Сәрсенбі, 24 Желтоқсан 2025
Экономика 255 0 пікір 24 Желтоқсан, 2025 сағат 12:57

Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасы қандай күйде?

Коллаж: Abai.kz. Суреттер: digitalbusiness.kz, egemen.kz, hse.ru, nalogikz.kz.

Қадірлі Abai.kz оқырмандары!

Енді санаулы күндерден соң, күнтізбе ауысады. Қайғасы мен қуанышы, қызығы мен шыжығы қатар өткен 2025 жыл да қатпар-қатпар қалың тарихтың қойнауына еніп барады.

«Өткен жылға өкпе жоқ» дейміз ғой... Биылғы жыл шын мәнінде, біз үшін ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін де қалтарысы мен бұлтарысы көп жыл болды. Келер жылдан үміт көп деп барып, өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларына шолу жасағанды дұрыс дедік.


Бірінші бөлім: Жыл қорытындысы: Мәдениет саласында не істелді?

Екінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық?

Жалт-жұлт еткен уақыт зырлап ағып, тағы да бір жылды артқа қалдырып барамыз. Биылғы жыл біздің ел үшін табысты да тартымды жыл болғаны сөзсіз. Әр салада айтуылы өзгерістер болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бүгін біз оқырмандарымызға осы жылы ел экономикасында қандай оң нәтижелер болғаны жөнінде айтпақпыз. Сол үшін білікті сарапшы, қаржы маманы Айбар Олжайдың пікірін ұсынып отырмыз. 

«Осы жылдың экономика саласындағы басты оқиға – салық реформасының жасалуы және жаңа салық кодексінің қол қойылып, 2026 жылдан бастап жұмыс істеу. Бұларды осы жылдағы басты оқиға деуге болады».

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновтың айтуынша, Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен мөлшерлеменің бірі саналады. ҚҚС табыстың маңызды көзі болып табылатынына қарамастан 2022 жылы ол жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тек 4 пайызын құрады, бұл салыстырмалы кіріс деңгейі 7% болатын елдер бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Қосымша құн салығын нығайту кірісті арттырып қана қоймай, құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтады және елдің инфрақұрылымы мен индустрияны дамыту бағдарламасын қаржыландыруға сеп болмақ.

«Сонымен бірге КТК құбырына қауіп төнуі. Осы арқылы еліміздің жаңа мұнай құбыр жолдарын іздей бастауы. Сондай-ақ біздің жаңа экономикалық парадигмаға түсіп, өзімізді өзіміз асрырау режиміне өту, Ұлттық қордан алатын ақшаны азайтуға шешім қабылдағанымыз, салықтарды арттырып, соның есебінен республикалық бюжетті ұстауға деген шешімді айтар едік. Сыртқы қарызды бақылап отыратын арнайы кеңес те құрылды. Ол біздің экономикалық жаңалықтың біріне жатады».

Екі ай бұрын Новороссийск қаласында орналасқан порт ауданындағы теңіз инфрақұрылымына ұшқышсыз құрылғылар шабуылдаған болатын. Соның салдарынан айлақтағы тиеу қондырғысы (АТҚ-2) істен шыққан. Танкерлер терминал акваториясынан тыс жерге шығарылған. КТК арқылы Қазақстан өз мұнайының 80%-ын экспорттайды. Әрине, геосаяси жағдай ушыққан 2022 жылдың ақпанынан бастап мемлекет мұнай тасымалын әртараптандыру жолдарын қарастыруға кіріскені анық.

«Ел экономикасының өсуі 6 пайызды құрады, билығы жылды осындай көрсеткішпен аяқтайын деп отырмыз, шын мәнінде бұл үлкен көрсеткіш. Сонымен бірге биыл елдегі ішкі жалпы өніміміз 300 миллиярд доллардан асуы тиіс, асқан да шығар. Резервтеріміз де қатты ұлғайып, 227 миллиярд доллардан асты. Баса айта кетерлігі, халықаралық валюта қорының есебінше, біздің елдің адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім бойынша Ресейді басып оздық».

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болды.Бұл өсу қарқыны экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту есебінен жүзеге асырылуда. Өсімнің негізгі драйверлері көлік және қоймалау қызметтері (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) болған.

Abai.kz

0 пікір