Ясауидің ілімінің Түркі руханиятындағы орны
Түркі халықтарының мәдени-рухани болмысында Ахмет Ясауи тұлғасының орны айрықша.
Ол XII ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл, түркілік ислам дәстүрінің негізін қалаушы. Ясауи ілімі түркілердің исламды өз болмысына бейімдеп қабылдауына, рухани тұтастықтың қалыптасуына және бүкіл Орталық Азияда орнығуына жол ашты. Оның мұрасы сопылық тәжірибемен ғана шектелмей, түркі әдебиетінің, мәдениетінің, әдет-ғұрыптарының, әлеуметтік қатынастарының дамуына терең ықпал етті. Ахмет Ясауи шамамен 1093 жылы Сайрамда дүниеге келген. Әкесі Ибраһим шайық дүниеден өткен соң, Ясы (қазіргі Түркістан) қаласына келіп, Арыстан Бабтан алғашқы рухани тәлім алды. Кейіннен Бұхараға барып, Жүсіп Хамаданидің мұрагерлерінің бірі болды.
«Диуани хикмет» еңбегінде бұл турасында былай дейді:
«...Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,
Хақ Мұстафа аманат берді маған,
Сол сәтінде-ақ көңілім тауып баян,
Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім мен де...». Ясауидің сопылық жолға түсуі түркі даласындағы діни ойдың жаңа бағытқа бет бұруына негіз қалады. Ол исламды түркілердің дүниетанымына, тілдік ерекшелігіне, салт-дәстүріне сай түсіндіру арқылы діни ілімді халыққа жақындата түсті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында: «...Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады...» деп Ахмет Ясауи Қарахандықтар кезеңінен бастап қалыптасып, ХVI ғасырда шарықтау шегіне жеткен түркі-ислам өркениетінің өне бойында өшпес із қалдырды. Оның осы ерен еңбегін әрқашан есте сақтап, ұлықтауымыз, ғылыми тұрғыда зерделеп отыруымыз қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, ол Орталық Азиядағы халықтық руханиятын негізін қалаған тұлға болды. Ахмет Ясауи ілімінің түп қазығы – халыққа қызмет ету, тазалық, қарапайымдық, адамгершілік, ықылас, жүрек тәрбиесі сияқты құндылықтар. Ол жас кезінен түркі, араб және парсы тілдерін жетік меңгеріп, шығыс поэзиясы мен әдебиетін терең зерттеген. Оның хикметтері Ұлы далада қолма-қол, ауызша, қолжазба күйінде кең тараған. Тарихи деректерге қарағанда, сол дәуірдегі түркі халықтары исламмен алғаш осы хикметтер арқылы танысқан. Ең танымал еңбектері – «Диуани хикмет» (Даналық кітабы), «Мират ул-құлуб» (Жүрек айнасы), «Фақырнама» (Кедейдің қиссасы). Негізгі еңбегі – «Диуани хикмет» – көне түркі тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған. Өкінішке қарай, оның түпнұсқасы сақталмаған. Бізге XV–XVI ғасырларда жазылып, бірнеше мәрте көшірілген, өңделіп толықтырылған нұсқалар ғана жеткен. Қазіргі уақытта бұл қолжазбалар Стамбул, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматы мен Түркістан қалаларында сақтаулы. Еңбектің толық нұсқасы 149 тараудан тұрады. Бүгінде түркітілдес халықтар бұл туындыны қиындықсыз оқи алады. «Диуани хикмет» – түркі халықтарының тарихи әрі рухани қазынасы. Араб тілінде «хикмет» – даналық, терең білім, әділ пайым дегенді білдіреді. Ислам философы Имам Матуриди «Хикмет – тура жолда дұрыс пен бұрысты ажырату қабілеті» деп анықтама берген. Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі сопылық поэзиясының негізін салды. Оның «Диуани Хикметі» кейінгі ғасырларда: Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата), Нәсими, Физули, Науаи, Бұқар жырау, Шалкиіз жырау, Мәшһүр Жүсіп сияқты көптеген ақындарға әсер етті.
Ахмет Ясауи бабамыздың рухани іліміндегі басты негіз – адамның өзін тануы арқылы Хақты тануы. Бұл «Хәл» ілімі деп айтылады. «Хәл» іліміне тоқталар болсақ, ол араб тілінен аударғанда «рухани күй, ішкі ахуал» деген мағынаны білдіреді. Ахмет Ясауи бабамыз «хәл» адамның Алламен байланысындағы ішкі рухани халін, сезімін, жүрек күйін білдіретіндігін еңбектерінде айтып өткен. Осы жолды ұстану арқылы адамның рухани тазаруы, Аллаға жақындауы, шынайы тақуалыққа жетуі керектігін үйретті. Адамның түзелуі жүрегінің түзелуіне байланысты болғандықтан, адамға ең алдымен жүрегін тәрбиелеуге күш салуды міндеттеді. Жүректі Алла Тағала тыйым салған жаман сипаттардан тазарту және бізге бұйырған көркем сипаттармен безендіру арқылы жүзеге асатындығын айтқан. Сонда ғана жүрек сау әрі түзу болмақ. Ал ондай жүрек иесі құтылған, шынайы табысқа жететіндігін алға тартқан. Қасиетті Құран кітабының «Шұғара» сүресі, 88-89 аяттарда: «Ол мал-мүлік те, бала-шаға да еш пайда бермейтін күн. Ол күні Аллаға таза һәм кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)», – деп жазылған. Ясауи ілімінің басты бағыттары:
- Халықтық тілде насихат айту. Ол діни ілімді араб немесе парсы тілінде емес, түркі тілінде түсіндірді. Бұл исламның түркі халықтары арасында кең таралуына үлкен әсер етті.
- Түркілік дүниетаным мен исламды үйлестіру. Жомарттық, қонақжайлық, әділдік, батырлық, ата-анаға құрмет секілді ұғымдар ислам әдебімен үндесіп, жаңа рухани жүйе қалыптасты.
- Тасаууф (сопылық) тәрбиесі. Ясауи тариқаты Қожа Ахметтің жеке өмір салтына негізделді: нәпсіні жеңу, ғибадатқа берілу, қоғамға пайда келтіру.
- Шариғат – тариқат – мағрифат – хақиқат жүйесі. Бұл төрт саты рухани жетілудің толық моделін көрсетеді. Ясауи ілімі тек діни-рухани оқу ғана емес, қоғамның әлеуметтік-этикалық нормасын қалыптастырған тұтас мәдени құбылыс болды. Ясауи ілімі тек руханиятпен шектеліп қалмай, әлеуметтік белсенділікке де үндейді. Оның жолын ұстанған шәкірттері қоғамнан шет жүріп, зікірмен ғана шұғылданған тақуа емес, халықтың ішінде жүріп еңбек еткен, мұқтажға қызмет еткен тұлғалар. Бұл қазіргі замандағы волонтерлік, әлеуметтік жауапкершілік, қоғамдық белсенділік сияқты құндылықтармен табиғи үндес. Ясауи: «Ізгілікті іспен дәлелде», - деген ұстанымды ұсынған. Осы тұрғыдан келгенде, Ясауи жолы әлеуметтік кемелденудің даңғыл жолы. Қожа Ахмет Ясауи ілімінің тағы бір ерекшелігі – толеранттылық пен адам теңдігін дәріптеуі. Ол адамның жаратылысы топырақтан екенін айтып, «топырақтай төзімді болуды» және «жер сияқты өнім беретін, пайдалы болуды» үйретеді. Бұл қазіргі әлемдік деңгейде күн тәртібінен түспей келе жатқан этносаралық және конфессияаралық диалог мәселесінде Ясауи көзқарасының маңыздылығын көрсетеді.
Ясауи мұрасының қазіргі замандағы өзектілігі бұл - рухани жаңғыру, ұлттық бірегейлік, мәдени мұра, жастар тәрбиесі және діни тұрақтылық сияқты салаларда маңызды рөл атқарады. Ясауи ілімі экстремизм мен радикализмге қарсы толерантты, ұстамды, адамгершілікке негізделген ислам түсінігін насихаттайды. Оның мұрасы қазіргі Қазақстан мен түркі әлемінің рухани қауіпсіздігі тұрғысынан да өзекті. Қазіргі жастарды Ахмет Ясауидің еңбектерімен кеңінен таныстырып, осы рухани мұраны насихаттау – өте маңызды. Ахмет Ясауидің ислам әлеміне, бүкіл Шығысқа қосқан зор үлесін нақты деректермен көрсету керек. Сонымен бірге, Ясауи есімін саяси құралға айналдыруға жол беруге болмайды.
Ясауи ілімі XV–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңінде рухани тірек болды. Би-шешендер, батырлар, хан-сұлтандар оның хикметтеріндегі: әділдік, адалдық, бірлік, елге қызмет идеяларын қоғамдық қатынастардың негізіне айналдырды. Ясауи кесенесі қазақ даласындағы бірлік символы, елдік идеологияның орталығы ретінде қалыптасты. Ясауидің тілімен айтар болсақ «Құл Қожа Ахмет есімім, Түркістан-дүр менің елім» дегендей, бүгінде Түркістан қаласы түркі халықтарының «Рухани астанасы» ретінде мәртебеге ие болды.
Сондықтан Ахмет Ясауидің мұрасын жан-жақты зерттеу, оны білім беру мен жастар тәрбиесінде қолдану – бүгінгі қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі.
Бахтияр Алпысбаев,
дінтанушы
Abai.kz