Аспанға шапшыған ақ маржан жыр
Қазір поэзияға келген жас буын, іні толқын арасында «шикі – Шекспир, піспеген – Пушин, арбаңдаған – Абайлар» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Олар – жыр сүйер қауымды поэзиядан үркітіп, «қазақ поэзиясы құлдырады» деген ағат ойға да қалдырып үлгерді. Бұның себебі, ақындықтың ақ туын жықпай көтере білгендер «бөдене талаггтардың» тасасында, аз тражбен шыққан жауқазын жинақтары, желбуаз кітаптардың селінің толқында жұтылып кете барды.
Жалпы, шығармашылық процесті әдеби теориясының қисына салып, қарайпым жұртты ми былықтатып шатыстыр «мынасы – бидай, мынасы – қауызы» деп түсіндірер болсақ, онда кез келген нағыз ақын «өз әдеби әлемін» өмірге әкелу үшін үлкен үш кезеңді бастан кешеді. Өйткені, оқырманға арналмаған поэзия – поэзия емес. Осы шығармашылық ширығудың бірінші кезеңі – өз оқырманын, әдеби ортасын іздеуден тұрады. Бұған бір-екі кітап жазып қол жеткізудің өзі қиынның қиыны. Сондықтан кей дара таланттар бір-екі кітаппен шектеліп, әдеби ортадан «қайраңға шыққан кемедей» қол үзіп қалады. Біз жоғарыда айтқан шығармашылық ширығудың екінші кезеңі – өз оқырмандық ортасын қалыптастыру болса, ақырға соңғы кезеңі – жазғандарын іздеп жүріп оқитын өз оқырманың жүрегін жаулап алу дәуірі.
Әрине, бұл дәуірге ақындардың бәрі-бірдей жете бермейді. Тек көпшілігі екінші кезеңмен шектеліп, алаш поэзияда өз атын қалдыра біледі. Біздің қолымызға осы екінші процесті бастан кешіп жатқан іні толқынның жас перісі әлі «орда бұзар отыздың» бұла дәуренін бастан кешіп жатқан Мерей Қарттың «Аспанға құлау» кітабы. Бұл кітап жайлы жас әдебиеттанушы Азамат Серікұлы «Аспанға құлаған өлеңдер» атты мақаласында «XX ғасырдағы қазақ поэзиясы түрлі ағымдар мен эксперименттерге, өлең түрлерінің түрленуі мен модернистік жаңашылдыққа бет бұрып, дәстүрлі өлең бағыттарын дамытып, күрделі ой-танымға ұласты.
Қазақ өлеңіндегі есім-сойы қалыптасқан ақындардың соңынан ізін өкшелей басқан толқындар бірінен соң бірі келді. Поэзиядағы лирикалық туындылар қазақ әдебиетінің мызғымас серігіне, айнымас досына айналды. Ақындардың әу баста жазған шығармалары нәзік лиризмнен басталып, эпикалық поэмаларға жол бастады. Оның тарихы әріден басталып, бергіге мұралыққа өтті»,-деп орынды пікір айтады.
Осылайша, жыр сүйер қауым кіші толқыннан күткен жаңа бір сүйінші кітап, қазақ поэзияның алтын қорына қосылды. Біз Азаматтың өлеңдер жинағына берген әділ бағасын аяқ асты етпейміз. Бірақ қазақ оқырманы мен ақынның арасындағы алтын көпірге қатысты ойымызды бірінші орынға қойып, одан кейін барып, туындыдағы ақынның «мәтіндік әлеміне» өзімізше ой жүгірткіміз келеді.
Оқырманға өз ойын таңатын автор образы бар. Оқырманымен сырласатын автор образы бар. Алғашқысы өзі үшін жазса, соңғысы оқырман үшін жазады. Бірақ осылардан бөлек авторлық образдың үшінші типі бар. Біз Мерей ақынды осы типке жатқызамыз. Жатқызатын себебіміз – тап осы үшінші типке жататындар өз ақындық дербес стилін тапқандар немесе табу жолында жүргендер. Мерейдің өлеңдерінің бойында бірде – сырласа отырып, өз ойын тауды, енді бірде бұған керісінше – өз ойын таңа отырып, сырласудың нәзік стильдік иірімдерін аңғарғандай боламыз.
Қазіргі заман – адамның ойыны. Қандай ережелерге бағыну және бағыну – біздің таңдауымыз. Жүріп өткен жолмен жүру керек пе немесе анықталмаған жолды табу керек пе? Соңына дейін күресу керек пе, әлде шегіну керек пе? Ойын жағдайы әрқашан шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Жеке мүмкіндіктерін кеңейте отырып, өзінің шектеулі сезімін жеңуге мәжбүрлейді. Өз ниеттерін толық іске асыруды болжайды.
Цифрлық дәуірдің шығармашылық алаңы біртекті емес, онда эгопоэзияның рөлі аз емес.
Мұндай поэзияны әртүрлі картинамен салыстыруға болады. Көрерменге қалғанның бәрін түсінуге тырысу. Бұл ойшылдықтың бәрін қамтитын мұхитқа шығу. Ауытқыған, бірақ «осында және қазір» сәттегі.
Бізден күтпеген нәрсені жасаймыз. Бізді және шығармашылығымызды қоғамдық қабылдауды өзгертеміз. Мұндай тактиканы ХХІ ғасырдың шығармашылық алаңының алғашқы ойыншылары ақындар ұстанады.
Мерейдің мәтін әлемі өзнің оқырманымен диалогтан тұрады. Шығармашылық тұлға ұстанатын басты шарт: Туындының атауы бүкіл кітаптың бітім-болмасын ашуға тиіс. Осы тұрғыда «АспАнғА ҚұлАу» өз мақсатына жете алған.Ақынның өнер көгіне көтерілуін жаңаша тіркеспен, графикалық өрнектеу арқылы бере білген. Қазір жастар арасында әріптердің «графикалық жасырынбақ» белең ала бастады. Біз Мерейді алғашқылардың біріне де, соңғыларына да жатқыза алмаймыз.
Жан-амалы
Ауа райы, амал кірмей бұзылдың.
Ал, сенің не, жабырқаулы жүзің — мұң?
Жар шетінен баяу сырғып барады,
Әне, қара, жарған қарбыз — қызыл Күн!
Қабағыңнан қар жауып тұр, мұң есіп?
Жадырашы, жұлдыздарға ілесіп.
Көктем жәйлі ой салып өт көшеге,
Жүрегіңе нұрдан қызыл гүл өсіп!..
Қиялыңнан құс ұшырсаң қырларға,
Одан асқан ғазал бар ма, жыр бар ма?!
Еркелеші, иығыма бас сүйеп,
Шын сүйетін бір адамың тұрғанда!
Осы өлеңінде ақын «қызыл» сөзіне ерек мән беріп, жарық дүниенің құдіретін қалам ұшына айқара іліктіреді.
«Сырға» өлеңінде автордың стилі мың құбылып таза ұлттық психологиямыздың аясындағы «махаббат дертінің масаңдығын» тамыршыдай тап баса алған.
Балауса балғынға,
Көк майса шалғынға,
Аунадық алаулап,
Жұлдыздар алдында.
Баурады бал тілің.
Құшақта балқыдың.
Шалқыдың елемей,
Мамырдың салқынын!
Қызардың Ай сынды.
Жасырдың қай сырды?
Әндеткен әр тұстан
Құстар-ай, ой, шулы…
Жалпы Мерей Бармақпен де, Жырмен де өзіне тән стилін қалыптастыру үстіндегі қаламгер. Осы жинақты бастан аяқ оқып шыққан щақта біз аңдаған тағы ібр тың дүние ақынның кейбір өлеңдерінің әнге сұранып тұруы. Жай ән емес, тамаша әнге.
Меңді қыз
Күрмелді тілім, арбалды көзім,
Күлімдеп тұрған көркіңе.
Ішімде қалды бар мәнді сөзім.
Күйе жаздадым өртіңе.
Күнекейсің бе?…
Тура қарауға
Жетпеді жігер, дәтім де.
Қайтеді, жүрек туламағанда,
Қиылып өткен сәтіңде.
Қазақ ақындары жырлаған ұлт аруының галереясына Мерейде өз үлесін тамаша қоса біліпті. Оған мына өлеңі «Ынтызарлық» куә.
Қарашығы - ғаламның құбылысы.
Сұлулығы - Тәңірдің ұлы күші.
Тал-шыбықтай майысып топтан озса,
тобығына соғады бұрым ұшы.
Сан түрленіп тотыдай таранады.
Сергітеді сәл күліп қарағаны.
Кербездене құласа құшағыма,
көңілімнің, - сол нұр ғой, - қалағаны.
Ақынның өлеңдері бір ғана махаббат лирикасының төңірегіне щырмалып қалмағандығын мына бір «Кейде мен» өлеңінің финалдық шумағынан аңғарамыз:
Кейде Мен
сурет саламын, музыка ішімде ойнап!
Өлең тұрады көңілде!
Кейде Мен-
Өңімде солғын жүремін, түсімде - жайнап…
Құдайдың түсі - Өмір де!
Ақын осылайша, өмірден – философия, философиядан өмір тудыра алған. «Мен және Сен» өлеңі де философиялық перенелеуге құрылған:
Мен - Тәңірдің демімін.
Сен - Өмірдің жырысың.
Мен - ғұмырдың желімін.
Сен - ғаламның нұрысың.
Біздің мақсат орда бұзар отыз жастағы ақынның барлық өлеңдерін жіпке тізіп талдап шығу емес. Тек ең қажетті дегендеріне әдеби бағамызды беру. Жаңа кітап Мерей ақынды бір сатыға көтеріп тастады десек артқы айтпаймыз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz