Бейсенбі, 4 Желтоқсан 2025
Енді қайттік?.. 128 0 пікір 4 Желтоқсан, 2025 сағат 13:43

Кенезесі кепкен Кәрі құрлық: Еуропа шөлдеп тұр...

Сурет: hi-news.ru сайтынан алынды.

Әлем елдері су тапшылығынан зардап шегуде. Таяу Шығыс, Африка мен Азия, Еуропа аймақтарында жекелеген елдер құрғақшылық салдарынан экономикалық қиындыққа тап болғанын айтуда. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

Су тапшылығының себебі көп. Демографияның қарқынды түрде өсуі, жүйесіз урбанизация, экономикалық өсім салдарынан зауыттардың суды көбірек пайдалануы, су көздерінің төмен түсуі, жаһандық жылыну салдарынан мұздықтардың еруі және басқа факторлар су тапшылығын ұлғайтуда.

Еуропада су айлақтарының сарқылуы және су көздерінің тартылу процесі байқалады. Испания, Италиядан бастап Польшаға дейінгі аумақта көптеген су көздері құрғап қалған. Ұлыбританияда да жағдай мәз емес.

Лондон ғалымдары Watershed Investigations-пен, The Guardian-мен бірлесе отырып Еуропадағы су көздеріне сараптама жасады. Сарапшылар 2002-2024 жылдар аралығындағы су көздерінің спутниктік түсірілімдерін қарап шыққан. Дәл осы аралықтағы Жердің гравитациялық өрісіндегі өзгерістерді де зерттеген.

Зерттеу нәтижесінде жағдайдың күрт өзгергені байқалды. Еуропаның солтүстігі мен солтүстік-батысында, әсіресе Скандинав аймағында, Ұлыбритания мен Португалияның кей аймақтарында ылғалдылықтың артқаны байқалады. Ал Еуропаның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, соның ішінде Ұлыбританияның бірқатар аймақтары, Испания, Италия, Франция мен Швейцария, Германия, Румыния, Украинада су көздері азайып, құрғақшылық белең алуда. Спутник түсірілімдері осыны көрсетуде.

Сараптама климаттық өзгерістердің жай-күйін анықтап берді. Су көздері кафедрасының профессоры Мұхаммед Шамсуддуханың сөзінше, жер астындағы және жер бетіндегі су көздері азайып жатыр. Ол саясаткерлердің шешімдерін сынға алды. Профессордың сөзінше жаһандық жылыну үдей түскен. Бұрын жаһандық температураны 1,5°C-қа жылытпау мәселесі тұрса, енді ол 2-ге жақындады дейді. Бұның зардаптары орасан болатынын айтуда.

Еурокомиссия қазіргі сәтте су ресурстарын тиімді пайдалану жоспарын әзірлеуде. Ол бойынша ЕО-ға мүше елдер ортақ кодексті жетілдіруі тиіс. Суды пайдалану регламенттері анықталып, су көздерін ысырап етпеу әдістері пысықталуы шарт.

Сарапшылардың пікірінше Еуропадағы су көздерінің құбырдан ағып кетуі 8-57 пайызды құрайды. Бұл әр мемлекетте әр түрлі. Осыған байланысты Еуропа ауқымды реформа жүргізіп, су тасымалдау құбырларын, су сақтау қоймаларын модернизациялауды ойластыруда.

Сарапшылардың сөзінше, Еуропадағы су көздерінің сарқылуы ЕО-ға үлкен соққы жасайды. Мысалы Испаниядағы құрғақшылық Ұлыбританиядағы жеміс-жидектің қымбаттауына әсер етеді. Себебі Испания Ұлыбританияға жеміс-жидек сататын басты ел саналады. Бұл бір ғана мысал. Жалпы су тапшылығы азық-түлік бағасының қымбаттауына, ауыл шаруашылық саласына соққы жасайды.

Су тапшылығы қазірдің өзінде әлем елдерінің бірқатар аймақтарын әбігерге салуда. Иран елі су тапшылығына байланысты астанасын ауыстыруды ойластыруда. Сирияда елдегі негізгі су көзі болып саналатын өзендер құрғап жатыр, ал Ауғанстан 2030 жылы Кабулды су тапшылығына байланысты эвакуациялауы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір