Бейсенбі, 13 Қараша 2025
Ақмылтық 404 0 пікір 13 Қараша, 2025 сағат 14:12

Әскер мәселесі – қоғам мәселесі! 

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Біз әскери ортадағы деструктивті емес, конструктивті күштің тез топтасатын жағдайына жетуіміз керек!

Соңғы үш жылда қазақстандық армия қатарында 270 жауынгерлер мен әскери қызметкерлер қаза тапқан. Ресми деректер бойынша, олардың 86-сы өз-өзіне қол жұмсаған. Одан өзге, мәліметтерде өлім себептері ретінде ауру, жол апаты және суицид көрсетілген. Бірақ, қаза тапқандардың туыстары бұған сенбейді. Ата‑аналар өз ұлдарының әскерде қаза болуына әскердегі орын алып отырған тәртіпсіздік пен әлсіздің күштіге жасаушы зорлық‑зомбылықтары, бөлім командирлерінің  жауапсыздығы себеп болуда деп санайды. Сондықтан, әскерде түбегейлі реформалар жүргізілуі тиіс дейді олар.

Мұндай сенімсіздік не себептен туындауда? 

Астанада Қорғаныс министрлігі ғимаратының алдында қазақстандық армияда қаза тапқан немесе жарақат алған жауынгерлердің аналары жиналды. Олар әскери биліктен ұлдарының өлімі мен жарақаттану жағдайларын толық тергеуді талап етті...

Неге десеңіз, олар өздерінің ұлдарының ажалына қатысты істер дұрыс тергелмейді дейді: «Әскери тергеушілер олардан өлімнің шынайы себебін мейлінше жасырғысы келеді. Себебі, олар әскердегі орын алып отырған небір  заңсыз әрекеттерді сыртқа шығарғысы келмейді. Бәрін де жауырды жаба тоқып, көбіне көзжұмбайға салып, өзара жең ұшынан жалғасып, қылмысты жылы жауып қойғысы келеді», ‑ деп шағымданады.

Аналар тобы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ғимаратына келіп, министр Даурен Қосановпен жеке кездесу мен ұлдарының қаза табуы мен жарақаттану жағдайларын әділ тергеуді талап етті.

Әскердегі шынайы ахуал нашарлап бара ма?

Еліміз жылдан‑жылға елдің әскери қорғаныс әлеуетін көтеруге үлкен күш жұмсауда: қаржы жағынан, құқықтық жағынан, материалдық база мен әлеуметтік қолдау тұрғысынан жағдай үздіксіз жақсарып келеді...

Соған қарамастан, әскерде әлі де зорлықпен, кісі қолынан қаза болу фактілері кездесуде. Бұндай қайғылы оқиғаның үлкен‑кішісі жоқ – ауыр трагедия!  Қайсысы болмасын қоғамда үлкен резонанс туғызып, қоғамда әскерге деген негативті көзқарастың қалыптасуына әкелуде. Нәтижесінде, жастардың біразы әскерге барғысы келмей қаша бастады. Әскерилер болса оны шешудің мәдениетті‑құқықтық «бейбіт жолын» іздеуден гөрі, полициямен бірігіп жастарды көшелерде қылмыскерлердей ұстап, машинаға тиеп алып кетуді бастады. Бұл әрекет  әскерге деген сенімді одан әрі сұйылтып жіберді...

Мемлекет әскери қорғанысқа қаншама қаржыны еселеп арттырса да, әскердің ішіндегі бұрыннан қалыптасқан қылмыстық әлемге тән  «зоналық қарым‑қатынас»,  «пахандық», күштінің әлсізге күш көрсетуі, коррупция, жауапкершілікті сезінбеу, күштінің өзін заңнан жоғары қоюы, боқтық пен соқтық және осы сияқты небір анайы да жабайы қылықтар жойылмай отырғанын әскери уақыты біткен жауынгерлер де айтып жатады...

Ал, әскерилер болса,  ондайларын «»қарғайын десем жалғызым» деген сыңаймен жасырып, «қылмыскерді» заң алдындағы жауапкершіліктен құтқаруға барын салады... Ол жерде «Заң бәрінен жоғары» деген азаматтардың конституциялық құқы дұрыс орындалмауда...

Бұған қоғамның кінәсі бар ма? 

Бар. Бар болғанда қандай?! Осының бәрі де қоғамдағы бала тәрбиесінің, жастар тәрбиесінің бей‑берекет күйге түскенінен тікелей хабар береді.

Әскерге барғанда да балалар әркелкі тәрбиемен баратыны анық: бұл – заңды құбылыс. Ал, енді, әскерге барған соң заңды бұзатындар тәрбиелі отбасынан шыққандар емес, нағыз тәрбиесіз, көргенсіз ортадан шыққан бұзықтар болып шығады. Әрине, олар көпшілік болмаса да, экстремальді жағдайда «бір‑бірін тез таба қояды» да, шүйебөрілер сияқты үйірлерге біріге қояды. Ал, «тәрбиелі көпшілік» заң мен әскери жарғыны бірден мойындап, өздері де сол тәртіпке тез үйренеді...

«Бұзықтар» олай істемейді: олар енді жеке уақыттарда «тәртіптілерді» жеке‑жеке «сындыруға көшеді... Ал, «заң бізді қорғап тұр» дейтін тәртіптілер оларға қарсы «бұзықшыл топ» ұйымдастырмайды – командирлер бірін реттейді деген сеніммен жүре береді...

Міне, осы «бұзықтар» командирлерін де өз орбитасына тез тартып алады... Кейде, командирлердің өзі осындай тәртіпті орнату үшін де «еті тірі бандиттерді» өз маңайына топтастырады...

Ал бізге, керісінше, әскерде деструктивті күштің емес, конструктивті күштің тез топтасатын жағдайына жетуіміз керек!

(Ескерту: жоғарыдағы жазба «әскердегі қазіргі нақты жағдай осы» деген сөз емес. Бұл ‑  ондай жағдайдың орын алуының психологиялық сипатын бейнелеу мақсатында суреттелген)

Әскер мәселесі – қоғам мәселесі! 

Ендеше, бұны біз тек «әскерилердің мәселесі» деп емес, жалпы біздің қоғамдағы тәрбие мәселесінің кереғар‑қайшылықты әрі дағдарысты жағдайда тұрғанынан белгі беретін сигнал деп қабылдауымыз керек. Соған сай, қоғамда «әскери тәртіпті» әскерге барғаннан соң ғана емес, әскерге дейін де балаларды бойына сіңіру жұмысын қайта жандандыруымыз керек. Онда «әділеттілдік», «шыншылдық», «досты сатпау», «өзара құрмет» (кемдегінің жаны бір), өзара құтқару және т.т. нағыз қазақ баласына тән мінез‑қылықтарды айтып, құлағына сіңдіру қажет. Қоғам әскерге дейін‑ақ бала санасына әртүрлі көздерден енетін «қылмыстық ойдан» арылтуға, одан фильтрлеуге күш салуы керек.

Әл, әскери бөлім жауынгерлерінің ата‑аналары өзара «комитет» құрып, бөлім кқмандирлерімен, сержанттармен өзара әңгімелесіп тұруды әдетке айналдырмаса болмайтын сыңайлы...

Біз тәуелсіз мемлекет ретінде жақсы болсын‑болмасын әскерсіз бола алмаймыз. Оның жақсы болуы да, жаман болуы да – қоғамнан тысқары жатқан мәселе емес. Сол себепті, біз әскердегі қалыптасатын моральдік‑әскери климатқа алдын‑ала дайындайтын курстарды жастар арасында жүргізуді іс жүзінде ретке келтірмесек болмайды.

Қазіргі мектептердегі әскери ұстаздар алдымен «әскери педагогика» мамандығын игергендері дұрыс болар еді.... Ал біздің қай жоғарғы оқу орындарында «Әскери педагогика» мамандығын оқытып жатыр?

Мен оны байқамадым... Ал сіздер білесіздер ме?

Мәселенің бір түйіні осында ма деймін...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір