Сейсенбі, 18 Қараша 2025
Білгенге маржан 240 0 пікір 18 Қараша, 2025 сағат 13:06

Қарақалпақ руларының шежіресі

Сурет: ndpi.uz сайтынан алынды.

(Алты баулы қарақалпақ)

Ағайынды Анас пен Мәлік.

Анастан — Алаш. Одан Қазақ тарайды.

Мәліктен — Разғақ. Разғақ кейін «Қалпақ» атанады. Қалпақтан — Өзбек. Оның бәйбішесінен — Жиен(Жян), тоқалынан Теке, Кене, Маңғыт. Теке ұрпағы Яумітпен қосылып Теке-Жәуміт болса, Кене ұрпағы — Кенегес, Маңғыт ұрпағы — Маңғыт атанады.

Жянның бәйбішесінен — Майқы. Сарназ деген тоқалынан — Қытайбек, Шақ. Қытайбектің ұрпақтарынан Қытай руы, Шақтың ұрпақтарынан Қыпшақ руы пайда болады. Жянның Сарназдан кейінгі тоқалы Аруханнан — Қият. Майқыдан — Жайылхан(Жайылған) мен Сейілхан.

Жайылханнан Нағадай туса, Сейілханнан Яуміт(Жәуміт) тарайды.

Мүйтен тұқымынан екі баланы Ақшолпан асырап, олар Ақшолпанды ұран етеді.

Өзбектің бәйбішесінен туған ұлы Жянның ұрқынан 4 ру, Өзбектің екінші әйелінен 3 ру тарап, сонымен «Жетісан Өзбек» атанады.

Нағадайдың Қарабек, Досан қатарлы 30 ұлы болған.

Қарабектен — Жәнібек, Қалыбек.

Жәнібектен — Әлибек, Қайдар. Әлибектен — Ағаділ, Байәділ.

Қайдардан — Еділ, Жанәділ. Қайдар ерте өліп, екі баласына Әлибек бас-көз болады.

Ағаділден — Толыбай. Одан — Тыныс пен Сарыбай. Сарыбайдан — Бәдекбай.

Байәділ ұрпағы жылқының санына таңба басып Ашамайлы атанады.

Қайдардың Еділ, Жанәділ деген екі ұлы Қостаңбалы мен Қандекті атанып, Қолдаулы олармен еншілес болады. Енді бір нұсқада Еділ мен Жанәділ ұрпағының бірі жылқының қол етіне таңба басып Қолдаулы атанып, енді бірі таңбаны жұптан басып Қостаңбалы атанып, олар хан текті Қандектімен еншілес болады. Шын мәнінде, бұл Керейт руының қос таңба(II) басып, Керейттің екі саласының бірінің Қоспанбет аталатынымен, оның ішінде Қолдаулы, Көн, Көне деген Хандекті руымен этимологиясы бір рулардың тарихын айғақтайды. Біз Керей руының денінің Әмуге ойысып, қарақалпақтың тіректі топтарын қалыптастырғанын білеміз.

Нағадайдың енді бір немересі Қалыбектен — Құлжан, Толыбек. Екеуі ханнан жығалы(жебелі) хат алып Қанжығалы атанады. Құлжан жүннен, жібектен жасалған гежі деген орамалды сатып, оның ұрпақтары Бөгежелі атанады.

Қарақалпаққа қосылған Қият, Мүйтен, Шылжуыт(Шалжуыт) руларының оқиғасы

Ертеде Алтын хан деген билеуші болыпты. Оның ай мен күндей жалғыз қызы бар екен. Хан қызына арнап мұнара салып, жанына қырық қыз күтуші қояды. Күндердің бірінде қыз жүкті болып қалады. Ер адам атаулы аяқ баспаған мұнарадағы оқиғаның жұмбағы шешілмесе де, хан қатты ызаланып, үлкен сандық жасатып, ішіне қыздың киім-көншегі мен азық-түлігін өзімен бірге салып суға ағызып жібереді. Томауыл, Шабан деген екі мерген судан сандықты шығарып алып қыз аман қалған. Қызды Томауыл(Дауымбай) алып, іште келген бала туған соң оның атын Шыңғыс қояды. Шыңғыстан кейін туған екі ұлдың аты — Бөдентай(Бонданатай) мен Бәркелтай(Бөркалтай). Осы үшеуінің ұрпағы болған Бунджар, Қағынжар, Шалжуыт үшеуінен Қият, Мүйтен, Шылжуыт рулары тарайды.

Майқы бидің заманы осы Шыңғыстың заманына тура келеді екен. Қырық кісіге сардар болған Майқы би Шыңғыс ханның құрметті нөкері болып, Қаңлы жасаған арбаға екеуі бірге отырады. Бұған дейін Бөдентай мен Бәркелтай Шыңғысқа қызғаныш қылып оны сыйдырмай, иенге кеткен Шыңғысты елі тауып хан еткен екен. Шыңғыс ханның зүряді — Жәнібекхан, Жанайхан. Оның ұрпағы Тоқтамыс хан қазаққа хан болады.

Осы аңыз шырма-шату болып былығып кеткен. Біз бұл аңызды «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» Шыңғыс хан әулетінің түп қайнары болған Добаұлы Төбеней мерген мен Алан Құбаның кіндігінен туатын Бөкентай мен Белгідай, Алан Құбаның әкесіз, күн сәулесінен туды дейтін ұлы Боданшармен байланыстырамыз. Қарақалпақ аңызында Добаұлы Төбеней мергенді Томауыл немесе Дауымбай деп алып, Бөкентайды Бөдентай, Белгідайды Бәркелтай деп алған екен. Әкесіз, ғайыптан пайда болатын ұлдан Бунджар ұрпағын таратыпты. Ал, бұл Шыңғыс хан шежіресіндегі Боданшармен үйлеседі. Екі нұсқада да осы кісіден Қият руы шығады. Алан ананың атын қарақалпақ аңызы Алтын хан қызы деп алыпты. Бірақ, қарақалпақ шежіресіндегі Мүйтен, Шылжуыт руларының жаңағы кісілерден таратылуы дұрыс емес.

«Вейнама. Әруан Ғұны Тоғастың өмір-баяны(魏书·蠕蠕匈奴徒何高车列»-ында мынадай жолдар бар:

«匈奴单于生二女,姿容甚美,国人皆以为神. 单于曰,吾有此女,安可配人,将以与天. 乃于国北无人之地筑高台,置二女其上. 曰,请天自迎之……复一年,乃有一老狼昼夜守台嗥唿,因采穿台下为空穴,经时不去. 其小女曰,吾父处我于此,欲以与天,而今狼来,或是神物,天使之然. 将下就之.

其姐大惊曰,此是畜生,无乃辱父母也. 妹不从,下为狼妻,而产子. 后遂滋繁成国.

故其人好引声长歌,又似狼嚎».

Аудармасы былай:

«Ғұн шаньюйінің екі қызы бар еді, екеуінің де сұлулығы ерекше еді, ел ішіндегілер олардың сұлулығын "Тәңірдің сыйы" деп білді.

Шаньюй: «Менде осындай қыздар бар, оларды қалайша қарапайым адамға ұзатпақпын? Мен оларды көкке ұзатамын», – деді.

Сөйтіп, елдің солтүстігіндегі адам бармайтын иен далада биік мұнара салды да, екі қызын соның үстіне шығарып қойып «Көктің киесі өзі келіп, оларды алып кетсін» деген екен.

Бір жылдан кейін, мұнараның маңында бір кәрі қасқыр пайда болды. Ол күн-түн демей мұнараны күзетіп, ұлып жүрді. Біраз уақыт өткен соң, мұнараның астынан ін қазып, сонда жатты, бірақ кетпеді.

Сонда кіші қызы айтты: «Әкем мені көкке қоспақ болып осында қалдырған. Енді бұл қасқыр келді, мүмкін, бұл жай аң емес, көктің жіберген жаратылысы шығар. Мен түсіп, сонымен болайын», – деді.

Әпекесі қатты шошып: «Бұл хайуан ғой! Бұлай істесең, ата-анамызды масқара етесің!» – деседе, сіңлісі тыңдамай, төмен түсіп, қасқырдың әйелі болды, кейін ұл туды.

Осыдан кейін олардың ұрпағы көбейіп, тұтас халыққа айналды.

Сондықтан ол халық ұзақ әуенмен, созып айтатын әндерді жақсы көреді, олардың дауысы қасқыр ұлығандай естіледі.»

Қарақалпақ аңызындағы оқиға Ғұн тарихындағы осы оқиғаны қайталайды. Бұл Ғұн империясының бірінші ұлы билеушісі болған Мөден-шаньюйдің(冒頓單于, Maodun chanyu) есімінің Шыңғыс хан шежіресінде Бодан-шар болып, қазақтың Керейт, Кете руларының шежіресінде Бозан-шар болып, қарақалпақ аңызында Бунджар болып сақталғанын көрсетеді. Шын мәнінде, Мөден-шаньюйдың анасын сандыққа салып ағызып жіберген хан әкесі бұл істі жұрттан жасыру үшін, мұнара маңында оны киелі қасқыр алып кетті деп аңыз таратса керек. Оның үстіне, Ғұн елінің аты ол кезде "Шиұңну(匈奴)" деп оқылатын. Бұл көшпенділердің бөріні "шөне" деп атауына да етене жақын. Сандықтан шыққан сұлумен үйленген аңыздағы Төбеней мен Қытай тарихында айтылатын Мөден-шаньюйдың өгей әкесі болған Төбен(头曼) шаньюй екеуі бір адам. Көші(Юэчжи) халқына ақүйлі аманатқа жіберілген Мөденді өгей әкесінің өлімге қиып, әдейі сол елге шабуыл ұйымдастырғаны, кейін Мөденнің кек алып, тақты тартып алғаны айтылатын. Шыңғыс хан шежіресінде, Алан Құбаның әкесі — Қара Түметтердің көсемі Күрлеутай мерген болып саналады. Бұл кісі кейінгі Керей, Күрлеуіт, Қоралас руларының бабасы саналады.

1. Қарақалпақ Қоңыраттары қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Қоңыраттары Шулдық(Шуылдақ) және Жауынғыр деген екі үлкен тармаққа жіктеледі. Қарақалпақ Қоңыраттары да «П» әрпі бейнесіндегі "босаға таңбаны" қолданады. Ұраны — Жайылхан!

Қоңырат кейде Майқы бидің, кейде Жайыл ханның қоңыр ат мінген баласы есептеледі.

Шулдықтар — Оң қанат Қоңырат, Жауынғырлар — Сол қанат Қоңырат есептеледі. Бұл екі рулар одағына кіретін рулардың дені шын мәнінде Қоңыратқа жатпайтын Хиуа хандары біріктірген рулар.

Шулдық одағындағы рулар: Қият, Ашамайлы, Қолдаулы, Қостаңбалы, Балғалы, Қандекті, Қарамойын.

Қияттар өз ішінен Үштаңбалы, Тарақты, Балғалы Қият болып бөлінеді. Ұраны — Арухан! Аналарының атын ұран етеді. Бұл ру біздің Шанышқылы құрамында бар. Қарақалпақ шежіресі бойынша Қият пен Қоңырат бір туыспайды.

Ашамайлылар өз ішінен Сақыу, Қарақожа, Жалаңаяқ, Айылды, Қабасан, Түрікпенқара, Жапар, Сары, Абыз, Таңқара(Паңқара), Үшбас, Құрама болып бөлінеді. Бұл ру Керей саналады.

Қолдаулылар өз ішінен Бескемпір, Майшы, Қалқаман, Ғайыпқараған, Желқараған, Сарытон, Күлкіқожақ, Жарымбет, Жаман Қоңырат, Жұқа, Қызылаяқ, Қарасирақ, Үлкенбөрік, Шылжуыт, Қалмақ, Жаманауыл болып бөлінеді. Бұл ру Керейт саналады. Қарақалпақ шежіресі бойынша Шылжуыт пен Қоңырат бір туыспайды.

Қостаңбалылар өз ішінен Шыржеген, Ағабекті, Қарныжуан, Қарақұрсақ, Қазақы, Қостаңбалы болып бөлінеді.

Балғалылар өз ішінен Ақбалғалы, Нұрбалғалы, Түрікпен, Жаманауыл, Шөмішті, Тоқымбет, Таз Балғалы, Қостаңбалы, Қараталшы, Асан, Арзықұл болып бөлінеді. Жалайыр құрамында осындай ру бар.

Қандектілер өз ішінен Құрама, Киікші(Киікті), Тоқболат, Садақ болып бөлінеді. Олар хан тұқымынан болғаны үшін Хантекті деп те аталады.

Қарамойындар өз ішінен Аннақожа, Сабалақ, Көтелек, Қареке, Қарлымарал, Бүлкілдек болып бөлінеді. Олар Телеулерге ұқсас «Т» әрпі бейнесіндегі "балға таңбаны" қолданады.

Жауынғыр одағындағы рулар: Терістаңбалы, Шәужейлі, Бақанды, Тиекті, Ырғақты, Баймақты, Қазаяқты, Ұйғыр.

Мұндағы Шәужейлі мен Бақандыны ағайынды дейтін нұсқалар бар.

Қазақ ішінде Терістаңбалы Найман, Терістаңбалы Табын деген тармақтар кездеседі. Шәужейлі руы Керейт саналады. Мұндағыдай біздің Қоңыраттың құрамында Тиекті бар.

2. Қарақалпақ Кенегестері қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Кенегестерінің таңбасы — "атанақ таңба". Кенегестер өздерін Кенеден таратады. Олар өз ішінен Араншы, Ақтоғын, Өмір, Тарақты, Добал, Оймауыт, Домбазақ, Нөкіс рулары болып бөлінеді. Нөкіс руының қонысы бүгінгі күні Қарақалпақстанның астанасы болып отыр. Дулат құрамында" кірме" есептелетін Оймауыт, Нөкіс рулары бар.

3. Қарақалпақ Маңғыттары қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Маңғыттары Қаратай, Сарытай, Бозтай, Жетімтай деген төрт топтан тұрады. Мұның соңғы екеуі өспеген ел.

Қаратай тобына Қарасирақ, Ақмаңғыт, Мамықшы, Қосар, Қылқалы рулары кіреді. Ақмаңғыттар өздерін Едіге бидің әулетіненбіз деп есептейді. Қылқалы руының бабасына ерен еңбегі үшін Шыңғыс хан жандықтың терісінен тігілген қылқалы тон жауып, содан кейін оның ұрқы Қылқалы атанған екен. Жандық деп қарақалпақтар ешкіні айтады.

Сарытай тобына Аршан, Жандық, Тоқмаңғыт, Арсары, Тазжалдық, Шүйт, Жаманша, Есеби, Таңбалы, Тоңмойын, Темірқожа рулары кіреді.

Кенегестер мен Маңғыттар өздерінің түп бабасын бірде Сары Мәзін десе, енді бірде Баба Түкті Шашты Әзіз деп қарайды. Қайсысын айтсада, осы адамның пері қызынан алған әйелінен туғанбыз деп санайды.

Кененес-Маңғыттар Шәулі-Шауқай деп ұрандайды.

4. Қарақалпақ Қытайлары қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Қытайлары төрт үлкен топтан тұрады. Бессары, Бессиық рулары бір топ, Қазаяқты, Қайшылы рулары бір топ, Анна, Құйын, Айтеке, Шеруші, Аралбай рулары бір топ, Мәнжулы, Боқты Қытай, Қырық рулары бір топ.

Қытай руындағылар Алатау(Ұлытау) деп ұрандайды.

5. Қарақалпақ Қыпшақтары қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Қыпшақтары өз ішінен Қаңлы, Саңмұрын, Естек, Қанжығалы, Шунақ, Басар, Толыс, Ябы, Арық, Жағалтай, Бағаналы, Майлыбалта, Жәдік, Салтыр руларынан құралады. Ұраны — Тоқсаба!

Бұл жердегі Майлыбалта, Жәдік, Салтыр дегендер Толыбай бидің үш баласы болған. Ал, Қалыбек бабаның Құлжан, Толыбек деген екі ұлы ханнан жығалы(жебелі) хат алып, содан барып олардың ұрпағы Қанжығалы атанғанын айтқан едік. Құлжан өзі гежі(орамал) сатып, содан ол Бүгежілі атанады. Біздің Арғынның құрамында Қанжығалы, Дулат құрамында "кірме" есептелетін Бөгежілі руы бар.

6. Қарақалпақ Мүйтендері қалай жіктеледі?

Қарақалпақ Мүйтендері үлкен жақтан бес топқа бөлінеді де, оны өздері "бес тоқсан" деп атайды. Олар: 1.Самат 2.Абыз 3.Кеңтанау 4.Телі 5.Теліден шыққан Тілеуберді мен Аллаберді тармақтары.

Ұраны — Ақшолпан!

Пайдаланған дереккөздер:

Камал Мәмбетов. «Қарақалпақ шежіресі», 2021 Ж, Нөкіс қаласы, «Жеті ықылым» баспасы.

«Бердақ» кітабының 39 бетіндегі «Шежіре» дастаны. 2021 Ж, Нөкіс қаласы, «Білім» баспасы.

«Моңғолдың құпия шежіресі» , 1998 Ж, Алматы қаласы

«Вейнама. Әруан Ғұны Тоғастың өмір-баяны(魏书·蠕蠕匈奴徒何高车列»

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір