Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ЖИ министрлігінің кейбір өкілеттіктері берілді
2025 жылғы 25 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 21) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) қажетті заңнамалық түзетулер әзірлеуді;
2) осы жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті жарлығының жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізсін.
- Осы жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
- Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Abai.kz