Қандасттардың жайы: Қос әкімге үш сұрақ...
Алматы облысының әкімі
М.Е. Сұлтанғазиев мырзаға!
Маңғыстау облысының әкімі
Н.И. Қилыбай мырзаға!
Құрметті Марат Елеусізұлы!
Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «TURKISTAN» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында қандастар мәселесіне арнайы тоқталып, «Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.»,-деді.
Әрине, Мемлекет Басшысы қандастарымызға қатысты бұл ақпаратты Сіздерден де алған болуы мүмкін.
Сіздер басқаратын облыстарға қоныс тепкен қандастарымыздың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болағаны туралы бұл жағдайға Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары ғана емес, екі Президенттің де осы Ұлы көш атты Ұлы бастамасын өмір бойы қолдап келе жатқан азамат, Көші-қон үрдісін реттеуге арналған құқықтық актілерге елеулі өзгертулер мен толықтырулар енуіне ықпал еткен тәжірибелі маман ретінде мен назар аударуға мәжбүр болдым. Тіпті, қатты алаңдай бастадым. Бұл жағдай менің ғана емес, Ұлы көшке мүдделі зиялы қауым өкілдерінің де тынышын кетіре бастағаны анық.
Иә, баяғы Назарбаев заманындағыдай жылыны жүз мыңдап қотарыла көшіп келіп жатқан шеттегі қазақ жоқ!
Өздеріңіз көріп отырсыздар, 2025 жылғы қантардан-қыркүйекке дейінгі елге келген қандастарымыздың саны 16175-ақ адамды екен. Ал, елден кеткендер саны 5975 адам. Көші-қон айырымы 10200 адамды құрапты.
Әрине, осы 16175 қандастың бәрі Алматы облысымен Маңғыстау облысына ғана барып, қоныстана қалмағаны тағы белгілі. Өзге облыстарға да қоныс теуіп жатыр…
Егер, Сіздердің обылыстарыңызға қоныстанған бір-бір уыс қандас шынымен де Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болып, Ресей елшісі Алексей Бородавкин айтқандай, ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызып, тіпті мемлекетке қауіп төндіріп жатса, онда бұл мәселені Сіздер болып, біз болып, тіпті бүкіл Алаш жұрты бодып ойласуымыз керек!
Мүмкін, Ұлы көшті тоқтата тұру керек шығар?!
Әлде, Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген өсиеті мен Sabyr Aday ағамыздың «Әр қазақ менің — жалғызым!» өлеңін басшылыққа алып, әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болған байқұс қандастарымызды Қазақстан өзекке теппей, өз бауырына тартуы керек пе?!!
Бұл — Президентіміздің сұхбатындағы қандастар туралы сөзін оқығаннан кейін туған сұрақ!
Құрметті Марат Елеусізұлы!
Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы!
Енді Сіздерге өтініш!
Бірінші, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында Сіздер басқарып отырған облыстарға қоныстанған қандастарымыз тап болған ҰШ ҚИЫНДЫҚТЫ;
Екінші, Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отырған соң, әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындыққа тап болып отырған қандастарымыз зор қауіп тудырып отыр деген сөз.
Осыған байланысты облысқа, тіпті республикаға төніп тұрған ҮШ ҚАУІПТІ;
Үшінші, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет.»,-деді аталған сұхбатында.
Иә, бұл мәселе жоғарыдағы мен айтқан екі сұрақтың біреуінің негізінде Сіздер батыл шешім қолданып, шішілулеріңіз керек!
Ендеше, алдағы уақытта қандастарымыздың Президент айтқан осы мәселесін шешу үшін, облыс әкімі ретінде жоспарлаған ҮШ ПРИОРИТЕТТІ МАҚСАТТАРЫҢЫЗДЫ білгім келеді.
Құрметті Марат Елеусізұлы!
Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы!
Сіздерден осы мәселеге байланысты «ҮШ ҚИЫНДЫҚ»-ты, одан төніп тұрған «ҮШ ҚАУІПТІ» және оны шешу үшін жоспарлаған «ҮШ ПРИОРИТЕТТІ МАҚСАТТЫ» жеке-жеке айтып, осы хатыма нақты жауап берулеріңізді сұраймын.
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек,
«Ерен еңбегі үшін» медальінің,
«Құрмет» орденінің иегері.
Ескерту:
Дәл осындай мазмұндағы хат
Бас прокурор Берік Асыловтың;
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың да атына жолданатын болады…
Abai.kz