Дүйсенбі, 22 Желтоқсан 2025
46 - сөз 143 0 пікір 22 Желтоқсан, 2025 сағат 13:51

Қара түн

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Арғы бабалардың құдыретті Кітабы болған, ол - Ұлы Табиғат!

Бабаларымыз табиғат аясында өмір сүрген, бергенін алған, өздерін осы табиғаттың бір бөлшегі санаған...

Ең бастысы, олар «өмір сүру» дегенді – «үнемі табиғаттан үйрену, оған бейімделу, үйлесім табу» деп білген...

Бабаларымыз осы таныммен өмір сүріп, өзара адами қатынасында да жалпы табиғатқа тән турашылдықты, әділетті, төзімділікті бойына сіңіріп отырған...

Табиғат - олар күнделікті сезінетін «ыстық-суық» қана емес, бабаларымыз оны қиялымен жалғап Ұлы Космос деңгейіне көтерген.

Ол дүниетанымға Күн, Планеталар, Жұлдыздар тұтасымен еніп кете алатын...

Осыдан келіп, бабаларымыз Шексіздік түсінігін меңгеріп, оны «адамның шектеулі мүмкіндігімен» салыстыра келе – «Шексіздікті меңгеруші қандай күш?» деген философиялық сұрақты өздеріне қоя алған!

Ақыры, олар «шексіздік санасына симасын» біліп, оның пайда болуы мүмкіндігін Бір Жаратушыға әкеліп тіреген:

Жаратушыны ТӘҢІР деп атаған да, Оны Жарық Күн әлемінде, шексіз космоста  қалдырған.

Ал, өздері төсін емген Жер-Ананы тіршілік көзі деп, оны Умай Ана құзырына берген...

Жердегі өмірді - Күн мен Түннің алмасуын - олардың өзара бітіспес шайқасы деп білген...

Жарық - Күн сипаты болды. Сондықтан олар балаларына да «Күнбас», «Жарық», «Нұр» атты есімдер берген...

Ал, Түн - қорқыныш сипаты, өлім сипаты...

Сондықтан «Түн» деген есім болмаған...

Оны ырымдап «Қара» сөзімен астарлап айтқан...

Ал, қараңғыда аз да болса «жарықты еске салатын» АЙДЫ құрметтеп, балаларына «Айбас», «Айбар» сияқты есімдер берген...

Ал, Жарықтың ең әлсіреп, Түннен жеңілуге шақ қалар мерзімін дәл анықтап,  олар осы күнді «Қаратүн» деген.

Бұл атау бабаларымыздың шынайы сенімінен туады,  олар осылай деу арқылы:

«Түн, сен де қүдыреттісің!

Біз саған сондықтан «Қара» деген мәртебелі ат бердік.

Сенің құдыретіңді мойындаймыз...

Олай болса, құдыретті Қаратүн, бүгін әлсіреген, қауқары азайған Жарықты жоқ етпеші!  Оны тірі қалдыршы... - жалынып сұраймыз сенен, мәртебелі ҚАРАТҮН» - деп жалбарынған...

Өйткені, Жарық осы түннен аман қалса, ақырындап қайта күш ала бастайтынын бабаларымыз білген...

Соған сенген...

Міне, әңгімем осымен аяқталды...

Біздің бабаларымыздың сенімі қандай таза болғанын, бейкүнәлығын, адалдығын аздап баян еттік сіздерге...

Бүгінде оның ұрпақтары осыны ұмытып, өзінің өткенін, өзінің тарихын, арғы наным-сенімін өзге бір халық сенген құдай атымен қарғап-сілеп жатқанын олар қайдан білсін!

Қайран біздің арғы бабалар!

Саналарың тұнып тұрған философия ғой!

Таңғаламын, тағзым етемін сендерге...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір