Дүйсенбі, 1 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 103 0 пікір 1 Желтоқсан, 2025 сағат 17:08

Қазақстанның жаһандық IT нарығындағы орны

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда экспортталатын IT-қызметтердің көлемі сенімді түрде артып келеді: 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ол шамамен $471 млн-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға өсті.

Мемлекет 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті $1 млрд көлеміне жеткізуді көздеп отыр. 2024 жылы олардың жалпы табысы 620 млрд теңгені құрады, оның ішінде 227 млрд теңгесі ($430 млн) — экспорттық түсім. Географиясы бүгінде 90-нан астам елді қамтиды.

Алайда тек инфрақұрымның болуы жеткіліксіз. Елге жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер жасай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Сондықтан IT білім беру қосымша бағыт емес, керісінше экспорттық өсімнің негізгі факторы болып отыр. Саланың дамуына білімнің қаншалықты ықпал ететінін түсіну үшін біз қазіргі заманғы IT индустриясына мамандар даярлайтын IT STEP Academy («ШАГ Компьютерлік Академиясы») HR бөлімінің басшысы Мария Иосифидимен сұхбаттастық.

Неліктен IT-қызметтер экспорты Қазақстан үшін басым бағытқа айналды

Соңғы екі жылда Қазақстанның жаһандық нарықтағы бейнесі айтарлықтай өзгерді: жергілікті командалар енді «өңірлік мердігер» ретінде емес, толыққанды халықаралық ойыншы ретінде қабылдануда. Стартаптар әлемдік акселераторларға қатысып, өзге елдерге шығуда, ал қазақстандық компаниялар шетелдік келісімшарттар үшін бәсекеге түсе алатын деңгейге жетті.

Мария Иосифидидің айтуынша, бұл өзгеріске екі негізгі фактор ықпал етіп отыр: әзірлемеге тұрақты сұраныс және кадрлық базаның кеңеюі. «Компания шетелдік нарыққа шыққанда, сапаға қойылатын талаптар күрт жоғарылайды. Осы сәтте мамандардың дайындық деңгейі шешуші рөл атқарады» - дейді ол.

Қазақстанға халықаралық командалардың келуі бәсекелестікті күшейтіп, жұмыс стандарттарын жаңа деңгейге көтерді. Елде жаһандық тәжірибені, процестер мен жұмыс мәдениетін енгізетін командалар пайда болды — бұл өз кезегінде экожүйенің дамуын жеделдетеді.

Осылайша, IT-қызметтер экспорты уақытша құбылыс емес, ұзақ мерзімді тренд екенін нақты көрсетті. Оның тұрақты өсуі жаңа мамандар легіне тікелей байланысты, ал жаңа кадрларды дайындауда білім беру жүйесі басты рөл атқарады.

IT-білім беру елдің экспорттық әлеуетіне қалай әсер етеді

Жаһандық нарықта сенімді орын алу үшін Қазақстанға халықаралық талаптармен жұмыс істей алатын мамандар қажет: мамандар тиімді коммуникация жүргізе алуы, тапсырмаларды дұрыс құжаттай білуі, командалық өзара әрекеттесуді түсінуі тиіс.

«Техникалық білім жеткіліксіз. Халықаралық клиент маманның тәртібін, қарым-қатынас жасау қабілетін және жұмыс сапасын бағалайды. Мұндай дағдыларды студенттерге оқу кезеңінде қалыптастыру қажет», — деп атап өтеді Мария Иосифиди.

2021 жылдан бері 114 мыңнан астам маман даярланды, оның 33 мыңы — тек 2024 жылы дайындықтан өтті. TechOrda бағдарламасы сұранысқа ие бағыттар бойынша оқытуды жеделдетуге көмектеседі, ал түлектердің шамамен 90%-ының жұмыспен қамтылуы -  нарықтағы жоғары сұранысты көрсетеді.

Дегенмен экспортқа бағдарланған компаниялар үшін тәжірибенің тереңдігі аса маңызды. АҚШ, Еуропа және Таяу Шығыс нарықтарымен жұмыс істейтін көптеген қазақстандық компаниялар жаңа мамандардың халықаралық процестермен жұмыс тәжірибесінің жеткіліксіздігіне жиі кезігеді. Студенттердің практикалық брифингтер кезінде жұмыс істеуі, командалық жобаларға қатысуы және тапсырыс берушімен тікелей қарым-қатынас орнатуы — бұл алшақтықты азайтудың тиімді жолы.

Қазіргі IT-білім беру экспортпен тікелей ұштасуда

Экспорттың өсуі тікелей жаңа мамандардың дайындық сапасына тәуелді. Елде халықаралық стандарттарға бағытталған бағдарламалар саны артып келеді.

TechOrda бағдарламасы әзірлеме, тестілеу, аналитика, дизайн және киберқауіпсіздік бағыттарында практикалық дайындықты күшейтіп жатыр. Мария Иосифиди бұл туралы: «Студент шынайы өмірдегі тапсырмалармен жұмыс істегенде, ол жұмыс процесіне тезірек еніп, компанияға алғашқы апталардан бастап пайда әкеледі» - дейді.

Экспорттың өсуіне кедергі жасайтын факторлар мен еңсерілуі тиіс шектеулер

Негізгі қиындық — стандарттардағы айырмашылық. Халықаралық тапсырыс берушілер жоғары тәртіпті, сапалы кодты, сауатты жасалған құжаттаманы және жетік меңгерілген ағылшын тілін талап етеді. Жас мамандар көбіне тәжірибе мен коммуникациялық дағдылардың жетіспеушілігіне тап болады.

Мария Иосифиди атап өткендей: «Көптеген мамандар құралдарды біледі, бірақ жұмыстың құрылымын дұрыс түсінбейді. Тапсырмаларды талқылау, шешімді құжаттау дағдыларын алдын ала қалыптастыру өте маңызды».

Екінші мәселе — тәжірибелі кадрлардың тапшылығы. Жаңа мамандар көп болғанымен, күрделі халықаралық жобаларды басқара алатын жоғары деңгейлі сарапшылар жеткіліксіз, бұл да экспорттың өсуін тежейтін фактор болып табылады.

Үшінші тосқауыл — коммерцияландыру мәдениетінің қалыптаспауы: өнімді қаптай білу, оны дұрыс таныстыру, клиент немесе инвестор табу қабілеті - сыртқы нарыққа шығудың маңызды бөлігі.

Осы мәселелердің барлығын шешуге болады: тәжірибені күшейту, ағылшын тілін жетілдіру, білім беру орталықтары мен компаниялар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту. Сарапшының айтуынша, IT экспорты — бұл тек технология ғана емес, кәсіби мәдениеттің де көрінісі.

Қазақстанның цифрлық шешімдердің жетекші жеткізушісіне айналуы үшін не қажет

Тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін үш негізгі тірек қажет:

  1. халықаралық стандарттарға сай дайындалған мықты мамандар;
  2. мамандардың өз дағдыларын қолдана алуы үшін жеткілікті жобалар саны;
  3. теорияны ғана емес, практика мен кәсіби дағдыларды да үйрететін білім беру жүйесі.

Қазақстан қазірдің өзінде осы бағытта қадам жасап келеді: халықаралық хабтар, цифрлық көшпенділер бағдарламасы, стартаптардың өсуі, жеке академиялар арқылы оқыту экожүйені айтарлықтай күшейтті.

Мария Иосифидидің айтуынша, IT экспорты — бұл экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және валюталық түсім тартудың маңызды мүмкіндігі. Елімізде «мектеп — колледж/ЖОО — академиялар — жобалар» тізбегі неғұрлым ертерек қалыптасса, Қазақстанның цифрлық шешімдер жеткізушісі ретінде орнығуы да соғұрлым жылдам жүзеге асады.

Abai.kz

0 пікір