Санжы облысындағы рулардың картасы
Санжы облысы бұрын Санжы қаласы, Фукаң(Үшбөкен) қаласы, Мичуан(Сандық) қаласы, Шонжы(Шамбалық) ауданы, Манас ауданы, Құтыби ауданы, Мори қазақ автономиялы ауданы, Жемсары(Байтоқ, Бесбалық) ауданы қатарлы 8 әкімшілікке бөлінетін. Кейін Мичуан(Сандық) ауданы Үрімжі қаласының Дұңшан ауданына қосылды да, Мидұң деген жаңа ауданға айналып кете барды. Бұл облыстың Мори, Шонжы, Жемсары, Фукаң, Мичуан өңірлері Боғда өңірі деп қаралады да, Санжы, Құтыби, Манас өңірлері Еренқабырға өңірі деп қаралады. Боғда – Тәңіртауының шығыс жүлгесі болса, Еренқабырға – Тәңіртауының батысқа қарай созылып екі айырылған бөлегінің солтүстік жүлгесі. Ал, екі айырылған бөлегінің оңтүстік жүлгесінің Алатау деп аталатынын білесіздер. Еренқабырға атауы орыстар қойған "Жоңғар Алатауы" деген атаудың қазақшасы.
Облыс орталығы – Санжы қаласы.
Санжы қаласының қалалық аумағы Ниңбян, Солтүстік Ян-Ан, Оңтүстік Ханбалық, Елқұру, Ортатау, Көгежай(Лүйжоу) сынды 6 аумақтан тұрады. Қалаға 58 елді мекенді қамтитын 5 ауыл, 5 кент қарайды. Санжы қаласының негізі Ниңбян деген атпен 1762 жылы қаланған. Қаланың атауы 1773 жылы Санжы болып өзгертілді.
- Қараағаш ауылына Шұғыла(Шугуаң), Төрткіл(Сычи), Екпін(Иұңжин) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас. Бір бөлімі – Есдаулет.
Қараағаш ауылында Қарақастардың көптігіне байланысты туындаған «Қараағаштың сыртын қараағаш қаптаған, ішін Қарақас қаптаған» деген мәтел бар.
- Ашылы қазақ ауылына Норжа, Қуағын, Екіарық(Ардаучүй) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас. Қалғандары: Жәдік, Ителі, Қожамбет.
- Моргу ауылына Ақши, Тату 1, Тату 2 қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас. Қалғандары: Жәдік, Жәнтекей(Есдаулет, Елшібай, Таңырық, Барқы), Ителі, Меркіт, Сарбас, Молқы, Қожамбет, Қарауылжасық.
- Лохаңгу кентіне Жасқанат, Цементзауыт, Көміркен сынды 3 мөлтек аудан және Ложуаңзы деген 1 елді мекен қарайды. Рулары аралас. Олар: Қарақас, Жәдік, Түкібай, Төре, Терістаңбалы.
- Дашишүй ауылына Ақтам(Иүйтаң), Жыланды(Лұңхы), Бастау(Сыюан) қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Жәдік
- Дянба ауылына Дянба, Дулыға(Туляң), Қосқия(Арчи) қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас.
Мұндағы қазақтар Моргу жақты бетке алып көшуде.
Жоғарыдағы ауылдардың соңғы жағына тізілгендерінде қазақ айтарлықтай аз. Қазағы тіпті аз тұратын Сангүң, Арлюгүң, Люгүң, Бинху кенттерін атамадық. 2020 жылғы үкімет санағы бойынша бұл қалада 21 мың 31 қазақ болған. Қорыта келгенде, Санжы қаласы қазағының 66 пайызын Қарақас руы, 14 пайызын Жәдік руы, тағы 14 пайызын Жәнтекей(Есдаулет 10%. Қалған 4 %-ы Түкібай, Елшібай, Таңырық, Барқы) руы ұстайды.
Фукаң(Үшбөкен) қаласының қалалық аумағы Боғда, Жаңа Фукаң, Жүндұң сынды 3 аумақтан тұрады. Қалаға 65 елді мекенді қамтитын 3 ауыл, 4 кент қарайды.
