Дүйсенбі, 22 Желтоқсан 2025
Біртуар 187 0 пікір 22 Желтоқсан, 2025 сағат 13:45

Ел алдында ер Бекежан болып қалды…

Сурет: stan.kz сайтынан алынды.

Қазақтың театр және кино өнерінің майталманы, атақты актер, режиссер, КСРО және Қазақстан халық артисі, аңыз адам Асанәлі Әшімұлы дүниеден озды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – деп жазған.

Аида БАЛАЕВА:

Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын.

Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды. Көпжылдық еселі еңбегі үшін Президентіміздің қолдауымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.

Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді.

Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды. Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын!

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ:

Ұлттық кино және театр өнерінің айтулы абызы Асекең (Асанәлі Әшімов) дүниеден өткені жайлы хабар қабырғамызды қайыстырып жіберді. Жымия күліп құшақтап: «Әй, Тоқашбаев, амансың ба?» деген қоңыр үні құлағымда қалыпты. Ортамызда жүргенде Алатаудай асқақ көрінетін. Қимайтын ғажап жан еді. Қимасақ та тап осы жерде інісі Оспан қаза болғанда Хәкім Абай айтатын: «Жайнаған туың жығылмай... Жақсы өліпсің япырм-ай» дейтіні көкейге орала береді.

«Тозбайтын темір жоқ, озбайтын өмір жоқ» демекші, Алланың еркіне кім қарсы тұрар. Асекеңнің шығармашылық өмірі бір басқа, адами өмірі бір басқа. 88 жас жасап, өмірдің ащы-тұщысын түгел көрген адам үшін бұл бақытты ғұмыр деп ойлаймын. Әйтсе де еліміздегі атақ-абыройдың бәріне дерлік ие болған адамның тағдыр жолы оңай болған жоқ.

Асекең шын мәнінде миф-аңыздардағы бірнеше рет өртеніп, бірнеше рет күлден қайта тірілген феникс құсы тәрізді тағдыры күрделі тұлға еді. Әйгілі актер 56 жасында (1993 ж) жұбайы Майрадан, 62 жасында (1999 ж) бірінен кейін бірі азамат болған қос ұланы Мәди мен Сағидан мәңгілікке көз жазып қалды. Тағдырдың мұндай соққысынан майысса да сынбау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қайғыдан қан жылаған, оңаша бөлмеде бөрідей ұлыған кездері болды. Асекең соның бәріне көнді, шыдады. Бір жаратушысы бар екеніне көңілі сенді. Алланың бергеніне де, алғанына да разы болды.

Сөйтіп отыз ұлынан бір күнде айырылған Дәуіт пайғамбардай сабыр ете жүріп өмірді қайтадан бастады. Оның бағына суанның Бағдат сияқты өнегелі қызы жолықты. Екеуінің атын әдейі Асанәлі Әшімов деп қойған перзентінің (суретте) өзі қазір 18-де. Енді Алла осы Асанәлімізге ұзааақ өмір берсін! Қосағына қалтқысыз қызмет еткен, сүйікті жар, сүйкімді ана болған Бағдат жеңгемізге шын көңілден алғысымыз шексіз. Әрі өзіне де, өнер сүйген қалың қауымға да, әріптестері мен шәкірттеріне де қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Марқұм Асекеңнің иманы саламат болсын!

Қазақ халқы аман болса әлі де талай өнер тұлғалары өмірге келіп, ұлтына Асекеңдей қызмет етері анық.

Қазыбек ИСА:

Қайсар чекист Қасымхан бейнесі көзден кетпейді…

Аты аңызға айналған алып өнер тарланы Асанәлі Әшімов ағамыз да өмірден өтіпті… Алла алдынан жарылқасын! Күрделі тұлға еді… Тағдырдың тартуын, салғанын да, салмағын да көтерді. Асыл жардан, қос ұлдан айрылу жауыңа тілемейтін ауыр қайғы еді... Өмірдің сын сағаттарында сыр білдіріп алғаны да рас… Екі дәуірде де айтқаны болды-айдағаны жүрді. Өнердің алтын дәуірінің аяғы, алыптардың соңғы тұяғы еді…

Елдің көз алдында ер Бекежан болып қалды. Қайсар чекист Қасымхан Шадияров бейнесі көзден кетпейді…

Иә, «Қыз-Жібек» киносы сән-салтанатымен, даңқымен қазақ даласын дүбірлетіп жібергенде көшеде кездесіп қалған кемпірлер кинодағыдай Бекежанның бетіне түкіргені талай жазылды. Бұл нағыз образды ойып тұрып күшті сомдай білгеннің өмірдегі көркем көрінісі еді… Өз рөлін керемет шынайы орындағаны сонша, кейде маған Асекең Бекежан рөлін емес, өзін ойнағандай көрінеді…

Кеше ғана Асекеңнің бір сұқбатын көзім шалып қалып еді – «Қыз Жібек» киносына түскендерден Меруерт екеуміз ғана қалдық. Мәдиім мен Сағиымды сағындым» деген. Енді міне Асекеңнің өзі де бақи дүниеге бағыт алды…

2011 жылы болу керек, ұлы ақынымыз Мұқағалидың 80 жылдығына Қарасазға бардық. Сонда Асанәлі Әшім ағамызды отбасымен және белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Марат Тоқашбай үшеумізді қонуға бір үйге түсірді.

Сонда Бағдат жеңгеймен танысып, Асекеңе «Біздің үйдегі келініңіз де жазиралы Жаркент өңірінен» дегенімде: «Ой, жақсы болды ғой, жұмсайтын жас бажа табылды» деп рахаттана күлген еді. Асекең сол күні түнімен өнер туралы, өзі қолына су құйған Шәкен Аймановтай алыптар жайлы, театр-кино саласындағы өз басынан өткен әңгімелерді айтып шыққан еді...

Соңғы рет осы жазда арынды ақын Бақыт Беделхан бауырымның 50 жасқа толған тойында көрдім. Бір үстелде отырдық. «Бажалар чатын ашайын деп жатырмыз, басында өзіңіз тұрасыз» деп әзілдегенімде, «жарайды» деп күлген болатын.

Тоқсанға бір-екі жас жетпей кетіпті…

Отбасына, ұлына, Бағдат жеңгемізге, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Қазақ өнеріне көңіл айтамыз. Пейіште рухы шалқи бергей. Иманы саламат болсын!

Бекжан ТҰРЫС:

Қазақ киносының мэтрі, ұлттық мәдениет пен өнердің асқар тауына айналып бір дәуірдің рухын арқалап өткен алып тұлға Асанәлі ағамыз да пәниден бақиға бет бұрды. Мыңдаған адамның жүрегінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін саналы жанның бәрін сең соққандай етті…

Мынау мазасыз дүниеде безгек тигендей селкілдеп қалдық. Жүрек сыздағанымен, жан мұздағанымен ажалға қарсы амалымыз жоқ. Қазақ киносының «Алтын қорына» өлмес рольдер мен шеберлік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өзінің өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір ролі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қазақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мәдениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі ағаның өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы көрерменнің жүрегінің төрінде сақталады. Қайталанбас өнерімен, тағдыры тарту еткен теперішін көтере алғанымен қазақтың есінде қалады. «Көреміз» бағдарламасының түсірілімінде бір апта бұрын ғана болып едік. Сонда: «Ана «Жармақты» барлық жерде қоюың керек.

Сен өзіңді дәлелдеп келесің ғой», - деген еді… Мақтау сөзді орынсыз айта бермейтін ағаның ризашылық білдіргені деп қабылдағам. Бәлкім, аманаты… Рухыңыз шат болсын, аға!

Abai.kz

0 пікір