниялардың тек он екі пайызы ғана 2020 жылға дейін өмір сүрген. Бұл сандардың өзі-ақ сәтсіздік пен құлдыраудың өмірдің шынайы көрінісі екенін көрсетеді.

Бірақ бізге бәрібір Джобс пен Безос ұнайды. Олар бәрін алдын ала білді, бәрін көре білді деп ойлаймыз. Джобс iPhone-ды ойлап тапты, ал Безос e-commerce әлемін болжады. Шын мәнінде, олардың әрқайсысының артында ондаған сәтсіздік жатыр.

Apple Lisa, NeXT Cube, MobileMe, Fire Phone, Amazon Destinations – бәрі миллиардтап кеткен жобалар. Бірақ оларда бір артықшылық болды – қайта тұрып, тағы да әрекет етуге ресурсы жетті.

Сәтсіздікті зерттейтін ерекше бір жоба бар. Ол АҚШ-тағы «Музей неудач» атты жылжымалы көрме. Онда адам шошырлық идеялар мен күтпеген фиаскоға ұшыраған өнімдердің түгенделмеген тізімі қойылған.

Мәселен, LaserDisc DVD-ден бұрын шыққан, технологиясы әлдеқайда мықты, бірақ көлемі мен бағасы халыққа ауыр тиген.

Segway көлік революциясы болады деген, алайда кеңселердің арасында серуендейтін ойыншық болып қалды. Amazon Fire Phone ешкімге керегі болмаған смартфон. Nokia N-Gage ниеті дұрыс, қолданысы қиын гибрид күйінде қалған. Colgate-тің асүйге арналған тағамдары тіс пастасының дәмімен байланысып қалған бейсаналықтан аса алмады. Cosmopolitan йогурты, Harley-Davidson иісімен шығып жатқан парфюмерия, тіпті Трамптың Monopoly стиліндегі үстел ойыны да сәтсіздікке ұшыраған.

Бірақ осының бәрі не үшін керек? Себебі сәтсіздік ең үлкен ұстаз. Кремний алқабындағы инвесторлар мұны жақсы түсінеді. Олар жеңімпазды іздемейді, сәтсіздіктер арасынан мүмкіндікті іздейді. 10 жобаның 7-8-і құлайды, бірақ біреуі нәтиже береді. Сондықтан олар болжаудан бұрын әрекетке сенеді.

Ең маңыздысы кез келген сәтсіздіктен сабақ ала білу. Ал сәтсіздіктен қорықпаған қоғам жаңалық ашуға, тәуекел етуге, даму жолын таңдауға дайын қоғам. Бізге керек идеал табыс туралы аңыз емес, шындыққа негізделген сабырлы сабақ.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір