Мен көрген Нұрпейісов
(Эссе)
МИНИСТРДІҢ ТАПСЫРМАСЫ
Мәдениет министрлігінен өкіл келіпті. Алматыға. Маған телефон соғып, жолығу керек деді. Келістім.
Наурыз айының алғашқы күндері. Қытымыр қыстың құрсауынан жаңа босанған қала мамыражай қалыпқа енген. Күн шуағын аямай-ақ төгіп тұр. Жер-Ана бусанып жатыр. Енді бірер күнде тал-терек бүршік жара бастайтындай.
Министр ауысқалы менің де көңіліме көктемнің лебіндей жылы үміт кірген. Бұған дейінгі министр тағайындала салысымен сөзге келіп, бет көріспестей болғанбыз. Ол да осылай өкілін жіберіп, «Бірге жұмыс істейміз, 30 пайыз «откат» беретін болсын» деген ойын жеткізген. Мен қатты ашуландым. «Бұл абсурд. Сен тұрғанда бұл министрлікпен жұмыс істемеймін» дедім. Ол да маған ерегескендей бес жыл бойы былқ етпей отырып алды. Үкімет бірнеше рет ауысты. Министр кетпеді. Біріншімен байланысы мықты екен. Әкесінен қалған орындай кең көсіліп, емін-еркін жайлады. Ойына келгенін істеп бақты. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген. Сол зор тоқпақтың арқасында «жартықұдайлық» деңгейге жетті. Бақандай бес жыл бойы мәдениет министрлігінің есігін қақпадым. Енді міне, жаңа келген министр де маған арнайы өкіл жіберіпті.
– Сізге арнайы тапсырмамен келдім,– деді өкіл.– Министр жіберді.
– Аяқ астынан мені неге іздей қалдыңдар?– дедім бес жылғы араздығымды жасырмай.
– Жоқ, олай демеңіз. Қазіргі министрдің сізге деген көңілі ала бөтен. Қатты құрметтейді. Бірге жұмыс істейік деп жатыр.
– Бұл шөп сындыратын нәрсе екен. Қандай жұмысы бар еді? Айта бер, ойланып көрейік.
– Айтқанда былай ғой, Сіз Әбдіжәміл Нұрпейісовті танисыз ба?
– Енді, ол кісіні жұрттың бәрі таниды ғой. «Қан мен терін» мектепте жүргенде-ақ оқығанбыз. Бертінде «Соңғы парызын» оқыдық. Бар білгенім сол. Өзімен бетпе-бет жолығып көрмеппін. Жақын танымаймын. Не болды?
– Не болғанда, сол кісі биыл тоқсан бес жасқа толайын деп отыр. Былтыр, 2018 жылдың күзінде Елбасының қабылдауында болыпты. Содан айтыпты: «Айналайын, мен осыған дейін бір де бір мерейтойымды тойламадым. Елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан жас. Бірін де атап өтпедім. Келесі жылы тоқсан бес жасқа толамын. Жүзге жетемін бе, жетпеймін бе, оны бір Құдай біледі. Осы тоқсан бесімді республика көлемінде бір тойлатып берсең разы болар едім» деген. Елбасы тойдың мәселесін қолдайтынын айтып: «Тағы қандай өтінішіңіз бар?» деп сұрапты. Сонда Әбекең: «Өмір бойы жазғаным жеті том кітап болады. Соны шығарып берсең» деп өтінген. Елбасы сол заматта бұрынғы мәдениет министріне телефон соғып, «Әбекеңнің жеті томын келесі жаздың соңына дейін шығаратын болыңдар!» деп бұйырады. «Құп болады!» деп министр бұйрықты қабылдап алады. Жоспарға қосады. Айтып отырғаны алдымыздағы жаздың соңы. Уақыт қысып келеді.
– Мен түсіндім. Әбеңнің жеті томын шығару керек қой. Уақыты тығыз екен. Басқа баспаларға айтып көрдіңдер ме?
– Айттық, айттық. Сізге дейін төрт баспаның директорымен келіскенбіз. Бірақ ақсақалдың мінезін білесіз ғой, сөйлесудің өзі қиын. Алдынан келсе тістейді, артынан келсе тебеді. Бәрін қуып шықты.
– Неге қуады? Не дейді сонда?
– Ол жағын мен білмеймін, аға. Маған ештеңе айтпады.
– Бұл жерде бір-ақ түйін болуы мүмкін. Авторға керегі қаламақы. Сол мәселені шеше алмай жатқан шығарсыңдар?– деп сұрадым мен.
– Қаламақы белгіленген. Әр томына бір миллион теңгеден есептеп, жеті томға жеті миллион береміз деп отырмыз.
– Жеті томды шығарып, таратуға қанша қаржы бөліп отырсыңдар? Таралымы қандай?
– Әр томның таралымы бес мың дана, барлығы отыз бес мың кітап шығуы керек. Соған қырық миллион теңге бөлініп қойды. Оның бес миллионы қосымша құн салығына. Жаңағы қаламақыға берілетін жеті миллион соның үстінде. Барлығы қырық жеті миллион болады.– деп өкіл сартылдап тұр.
– Мыналарың аздау болмай ма? Біздің табатын пайдамыз салықпен-ақ кетіп қалады екен. Оның үстіне барлық облыстарға жеткізу де бір шығын. Мынаны кім есептеген? Қалай есептеген? Шүмектен қысуды қоймайтын болдыңдар ғой,– деп нығырлай сөйледім. Өкіл бастапқы батылдығынан қайтып, біраз басылып қалғандай болды.
– Қаражат бекітіліп қойған, аға. Басқа мүмкіндік жоқ.– деді ол әлден соң,– Министр сізге сеніп отыр. «Қазығұрт» – нағыз көп томдық шығаратын баспа. Қарт авторлардың психологиясын жетік біледі. Әбеңді бір көндірсе сол кісі көндіреді» деп сізге арнайы жіберді. Мүмкін, нар тәуекел дерсіз? Министрлікке көрсеткен бір көмегіңіз болсын.
Мен бірауық ойланып алдым да:
– Біздің баспа бес жылдан бері тапсырыссыз қалды. Көмектесуін көмектесерміз-ау, бірақ еңбегіміз еш болмаса жарар еді. Былай етейік, мен әуелі Әбеңнің өзімен сөйлесіп, тамырын басып көрейін. Ол кісі не дер екен? Маған телефонының нөмірін беріңдер. Келісе алсақ, арғы жағын көре жатармыз. Тәуекел дейміз бе, демейміз бе сосын көреміз,– дедім.
– Бәрекелді, аға! Осылай дейтініңізді біліп едім,– деп өкіл жігіт қуанып қалды. Маған сол сәтте Әбеңнің телефон нөмірін берді.– Әйгерім деген келіні бар. Қолында тұрады. Оның да нөмірін жаздым. Ақсақалдың құлағы дұрыс естімейді. Бәлкім, келіні арқылы байланысарсыз. Қажет болып қалар.
Сонымен әңгіме бітті. Өкілмен жылы қоштастым. Ол кетерінде қолымды қайта-қайта қысып:
– Сізге сенеміз! Сізге сенеміз, аға!– дей берді.
Үлкен жауапкершілікті мойныма алған соң, түні бойы көз іле алмадым. Әбеңмен бұрын-соңды сөйлесіп көрмегем. Қандай кісі? Маған дейін төрт баспаның директоры сөйлесіп көрген екен. Бәрін қуып шықты дейді. Бәсе, министрлік мені неге жарылқай қалды деп едім. Олар әуелі өздерінің адамдарын тықпалап көрген екен дә. Болмаған соң, амалдары таусылған соң маған шығып отыр. Не болса да көрерміз...
Келесі күні түс ауа Әбдіжәміл ағаға телефон соқтым. Трубкасын көтере қалды.
– Әлөу, бұл кім?– деді қарлығыңқы дауыс. Ауру кісінің дауысындай болып, құмығып естілді.
– Әбе, ассалаумалейкум!
– Әлекс...
– Мен Алматыдағы «Қазығұрт» баспасының директорымын. Атым Темірғали. Сіздің жеті томдығыңыз туралы сөйлессем деп едім.
– Не дейсің? Қаттырақ сөйлеші.
– «Қазығұрт» баспасының директорымын деймін.– дедім айғайлап.
– Ал...
– Сіздің көп томдығыңыз туралы...
– Әй, сен тоқтай тұр! Баспаның бастығымын дедің бе?
– Иә, аға. Баспаның директорымын.
– Былай... Мен қазір Нұр-Сұлтанда ауруханада жатырмын. Он күннен кейін шығамын. Алматыға барған соң сенің баспаңды түп-тұқияныңмен тексертемін. Қаржы полициясы тексереді, түсіндің бе? Содан аман шықсаң сөйлесемін. Аман шықпасаң өзің білесің...–деп ол дауыс көтере бастады. «Мынау қандай адам? Алғаш хабарласып тұрған кісіге осынша өктем сөйлегені несі?» деген ой санамды сызып өтті. «Мейлі, жасы үлкен кісі ғой. Оның үстіне ауырып жатыр екен. Жұрт бекер айтпайтын шығар? Мінезі жаман деуші еді» деп сабырға келдім.
– Әуелі өзіңіз сол ауруханадан аман шығып алыңызшы. Басқасын көре жатармыз. Мен сізге он күннен кейін хабарласамын. Сауығып шығыңыз!– деп трубканы жаптым.
(Жалғасы бар)
Темірғали Көпбай
Abai.kz