Сенбі, 27 Желтоқсан 2025
Қоғам 1573 0 пікір 27 Желтоқсан, 2025 сағат 17:58

«Бетімен кеткен» деген жаман сөз!

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Қоғамда «Жастардың құндылық бағдарлары мен өмірлік стратегиялары: әлеуметтік желілердің ықпалы» тақырыбы белсенді талқылануда екен...  Мен ол туралы: «Бұл, сірә да, тендерлік тақырып болар» деген ойға қалдым. Себебі, көптеген «тендерлік тақырыптар» тек жыл соңына қарай осылай «талқылана» бастайтыны анық – есеп беру соны талап етеді...

Алайда, көтерілген бұл мәселе «тендерлік шеңберді» әлдеқашан бұза‑жарып, қоғамға түтас тараған мәселе қатарына көтерілген. Ал, «Жастардың құндылық бағдары» соның титтей бір бөлігі ғана!

Шындығында ‑ қазіргі заманда қарқын алған «әлеуметтік желі» деп аталатын ақпараттық өріс қоғамды тұтасымен өз ықпалына ұстауға көшті,  қоғамды «жас пен кәрі» деп бөлмейді ‑ барлығы соның жетегінде.

Бірақ, кез келген қоғамда әлеуметтік стратификация, басқаша айтсақ,  «әлеуметтік жіктелу» заңдарына сай қоғамдық құндылықтардың қалыптасуы тек бір сегментпен, яғни жастармен шектелмейді. Мұндағы әлеуметтік сабақтастық, ең алдымен ұрпақтар арасындағы сабақтастықпен ұштасады, ұштасуы тиіс.

Егер біз осы түйінді тарқатып, тек «жастардың құндылық бағдары» дегенге көшетін болсақ, онда біз қоғамдағы «ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың» жойыла бастағанын, нәтижесінде қоғамды тарихи тұрғыда алға сүйреп келе жатқан «ұлттық тәрбие» атты өмірмәндік рухани әлемнің іргетасы шайыла бастағанының куәсі болар едік...

Бізге «жастар құндылығы» дей отырып, астарлы түрде осы шындықты мойындау ұсынылып отыр... 

Енді, осы ойымызды философиялық демесек те, біршама ғылыми негізде тарқатып көрейік:

  1. Қазіргі ақпараттық заманда «әлеуметтік желі» құқықтық тұрғыда «дефакто» орын алып отырған құбылыс. Сондықтан ол қоғамның барлық сегментін қамтиды.
  2. Оның ықпалына тек жастар ғана емес, эволюциялық даму заңына сай оларға «ұлттық тәрбие беруді  міндетіне алған» ата‑аналар, әжелер мен аталар да енген.
  3. Олай болса, бүгінде «Ұлттық тәрбиеші міндеттемесін әлеуметтік желілер толығымен өз қолына алды ма?» деп қауіптенуге негіз бар. 

Бірақ, «әлеуметтік желіде» не ұлт жоқ, не белгілі бір қалыпта тұрақтанған құндылық жоқ екені анық. Сонда қайтпек керек? 

Ендеше, осы жерде біз жастар туралы айта отырып, ойда үнемі де «олардың ата анасын, аталары мен әжелерін «тәрбиелеп» жатқан әлеуметтік желі атты «аждаһаны» есте ұстауымыз керек. Олай болғанда, біз бүгінгі заманда «әлеуметтік желіні игермеген алдыңғы буын өкілдерінің «жастар тәрбиесінен» қарқынды түрде шеттеліп қалып бара жатқанын» бақылар едік. Өкінішке орай, бұл да шындық болуға айналды.

Сондықтан, қоғам бұл мәселеге кешенді түрде келуі керек. Онда мынадай мәселелер көтеріледі:  

  1. Алдыңғы буын өкілдерінің әлеуметтік желілер арқылы ақпараттану деңгейі және оны ұлттық болмыспен ұштастыру:
  2. Аға буын өкілдері мен жастардың әлеуметтік желілерде бір‑бірінен алшақтап кетпеуін, ақпараттық тұрғыда олардыың бір‑біріне антогонистерге айналып кетпеуіне қол жеткізу.
  3. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейдегі «біртұтас идеология» қалыбына көшіру.

Сонда ғана, біз оның әр сегментін өз алдына бөлек талқылап, оны өзара үйлестіріп отыруға мүмкіндік аламыз. Егер, оған қол жеткізе алмасақ, онда «әрқайсысы әр жаққа қараған, бір‑бірін ұғудан қалған, әрқайсысы «көрпені өзіне қарай тартқан» эклектикалық қоғамның үлгісіне ие боламыз.

Эклектика дегенді қазақшаласақ – «қырқпышақ» деген қазақы ұғым еске түседі...  Ол ұғымның мағынасы «берекесіз орта», «ынтымағы жоқ», «алауыздық», «әлсіздік», «тоқырау», «қауіпті» және т.т. қоғам болып алаңдайтын қатерлі құбылыстарға нұсқайды.

Міне, «әлеуметтік желі» дегенде мен осыны ойладым...

Ендеше, біз осы тақырыптың аясын кеңейтіп, оны Ұлттық идеологияның үлкен бір бөлігі ретінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігі ретіндегі  мәселе қатарына көтеруіміз керек екен. Бұл мәселені тек «жастар саясаты» шеберінде қалдырып қоюға болмайды. Алдыңғы буын өкілдері де «әлеуметтік желі» аты желдің өтінде тұруға, оны «ұлттық құндылықтар» атты мағынамен толтыруға, сөйтіп, өз мемлекеті мен ұлтының (халқының) мүддесіне сай келетін ұлттық тәрбие жүйесін әлеуметтік желіде қалыптастыру арқылы өз ұрпағына қорған бола алуы тиіс!

Ұрпақ сабақтастығы осылай жалғасады! Жастарды әлеуметтік желінің бейберекет ақпараттық ағымының жетегіне жеке, не өз бетімен жіберіп қоюға болмайды ‑ «Бетімен кеткен» деген жаман сөз!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір