Жұма, 12 Маусым 2026
Әдебиет 126 0 пікір 12 Маусым, 2026 сағат 13:19

Әдебиет: Шетелде мемлекеттік сыйлық беріле ме?

Сурет: iapn.kz сайтынан алынды.

Біздің елле әдебиетке берілетін ең жоғары марапаттардың бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы. Сондықтан көпшілік арасында: «Басқа елдерде де әдебиетке мемлекеттік сыйлық беріле ме?» деген сұрақ жиі туындайды.

Кейбір мемлекеттер әдебиетке тікелей мемлекеттік сыйлықтар тағайындаса, енді бір елдерде ең беделді марапаттарды тәуелсіз қорлар мен қоғамдық ұйымдар ұсынады.

Мәселен, Испанияда ең беделді марапаттардың бірі – Miguel de Cervantes Prize. Бұл сыйлықты Испанияның Мәдениет министрлігі тағайындайды. 1976 жылдан бері испан тілінде жазатын көрнекті қаламгерлерге өмір бойғы шығармашылық еңбегі үшін беріледі. Оны тіпті «испан әлемінің Нобелі» деп атайды.

Қытайда мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары әдеби марапаттардың бірі – Mao Dun Literature Prize. Ол төрт жыл сайын үздік романдарға табысталады. Сыйлықты Қытай Жазушылар қауымдастығы мемлекет қолдауымен ұйымдастырады.

Жапонияда әдеби марапаттардың дені жекеменшік бастамамен құрылғанымен, мемлекет тарапынан мәдениет қайраткерлеріне арнайы ордендер мен құрметті атақтар беріледі. Ал елдегі ең ықпалды әдеби сыйлықтардың қатарында Akutagawa Prize мен Naoki Prize бар.

Германиядағы Georg Büchner Prize неміс әдебиетіндегі ең беделді марапат саналады. Оны Германияның Тіл және поэзия академиясы табыстайды. Бұл сыйлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың қолдауына ие.

Мемлекет емес, қоғам беретін сыйлықтар

Бір қызығы, әлемдегі ең ықпалды әдеби сыйлықтардың біразы мемлекеттік емес ұйымдардың бастамасымен беріледі.

Мысалы, АҚШ-та біздегі секілді арнайы «Мемлекеттік әдеби сыйлық» жоқ. Бұл елде мемлекет әдеби процеске тікелей араласудан гөрі тәуелсіз институттардың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Соған қарамастан, АҚШ әдебиетіндегі ең беделді марапаттардың бірі – National Book Award. Ол проза, поэзия, аударма, балалар әдебиеті секілді бірнеше аталым бойынша табысталады. Сыйлықты тәуелсіз Ұлттық кітап қоры ұйымдастырады.

Тағы бір маңызды марапат – Pulitzer Prize. Бұл сыйлық журналистикамен қатар көркем әдебиетке де беріледі. Оны жеке қор қаржыландырады.

Осы жағдай АҚШ-тың мәдени саясатындағы ерекшелікті көрсетеді: мемлекет жазушыны тікелей марапаттаудан гөрі, азаматтық қоғам институттарына сенім артады.

Франциядағы әдеби бедел

Әдебиетке ерекше құрметпен қарайтын елдердің бірі – Франция.

Француз әдебиетіндегі ең атақты марапат – Prix Goncourt. Ол 1903 жылдан бері беріліп келеді. Қызығы, сыйлықтың ақшалай көлемі өте аз болғанымен, оның беделі орасан зор. Гонкур сыйлығын алған кітаптардың таралымы миллиондаған данамен сатылып, авторлар бірден танымал болып шығады.

Бұл тәжірибе әдеби марапаттың құндылығы тек қаржыда емес, қоғамдық мойындауда екенін аңғартады.

Біз нені үйренуіміз керек?

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, әдебиетті қолдаудың қатып қалған бір ғана үлгісі жоқ. Испания мен Қытай секілді елдер мемлекеттік сыйлықтарға сүйенсе, АҚШ пен Ұлыбритания тәуелсіз қорлар мен қоғамдық институттардың әлеуетін пайдаланады. Франция әдеби беделді ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрге арқа сүйейді.

Қазақстан үшін Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін арттыру маңызды. Екінші жағынан, тәуелсіз әдеби қорлар мен жеке демеушілердің ұлттық деңгейдегі беделді марапаттарды қалыптастыруына жағдай жасау қажет.

Өйткені әдебиет – тек жазушының жеке ісі емес. Ол – ұлттың рухани капиталы. Ал сол капиталды бағалай білген қоғам ғана өзінің мәдени болмысын сақтап, әлемдік өркениетке өзіндік үн қоса алады.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір