Соғыс кезіндегі қажылық
«Дүйсенбіде шамамен 1,5 миллион мұсылман Меккеге қажылық сапарын бастады» деп жазады Францпрес агенттігі. Әлемнің әр түкпірінен келген мұсылмандар 45 градус ыстықта Үлкен мешіттің орталығындағы Қағбаны айналып өткен.
Сауд Арабиясы билігі қажышыларға аптап ыстықтың алдын алу үшін қолшатырларды пайдалануға рұқсат берген.
Биылғы қажылық - Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы келіссөздердің шешуші кезеңімен тұспа-тұс келді. 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға жаппай шабуыл жасағаннан кейін Иран билігі кек алу мақсатында арасында Сауд Арабия да бар Парсы шығанағы мемлекеттеріне бірнеше апта бойы дрон және зымыранмен соққы жасағаны белгілі.
Сауд билігінің мәліметінше, жалғасып жатқан қақтығыстарға және қақтығыстың қайталану қаупінің артуына қарамастан, биылғы қажылыққа келушілер саны өткен жылғыдан асып түстен.
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбіде: «Мұсылман елдері, соның ішінде Сауд Арабиясы, бейбітшілік келісімі аясында Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтіруі, Авраам келісімдеріне қосылуы керек» деп мәлімдеді. Сарапшылар Ақ үй басшысының бұл қадамы "келіссөздерге жаңа белгісіздік әкелді" деп пікір білдірді.
Өз кезегінде Эр-Риядтағы Сауд Арабиясы билігі саясатты қажылық іс-шаралардан бөліп қарауды талап етті. Қазіргі уақытта мыңдаған ирандық қажылар Мекке-Мединада жүр.
Қасиетті жерге келген қажылар исламның бес парызының бірін орындап жатқанына қуанышты болса, Сауд Арабиясы Корольдігі жоғары дайындықта.
Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде «Әуе қорғанысы күштері қасиетті жердің әуе кеңістігін қорғауға, кез келген әуе қауіптеріне жауап беруге және келушілердің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге жауапты» деп мәлімдемелер таратты әрі Мекке маңында орналастырылған әуе қорғанысы күштерін көрсететін бейнежазба жариялады.
Исламның ең қасиетті қалалары Мекке мен Медина орналасқан Сауд Арабиясы жыл сайын қажылық пен умрадан миллиардтаған доллар табады.
Францпрес агенттігіне сұхбат берген қажылар бейбітшіліктің қайта орнауына үміт білдірген.
«Ирандағы қақтығыс бүкіл әлемге әсер етті, ешкім соғысты қаламайды», - деп пікір білдірген 50 жастағы мысырлық Мұхаммед Шахда Үлкен мешіттен шығып келе жатып.
Abai.kz