Сейсенбі, 2 Желтоқсан 2025
Қайнайды қаның... 125 0 пікір 2 Желтоқсан, 2025 сағат 14:10

Аналардың жатырын жалдауға шектеу қоятын норма керек!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

ПАРЛАМЕНТ ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АНАЛАРДЫҢ ЖАТЫРЫН ЖАЛДАУЫНА БІРДЕН ШЕКТЕУ ҚОЯТЫН НОРМА ЕНГІЗУІ КЕРЕК!!!

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк Кеңесшісі
Е.Т. Қарин мырзаның назарына!

Кеше – бірінші желтоқсанда «Алматы әуежайында қолында суррогат аналардан туған сәбилері бар шетелдіктер Қазақстаннан кетпек болғанда ұсталды...» деген сұмдық ақпарат тарады.

Аталған жаңа туған нәрестені Қазақстаннан әкетпек болғандардың Қытай азаматтары екенін БАҚ жарыса жазуда.

Бұл ақпаратты Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі де растап, осы факт бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 135-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандарды сату) бойынша қылмыстық іс жүргізіп жатқанын мәлімдепті...

Бұл енді сұмдық оқиға!

Қолданыстағы заңдарға үңілсек, суррогат аналарға қатысты құқықтық мәселелер «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV Кодексімен реттеледі екен.

Аталған Кодексте суррогат ана болу шарты, Суррогат анаға қойылатын талаптар және Суррогат ана болу шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері тастай етіп бекітілген.

Бірақ, шетел азаматтарының қазақстандық суррогат аналарға тапсырыс беруіне шектеу қойылмаған. Нақтылап айтсақ, Қазақстанда суррогат ана қызметін пайдаланушылардың қай елдің азаматы болуын тектейтін норма атымен жоқ!

Бұл дегеніңіз – кез келген шетелдік Қазақстанға келеді де, қазақ ананың жатырын жалға алып, бала туғызып ала береді деген сөз!

Бүгінгі қазақстандық суррогат аналардан туған сәбилерді Қытай азаматтарының шетел асырмақ болғаны туралы бұл оқиға біздің заңнаманың – «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің де, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII Заңының да шикілігін көрсетті.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 59-бабына сай, Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-аналары болып танылады.

Мұндай әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде не суррогат ана болу шартына сәйкес екі және одан да көп бала туған жағдайда ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) әрбір туған бала үшін тең жауаптылықта болады.

Сондай-ақ, суррогат ана болу шартын жасасқан жұбай (тапсырыс беруші) бала туғаннан кейін туу туралы медициналық куәлікте оның анасы болып жазылады.

Демек, суррогат ана болу шартын жасасқан жұбайлардың (тапсырыс берушілердің) екеуі де Қазақстан Республикасының азаматтары болса, онда олардың суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған бала автоматты түрде Қазақстан азаматы болары анық.

Ал, «Қазақстанда суррогат ана қызметін пайдаланушы шетел азаматы болса, онда оның суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған «баласы» қай елдің азаматы болады?!» деген сұрақ туындайды.

Бұл – өте үлкен және аса маңызды сұрақ!

Себебі, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңында ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың азаматтығын реттейтін норма қарастырылмаған...

Ендеше, жемқорлыққа белшеден емес, кеңірдектен батқан Қазақстан сынды елде мұндай балалардың заңсыз жолмен шетел асырылуы – түк те қиын емес!

Міне, бүгінгі оқиға соның айқын дәлелі.

11 қарашада туылған оқиға туралы шындық, араға жиыра күн салып, бүгін – 1 желтоқсанда ашыққа шығып отыр.

Ал, адам саудасы қызып тұрған мына заманда, осыған дейін қазақстандық суррогат анадан туған балаларды шетелдік тапсырыс берушілер өз еліне алып кетпеді деп айта аласыз ба?!

Өз басым айта алмаймын!

Сонда, бұл келеңсіздікке жол беріп отырған кім?!

Әрине, бірінші кезекте шетелдік тапсырыс берушілерге даңғыл жол ашып берген Қазақ Парламенті!

Мақұлбайлар сол баяғы әдетпен Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов құрған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сараптамалық кеңесі дайындап берген Заң жобасын бір ауыздан мақұлдай салған...

Ары қарай қазбалап, көп сөзді көпірпей-ақ қояйын...

Сондықтан, Парламент ертеңнен бастап «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексті қайта қарап, шетел азаматтарының қазақстандық аналардың жатырын жалдауына бірден шектеу қоятын норма енгізуі керек!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір