Қауіпті құбылыс: Қазақ қоғамы не талқылап жүр?
Қазір қазақ қоғамы бір қызық құбылыс белең алды. Елімізде инфляциядан бастап өңірлік қауіпсіздікке дейінгі мәселе халықтың талқылауына сұранып тұрғанда көпшілік әнші-әртістердің жеке өмірін барынша сөз қылғанды жөн санайды. Бір әрітістің күйеуінен кетіп қалғанын, біреуінің әйелі сұхбат бергенін, енді біреуінің stories-те айтқан сөзін күні бойы талқылайтын боладық.
Рейтинг қуатын сайттар азаннан қара кешке дейін осы тақырыпты қозғап, отқа май құя түседі. Осы құбылысқа сырттан қараған адам қазақ қоғамының барлық мәселесі шешіліп, енді тек жұлдыздардың жеке өмірін талқылау қалды деп ойлап қалуы мүмкін.
Әлемде мұндай жағдай болып тұрады. Тіпті дамыған АҚШ-тың өзінде де жұлдыздардың өмірі кеңінен талқыланатынын білеміз. Бір кездері Америкада Кардашян әулетінің жаңалықтары көп оқылды. Калифорниядағы орман өртеніп жатқанда, салықтық реформаға дау жүріп жатқанда миллиондаған адам нақты саясаттан гөрі атақты отбасының қыдырған жерін көріп, тамашалайтын-ды.
Бірақ олардың өзекеті мәселемен жүйелі түрде айналысатын билігі, оның басқан-тұрған қадамын бақылайтын партиялық жүйесі бар. Демек американдықтардың Кардашян әулетінің жеке өмірін мүмкіндігі болды.
Сол сияқты Үндістанда Болливудтағы әрістердің некелесуі мен ажырасу жаңалығы ауыл шаруашылығындағы дағдарыстан көбірек трендке шығып кететін кездер болған. Бірақ мөлшері мен шегі бар. Ал бізде шоу-бизнестің жаңалығы қоғамдық-саяси күн тәртібін толық басып алды.
Қазақ қоғамы бүгінгі таңда елдің дамуына тікелей әсер ететін салалардың бәрін билікке тапсырып қойғандай... Саяси реформа жүрсе, оны мамандар істей береді, экономиканы Үкімет реттейді деп ойлаймыз.
Егер біз саясатты, экономиканы, білімді биліктің қолына толығымен берсек, ал өзіміз тек жұлдыздың ажырасқанын сөз қылып отырсақ, қоғам қашан есейеді? Бұған қоғамның қызығушылығы қайда бағытталса, қолына қалам ұстаған журналситердің әркетін қоссаңыз, бұл құбылыстың еліміз үшін қаншалықты қорқынышты екенін байқайсыз.
Қызығы сол, бізде ажырасқан әншінің үстінен сын айтқан адам бір күнде батыр болып шыға келеді. Ал мемлекет бюджетінің жұмсалуына қатысты әңгіме айтқан сарапшының үні ешқашан естілмейді.
Иә, қоғамның психологиялық тұрғыдан қарапайым оқиғаға жабыла талқылауын түсінуге болады. Өйткені саясат пен экономика күрделі, сандары көп, терминдері бар. Ал жұлдыздың дауы анық. Әйел айтты, еркек жауап берді. Ал ары қарай талқылай бер. Сюжет ұғынықты. Ең қауіптісі осы тұс. Күрделі тақырыпты ысырып тастап, жұлдыздың жеке өмірін жабыла талқылау халықтың ойлау қабілетін шектейді.
Кезінде Латын Америкасының кейбір елдерінде теленовелла мәдениеті жұрттың назарын ұзақ уақыт бойы әлеуметтік әділетсіздіктен бұрып әкетті. Нәтижесінде элита экономикасын өз ыңғайына бұрып, халық сериалын көріп отырды.
Сол сияқты Африканың кейбір елдерінде футбол мен музыкалық жұлдыздар төңірегіндегі әңгіме қазірдің өзінде сыбайлас жемқорлықты, жер дауын, этникалық теңсіздікті екінші қатарға сырғытып жіберуден кездер болған. Үнемі жеңіл контентке үйренген қоғам кейін ауыр тақырыпты қабылдай алмай, сормаңдай күйге түседі.
Нұрлан Жұмақанов
Abai.kz