Арғы тарихқа көз жіберсек, Күйік қағанаты қирағаннан кейін, Алтайдан Боғдаға қоныс аударған тайпалардың көсемі болған Боғы хан 866 жылы бұл өңірдегі тибет жасақтарын ойсырата жеңіп, Боғда, Тұрпан өңірлерін иелейді. Міне, осы кісінің ордасы тігілген қасиетті көлдің бойындағы кент – Боғы кен(仆固俊) атанып, Бөкен, Фукаң атауларының арғы бастауына айналды. Кейінгі Фукаң қаласының негізі Теңгір деген атпен 1760 жылы қаланған. 1776 жылы Бөкен болып өзгертілген. Қалмақтар Боғда көлін атау үшін Бөкен сөзінің алдына көлді білдіретін "ус" сөзін қосып Ус-Бөкен деп келгендіктен, қазақтар бұл қаланы 1950 жылға дейін Үшбөкен деп атап келген. Сол жылы қала атауы қытайша Фукаң болып ауыстырылды.
- Аққол қазақ ауылына Ақмұнара, Теректі, Сарытау қатарлы 8 елді мекен қарайды. Фукаң қаласының қазақтарының үштен екісі осы ауылға шоғырланған. Ең басты руы – Қарақас.
- Сангүң қазақ ауылына Әулиебұлақ(Дачуан) бастатқан 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Найман(Мысқал, Байжігіт, Егізқара, Мұрын), Меркіт, Шалақазақ(Қожа).
- Шүймогу(Қарағанды) ауылына Шүймогу(Қарағанды), Тасбұлақ, Талдықорған(Лючыңзы-Чи) қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Ителі.
Қазағы аз Тәттібұлақ(Ганхызы), Чыңгуан, Тоғызтарау(Жюиүнжие), Саздыбұлақ(Зыничуанзы) кенттерін атамадық. 2020 жылғы үкімет санағы бойынша бұл қалада 15 мың 703 қазақ болған. Қорыта келгенде, Үшбөкен қаласы қазағының 57 пайызын Қарақас руы, 18 пайызын Ителі руы ұстайды.
Шонжы ауданына 87 елді мекенді қамтитын 9 ауыл, 7 кент, 1 мал фермасы қарайды. Шонжы ауданы Санжы облысындағы қазағы ең көп аудан саналады. Заманымызға дейінгі 2 ғасырда бұл жерде Шөре(疏勒) қаласы болған. 1 ғасырда бұл жерде Құсшы(姑师) елінің астаналарының бірі болған Орда(务涂) деп те, Обақ(戊部候) деп те аталған қаласы орналасты.
Орта ғасырларда Жанбұлақ жайлауында Шамбалық қаласы тұрған. 1775 жылы қазіргі Шонжы қаласының негізі қаланып, оның сән-салтанаты мен саудасы 20 ғасырдың басқы кезеңдеріне дейін Үрімжіден де асып түсіп отырған. 1883 жылы атақты Бөке батыр қазақтардың Шонжы қаласындағы іс басқарушысы болған.
- Шонжы қаласына Шүршітқорған(Лаумәнчың), Атоба(Мауанмяу), Дұңгуан, Тәңіртау, Көркем(Жиншю) қатарлы 19 мөлтек аудан қарайды. Ең басты рулары – Қарақас, Жәнтекей, Меркіт, Сарбас.
- Умачаң қазақ ауылына 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Қарақас, Сарбас.
- Бәйтік мал фермасына Малшылық 1, Малшылық 2, Малшылық 3 қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас.
- Шөрін қазақ ауылына Шөрін, Сайын(Сауюанзән), Кеңгір(Куаңгу) қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Есағасы.
- Жебеку ауылына Жамбы(Жаңба), Дабан, Отызұл(Саншыху) қатарлы 9 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Меркіт.
- Дачуан татар ауылына Есіктас, Көлбұлақ(Дачуанху) деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Қарақас.
- Бәнжегу ауылына Жанбұлақ, Орта Кеген, Көне Кеген қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Тасбике, Қарақас.
- Білеку ауылына Батыс Құбы, Шығыс Құбы, Тереңсай(Дұңзыгу) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Меркіт. Бұл ауылдың басқа ауылдарға қарағанда қазағы аз.
Қазақ өте аз тұратын Көне Шонжы, Дұңуан, Шиди, Сангужуаңзы, Шибиуан, Жижиху кенттері мен Кәріз, Гучың, Шиху ауылдарына тоқталмадық. 2020 жылғы үкімет санағы бойынша бұл ауданда 27 мың 200 қазақ болған. Қорыта келгенде, Шонжы ауданы қазағының тең жартысын Қарақас руы, 21 пайызын Меркіт руы, 14 пайызын Есағасы руы ұстайды.
Құтыби ауданына 65 елді мекенді қамтитын 2 ауыл, 6 кент қарайды. Құтыби ауданы Санжы облысындағы қазағы екінші көп аудан саналады. Құтыби қаласының негізі 1755 жылы Құтықбай деген атпен әскери қарауыл ретінде қаланған. 1763 жылы қазіргі Құтыби атауы қолданылған.
- Құтыби қаласына Көркем(Шижиң), Сутас(Шүйжиң), Қосбастау(Шуаңюан), Қазына(Баучың), Тасбұлақ(Чиңчуан) қатарлы 16 мөлтек аудан қарайды. Ең басты рулары – Елкелді, Шұбарайғыр, Шақабай.
- Тасбаспалдақ қазақ ауылына Шілікті, Қостөбе, Теректі қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Шұбарайғыр.
- Торғайты(Шөргу) кентіне Қостерек, Қызылтас, Қаратөбе қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Елкелді.
- Қаратөбе қазақ ауылына Ақсай, Сарытақтай, Қарадөң қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Елкелді, Шақабай.
Ауданның қазағы өте аз болған Дафың, Аршылидян, Юанхусүн, Угүңтай кенттерін атамадық. 2020 жылғы үкімет санағы бойынша, бұл ауданда 25 мың 754 қазақ болған. Қорыта келгенде, Құтыби ауданы қазағының 55 пайызын Елкелді руы, 30 пайызын Шұбарайғыр руы ұстайды.
Мори қазақ автономия ауданына 60 елді мекенді қамтитын 8 ауыл, 3 кент, 1 мал фермасы қарайды.
Тарихқа қарап тағылым іздесек, Мори ауданының жерінде 640 жылы Бори(蒲类) ауданы құрылған болатын. Мори атауы осы кезеңнен басталады. Бори атауы Баркөл жерін мекендеген, заманымызға дейінгі 2 ғасырда белгілі болған Бори тайпасының атынан шыққан. Олар мекендеген көлдің Борикөл деп аталуы кейінгі Баркөл атауын тудырады.
- Мори қаласына Ауыл, Саябақ, Інжу қатарлы 7 мөлтек аудан қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей, Ителі, Молқы, Қарақас, Жәдік.
- Шоқпартас(Жусанды) ауылына Бәйгежол, Аққора, Ақтас қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей(Қазыбек, Барқы, Шақабай, Есағасы), Қарақас, Молқы, Сарбас, Ителі.
- Шөрін ауылына Үкілібейт, Жыңғылды, Бесағаш қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Ителі. Қалғандары: Жәнтекей(Есағасы, Шақабай), Жастабан, Молқы, Уақ.
- Бостан(Қырантөбе) ауылына Қырантөбе, Бостан, Ақжол қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей, Ителі, Молқы.
- Ақадыр(Дұңшың) ауылына Қаратас, Жүрекадыр(Жишинляң), Өрлеу(Жұңшиң) қатарлы 9 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Шақабай, Секел. Аздаған 50 үй Найман бар.
- Аққабақ(Данангу) өзбек ауылына Аққабақ, Данангу, Дұңгу қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Ителі, Жәнтекей, Жәдік.
- Қалқантау(Жаубишан) ауылына Қалқантау, Жалпақтөбе, Қосқора, Кемер(Хыбаян), Қостүбек(Шуаңуан) қатарлы 10 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей, Молқы.
- Сарынбұлақ ауылына Терісарық, Сарынбұлақ(Байяңхы), Иірбұлақ(Яңтоучуан) қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей, Жәдік, Қарақас.
- Іңгібұлақ ауылына Моргу, Көшесай, Атоймақ қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Жәнтекей, Ителі.
- Қырыққұдық мал фермасына Қырыққұдықтан басқа қарайтын елді мекендер жоқ. Мұнда небәрі 400-дей қазақ тұрады. Ең басты рулары – Жәнтекей, Жәдік.
Қазақ өте аз тұратын Шижир, Шинху кенттеріне тоқталмадық. Үкімет санағы бойынша 2020 жылы бұл ауданда 25 мың 498 қазақ болған. Қорыта келгенде, Мори қазақ автономиялы ауданы қазағының 39 пайызын Жәнтекей(Шақабай, Қазыбек, Секел, Барқы, Есағасы), 27 пайызын Ителі руы, 13 пайызын Молқы руы, 10 пайызын Қарақас руы ұстайды.
Манас ауданына 86 елді мекенді қамтитын 4 ауыл, 7 кент қарайды. Манас қаласынның негізі болған Сүйчың(遂成) бекінісі 1763 жылы қаланған болатын. 1778 жылы Көрқарасудағы Сүйлай бекінісін орталық еткен Сүйлай ауданы құрылып Манас өңірін басқаруға алды. Кейін бұл ауданның орталығы Қанжыға(康吉) көшірілді. 1884 жылы Қанжы қамалы мен Сүйниң(宁二) қамалы аралыққа тұрғызылған дауалдар арқылы жалғасып, Сүйлай қаласы деп аталды. Басқару орны қайталан бұрынғы Сүйниңге ауысты. 1954 жылы Сүйлай ауданының атауы Манас болып өзгертілді.
- Манас қаласына Самұрық, Салтанат(Иүйжиңюан), Кенен(Каңниң) қатарлы 9 мөлтек аудан, Шалғын(Саутан), Аргүң, Тоугүң қатарлы 10 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Меркіт, Жәнтекей, Шұбарайғыр, Шимойын, Найман, Уақ, Қарақас, Сарбас.
- Шындықозы қазақ ауылына Кеңсуат, Қамысты, Ақбозүй(Бимуфаңзы) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Меркіт, Жәнтекей(Барқы, Таттыбай), Шұбарайғыр, Қарақас, Найман(Қаратай, Байжігіт, Мұрын, Байғана), Уақ, Көнсадақ.
- Сусатқан қазақ ауылына Бастау(Тоучүй), Онүй, Дұң-Ан қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Меркіт, Жәнтекей, Қарақас, Жастабан, Уақ, Найман(Байжігіт, Мұрын).
- Тасырқай қазақ ауылына Өріс(Дасаутан), Қызылқұм, Сарышоқы(Хуаңтәйзы) қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Шимойын, Шұбарайғыр, Меркіт, Найман(Байжігіт, Мұрын), Ителі.
- Бөжедең кентіне Шаппа(Чайчаң), Майақты(Иоуфаң), Абыралы(Дұңмайди) қатарлы 7 елді мекен қарайды. Мұнда 600 үй қазақ бар. Ең басты рулары – Уақ, Шұбарайғыр, Сарбас, Жәнтекей.
- Лотүй кентіне Қаратөбе(Хиляң), Теректі(Байяңшужуаң), Талды(Люшужуаң) қатарлы 9 елді мекен қарайды. Мұнда 200 үй қазақ бар. Ең басты рулары – Жәнтекей(Есіргеп, Елкелді), Уақ, Сарбас.
- Ланжоуан кентіне Қысаң(Жяхызы), Толағай(Тоуфуляң), Төрткіл(Сыфужуаң), Кеңтүбек(Дауанзы), Көпіраузы(Шячяузы) қатарлы 11 елді мекен қарайды. Мұнда 200 үй қазақ бар. Ең басты рулары – Жәнтекей, Найман.
- Гуаңдұңдүй ауылына Көлшік(Шяухайзы), Кеңірес(Гуаңфың), Бағым(Фаниүйчаң) қатарлы 7 елді мекен қарайды. Мұнда 200 үй қазақ бар. Дерліктей Шұбар-Керей.
- Люхуди кентіне Үшек(Санчапиң), Шаңқырман(Чуаңтянди), Ұялыүйрек(Яуакың) қатарлы 7 елді мекен қарайды. Мұнда 200 үй қазақ бар. Дерліктей Шұбар-Керей.
Қазақ өте аз тұратын Ляңжоуху, Биуша кенттеріне тоқталмадық. Үкімет санағы бойынша 2020 жылы бұл ауданда 19 мың 51 қазақ болған. Қорыта келгенде, Манас ауданы қазағының 22 пайызын Меркіт руы, 21 пайызын Жәнтекей руы, 10 пайызын Шұбарайғыр руы, 9 пайызын Шимойын руы ұстайды.
Жемсары ауданына 60 елді мекенді қамтитын 3 ауыл, 6 кент қарайды. Жемсары жерінде 1 ғасырда Құсшы(姑师) елінің терістік астанасы болған Жемен(金满. Жем: 金蒲) қаласы болған. 573 жылы Түрік қағанатының төртінші қағаны Тама қаған(他钵可汗) Боғда(佛塔) қаласын салдырады. 640 жылы осы өңірде Жемен ауданы құрылалы. Осы Жем атауына "шәрі(қала)" деген ұғым қосылып, Жемшәрі атауы бірте-бірте бүгінгі Жемсары атауына айналды. 702 жылы бұл қала Байтоқ(Битиң) деген атқа ие болды. 800 жылы Қосым қағанаты(高昌汗国) бұл жерді Бейішбалық қаласы деп атап, өзіне астана етті. Бейішбалық қаласының орнын Жемсарыдан емес, Боғда көлінің аузынан іздейтін ғалымдар да бар.
- Жемсары қаласына Қоғажай(Уихушяң), Шүршітқорған(Мәнчыңлу), Мәдениет, Тату, Өркениет қатарлы 10 мөлтек аудан мен Ақбұлақ, Құмағар(Шахы), Ойынкөл(Жяучаңху) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты рулары – Молқы, Жәдік, Жәнтекей, Шеруші.
- Сәнтей кентіне Төбеқора(Яңчуантәйзы), Қоржа(Бажяди), Ламажау қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Молқы.
- Даю кентіне Жуалы(Жюсайюанзы), Жоғары Кеңсуат(Гуаңчуаншаң), Төменгі Кеңсуат(Гуаңчуаншя) қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Молқы.
- Лаутей(Ақтөбе) ауылына Лаутей(Көне Ақтөбе), Ақтөбе, Ақкөл(Лауху) қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Жәнтекей.
- Чуанзыгей кентіне Шяушигу, Топан, Малшылық қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Жәдік.
- Чиңяңху ауылына Қоссала, Дұңчиң, Аргүңляң қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Шеруші.
- Жаңажер ауылына Жаңажер, Шиндигу, Бөлекей(Шяуфынзы) қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты руы – Жәдік.
Қазақ өте аз тұратын Байтоқ(Бейішбалық), Аргүң кенттерін атамадық. Үкімет санағы бойынша 2020 жылы бұл ауданда 12 мың қазақ болған. Қорыта келгенде, Жемсары ауданы қазағының 40 пайызын Молқы руы, 25 пайызын Жәдік руы ұстайды.
Үрімжі қаласының қарамағында тұрған Мидұң ауданы Қарағайтас(Шыхуа), Таразы(Дибаң), Қорғантүбек(Казыуан), Шығыс Гумуди, Батыс Гумуди, Нанлу, Ақжол(Иұңшяңжие), Өркен Шығыс(Шыңда-Дұңлу) қатарлы 8 аумақтан, 83 елді мекенді қамтитын Ақадыр қазақ ауылы, Қамысты ауылы сынды 2 ауыл, Гумуди, Тиечаңгоу, Жаңшанзы, Яңмаугүң, Сандоба, Утұң қатарлы 6 кентті қамтиды. 1921 жылы құрылған Чянды(Сандық, 乾德) ауданы 1954 жылы Мичуан ауданы болып өзгертілген еді. 1996 жылы бұл аудан қала мәртебесін алды. 2007 жылы Мичуан қаласы Үрімжі қаласының Дұңшан ауданымен қосылып, Мидұң ауданы деп аталды. Бірақ, қалаға қарасты Ақадыр қазақ ауылы өзінің ұлттық айқындылығын сақтап қалды.
Ақадыр қазақ ауылына Ақадыр, Діңгек, Отынқозы, Үшбұзау, Жыңғылды(Қызылтам) қатарлы 5 елді мекен қарайды. Бұрын ауыл орталығы Теректіде болған, кейін ауыл орталығы көшірілді. Ауыл орталығы болған Ақадырдың өзінде Шұбар-Керей, одан кейін Ақнайман тұрса, Отынқозы мен Діңгекте Жәнтекей басым, Үшбұзау мен Жыңғылды(Қызылтам) жағында Ақнайман басым. Мидұң қала ішінде 200 үй Шұбар-Керей болса, Утұң кентінде 50 үй Ақнайман отырады.
Үкімет санағы бойынша 2020 жылы Мидұң ауданында 4794 қазақ болған. Қорыта келгенде, Мидұң ауданы қазағының 40 пайызын Жәнтекей руы, тағы 40 пайызын Ақнайман руы ұстайды.
Жинақтай келіп, біз Санжы облысы қазағының руларының ішінде Жәнтекей руының тармақтарының сол жердегі қазақтың 30 пайызын ұстайтынын қорытындыладық. Санжы қазақтарының ішінде Жәнтекейден кейінгі екінші орынға 27 пайызбен Қарақас руы жайғасады. Үшінші орында 8 пайызбен Ителі руы, төртінші орында 7 пайызбен Меркіт руы сап түземек.
Шұбарайғыр руы 9 мыңға(5.5%) таяса, Жәдік руы 7 жарым мыңға(5%) жетеді.
Зерттеген: Көкбөрі Мүбарак
Abai.kz