Жұма, 5 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 318 0 пікір 4 Желтоқсан, 2025 сағат 20:04

Жер сілкінісіне дайын болу — әр азаматтың жауапкершілігі

Сурет: farabi.university сайтынан алынды.

Бүгін Алматыда болған жер дүмпуі қала тұрғындарын бір сәтте алаң күйге түсірді. Әлеуметтік желілерде жұртшылық түрлі пікірлер мен болжамдарды айтып, біреуі көргенін, енді бірі естігенін жеткізіп, ақпарат легі жылдам тарап кетті.

Дегенмен қалыптасқан жағдайда ресми мәліметке сүйеніп, нақты ақпарат тарату – ең басты талап. Ұялы телефондарда хабарламалар жиілеп, желіде түрлі бейнежазбалар тарап жатқан шақта көпшіліктің назарын аударған тағы бір мәселе қала мектептерінің ауласына қойылған арнайы төтенше жағдай контейнерлері болды. Кейбір тұрғындар бұл құрылыстарға таңырқай қарап, «билік бірдеңені біліп отыр ма?» деп сұрақ та қойды. Көп ұзамай бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Алайда, ресми органдар ұсынған мәліметке сүйенсек, контейнерлердің орнатылуы – алдын ала жасалған қауіпсіздік шарасы, ешқандай ерекше немесе жасырын жайтқа меңземейді. Алматы қалалық әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі кезде қала аумағында осындай 384 контейнер орнату жоспарланған. Оның 100-і биыл пайдалануға ашылады, қалғандары кезең-кезеңімен орналастырылады.

Бұл контейнерлер – төтенше жағдай орын алған сәтте алғашқы қажетті деңдейдегі көмекті көрсетуге арналған мобильді қабылдау пункті қызметін атқарады. Әдетте мұндай пункттер мектеп аулаларында, стадиондарда және халық көп шоғырланатын ашық аймақтарда орналастырылады. Себебі төтенше жағдай кезінде ғимараттардағы қозғалыс шектелуі мүмкін, ал ашық аумақтар — халыққа жедел көмек көрсетуге қолайлы.

Контейнер ішінде жылыту құралдары, шатыр және уақытша баспана жабдықтары, алғашқы дәрі-дәрмек жиынтығы, байланыс құралдары, фонарь, генератор, кабель, ауызсу қоры, алғашқы қажетті гигиеналық құралдар қамытылған. Яғни, бұл – Алматының табиғи сейсмикалық аймақ екенін ескеріп, алдын ала жасалған сақтық шарасы.

Алматы – Қазақстандағы сейсмикалық қауіптілігі жоғары қалалардың бірі. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл өңірде 7-8 баллға дейінгі жер сілкіністері тарихи кезеңдерде бірнеше рет тіркелген. Сондықтан қалада төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті биліктің сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін күшейтуі – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Соңғы жылдары Жапония, Түркия, Чили сияқты сейсмикалық белсенді мемлекеттердің тәжірибесі кеңінен зерттеліп келеді. Бұл елдерде төтенше жағдай контейнерлері – қалыпты инфрақұрылымның бір бөлігі. Жер сілкінісі кезінде тұрғындарға алғашқы жедел көмек көрсету үшін олар әр ауданға, әр кварталға дейін орнатылған.

Алматы қаласы да осы модельдің бір бөлігін енгізіп жатыр. Жүйенің мақсаты – қауіп төнген сәтте жұртты ұйымдасқан түрде қауіпсіз аймаққа жинап, алғашқы қажетті ресурстарды қолжетімді ету. Жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желілерде түрлі жалған ақпараттың таралуы – әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін құбылыс. Табиғи апат сәтінде адамдар эмоцияға беріліп, расталмаған деректерді бөлісуге бейім болады. Алматыдағы контейнерлерге қатысты тараған түрлі «қолда бар болжамдар» да соның айғағы. Мысалы, желіде мынадай пікірлер жиі жазылды: «Бұл – жасырын жоспардың белгісі», «Билік үлкен апатты алдын ала біліп отыр», «Контейнерлерде қауіпсіздікке қатысы жоқ басқа жабдықтар болуы мүмкін».

Бірақ алаңдаушылық тудырған бұл пікірлердің ешқайсысы ресми мекемелермен расталмады. ТЖД мен әкімдік мәліметіне сәйкес, контейнерлер тек төтенше жағдай кезінде тұрғындарды уақытша қабылдауға және алғашқы көмек көрсетуге арналған. Дәл осындай сәттерде ақпараттың ашықтығы мен оның дер кезінде берілуі аса маңызды. Ресми мәлімет дер кезінде жарияланғанымен, әлеуметтік желідегі ақпарат легін тоқтату қиын. Сондықтан мамандар ақпаратты тек ресми көздерден алу қажет екенін қайталайды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай контейнерлерін орналастыру – қаладағы кешенді қауіпсіздік жоспарының бір бөлігі. Бұл жоспар сейсмикалық қауіпті нысандарды қайта тексеру, мектептер мен ауруханаларда қауіпсіздік жаттығуларын тұрақты өткізу, қоғамдық орындарда эвакуациялық бағдарларды жаңарту, жаңа технологиялық жүйелерді енгізу: сейсмикалық датчиктер, ескерту хабарламалары, халыққа арналған нұсқаулықтарды жаңарту сынды бірнеше бағытты қамтиды.

ТЖ контейнерлері – осы тізбектің бір, бірақ маңызды элементі. Контейнерлер мектептер мен стадиондар аумағында орналасады, бірақ олардың барлығы күнделікті өмірге кедергі келтірмеуі тиіс.

Abai.kz

0 пікір