Мүсірепов театры: «Ревизор» алғаш рет сахналанбақ
Биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 30 қараша және 2 желтоқсан күндері әйгілі драматург Николай Гогольдің ең танымал туындысы «Ревизор» алғаш рет сахналанбақ.
Қойылым үлкен сахнада, саундрама жанрында ұсынылмақ. Бұл жанрда музыка мен дыбыс тек сүйемелдеу емес, сахналық әрекеттің өзегіне айналып, көрерменнің көз алдында туындайды.
Спектакльдің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали бұл жанрға бұрын да жүгінген. Оның спектакльдерінде саундрама жай көркемдік тәсіл емес, тұтас ойлау жүйесіне айналады: драматургия, музыкалық импровизация және актерлік пластика бір ырғақта тоғысады.
Қойылымды дайындауға қатысқандар: Композитор – Серікжан Айтқали, сценограф – Айнұр Есболатова, хореограф – Салтанат Беймишева, хормейстер – Ғалымжан Берекешев, режиссердің ассистенті – Айнұржан Орынбасарова.
Сонымен қатар Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкант-студенттерінен құралған ансамбль спектакльді жанды музыкамен қамтамасыз етеді.
Қойылымда театр артистері: Ерлан Кәрібаев, Дархан Сүлейменов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Райхан Қалиолдина, Қадырғазы Қуандықов, Сафуан Рысбайұлы және Лиза Серікова өнер көрсетеді.
Театрдың 80-маусымы ерекше қарқынмен басталды. Қыркүйектен бері труппа Қазақстан атынан бірнеше елде өнер көрсетіп үлгерді: спектакльдер Оңтүстік Корея, Беларусь, Ресей, Қырғызстан елдерінде өткен фестивальдерде көрсетілді, Семей қаласына гастрольдік сапар жасалды. Маусымның маңызды оқиғаларының бірі – Санкт-Петербургтегі «Балтийский дом» халықаралық театр фестиваліне «Ұлпан» спектаклімен (реж. Гүлназ Балпеисова) қатысу болды. Қазақстаннан алғаш рет қатысқан театр Леонид Попов атындағы БАҚ сыйлығына ие болды. Қырғызстандағы фестивальде де «Ұлпан» Гран-при және үш жеке номинацияны жеңіп, театрдың көркемдік деңгейін айқын көрсетті.
Бұған қоса репертуар бірден үш жаңа қойылыммен толықты:
– «Шие бағы» (реж. Рача Махатаев)
– «Бәрі жақсы» (реж. Заңғар Ахмет-Қазы)
– «Күл Бикеш» (реж. Антон Зайцев)
Енді театр маусымның жаңа белесін – «Ревизор» спектаклімен ашпақ. Бұл қойылым жыл соңындағы ең маңызды премьералардың бірі болуға ниетті. Жаңа интерпретация классикалық туындыны қайта баяндауға емес, Гоголь мәтінін музыкалық организм ретінде сезінуге шақырады. Әр сөз, әр үзіліс, әр қимыл дыбыспен үндесіп, мазмұн мен мағына тереңдете ашылады. Музыкалық сүйемелдеу, актерлер, хор спектакльге ерекшелік береді.
Бұл нұсқада ревизор – нақты кейіпкер емес, үрейдің ырғағын туғызатын символ. Қала шенеуніктерінің абдырап қалуы, сыбыс, күдік пен екіжүзділік – бәрі дыбыстық бейне табады. Ирония мен ритм арқылы қойылым билік пен жауапкершілік, қорқыныштың әлеуметтік табиғаты туралы ой қозғайды.
Премьера қонақтары: Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Азамат Сатыбалды, Асан Мәжіт, Еркебұлан Дайыров, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова, Роза Рымбаева, Ғазизхан Шекербеков және т.б.
«Ревизор» спектаклінің премьерасы 30 қараша және 2 желтоқсанда өтеді. Қойылым Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының үлкен сахнасында көрсетіледі. Театр жаңа формаларды бағалайтын көрермендерді, классиканы жаңаша сезінгісі келетіндерді және тың әсер іздейтіндерді премьераға шақырады. Бұл «Ревизор» бұрынғыдан өзгеше, қайталанбас қойылым болмақ.
Abai.kz