Жұма, 12 Желтоқсан 2025
Алашорда 134 0 пікір 12 Желтоқсан, 2025 сағат 15:03

Кең тынысты кесек туынды...

Сурет: qazaq1913.com сайтынан алынды.

Семейдің түрлі баспасөз орындарында  қызмет жасаған жылдары Әзімбай Лекеровтың есімін оқта-текте ұшырастырып қалып жүруші едім. Алаш қайраткері екенін білетінбіз. Бірақ оның қаншалықты ірі тұлға болғанын Шаймардан Қалиақпаровтың «Жоспармен жойылған тұлға» атты үш томдық деректі романын оқып шыққан соң ғана сезініп-түйсіндік. Ал кесек туындының Семей өңірінің әдебиет әлеміндегі бұрын-соңды сирек кездескен ерен еңбек екенін мойындадық.

Атақты детектив жазушы Юлиан Семеновтен тілшілер сұрайды екен: сіз осы мұншама қызықты уақиғаларды қайдан аласыз деп. Сонда ол: ең мықты сюжеттер  көпшілікке  қолжетімді ашық архивтерде жатады, солардың арасынан аламын,  құрғақ құжат жолдарының арғы жағында түрлі-түрлі адам тағдыры тұрады деп жауап берген.

Шаймардан аға да кемі елу жыл өмірін осы атақты Алаш қайраткерінің өмір жолын зерттеуге арнады. Ашық қана емес, жабық архивтермен жұмыс жасады. Соның нәтижесін бүгін міне, көріп отырмыз: үш томдық тарихи-деректі роман жарық көрді.

Кітаптың үш томы бойында уақиға мезгілдерінің алмасып беріліп отыруы оқырманын мезі етпейді. Бұл деректі дүниеге тән тәсілдер. Ең бастысы, оқиғалар легі құр әншейін құрғақ фактімен баяндала бермейді. Көркем тілді кестелі өрнекті баяндаулар көп. Жазу стилі де жатық, оқырманын жалықтырмай, алға жетелей түседі. Қос тілде еркін оқи беретін және де талғап оқитын оқырман ретінде айтайын, бұл сүбелі туындыны қазақстандық  әдебиеттің  деректі проза жанрындағы жарық көрген өте салмақты  шығармалардың бірі деп бағалауға болады.

Бұл тақырыпта, мұндай деңгейде жазылған Алаш қайраткерлері жайлы терең дүние некен-саяқ деп бағалаймыз.

Алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының дерегінше, Советтер одағының басшыларынада дәл біздің алаш қайраткерлеріндей білім болмаған. Сол білімділердің бірі – Қазақ мемлекетінің Жоспарлау комитетінің басында тұрған қайраткер Әзімбай Лекеров еді.

Республикалық деңгейде қызмет атқарып жүрген Әзімбайға қазіргі білімі жеткіліксіз екенін білді. Білімін жоғарылату керектігін түсінген ол 1927 жылы Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетіндегі бір жылдық лекторлық курсқа түсіп тәмамдайды да, келесі жылы Қызыл профессура экономика институтына оқуға түсіп, оны 1932 жылы бітіреді. Осылай Әзімбай Лекерұлы қазақтан шыққан тұңғыш экономист-жоспарлаушы атанды.

Ол Қазақстанда республикалық Совнархозды басқарып, үкімет басшысынан кейінгі екінші адам болды. Қазақстанды дамытудағы бірінші бесжылдық жоспарын жасады, оны қортындылады. Госплан басшысының бірінші орынбасары болды, губернияларды басқарды.

Білім наркоматында қазақша оқулықтарды шығаруға мұрындық болғаны, аударма саласында атқарған қызметі үлкен, ол бөлек әңгіме. Оның басқаруымен, тікелей қатынасуымен коммунистік партия басшыларының еңбектері қазақ тіліне аударылды. Сол оқулықтармен қазақтың қанша жастары тәрбиеленді, мемлекет басшылары шықты. Ленин мавзолейін салуға ақшадай көмек берді. Оны ешкім білмейді де, айтпайды да. Қазақ жастарының институттарға түсуіне ықпал жасады. Оларға республика тарапынан ақша бөлгіздірді. Және оның рұқсатынсыз бір де бір студент оқудан шығарылмасын деген нұсқау бергізді. Басқару органдарына қазақ мамандарын тартты. Қаныш Сәтбаевтың Лениногор тресі бастығының бірінші орынбасары етіп тағайындалуына ықпал еткен де Әзімбай Лекеров.

Губернияларды дағдарыстан шығару үшін Ә.Лекеров барлық күш-жігерін жұмысшылар кооперациясы мен ауыл шаруашылық несие-кооперативтік серіктестіктерін жұмылдыруға, егістік кеңістікті ұлғайтуға, мал шаруашылығын кеңейтуге, жабылып қалған бұрынғы және жаңадан ашуға балық шаруашылығын, тұз өндірісін қалпына келтіріп, кеңейтуге, осыған дейін тоқтап қалған диірмен өндірістерін іске қосып, жаңадан салып, жабылып қалған сауда-саттық базарларын қайтадан жаңғыртуға, губернияда өндірілген дәнді-дақыл мен өндіріс өнімдерін халық қажетіне бейімдеп және тағы басқа бастамаларды іске асырды. Осының бәрі мемлекеттік және кооперативтік сауданың, тауар айналымының, жергілікті бюджеттің өсуіне әкелді. Нәтижесінде жалақы екі есе өсіп, халықтың жағдайын жақсартуға жеткізді. Сөйтіп ашаршылыққа, ауруға, жұтқа ұрынған халық аз шығынға ұшырап аман қалды. Түскен қаражаттан Бөкей губерниясында жетім балаларды қарауға, емделу орындары мен педагогикалық техникумды ашуға ақша бөлінді. Бұл мектептерде қазақ тілінде оқытатын мұғалімдерді дайындауға мүмкіншілік туғызды. Губернияда Кирсельхозкредит, Госбанк, Ауылшаруашылық банктерінің бөлімшелері ашылды. Кооперативті тұрғын үй құрылысы басталды. Жергілікті халық азаматтарынан кәсіби мамандарын дайындау басталды, кеңсе, атқару және басқару орындарына қазақ ұлтынан қызметшілер тартыла бастады.7777 Осылай Лекеров өзі ұстанған жергілікті органдарды қазақтандыру, қазақша оқыту қағидаттарын жүзеге асыра білді.

Осыған дейін республика басшыларының бірі болып үлгерген, болашағы үлкен жиырма алты жастағы жас жігіт Голощекиннің Қазақстандағы солақай саясатына қарсы шығып жүреді. Сталинге жолданған атышулы хаттың («Бесеудің хаты») де негізгі авторы Лекеров еді. Ол хат жолда ұстап алынып, тәргіленеді. Оның атына жазылған хаттың мазмұнын, кім білсін, жазылып жатқанда ма, жазылып біткен күні ме, әйтеуір сол бесеудің біреуі Голощекинге жеткізе қойыпты. Бәрі адасқандарын Лекеровке жауып, өздері ақталып шығады. Нәтижесінде сол хатқа Лекеров қана жауапты деп шешіліп, партия сөгісін алады...

Кітаптың І-ші томында Лекер мен әкесі Құдайбергеннің  өмір сүрген кезеңі барынша толықтай қамтылып, сипатталады.

Төре Барақтың апайы Асқабиға  Матай-Елкелді Құдайбергеннің Лекерінің әйелі болған. Лекер бірінші әйелі о дүниелік болғаннан соң Асқабиғаға үйленіпті. Төре қызы Асқабиғадан Байжұман мен Әзімбай туған.

«Мен болсам, Лекердің немерелерімен араластым. Лекердің немересі Ғалымжаннан мектепте сабақ алдым. Оның әйелі Дәметкен тәте біздің ауылдағы Бейсен атаның қызы, менің апайым Күлзира екеуі Жаңасемей ауданының Бұлақ ауылында қарама-қарсы үйде, апалы-сіңлідей көрші тұрды. Ғалымжанның інісі Қабдеш Бұлақтағы Семей зооветинститутының кеңшарының директоры болды. Ғалымжан мен Қабдеш Лекердің Байжұманының ұлдары», -деп жазады автор.

Кітаптың ІІ-ші бөлімінде небәрі жиырма жастағы Әзімбай Лекеровтың Зайсан, Қарқаралы,  Кереку уездеріндегі  қайраткерлік жұмысы  сипатталады. Ол жылдардағы атқарған жұмыстары нақты дерекпен бекітіліп, бүге-шігесіне дейін тәптіштеп баяндалады. Осыны оқып отырған оқырман жалықпайды. Жалыққанды қойып, толыққанды деректерді білуге құлшынысы арта түседі.

Қандықол Голощекиннің жасаған қастандық әрекеттері тағы да көз алдымызға келеді. Әйгілі Свердловтың әйеліне жазған хатында: «Жоржбен (Жорж – Голощекиннің бүркеншік аты») тіл табысу – азап. Жорждің жүйкесі жұқарып, нағыз неврастеникке және кісікиік мизантропқа (адамдарды жек көрушілік) айналып келеді. Жалпы адамзатқа, абстракты адамға көзқарасы жақсы, ал өзі қарым-қатынас жасайтын нақты адаммен жөнсіз іліге (дауласа) береді. Мұның нәтижесінде, бәрі  контр болып шыға келеді... Ол бұзылып барады... Өз өмірін өзі адам төзгісіз жағдайға келтіріп алды», – дегенін романнан оқып, шала сауатты «Қужақтың» күндердің-күнінде Қазақстанда авантюристік саясат жүргізіп, халықты апатқа ұшыратуының бір ұшы сонда жатқандығын қапысыз түсінесің.

Лекеровтың Мәскеудегі өмір кезеңіндегі Алаш қайраткерлері – Нығмет Нұрмақов, Әбілқайыр Досов, т.б. арасындағы пікірталастарға арналған тұтастай тараулар қандай нанымды шыққан!

Алғашқы және соңғы махаббаты – Халида Рахматуллақызымен Семейдегі  тұңғыш таныстығы да тартымды баяндалады. Жиырманың о жақ-бұ жағындағы жап-жас келіншектің Әзімбай ұсталғаннан кейінгі ұзаққа созылған бұралаң тағдыр жолы оқырманын ерекше ойландырады...

Кітаптың ІІІ-ші бөлімінде қайраткер азаматтың жаламен тұтқындалуы, сол тұтқындағы ауыр кезең  кәдімгі кәнігі жазушылық шынайы кәсіпқой қалам шеберлігімен тәнті етеді. Сол бұралаң ауыр заманның бүкіл картинасы көз алдыңа келеді, жаның түршігеді.

«Халық жауларын» ойдан ойлап тауып,  1937-1938 жылдары репрессияны апогеясына жеткізіп, халқымыздың бетке ұстайтын, тепсе темір үзетін, негізінен отыз бен қырықтың арасындағы азаматтарын атып өлтірді, жер аударды. Мұнысы Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның қазақ халқына жасаған геноциді болатын.

Қысқасы, қаламгердің ғажап  жанкештілігі мен тиянақтылығы, қиынан қиыстырған ерекші еңбегінің арқасында Алаштың айтулы қайраткерінің бейнесі жадыда қайта жаңғырып,  өз еліне оралды, өз оқырманын  тапты...

Ендігі міндет – қария жасына жеткен қарымды қаламгердің бұл еңбегі биік дәрежелі кез келген сый-сияпатқа лайық екендігін мәлімдеу. Ең берісі - әдебиет саласындағы «Алаш» сыйлығына ұсынылып, иеленсе, жерлес жазушының ұзақ жылғы еңбегінің ақталғаны деп санар едік.

Сайлау Төлеуов,

Семей

Abai.kz

0 пікір