Тынық мұхиттағы домбыра көпір
– Бауырым, бірінші рет өтіп бара жатқаның ба?
Төбедегі қылша ширатылған діңгек темірлерге қарап таңырқап:
– Иә… – деймін.– Мен көпірдің емес, алып домбыраның үстімен жүріп келе жатқандаймын. Теңіз шеті басылған саусақтай былқылдап, ал біздің жол домбыраның мойны сияқты созылып кеткен… Анаңның көзіндей ғажайып!
– Мұның тарихын естісең, одан бетер таңғаласың,– деді журналист.– Бұл әлемдегі жеті ғажайып құрылыстың қатарына кірген. Мынау көпірдің мұхит үстінде кержыландай кердеңдеп созылғандағы ұзындығы – 55 шақырым,– деп қолын қылыштай созды.– Ені 33.1 метр. Мұның ең қиын жері – 6.7 шақырым болатын су асты туннельі. Ғимараттарды құмша үгіткен 8 баллдық жер сілкінісіне,– деді лепіріп.– Ширшықталып келіп құйын ойнатып теңізді ширатып әкететін 16 баллдық теңіз топанына төтеп береді. Толқындар сабаланып, жуасып, ақыры кері қайтады.
– Бүкіл әлем жиылып жасаған шығар, иә, Мұндайды?
– Әлем жасаған,– деді журналист жымиып.– Бірақ жүрегін қазақ соқтырған.
– Қазақ? – Аң-таң болдым.– Қай қазақ? – деймін.– Әкау?
– Қытайлардың өзі жаппай сұрақ қоюда: Не үшін бұл таңғажайып мұхит үсті көпірі қазақ ұлтының домбыра аспабына ұқсайды? – деп.
Осыны зерттеп жасауға, қуанатын бір іс – Өрлеухан Қисаұлы деген қазақ ғалымымыз бастан-аяқ күш-жігерін сарып еткен. Көпірдің пішіні сол кісінің кеңесінен келген болса, жер сілкінісі мен алапат дауылдың белін қайыстырып кері қайтарудағы әдіс-амалдарға ең жүйрігі осы екен. Бұған дейін Сианьдағы бір мұражайдың жер сілкінісіне төзімділігіне осы кісі жауап беріпті. Ал, көпірдің салынуына қолбасшылық еткен адам Сычуаньдық Мың Фанчау деген қытай ғалымы.
– Өрлеухан Қиса?
Бір жерден естіген сияқтымын ба?... Миым ұлудай айналып, ойланып тұрып қалдым.
– Алтайдың Көктоғайында туған. Теңіз үстіне домбыра бейнелі көпір салуды ойлап тапқан – сол кісі,– деп қайталады.
Мен тамсанған күйде:
– Қарашы мына көпірдің қырына, домбыраның пернелері де бар сияқты. Домбыра мойнындағыдай пернелеуді ұмытпау үшін, жолақты жолдардың ортасына белгілі қашықтық сақтап көлденең жолақтар сызып отырған.
– Бұл жай ғана ұқсастық емес. Үңіліп жасалған өнер туындысы,– деп қадап айтты ол.– Домбыра мойнының қырында пернелердің сызығы, байлауы көрініп тұратынындай, осы көпір жолының шетіндегі биік ілгек бейнесіндегі қорғаныш темірлері осы перненің байлану ерекшелігін қайталайды.
– Шынымен де халқына адал ұл екен Өрлеухан аға. Домбыраның әр пернесін осы көпірге болат темірлер арқылы ұқыптылықпен байлай білген.
Домбыра алақанына ұқсайтын кедендік аралдың үстінде тұрмыз. Өрлеухан ағамен небәрі 30 минут жолығып сөйлесудің сәті үш күннен кейін түсті. Оған дейін Чжухайда жатып демалған болатынбыз.
Өрлеухан инженерлермен сөйлесіп тұр. Көмекшісі мен қытай журналист бізге жақындап келеді. Ағаға кезігуге келген біз екенімізді айтып едік, «зоуба, уомін шуфа(қане, жүріңіздер)!» деп қолын самал сипаған жапырақтай сермеп, артымызға қарай шегініп тұра қалды.
Бағашар іркілмей, бірден тіл қатты:
– Ассалаумағалейкум! Сіз Өрлеухан ағасыз ба?
Өрлеухан (күлімсіреп):
– Уағалейкумассалам. Иә, тыңдап тұрмын, бауырым.
Мен де барып досыммен қанат қағысқандай қатарласып сәлемдестім.
– Аға, мен сіздің еңбегіңізді естіп келем. Сізбен бүгін жолығатын болған соң түнімен ұйқым маздаған ұшқындардай жан-жаққа бытырап қашты. Тіпті, көзіммен көргенде, адамзат әлпештеген алып мүсін адам болып келіп алдымда тіл қатқандай мүлде басқа әсер… Теңіз үстіне домбыра салып жібердіңіз ғой!
Өрлеухан аға қарапайым дауыспен:
– Біз салған жоқпыз, бауырым,– деді кесетіп.– Қазақтың рухы өзі салды. Мен тек соны қағазға түсірдім. Маған емес, домбыраны қазақтың жүрек тамырына байлап кеткен бабаларға рахмет айтыңдар. Көп оқыдық. Оқи-оқи теңіз бен желдің тілін үйрендік. Ал домбыраның тілін біз бала кезден білеміз.
– Құрлық пен Гонконгтан шығып, теңіз үстінде түйісетін екі көпірдің тоғысар тұсындағы қос аралдың құрлысын неге домбыра алақанына ұқсаттыңыз?
Өрлеухан:
– Домбыра алақаны – киелі бөлек. Ол жерде ішек байланады. Құлақ күйі теңшеледі. Көпірдің бұл аралында да жолдар байланады, адамдар тоғыз тараудан келіп тоғысады. Сапардың да құлақ күйін қайыратын бекет – осы жерде. Домбыра адам ішіндегі тулаған, бұлқынған асау, дауылды сезімді сыртқа басқа күймен, көңіл тебірентерлік әуенмен өзгертіп шығарса, теңіз домбырасы да асау толқынның күйін өзгерте алады.
«Гонконктан Чжухайды басып, Макаомен жалғасып, үш алып қаланы теңіз үстінен тұтастыратын ерекше жоғары қарқынды ғажайып құрлыс жолы. Тынық Мұхиттың ауызындағы Інжу шығанағына орналасқан Гонконг, Макао, Чжухай сынды 3 ірі қаланы тұтастырып тұратын, теңізге салынған домбыра көпір бүгінгі күні әлем жұртшылығының көз айымына айналып отыр. Жалпы кеткен қаржы 18.8 миллиард АҚШ доллары. Еліміздің ғалымдары 15 жыл бойы зерттеу жасап табысқа жетіп, Лондон қаласындағы Arup Group компаниясы бұған қабыландай қырпулықпен белсене атсалысып, 9 жылда бұл құрлыс аяқталып, 2018 жылы 23 қазанда пайдалануға берілген» деген сөздер жанымыздағы тақтайшада қызыл бидайдай қызарып, айдағардай иректелген алтын сары жазулармен ағылшын, португал, қытай тілдерінде жазылып тұр екен. Макаодың бұрын Португалияның отары болғанын ескерсек, португал тілі сол себептен қосылып тұрған сыңайлы.
– Өрлеухан аға,– деді де Бағашар сол тақтайшадағы домбыра бейнелі көпірдің аспаннан тартылған суретіне жақындап, оны сипалап көрсете бастады.– Құрлыс "Чжухай-Макао-Гонконг көпірі" деп аталып, әуелі бұл көпір теңізге аузы қараған түбекте қатар жатқан Чжухай мен Макао сынды екі қаланың аузынан теңізге қарай бағытталып, анау Арқаның тұмар домбырасының шанағы құсап үшбұрыш пішін құрап түйліседі де, одан кейін теңізге өтіп, құрлықтағы шанақты түбектен Гонконгқа дейін домбыра мойнындай созалаңдап отырып, Гонконгқа жақындаған кезде жасанды аралға жетіп кілт тоқтайды да, домбыраның құлақ тұсындағы алақаннан аумайтын шағын порт алаңын жасайды,– деп ағаға бір қарап тыныс алды да, кеудесін ауаға толтырып алған соң сөзін жалғастыра берді.– Ал, оңтүстіктегі Гонконгтан басталған көпірдің екінші бөлегі де теңізден мойнын қылқиып созып, ирелеңдеген домбыра мойнын жасап келіп, ол да осы порт-алаңға жақындаған кезде осыған қарама-қарсы жатқан екінші бір жасанды аралға жетіп, құдды осы сияқты домбыра алақанынан аумайтын порт-алаңды түзіп, бір-біріне жылантұмсықтанып қараған екі көпірдің тоқтаған жеріндегі домбыра алақанының арасын жіңішке жол тұтастырып, теңіз бетіндегі домбыра мойынды, домбыра алақанды әйгілі көпір осы жерде өзін ерекше әшекейлеп көрсетеді.
– Дәл айтасың бауырым. Бәрін ұқыптылықпен қарап, егжей-тегжейлі мән беріп, еңбегімізді бағалай білген екенсің. Көпірдің домбыра пішінді болып жасалғаны ел іші-сыртына кең тарап кетсе де, домбыраның алақаны, шайтантиегі, тиек тұсы, пернесінің осы құрлысымызда қалай орын тапқанын үңіліп қарап жатқандар бар да шығар. Бірақ, бұл бауырым сияқты көз алдымда талдап берген кісіні кезіктіре қоймадым.
Журналист досым ағаны мұқият тыңдап алды да, аға айтқан шайтантиек, төменгі тиек тұсы туралы дайындаған сөзін аға кетпей тұрып айтып бітіруге жанталасты. Бұл кезде аға да шұбаркөзді алтын жалатылған қол сағатына бір қарап алды. Сағаты көздің жауын алып, ішіндегі бағдары шаяндай ыршып, шырт-шырт етіп тұр екен.
– Домбыра алақанды екі портта да шайтантиек жасалып, бұл шайтантиектен екі перне тартылып, жол осыдан екі айрыққа бөлінеді. Шайтантиектің биігінен еңкейген жолдар тікелей және көлденең тұстан пернеленіп отырады. Домбыраның қос құлағының ұшы аздап шығып лақмүйізденіп тұратыны секілді, осы домбыра алақаны пішініндегі екі порттың ұшына қарай дөңестеніп салынған құрлыс осы мүйізшенің пішінін қайталайды. Домбыра алақанды алаңдардың үстінен қарасаң, алып кеменің палубасын көргендей боласың. Домбыра мойынды, көкпеңбек табанды жолдар екі ішекпен қақ жарылып, жолдың оң жағы екі жолақты, сол жағы да екі жолақты болып келеді. Яғни,– деді содан соң бір жұтынып алып.– Яғни, оң жақпен де, сол жақпен де зымырайтын үш қатар көлік жолы бар деген сөз. Домбыраның шанағының түбіндегі түйме мен тиектің арасында ішектер қалай беткейленіп қатты тартылып тұрса, көлік жолын теңіз астындағы туннельге қосу үшін салынған домбыра алақаны пішініндегі жасанды аралда тұрғызылған алаңқай-порттың ортасында шоқшырайып тұрған шатыршаның басынан артына қарай тура осындай қатты тартылған байламдар бар.
– Сол жерге,– деді ағамыз.– Кедендік және бақылау бекеттері қойылып, астынан әрі-бері өткен көліктер тоқтап төлем жасайды. Жеңіл көліктер 20 доллар, автобустар 28 доллар, жүк көліктері 9 доллар, контейнерлі көліктер 16 доллар төлейді.
Осы кезде бір жолаушы әйел көзілдірігін алып, күнсап қарап, ағаны бірден тани кеткен болар, желпілдеп жетіп келді.
Жолаушы әйел:
– Шушу, уозәй уаңшаң кәндау нинлы(Мен сізді интернеттен көргем, ағай).
– Нинхау, шиешие(Амансыз ба? Рахмет!) – деп бас изеді аға салмақтылықпен.
– Осы көпірді 120 жылға есептеген дейді,– деп әйел көкейінде жүрген сұрағын бірден қойды.– Рас па?
– Иә, қарындас. 120 жыл – біздің ғылыми есебіміз. Ал, техникалық бақылау жақсы болса, 150 жылға да шыдайды. Мұның су астындағы туннельінің үстінен 5 мың тонналық кемелер жүзіп өтеді. Ал, туннельдің қуысымен машиналар зулайды. Туннельдер теңіз астында 48 метр тереңдікте орналасқан, ол су мен топырақ массасының жоғары қысымына төтеп беретін етіп жасалған. Бұл көпірдің үстінен машина айдап өтсеңіз өміріңіздегі үлкен бір ғажайып істердің бірі болады.
Әйел таңғала бас шайқады. Туннельдің іші жасыл жайылым, көкшулан бұлттың құбылма суреттерімен құбылып жанып отырады да, қорқынышты қуысқа емес, театрға кіріп шыққандай әсер қалдырып, жолаушылардың жүйкесін жеңілдетеді. Әйел таңырқап бас шайқап отырып, туннельдің ішіндегі құбылмалы көріністерді есіне түсіріп қайтқан еді. Көпірдің беріктігі туралы сұрағына қайта оралды.
– Сонда… осындай қауіпсіз бе?
Қарт инженер көзін сығырайтып:
– Шалқып келе жатқан толқындар мұның бетіне келіп ұрғанда да, домбыра мойыны секілді сәл ғана шайқалып, қайта қалпына келеді. Бұл көпір теңізбен жауласпайды. Тек сыйласады. Дауылды толқын көпірдің пернелерінде ағынды әуенін шертумен шектеледі.
Мына сөзі шынымен бәрімізді таңғалдырды. Ақын болмасада жұмысына берілген жан өз жұмысының кілті болар қырағы сөздерді жанары мен тамағына сіңіріп алып, бірдеңе сұрай бастасаң көзінен де сенімі оқылып тұрады екен.
– Кешіріңіз,– деді әйел.– Көпір билегендей болып шайқалып, қайта қалпына келеді. Алайда, көпірдің дауылға, жер сілкінісіне қалай қарсы тұратыны бұл сөзіңізде ашылмай қалған.
– Көпірдің тағандары серіппелі тіректермен тікейіп, демпферлермен томарланған,– дегенде әйел аңқайып қарады.– Жер шайқалса тіректер жердің дірілін жұтып, басы айналған адамның бас ауруын жазғандай жердің дәрісі бола біледі. 8 баллдық жер сілкінісі болғанда, бар болғаны 4 балл болып сезіледі сол үшін. Көпірдің ішіндегі болат қаңқалары сынып кетпей, майыса білетінін де сізге айта кеткенім жөн. Көпірдің екі жақтауы тік көтеріліп тұр аққуқанаттанып, дауыл келсе желді көпірдің екі бүйіріне ығысытырып, көліктерді аман сақтайды. Оның қабырғаларында желдің қысымын азайту үшін жасалған саңлаулар бар болып, сол желбезектер желді бытыратады. Көпірді құрап тұрған буындар теңіз тұзынан қорғайтын, қатайтылған, үш қабат болаттардан тұрады. Дауыл делбеленген кезде көпір билейді де қояды, бүлінбейді.
– А-а, "Көпір билегендей болып шайқалып, қайта қалпына келеді" дегеніңіз осы екен ғой.
Ағамыз әйелге көзінің қырымен бұрыла қарады да, екі алақанын қуыстап домалақ пішін жасап көрсетіп: – Көпірдің ең қауіпті аймағы ашық теңіз,– деп дауылдың дөңгеленген долылығын көрсеткендей болды.– Сондықтан, көпірдің ең қауіпті тұстан өтетін бөлегі туннель ретінде жасалған. Теңіз топаны ашық теңізде алағай-бұлағай болғанымен, асты тыныш болады да, тереңдегі туннельге әсер ете алмайды. 180 бетон құлыптан тұратын туннельге су өтпейді, қысымға шыдамды, өз салмағымен теңіз түбіне таскенедей жабысып тұрады. Туннельге тірек болып тұрған теңіз түбінің құмдарын ағыс аударып тастамауы үшін өрмекшінің ұқыптылығымен торланған.
– Тянна(Мәссаған)! – деп әйел көзі бадырайып, жадырап күліп жіберді.
Журналист Бағашар екеміз көлікте отырмыз. Күн батып барады. Көпірдің көзшамдары жанған сайын әлем-жәлем шыраққа толып, теңіз беті тебірентерлік түстермен боялып, қазақ сәбилерінің қарашығындай қатарласа жанып құлпырады.
Бағашар терең ойда:
– Баяғыда қазақ даласының әр өңірінде домбыра үні естілетін еді. Енді міне, сол үн Тынық мұхиттың астын толқытуға жеткен екен.
– Сонда Тынық мұхиттың мыңдаған акулаларды сапырған иірімінің гүрілін де жатсынбай, "домбыра үні" деп еркелетіп қабылдаймыз ба?
– Бұл – тарихтың басы ғана,– деді көзін қысып теңізге қарап.– Әлі талай қазақ әлемге өз жетістігінің жігерлі үнін тыңдатады.
Ол буырқанған, маржан шашып көпір үстіне қарай ентіккен толқынға қарап тамсана берді.
– Ал мына көпір… Гонконг пен Чжухай арасындағы 3 сағаттық жолды 30 минутқа дейін қысқартыпты ғой?
– Иә. 2024 жылы тәулігіне 75 мың адам өтті. 2025 жылы Чжухай портынан бір күнде 156 мың жолаушы өткені – жаңа рекорд.
– Экономиканы дамытуға ерекше үлес қосқан екен ғой. Осындай көпір салған Өрлеухан аға… нағыз Бағашарға лайық тұлға екен,– дедім әзілдеп.– Саған адам жақпаушы еді. Толқынмен ойнаған ағаң жағып кете барды. Талғамына тарақ сатып алуға тұрмайтын, газеттерді жағалап өмір сүретін Бағашар деген болушы еді, оған ұқсамайсың. Қасы сондай қою, өзбектердің арасынан келген, қас-қабағымен өрнек салатын анау бір Бағашарға тағы ұқсамайсың.
– Бұл ғаламшарда Бағашар деген адамдар да өмір сүреді екен,– деді Бағашар өз есімін қайталап күліп.– Е, мен сол бабы келіспеген Бағашарлардың бақырайған көздеріне кіжініп, ашуланып қарап, төбесінен төну үшін жаралған басқа Бағашармын. Анау сен айтқан бағы ашылмаған Бағашар емеспін.
Көпірдің теңіз ортасындағы домбыра алақанынан аумайтын Макао жағындағы бекетіне жақынбыз. Көліктер зуылдап өтуде. Бағашар теңізге қарап тұр. Домбыра шанақты, домбыра мойынды алып көпірдің теңізбен астасқан уілді күйінің ырғағы оның ішіне еніп, жан әлемін жадыратып, жұмсартып, арқасынан желімен қағып, маңдайынан ылғалымен иіскеп жатқан шығар. Сол үшін бе екен, Бағашардың жұмсарғаны білініп тұр.
– Қазақтың рухын көтеру үшін кейде бір-ақ нәрсе керек екен,– деді күлдір-күлдір етіп. Шашын теңіз желі серпи тарап.– Өз ісіңе ұлттық өрнек қыстыру. Бар болғаны қыстыру. Өрлеухан ағайдың домбырасы – теңіз үстінде тұр. Ал біздің домбырамыз қайда?
– Әр қазақтың жүрегінде бір-бір домбыра, Бағашар.
– Онда мен де бір домбыра салармын… Өз саламда. Өзімше.
– Сол кезде теңіз де, аспан да, әлем де сені тыңдайды,– дедім жігерлендіріп. Жұдырығымды түйіп білегімді тік көтердім де алға бір рет сермедім.
Ол да осыны қайталады.
– Білесің бе? – деді көзі болаттай жанып.– Сенің бұл жерлесің 63 жылы туған екен. Менің әкем 63 жылы туды. Екеуінде бір өмір, бір уақыт. Сонда мен ойлаймын ғой: "Әкем өмірден шөміші бос кетіп бара жатыр ма?" деп.
– Олай ойлама, бақытты Бағашар. Сенің әкең адал, ақпейіл өмір кешкендіктен, Құдай оған сен секілді зейінді, сау денелі балаларды берді. Оның олжасы осы. Ал, сен қызығып жүрген, жетістікке жеткен жандарда сен сияқты жетелі ұрпақ бар ма екен?
Буынсыз жерден буып ұстағандай тырп еткізбеді осы қарапайым сөзім оны.
– Дегенмен, мен секілді жерлестерінің ғана емес, бұл көпірдің Өрлеухан ағаның жобасымен дүниеге келуі – иісі қазақ баласының рухы мен өзіне деген сенімділігін көтеретін оқиға болды.
– Айтпа. Менің әкем 6 сыныпта мұғаліммен ерегесіп оқудан шығып кеткен екен. Ал, бұл кісілер сол қараңғы заманда оқып-оқып құмырсқакөзденіп ішкеріге кеткен болып отыр. Біздің жақта өзің білесің, университетке тұрақты түрде бала оқыту деген 2010-нан басталды ғой. Оған дейін елдің көбі баласы 11 бітірген соң әрі қарай оқытқысы келмейтін,– деді де Өрлеухан ағаға қайта оралып.– Гуанчжоу универсиетінің баклаврі, Италия технологиялық универсиетінің магистірі, Жапониядағы Шығыс университетінде архитектор мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған екен бұл ағамыз. Сөйте-сөйте кез-келген құрлыстың тағанын таудай тамырлы етіп жасайтын, жермен астасқан жер-талант болып шыға келген.
– Қазақтың рухын кез-келген тәсілмен көтеруге болады. Қазір бәріміз қатар шешек атып, бірге бүр жарып, жарыса оқуға ұмтылып жатқан кезіміз.
– Сол үшін әрбір қазақ өз саласын сүйіп, құмайдай қомағайлықпен еңбектенуі тиіс дейсің ғой?
– Бақа, өзінің саласында табысқа жеткен адам ұлттық иісті, өрнекті, ұлттық затты, ұлттық танымды өзінің кәсібінің бір тұсына қыстырып, жарқыратып көрсете алса болды...
– Онда оның өз ұлтына деген перзенттік парызы өтелген болады,– деді Бағашар менің сөзімнің нүктесін қойып.– Енді ойлашы, дүние жүзінің әрбір тұсында қобыз ойықты, домбыра мойынды, таға бейнелі, тымақ төбелі алып құрлыстар салынып жатса, ол қазақтың рухани түрде әлемді соғыссыз жаулауы болып табылады.
Көкбөрі Мүбарак
Abai.kz