Жұма, 16 Қаңтар 2026
Әдебиет 195 0 пікір 16 Қаңтар, 2026 сағат 12:02

Мен көрген Нұрпейісов

Сурет: автордың жеке архивінен алынды
  1. КӘСІБИ БАРЛАУ

Әбдіжәміл аға Алматыға он күннен кейін оралады. Біле білсеңіз, он күн деген – біраз уақыт. Он күнде талай нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін. Талай нәрсе бітіруге болады. Мен қарап жатпайын деп шештім. «Барған соң түп-тұқияныңмен тексертемін» деп жатқан дәудің өзін ол келгенге дейін әбден зерттеп, «тексеріп» алмақпын. Нұрпейісовтің шығармаларын, ол туралы жазылған дүниелерді тірнектеп жинап, таныса бастадым. Ең бастысы, оның адами болмысы мен мінез-құлқын танып-білгім келді.

Нұрпейісовпен жақын араласатын кім бар? Ол кіммен сөйлеседі? Біраз жазушыдан сұрастырдым. Байқағаным, Дулат Исабековті, Смағұл Елубайды жақсы көреді екен. Олармен жиі хабарласып тұрады дейді. Айтпақшы талантты жазушы Серік Байқонов бар. Ол Әбең туралы кітап жазыпты. Тағы бір қатты сыйласатын адамы – Шериаздан Елеукенов екен.

Дулат пен Смағұл ағаларды ұстау қиын. Қолдары босамайды. Серік ағамен сөзім жарасады. Анда-санда телефон соғып, жағдайымды сұрап тұрады. Кездескенде жылы шырай танытып, іш тарта сөйлейді. Ол кісіге жолығып, Әбеңнің мінезі туралы сұрасам болады екен.

Шериаздан аға менің ұстазым. Кандидаттық диссертация қорғағанымда екінші оппонентім болған. Оның үстіне өз баспамнан көп томдығын шығарып жатырмын. Осы жылы сегізінші томы жарық көреді. Күн құрғатпай үйіне барып, келесі томдардың жайын ақылдасып тұрамын. Ол кісіден де Нұрпейісовтің болмысы туралы сұраудың реті бар.

Байқоновпен Жазушылар одағында кездейсоқ жолығып қалдым. Әдеттегідей құшақ жая амандастық.

– Қалайсың, інім?– деді ол жымия түсіп.

– Бәрі жақсы, аға. Сізге арнайы жолықсам деп ем. Бір үлкен мәселе бар. Шеттеу шығып, темекі тартсақ қайтеді?

– Темекімен араз болып жүр едім. Жүр, әңгімеңді тыңдайын,– деп ол менің шынтағымнан ұстады.– Ал, айта бер. Құлағым сенде.

Мен темекімді тұтатып алдым да айта бастадым:

– Секе-аға, маған мәдениет министрлігінен бір тапсырма түсіп тұр. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасына орай жеті томдық шығармалар жинағын шығарамыз дейді. Соны қолға алыңыз деп жатыр. Мен ол кісіні жақын танымаймын. Сіз оның сырын жақсы білесіз ғой. Қандай адам? Қалай, неден бастағаным дұрыс?

– Қораға кіріпсің ғой, бауырым. Кіргенде де үлкен қораға кіріпсің.– Серік ағам арқамнан қағып қойды.– Ақыр кіріскен екенсің, енді бәріне көнесің дә.

– Қорқытпаңызшы. Онсыз да дегбірім қашып жүр. Сондай қиын адам ба?

– Өте қиын. Бірақ қорықпа. Көңілін тапсаң көл болатын да кезі бар. Аралдың құмында өскен адам ғой, көбіне шөл болатыны сондықтан. Әркім туған топырағына тартады.

– Ақсақалдың кілтін тауып берсеңізші. Мүмкін екеуміз бірге барармыз. Сіз мені ертіп барып таныстырсаңыз қалай болады?

– Қымбатқа түсемін ғой саған,– деді ол күліп,– Мен оның бірнеше кітабына редактор болғанмын. «Сеңнен» бастағам. Басында түсінісе алмай жүрдік. Кейін мені құрметтейтін болды. Өзім де оны жақсы көріп кеттім. «Алып пен қалып» деген кітап жазып бітірдім. Әбеңнің шығармашылығы туралы. Әй, өзім де көресімді көрдім-ау. Ол кітапты министрлікке өткіздім. Бұйырса шығады.

– Сол кітабыңыздың электронды нұсқасы бар ма? Бар болса менің почтама жіберіңізші, оқып шығайын.

– Жоқ, болмайды. Әбден аузым күйген адаммын. Кітап шықсын, сосын өзім қолтаңба жазып сыйлаймын.

– Не жаздыңыз сонда?

– Біраз мақтадым ғой енді. Жанрын «элегия» деп атағам. Ол жанрда мақтамасаң болмайды.

– Өзіне көрсеттіңіз бе?

– Көрсеттім. Көрсетпей қалай? Әбден қанымды ішті ғой шалың. Қалай десең де мен ол сияқты классик емеспін ғой. Көп жерін сызып тастады. Қатты мақтап жіберіпсің деп. Өзі мақтағанды аса жақтырмайды. «Жанрдың талабы солай» деп құтылатынмын. Содан кейін «классик» деген сөзді де ұнатпайды, «суреткер» десең көңілі жібіп қалады.

– Сонда оның бетіне қарап отыру керек пе? Нені ұнатады, нені ұнатпайды деп.

– Адам қартайған соң кішкентай сәби құсап қалады екен. Көңіліне қарамасаң болмайды. Болмашы нәрсеге ашуланып, титтей нәрсеге алдана салады. Ең бастысы қарсы сөйлегенге жаны қас. Қарсы сөйлесең баладай өкпелейді. Саған оның бір қызығын айтайын. Сексен жыл бұрынғы оқиғаларды секундына шейін таратып отырады. Бәрі есінде. Жадының мықтылығына таң қаласың. Ал енді бес-он жыл маңайындағы жайттарды мүлдем ұмытқан. Есінде түк жоқ. Соған қайран боламын.

– «Жастық шақта көргенің тасқа жазған таңбадай, қартайғанда көргенің құмға жазған таңбадай» дейді емес пе? Қартайған соң есте сақтай алмайтын шығар?

– Олай дейін десең, әлі күнге жұмыс қабілеті мықты. Түн ортасына шейін жазу жазатын күндері бар. Тоқсан бес жаста да қаламын тастаған жоқ. Қолына түскен мәтінді қып-қызыл шимай қылады.

– Иә, сондай дейді. Көзіне түскеннің бәрін жойдасыз сызғылап, түзете береді деп естідім. Қанға сіңген әдет пе, не ол? Өзгелердің шығармасын да сөйте ме?

– Көбіне өзінің жазғанын шимайлайды. «Қан мен терді» түзетіп жатқанына алпыс жылдан асты. «Конониальный дүние жасап жатырмын. Менің сөзім балтамен шапса да бөлінбейтіндей болуы керек» дейді. Редактор мен корректорларыңды дұрыстап сайлап алмасаң, әлі олардың көзінен сорасын ағызады.

– Мүмкін жеті томға өзіңіз редактор боларсыз? «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей...

– Жо-жоқ! Атама. Мен одан әбден шаршағанмын. Ендігәрі жоламаймын. Сені оған ертіп те бара алмаймын. Өзіме жата-жабысуы мүмкін. «Алып пен қалып» аман-есен шықса, қолына тапсырамын да, рақметімді айтып кетемін. Болды.

– Неге сонша азар-безер болдыңыз? «Мені құрметтейді» дедіңіз ғой.

– Сен әуелі онымен жұмыс істеп көр, сосын айтарсың. Жоқ, сен басқаша түсініп қалма, мен оны жақсы көремін. Бірақ, әбден шаршадым. Мен де адаммын ғой. Менің де мінезім бар. Жасым болса алпыс жетіге кетті. Ендігі өмірімді біреудің кітабы үшін арпалысып өткізгім келмейді. Бұлай жүре берсем, менің кітабымды кім жазады?– Серік ағаның көзінен шынайы мұң байқадым. Оның әсіресе соңғы сөздерді жан-жүрегі езіле айтқанын сезіндім.

Осы сәт Шерағаңның (Мұртаза) сексеннің сеңгірінде тұрып айтқан бір сөзі есіме түсе кетті. «Бәріміз де адамбыз. Бірақ мен бір нәрсені тым кештеу түсіндім,– деп еді ол,– Құдай бізді жаратып, жарық дүнияға әкеліп, бойымызға қасиет берген соң әр адам өзінің негізгі миссиясын атқарып өтуі керек екен. Жазушы прозасын, ақын поэзиясын, ғалым зерттеуін жазуға тиіс. Ал біз қызмет дедік, мансап дедік, саясат дедік. Сөйтіп жүріп едәуір уақытымызды өлтірдік. Өткен уақыт енді жыласаң да қайтып келмейді. Қайрат кетті, кәрілік жетті. Жас кезіңдегідей қайдан болсын! Енді ойласам, мен үшін жазудан басқаның бәрі бос нәрсе екен. Қайран, босқа өткен өмірім-ай! Қазір бармағымды шайнап, өкініштің запыранын жұтып отырмын».

Байқонов та бармағын шайнап отырғысы келмейді. Ол да жазушы. Жазушы болғанда қандай!

– Мен сізді түсінемін,– дедім оның қоңырқай жүзіне қарап,– Әркім өз туындысын жазуы керек. Дегенмен Әбеңнің мінезі туралы тағы да айтыңызшы.

– Айтқандай несі бар? Сен оның «Көткеншек Көшен» деген кейіпкерін білесің бе?... Сол – нақ өзі... Өмірінде адам баласының айтқанына көнген адам емес. Қырсық болғанда сұмдық! Әлі-ақ өзің де көрерсің.

– Бір түсініксіз, қиын мәселе туындай қалса, сізге хабарласып, кеңес сұрап тұрсам бола ма, аға?

– Ә, иә. Кеңеске сараң емеспін. Көмектесемін ғой. Хабарласып тұр. Іске сәт!– деп Серік аға қолымды қысты.

Екі күннен кейін тұмандатып Шериаздан ағаның үйіне бардым. Есікті Гүлнар деген қызы ашты. Амандасып, Шәкеңнің кабинетіне қарай өттім. Қаракөлеңке үйдің іші азынап тұр. Профессор ағайым қалың одеялға оранып, кабинетінде жұмыс істеп отыр екен. Ол кісі де тоқсан жаста. Әбден қартайған. Соған қарамай жазуды компьютермен жазады. Мені көріп:

– Кел, кел Темке! Жоғары шық,– деп қарсы алдында тұрған көнетоз диванды нұсқады. Мен әуелі ол кісінің қолын алып, көрсеткен орынға жайғастым.

– Жағдайыңыз қалай аға? Денсаулығыңыз жақсы ма? Үй суық қой,– дедім.

– Жылдағы кебіміз осы. Әбден үйренгенбіз. Жылуды үнемдей ме, білмеймін. Қалай наурыз айы келеді, үйдегі жылу азая бастайды. Сәуірдің ортасына шейін жылуды тоқтатпау керек қой. Жоқ, бұлар наурыздан кеміте бастайды. Көктем шықты, болды дейтін шығар. Оның үстіне жаңа ғана терезені ашып, үйдің ауасын тазартып едім. Өзіңде не жаңалық бар?– деп ол жамылып отырған одеялын қымтана түсті.

– Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеті томдық жинағын шығарсақ деп жатырмыз. Министрліктен тапсырма келді. Үлкен жаңалық осы.– Ғалымның жүзіне қарап, не дер екен деп отырмын. Алғашқы реакциясы қалай болар екен? Ол жұмыс істеп отырған компьютерін асықпай терезеге қарай бұрып қойды. Таңданғандай болып басын шайқады.

– Одан жеті том шығар ма екен?– деді ойланған қалыпта,– Бәрін бір жылда шығарамыз дей ме?

– Биыл күзде 95 жасқа толады екен. Соған дейін шығарып бітіру керек деп жатыр.

– Апырай-ә! Сонда бес-алты айда шығарып біте ме? Менен басқаның жолы болғыш-ақ. Мына сегіз томым шыққанша қанша уақыт кетті?

– Он үш жыл болды.

– Қалған сегіз томыма тағы он үш жыл кетсе қанша болады?

– Жиырма алты жыл.

– Министрлік шын ниетімен кіріссе бір-екі-ақ жылда еңсеріп тастауға болады екен ғой.– деп, ол жанарын төмен салып ойланып қалды. Мен Шәкеңнің мұңын жақсы түсінемін. «Әбдіжәмілдің көп томдығы күзге дейін шығады» деген сөз оның ішін удай ашытып бара жатыр. Ашытпай қайтсін? Талай жыл республиканың баспа саласын басқарған адамның өзегін өртеп, жылына бір, кейде екі жылда бір жалғыз томнан шығарып отырса. Міне, он үш жылда сегізінші томға әрең жеттік. Әлі сегіз томы кезек күтіп тұр. Жасы болса тоқсаннан асып барады. Адам деген шайтан емес қой. Бір күні қапелімде жантая кетсе, өмір бойы көз майын тауысқан еңбегі адыра қалады-ау. Ол соны уайымдайды. Көзі тірісінде он алты томнан тұратын еңбектерінің қатталып, басылып, кітап сөресінде түгел тұрғанын көргісі келеді. Оның қазіргі ең үлкен арманы да сол.

– Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Жанталасып жатқандары содан.– дедім оның ойын бөліп.

– Мен бастықтарды жағалаған адам емеспін.– деді ол еңсесін көтеріп,– Кітаптарым шықпай кетсе де ондайға бармаймын. Менің ойланып отырғаным, мына Әбеңнің бар жазғанын жинасаң алты томнан аспайды. Жетінші томды қайдан аласыңдар?

– Шамамен жобалап қойдым. «Курляндия» – бір том, «Қан мен тер» – үш том, «Соңғы парыз» – екі том. Алтау болды ма? Жетінші томды публицистикалық мақалаларынан құрастырамын. Әлемге танымал ақын-жазушылар туралы толғаулары да бар екен. Сонымен толық жеті том жасауға болады.

– Иә, солай болса шығады. Өзімен келістіңдер ме?

– Бар гәп сонда болып тұр, аға. Маған дейін төрт баспаның директорын қуып шығыпты. Мінезі қиын дейді ғой. Бірнеше күн бұрын телефонмен сөйлестім. Нұр-Сұлтанда ауруханада жатырмын деді. Енді төрт-бес күнде келіп қалар. Сізді қатты сыйлайды деп естідім. Ол кісі туралы біраз әңгімелеп берсеңіз. Мінезі, болмысы қандай адам?

– Қайдам? Ол маған ешқашан артық мінез көрсеткен емес. Мен оны патриарх деймін. Қазақ көркем прозасының патриархы. Нағыз талантты суреткер. Үлкен суреткер тағдырлы келеді. Оның өмір жолы да қызық,– деп келді де дауыстап Гүлнарды шақырды. – Маған бір кесе ыстық шәй берші қызым. Бойымды жылытайын. Тамағым да кеуіп кетті.

– Айта беріңізші, аға,– дедім оның әңгімесіне ынтығып.

– Ол тоқсан жасқа толғанда мен бір қызық мақала жазғанмын. Өзіне қатты ұнады. «Он екі бет роман» деп аталады,– деп компьютерді алдына жақын қойып, тінтуірмен іздей бастады.– Осы жерге сақтап қойған едім. Қайда кетті екен? Қазір...– Біраз шұқшиып отырды да: – Міне, таптым. Толық нұсқасы тұр екен,– деді балаша қуанып.

– Он екі бет роман болушы ма еді?– дедім мен таңдана күліп.

– Болғанда қандай! Мәселе сонда ғой. Мен шәй ішіп алайын. Сен менің орныма отырып, оқып шықшы. Қысқа ғана мақала.– деп Шәкең маған орынын босатты. Өзі Гүлнарды күтпей ас бөлмеге кетті. Мен шөлдеп келіп су ішкен адамдай асқан қызығушылықпен оқи бастадым.

  1. "ОН ЕКІ БЕТ РОМАН"

«Әскерден босаған бойында жағасы мен жеңі қырқылған ескі сұр шинельдің погонын жұлып тастаған жас жігіт Алматы вокзалында екі күн қатарынан қалғып-шұлғып отырып түнеп шыққан-ды. Бүгін үшінші күн. Шала ұйқы. Қабағында шаршаған адамның реңі бар. Сыртқа шығып тау аңғарынан соққан салқын ауаны балықша қармап бір-екі жұтқасын мең-зең басы аздап сергігендей болды. Қала орталығына қарай таңмен таласа омыраулап жедел басып келеді.

Қараша айының кезі ғой. Алматының көкке өрлеген бәйтеректері бозқырауланып түксиіп тұр. Анда-санда жүк машинасы өтеді. Көшеде үлкен үйлер аз. Көпшілігі жапырайған бәкене үйлер.

Жас жігіт өткен екі күн сияқты бүгін де көшеде кездескен кісілерден Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтің қайда тұратынын сұрайды. Бұл тоқтатқан кісілердің бәрі де таңданғанын жасыра алмай, сұр шинельді жас жігіттің бетіне аңырайып қарап қалады да, бастарын шайқап: «Жоқ, білмейміз» дейді.

Кейбіреу «жоқ» деп шолақ қайырып жүріп кетеді. Сүйткенше күн тас төбеге келді. Жас жігіт шаршады. Бүгіндікте әлі нәр татқан да жоқ. Трамвай жүріп жатқан көшенің бойындағы бір терекке сүйеніп тұрған-ды. Қасынан өте берген бір көзілдірікті кісіден:

– Ағай, Сәбит Мұқановтың, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің қайда тұратынын... – дей беріпті. Әлгі кісі: «Алматы үлкен қала. Оларды бұлай іздеп таба алмайсын. Мен көкбазарға бара жатырмын. Жүр. Жазушылар одағы деген ұйым бар. Оларды сонан табасың, – депті...»

Мақала осылай басталады. Екі күн бойы вокзалда қонып, нәр татпай (қалтасында көк тиын жоқ қой), көше кезіп, көрінгеннен Сәбит, Ғабит, Мұхтарлардың үйін сұрап жүрген сұр шинельді жігіт – Свердловскідегі әскери бөлімнен он үш күн бұрын ғана босаған жиырма екі жастағы Әбдіжәміл екенін іштеріңіз сезіп отырған болар.

Өзінің балалық шағы өткен Шалқарға ат басын бұрмай, сонау арқада жатқан Сібір темір жолымен Петропавл, Новосибирск, Семей, Талдықорған арқылы Алматыға тартқан. Сол кездегі сырқылдақ шабан поезбен күн жүріп, түн жүріп, ақыры Алматыдан бір-ақ шыққан. Арманы – жазушы болу. Сұр шинельдің қойын қалтасында мектеп оқушысының он екі беттік дәптері бар. Ең аяулы заты да сол дәптер. Дәптердің беттері түгелдей адам түсінуі қиын жазумен шимайланған. Жас Әбдіжәмілді арман қанатына мінгізіп, Алматыға жетелеп келген де осы шимай. Оның ойынша, ол – роман. Мақаланы ары қарай оқиық.

«Міне, үш күн салпақтап іздеп әзер тапқан Қазақстан Жазушылар одағы орналасқан үйдің алдында тұр. Қолында таяғы бар аяғын сылтып басқан кеудесі көріктей ірі қара кісі келді. Бұл оқу құралынан талай көрген жүзі таныс – Әбділда Тәжібаев. Таяғын сүйену үшін емес, әлдебіреуді қорқыту үшін ұстағандай сермеп тастайды екен. Көп ұзамай Әлжаппар Әбішев келді. Бұны да оқулықтан көрген. Таныды. Бірақ батылы жетіп бара алмады. Әлгі екеуінен кейін келген Мәриям Хакімжанованы да таныды. Сол екі арада үйдің алдына жеңіл машина келіп тоқтады. Бұнда отырған кісіні танымау мүмкін емес. Жүгіріп барып амандасудың орнына, әлгі тозығы жеткен сұр шинельді жас жігіт жалт беріп коридордың бұрышына тығылып тұра қалды. Сәбит Мұқанов кабинетіне кіріп кетті. Сәбеңе біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Әне, Әлжаппар Әбішев те шықты. Сұр шинельді жігіт өзін салғын жерден арбап алған ақ сырлы биік есікке өздігінен аяқ басып баратын түрі жоқ, өзі тығылып алған жерден тапжылатын емес. Бір кезде есік ашылып, ар жағынан Сәбең мойнын созып, келесі бір есікке қарай берді де, көзі бұған түсті.

– Әй, бала, сен кімге келіп тұрсын?

– Сіз... Сізді іздеп келіп едім...

– Е, кір онда. Кел! Кел!– деп алдынан есік ашты.

Жас жігіт неше күннен бері жол үстінде келе жатып, осы кісінің алдына барғанда фамилиясын өзгертіп айтпақ болып әбден ойластырып алған-ды.

– Әскерден босанып шыққаның көрініп тұр. Аты-жөнің қалай?

– Фамилиям Каримов. Атым Әбдіжамил.

– Жазған бірдеңең бар ма?

– Бар.

– Мен бір баяндаманың үстінде отыр едім. Дәл кәзір қолым тимейді. Ғабиден Мұстафин деген жазушыны білетін шығарсың. «Өмір не өлім», сосын «Шығанақ Берсеев» деген романдардың авторы. «Әдебиет майданы» журналының бас редакторы. Президиум мүшесі. Сені соған жіберем.

Сүйдеді де, алдында жатқан қағазға айдақтатып жаза бастады.

«Ғабиден!

Мына Әбдіжәмил Кәрімовтың шығармасымен таныс. Ертең сағат үште маған келіп, пікіріңді айтуыңды өтінем.

Сәлеммен, Сәбит».

Жас жігіт сыртқа шықты. Жаңа Ғабиденнің қайда тұратынын сұрауды ұмытып кетіпті. Қайта кіріп сұрауға батылы бармай тұрғанда бүйірдегі бір есіктен Мәриям Хакімжанова шықты. Инабатты, жүзі жылы кісі екен. Атақты ақыннан гөрі ауылдағы өзі білетін рақымды әйелдерге көбірек ұқсады.

– Ғабиден ағаның үйін білесіз бе?

– Шырағым, мен де сол жақта тұрам. Жүр. Ғабиденнің үйін көрсетем.

Ғабиден Мұстафин ол кезде қазіргі Төлебаев көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысындағы «Динамо» магазинінің ауласында тұрады екен.

Ғабең:

– Тамақтан соң мызғып алатын әдетім бар еді. Бірер сағаттан соң келе ғой,– деді».

Ғабиден ақсақал да қызық адам екен. Үш күннен бері ұйқы көрмей, нәр татпай, шаршап шалдығып келген жігітке үйінен дәм ұсынбапты. Үйге кір деп те айтпапты. Соған қарағанда қазақшылығы шамалы болған-ау. «Бірер сағаттан соң келе ғой» деп шығарып салыпты. Бұл болса алысқа ұзамай, сол маңдағы трамвай жүретін көшенің бойындағы үш-төрт үйдің есігін қағып, бір сағат тынығуға сұранады. Бәрі де түк деместен басын шайқап, есігін тарс жауып алады. Тек келесі үйден шыққан орта жастағы бір әйел бұған мұңлы жүзбен біраз қарап тұрыпты да, ішке кіргізіпті. Бұл бір сағаттан кейін оят депті де, басы жастыққа тиген бойда ұйықтапты...

«Оянған бойда мұздай сумен беті-қолын жуып Ғабиденге барыпты.

Ғабең үстінде күпі. Басында тақия. Шай ішіп отыр екен.

– Ал, кәні оқы.

Бұлардың қасына Ғабеңнің әйелі ана жақтан орындық әкеліп отырды. Тәйірі. Он екі бет деген не. Ілезде судыратып оқып шығыпты.

– Бұл не? Әңгіме ме? – депті Ғабиден.

– Жоқ. Роман.– депті бұл.

– Роман – үлкен дүние. Он екі бетке не айтуға болады? – депті Ғабиден.

Әбдіжәмил қипалақтап қысылып отырып: «Ағай, роман осылай жазыла ма?» – депті. Ғабиден:

– Иә, шырағым, бәріміз де осылай жазамыз. Ертең сағат үште Сәбит Мұқановта болуымыз керек. – деді де, он екі бет жөнінде түк айтпады».

Жас Әбдіжәмілдің сол күнгі көңіл күйін адамның басына бермесін. Қарыны аш. Көңілі алаңдаулы. Қонатын жер жоқ. Жаяу-жалпы тағы да вокзалға қарай аяңдайды. Бәрінен бұрын оны Ғабиден ақсақалдың іс-әрекеті қинайды. «Романды» оқып болған соң не жақсы, не жаман демеді. Ешқандай пікір айтпады. «Ол ертең Сәбиттің алдында не айтар екен?» деген жезтырнақ ой миының қуысына кіріп алып, сояудай тырнақтарымен санасын тілгілеп жатқандай болады. Түні бойы уайымдап шығады.

«Сол күннің ертеңі... Уәделі уақытта бұлар Сәбитте болыпты.

Әрине, жас жігіт Ғабиден не дер екен деп зәресі ұшып, жаны қыл ұшында тұрғаны ақиқат. Мустафин асығатын емес. Біраз отырып барып, аяқ астынан:

– Баланың қолынан жазу келеді. Он екі бетте «тапалтақ мұртты капитандай» тым жақсы образ бар, – дейді.

Бұл мүлде күтпеген тосын қуаныш еді. Жаңа ғана атақты екі жазушының алдында өзін қалай ұстауды да білмей, бір қызарып, бір бозарып отырған кешегі сұр шинельді солдат, дүниенің бәрін тарс ұмытып, орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалса керек.

– Аға... Ағайлар... Кешіріңіздер? Ме... менің фамилиям Каримов емес еді. – дейді.

Ғабең баяғы сабырлы қалпынан өзгермепті. Ыңыранып бір ырғалып қойыпты. Ал, Сәбең, өзінің әдеттегі ақ жарқын ашық мінезіне бағып:

– Қой, әй? Сонда шын фамилияң қалай? – деп сұрайды.

– Нұрпейісов... Сіздерге жазғаным ұнамаған жағдайда күлкіге қалмай, институтқа оқуға түсіп кетпек ойым болған-ды...

– Е, оның несі ұят?! Жазушы болам деп талпынып, бола алмай қалуда тұрған ұят жоқ қой. Ал, кәне Нұрпейісов жолдас-с... ендігі ойың қалай? Қайда барасың? Әке, шешең бар ма?

– Шешем жас кезімде қайтыс болған. Ал әкем 44 жылы Батыс Украинадағы соғыста қаза тапты. Әкеммен бірге туған екі ағам Нәжім мен Қали ағам және немере үш ағам Сталинградтағы қырғын соғыста қаза тапты. Маңғыстаумен іргелес жатқан алыстағы балықшылар колхозында Нұрпейіс ағамның інісі балықшы Шоқыман ағам бар. Жер қазбада тұрады. Екінші анам Жанбөпе Шоқыман ағамның қолында.

Сәбит Мұқанов үнсіз біраз ойланып қалады. Жұмыс аяғында екеуі сыртқа шығыпты. Есік алдында тұрған машинаға отырыпты да сұр шинелді жалаңбас жасқа бұрылып:

– Отыр. Апарып тастайын. Қай қонақ үйде тұрасың? – депті.

– Мен... екінші вокзалда тұрам, – депті бұл.

– Онда қонақ үй жоқ еді ғой?

– Зал ожиданияда тұрам.

– Онда үйге кеттік, – депті Сәбең шопырға.

Машина сонау заманда генерал Колпаковский тұрған көркем көк үйдің қарама-қарсы бетіндегі жеке үйдің алдына тоқтапты. Мариям жеңгей столға шай жасайды. Әп сәтте сары бауырсақ, бір табақ ет келеді. Құстың ұясындай жып-жылы үйде ет жеп, бауырсақпен шай ішкеннен кейін ұйқы қысады. Санын шымшып, көзін түйнеген ұйқысы бар болғырды тістеніп тежеп бақты. Енді көп ұзамай жатар кезде қараңғыда ұшқан көбелектей қаңғалақтап жер түбіндегі вокзалға барам деп отырған. Қайран Сәбең, Сәбит Мұқанов... төсек салар кезде:

– Мәке, мына пақыр бала алматы вокзалында жатады екен. Біздің үйде қонып шықсын, – демесі бар ма.

Мариям жеңгей диванға төсек салды. Өңі түгіл түсіне кірмеген – асты да аппақ, үстіндегі жамылғы да аппақ. Ұйқы тастай. Қатып қапты. Сәбең сол күннен бастап дәл бір жерден жеті қоян тапқан жолы болғыш аңшыдай мұны қамқорлығына алып:

– Сен балалық істеме, үйдің адрісі – Артилерийский 35. Үйдің телефоны 42-15. Сені әрбір бес айда шақырып алам. Сол кезде не телефонмен звонит ет, не телеграмма бер. Өксікбай шопыр күтіп алады.– депті. Сонау бір заманда дәл осындай әкенің туған баласына ғана істейтін қамқорлығын кешегі он екі беттік романның авторы бастан кешіп еді.

Ол кезде әдебиет те басқа еді. Әдебиет пен өнерді басқаратын ана жақтағы үлкен басшылар да мүлде басқаша еді. Үлкен жазушылар тіпті де басқалау еді-ау! Үлкеніміз де, кішіміз де кәзір құдды қырда жорытқан аңдай әркім өз басының қамын жеп, бет-бетіне кетті ғой».

– Оқып шықтың ба?– деді Шериаздан аға ас бөлмеден оралған бетте.

– Оқыдым, аға.

– Қалай екен?

– Ғажап мақала! Ол кісіге Сәбит Мұқанов көп қамқорлық жасаған екен ғой. Екеуінің қарым-қатынасы кейін қалай болды?

– Әбекең негізі өте «везучий», жолы болғыш адам. Алматыға адасқандай болып келіп, қолдаушының ең мықтысын тапқанын айтсайшы. Сәбит Мұқановтың қолында көп құзірет бар еді. Ол Нұрпейісовке туған баласындай көмектесті. КазГУ-ға оқуға түсірді. «Курляндия» романы үшін Жамбыл атындағы сыйлықты алып берді. Негізі ол көп сынға ұшыраған роман еді. Сөйтіп, Сәбеңнің арқасында бес-алты жыл бұрын ғана ешкімге белгісіз, вокзал басында қонып, Жазушылар одағын таба алмай жүрген сұр шинельді солдат «лауреат жазушы» атанды.

– Он екі беттік романы үшін бе?– дедім таңданып.

– Иә, ол романның аты «Курляндия» болатын. Сәбеңнің айтуымен кеңейтіп, көлемді роман етіп жазды. 1950 жылы кітап болып шықты. Сегіз жылдан кейін оны «Күткен күн» деген атпен қайта бастырды.

– Мен танымал журналист Өмірзақ Ақжігіттің былтырғы жылы Әбеңнен алған сұхбатын оқыдым. Сол сұхбатта журналист жазушыға: «Соғыс тақырыбына «Курляндия» («Күткен күн») романынан кейін қайтып оралмауыңыздың себебі неде? Қайта қарап шыққыңыз келмей ме?» деген сұрақ қойыпты. Әбең болса: «Оның себебі, мен дұрыс соғысқаным жоқ, әне, сондай. Жағдай солай болды. Шын соғыстың маңайында жүрдім. Қанды қасапқа, додаға кірмейін демедім, реті келмеді. Ол өзі шамалап жазылған, біліктілікпен жазылмаған роман. Ал, жалпы соғыс жайлы жазылған дүние көп болғанымен, жақсысы аз. Мысалы, мен Василий Быковтың жазғанына сенемін. Ол шылқымай соғыстың ішінде болған адам. Менде ондай материал болған жоқ. Сондықтан, кітабымды қайта қарамаймын...» деп жауап беріпті. «Шамалап жазылған, біліктілікпен жазылмаған» роман екенін өзі де мойындапты ғой. Меніңше ол кісінің нағыз жазушылық қабілеті Мәскеуден кейін ашылған сияқты. Қалай дейсіз?

– Сөзіңнің жаны бар,– деді Шериаздан аға,– Әбекеңнің Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтында оқуына да Мұқанов көмектескен. Жамбыл сыйлығын бекер әпермеген екен. Мықты есеп болған. Әдебиет институтына барарда «лауреат жазушы» деп ұсыныс берген. 1954-1956 жылдар аралығында сол институтта өткен ізденіске толы уақыт оны қатты өсірді. Дәл сол кезді жазушы өміріндегі бетбұрыс кезеңі деп атауға болады. Елге келісімен «Қан мен тердің» алғашқы кітабына кірісті.

Мәскеуде ол нағыз таланттардың ортасына түсті. Өзімен замандас, жасы құралпылас көптеген шығармашыл достар тапты. Расул Ғамзатов, Давид Кугультинов, Мұстай Кәрім, Қайсын Құлиев, Борис Панкин, Николай Анастасьев сияқты әдебиеттегі ірі тұлғалар оның айнымас достары болды. Олармен туыстай араласты. Сәбеңнің жақсылығын бұл адалдығымен қайтарды. Оның өзіне де, әруағына да адал болды.

(Жалғасы бар)

Темірғали Көпбай

Abai.kz

 

0 пікір