Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Ғибырат 451 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 13:15

Шәжәри зәңгінің асы

Сурет: Википедиядан алынды

Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының «Қасым қажы балаларына» атты шығармасындағы:

«Сәлем де Қасым қажы баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
Әпенді Әбдіқадыр, Абай мырза,
Ерекең, Шекең сынды данасына», – деген жыр жолдарындағы «Шекен» дәл Шәжәри зәңгі еді («Таңжарық шығармалары 1-том», Іле халық баспасы, 2009-жыл, 293-бет).

Ол Түркиядан оқып келген, Іле өңіріне белгілі ағартушы Әбдіқадыр әпендінің інісі, Мәскеуден оқып, репрессияға ұшыраған Абай Қасымұлының да інісі болған. Шәжәридің шын аты Шаймұхамет, 1898-жылы Қорғас ауданы Ластай ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр болып, ел арасындағы дана көкірек, көргені мен білгені көп адамдарды ұстаз тұтып, әкесі Қасым қажы ашқан медреседен тәлім алған, одан Құлжадағы Бәйтулладан оқып, ел ісіне араласып, қоғамнан – өмір мектебінен мол білім жинаған адам.

1940-жылдардың басынан бастап Ластайдағы керей – уақ еліне зәңгі(мансап аты) болып сайланған. Шешен, жұмыс бітіру қабілеті жоғары, әкімшілік – ел басқару ісін әділ істеп, жалпы қауымға жағымды, көптің қолдауына ие болған, халықты жалпы беттік отырақтандыруға, бала оқытуға, мектеп құрылысына көмек көрсетуге үнемі үгіттеп, жұмысты нақты бітіруге бастаған. Малшаруашылығы мен қоса егін салып, жер емшегін емуге жұмылдырған. Береке – бірлікті қорғап, ел арасын бұзатын ірткі-лаңға, ұрлыққа қатаң тыйым салған. Дарынды, оқымысты, әкімшілік қызметті әділ істеп ел-жұртының алғысы мен қолдауына ие болған зиялы ел ағасы.

Амал қанша ажалдан артық тұған пенде болмас, ел басқарудағы дара қабілетімен ел көзіне көрініп, енді-енді Қорғас ауданының (бұрынғы Суйдың ауданы) әкімі болады деп көрсетілер тұста тұйықсыз қозғалған ауру себебінен 1946-жылы 48 жасында бұл дүниемен қош айтысады. Сондағы әкесі Шәжәриді қызы Намазқанның жоқтауы, бұл жоқтау 1946-жылы айтылған. («Мура» журналы, 2007-жыл, 6-сан, 71-бет, жазып алған: Иманәлі Жүрекбай ұлы).

«Сайрамның бойын жайлаған,
Желге бие байлаған.
Үлкен-кіші жиында,
Бұлбұлдай болып сайраған.

Төбесінен жол беріп,
Керей мен уақ сайлаған.
Сексеуілдің шоғындай,
Ерекше еді жайнаған.

Қадірлеп елі тұрушы ед,
Болғаннан соң жайлы адам.
Алладан келген ажалдан,
Құтылып қалған бар ма адам?

Жан әкемнен айырылып,
Намазың мынау зарлаған.
Өлімнің жоқтау азаны,
Сұм дүние осы алдаған.

Амалым бар ма қайтейін,
Келген іске Алладан.
Ей, мерекем –
Басыма шатыр көлеңкем.

Жұлдыздан келген торыны,
Жиын топқа мінетін.
Риза қылған ел-жұртын,
Келтіріп істің ретін.

Орыс, парсы, өзбектің,
Тіл-жазуын білетін.
Қандай қиын іс болса,
Жайдары-жарқын жүретін.

Еркелетіп Намаз деп,
Ұлдан артық көретін.
Ғарып-қасыр, жоқтарға,
Көңілін ерек бөлетін.

Талабын халық орындап,
Сондықтан ел сенетін.
Еңіреп тұрмын ағалап,
Осы ма намаз көретін.

Жан басқа болып амал жоқ,
Әкеммен бірге өлетін.
Жастай кеттің жан әкем,
Кезіңде қызық көретін.

Ей, шынарым,
Ашылар ма екен тұманым?!

Сол жылғы жоқтауда Намазқан апамен бірге болып, Бірге жоқтау айтқан Сәулетқан Жармұхаметқызы бұл күндері сексеннен асса да әлі тың, қосағымен қоса ағарып, бір ауылдың алып бір бәйтерегіне айналып отыр.

2016-жылы Сол кісіге амандаса барғанымда әңгімесін былай деп бастағаны есімде: «Жаңылмасам сол жылы менің дәл 12 жас кезім болатын, Шәжәри әкеміз аяқ астынан шұғыл науқастаңды, көрінбеген молда-қожа, бақсы-балгер, дәрігері қалмады. Ақыры еш ем қонбай бұл жарық дүниеден кетті. Ауыл болып күңіреніп қара жамылдық та қалдық. Артқы жұмыстардың бәрін Әбдіқадыр әкеміз басқарып, өткізіп отырды. Біз бір жыл жоқтадық, бұрынғы жылдардағыдай Шәжәри зәңгінің өз жайлауы Сайрам бойындағы Көкиінде отырдық. Сол кезде Сайрам төсіндегі кең қоныс Әбдіқадыр әпендінің жайлауы, ал Көкиін – Шәжәри зәңгінің жайлауы, үлкен-кіші Бәйгетөбе інілері Ермей мен Нұрабыйдың жайлауы болатын ғой. Бұл туған жер туралы Шәжәри зәңгінің қызы Рашида (әкесінен бес жаста қалған болатын) өзінің «Сайрам саздары» атты өлеңінде «Шалқыған Сайрам жағасы менің кіндік қаным төгілген туған жерім еді» - дей келіп, былай жырлайды:

«Алтын бесік ата-бабам мекені,
Қымбатыңа әлемде не жетеді.
Кіндік қаным төгілген жер сен едің,
Түлегің соны мәңгі хорек етеді.

Сенің жағаң қоныс болған атама,
Атам менің қарқ жан ғой батаға.
Бал дәуренім – алтын сырғам қалған жер,
«Бәйгетөбе», «Жалбызбұлақ»... Босаға».

Сол кезде қысқасы бергі басы Сайрамның кезеңінің шығыс жағы Көкиін, үлкен-кіші Бәйгетөбе, кең қоныс, кындік тас, содан тартып ары қарай Лыңсияға дейін жерлер керейлердің жайлауы болса, одан сырт қара кемердегі бүкіл қыстаулық керей – уақтың қыстаулары болатын. Ол жерлер әзірге дейін Лаусагун гұншенің қыстауы. Содан қаралы көш Ластайдағы Жабайсайдың аузындағы Тастақ жұрттан Сайрамға қарай қозғалды. Әбдіқадыр Әпенді, сенің атаң Қапар шаңя бастаған бір топ кісі қаралы үй болған Шәжәри зәңгінің алты қанат ақ ордасын бар дүниесімен алып, оған қоса тағы кісі күтетін үй, ас-су дайындайтын үй секілді үй жабдықтарымен алдыда кеткен болатын. Артынан Шәжәридің әйелі Үмітқан апа, Жайыт ағаның әйелі Кұлән бастаған, менімен (Сәулетқан) Намазқан қостаған Бір топ болып біз жүрдік.

Жетегімізде зәңгінің тұлдаған тор жорға аты бар, күмістелген қазақ ердің үстіне зәңгінің құндыз пальтосы айқара жабылған, ал ақ қалпағы ердің қасына ілінген. Біз екі жерден дауыс айтып жүрдік, Үмітқан апа мен Кұлән шешеміз қатарлы үлкендер алдыңғы жақтан, Намазқан екеуміз сияқты қыз – келіншек арт жақтан дауыс айттық. Ластайдан тартып Сайрамға дейін отырған қалың елдің бәрі хабардар болып болды, «Ой, керей – уақтың зәңгісі Шәжәридің қаралы көші дауыс салып келе жатыр екен» деп жол-жөнекей айран, қымыз ұсынған елдің аяғы үзілмеді. Сол заманда Талқы ішінің екі шеті лықсыған ел болатын. Біз кешке қарай Талқы ішіндегі матай руының зәңгісі Қалидың ауылына еру болдық та, ертесі түс ауа Сайрам төсіндегі жалғыз қарағайға жеттік. Жалғыз қарағай дегеніміз қазіргі Бәйгетөбе, бұрын сол жерде Құдайдың құдіретімен өсіп қалған жалғыз қарағай бар болатын. Әркүні таңертең Үмітқан шешеміз теріс қарап отырып жоқтау айтады, одан кейін Күлән бастаған кіші шешелеріміз айтады, артынан Намазқанмен мен (Сәулетқан) тағы басқа да қыз-қырқындар айтамыз. Сонда Әбдіқадыр әкеміз есік алдында үй жанына тігілген қаралы тудың жанында астына орындық қойып, арқасын үй керегесіне беріп естіп отыратын, бір жерден мүкіс кетсек ұрысатын. Жылқы жетектеп, саба артып батаға келіп жатқан қара нөпір ел күнде бар. Содан Бір жаз бойы Сайрамда қаралы үй болып отырдық. Ал зәңгінің асын келер жылы Ластайдың екі ашасында берді. Астың басы зәңгінің тұлдаған тор жорғасына қоштасудан басталды, алдымен Қорғастың бес Сарбұлағынан, Ақсудың тауларынан құда-жегжат, естіген ел-жұрт келіп жатты. Іле-шала Шапшалдан, Күнес, Текес, Жырғалаң, қылаяғы Суйдың, Күре, Құлжаның қанбазарынан да таныс-біліс, ілік-шатыс ел деген ағылып келіп жатты. Сондағы келген кісілерден есімде қалуынша: Шапшалдағы құда-жегжат Темір елінің зәңгісі, жетегінде ақ қасқа тай мен атқа артқан бір саба қымызы бар, сол кісі бір топ адамдарымен келді. Одан Саңғұн ауылының Жаманқара ақалақшысы (мансап аты) келді. Суйдың ауданының ұйғыр әкімі Шаяхүн бастаған бір топ адам машинамен келді, ақша, бұл, шәйі бар көтерген. Одан Құлжадан Рабат төре бастаған қазақ-қырғыз ұйымының адамдары да машинамен келді. Бұлардан сырт аттылы-жаяу, машинамен де, пірәшке арбамен де келіп жатқандар бар. Содан не керек, ас үш-төрт күнге созылды, ең соңғы күні әр ауылдың ақсақалдары еселесіп қаралы туды сындырды, сонымен ас та бітті. Сол астың соңғы күндерінің бірінде ауылы аралас қаңлы руының Саймасай атты бір ел ағасы, жоқтап отырған үйдегі қатын-қалаш, қыз-келіншектерге былай деп тоқтау айтты: «Есіл ерді бір жыл жоқтадыңдар, қанша жылағанмен Құдай қайтарып бермейді. Тумақ барда өлмек те бар, Бірақ өлгеннің артынан бірге өлмек жоқ», дей келіп:

«Жалғаннан жасы жетпей кетті-ай серім,
Дүниеден отты Шекең қайран ерім.
Қимайтын жамандыққа есіл едің,
Ел-жұртқа қорған болған ақтангерім.

Тар жерде жабыстырып ессіз дертті,
Жаратқан бұл да саған мақтан ба еді.
Қызығын көрмей кеттің бес-ақ күннің,
Дүние сонша неге жалған ба едің.

Маңдайыңа сидырмай жаратқан-ау,
Қайдан қалай Шекең ерді тапқан едің.
Ел сйлаған еңселі азаматым,
Пейіш-жаннаттан болсын жатқан жерің...», – деп жұбату айтқан еді. Еһ, қайран күндер-ай, бұл күндері біреуді біреу біліп болмайды, сол кездегі елдің ынтымақ-бірлігін айтсайшы?!» – деп көзін сығымдап ап әңгімесін доғарды апамыз. Сондағы Сәулетқан Жармұхамет қызының айтқан жоқтауы:

«Асыл тұған әкеміз,
Ауырды белгісіз дертпенен.
Дәрі-дәрмек қалмады,
Жұмсамаған ретпенен.

Бақсы-балгер қоймадық,
Жазылар деген ниетпенен.
Ажалға келген қу науқас,
Алқымнан алды аптығып.

Қара қиіп туысқан,
Отырмыз міне қайғырып.
Асылынан айырылып,
Қос қанаты майырылып,

Бірде кетіп есінен,
Жылаумемен сорлы анам,
Отырды шөгып тізеден.
Асыл әкем ақылым,
Боз жігіттің гүлі еді.

Жүрген жері тамаша,
Ойын-күлкі жыр еді.
Ел-жұртына жағымды,
Жақсылардың бірі еді.

Тұстасынан ойы артық,
Елге серке сері еді.
Асығып жеткен қу ажал,
Саған да қолын сермеді.

Биікке шыққан бәйтерек,
Жапырағы ұшып түледі.
Мезгілсіз кетіп барады-ай,
Асыл тұған ұл еді.

Алыста жүрсем көретін,
Екі көздің біріндей.
Жақында жүрсем көретін,
Намаз-Сәулет егіздей.

Арғымақтың баласы ек,
Бәйге алатын жүгірмей.
Жүрекке қайғы байланды,
Шиелеп қалған түйіндей.

Бәйтерегім құлады,
Бұтағы бұрылып гүл ашқан.
Қара нарым құлады,
Сенген елім жүк артқан.

Туысыңмен тұрмысың,
Тіршіліқке ұнаскан.
Ағайын туған жегжатың,
Қайғырып бәрі жыласқан.

Ай-ей, асылым,
Асылым әкем айырылдым.
Жасыған жездей майырылдым.
Біз бір түлкі,
Дүниеге келген жортпаққа.

Ажал анау сонаршы,
Аңдып жүрген соқпаққа.
Біздей мынау өмірде,
Қайғы басып бір күнде.

Қасірет тартқан барма екен,
Арманда кеттің жан әкем».

Қазақтың ас беру дәстүрі ежелден келе жатқан үрдіс, бұл дүниеден өткен ең белгілі, беделді адамдардың жылы толғанда оған жасалатын ақырғы құрмет және ұлы жиын, басқосу. Оған Әркім Өз дәулетіне қарай іс көреді. Деседе ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі. 1947-жылғы ауыр кезеңде Шәжәри зәңгіге ас беру айтар ауызға оңай болғанымен, шын мәнінде оны өткізу оңайға түскен жоқ. Бұл туралы осы астың басы-қасында болған, белгілі жұмыс атқарған Иманәлі Жүрекбайұлы ақсақал өзінің 2005-жылғы қолжазбасында астың барысын былай баяндайды:

«Шәжәри зәңгі 1898-жылы туылған, 1946-жылы 6-айдың бас кезінде Ластайдың екі ашасында қайтыс болып, сүйегі өз бабаларының жанына жерленді. Ластайдағы үлкен зираттыққа қойылған. Шәжәри орта бойлы, қара торы, семізше келген кісі еді. Толықсыз орта мағлұматы бар болатын. Халқының мұң-мұқтажын шеше білген, жоқ-жітік, жетім-жесірлерге ерекше көңіл бөлетін еді. Ұлтына, еліне сол кездің үкіметінің саясаты негізінде бар қүш-жігерін сарып қылған адамның бірі. Сол жылдың маусым айының ақырында Шәжәри отбасын Сайрам бойындағы Бәйгетөбеге көшіріп апардық. Бірнеше соқталдай жігіттерді көшті артуға орналастырды. Ал 15-16 жастағы бірнеше бозбалалар тұлдаған атты жетелей, қонған жерде аттарын қойып бағу, дауыс айтқан әйел мен қыздарды, жас келіндерді ат үстінде сүйемелдеу, олардың атын жетелеу сияқты жұмыстар істеді. Мына мен Иманәлі осындай жұмыстарына көмектескен едім. Сол кезде жалпы беттік жерленген адамға құлпытас қойылмайтын, жазып қойған нәрсе мүлде жоқ. Ең мықтағанда ағашқа жазып қоятын, ол жылға жетпей өшіп қалатын-ды. Қазір көне көздер ғана мына деңгейде болуы керек деп мөлшерлеуі мүмкін.

Сайрамға барып орналасқан соң бата қылып келушілердің аяғы жалғасып, күз, қыс кездерінде де болып жатты. Солардың атын бағу, ерттеу, атты ұстау, үйге бастау жұмыстарын он неше бала істетен едік. Жайлауға барып қонған соң, ең алдымен Ермейдің, Сәттар имамның құдасы Шапшалдағы Темір елі еді, бұлар Бірінші болып келді. Қарасы ер-әйел болып отыздың үстінде болып, үш жылқы жетелеп, саба артып келді. Екінші болып Бесағаш таймасының зәңгісі Үмітқанның ағасы Замиқан бастаған жиырмадан астам адам екі жылқы жетелеп, саба артып келді. Шеру Молтан қажы бастаған жиырманың үстіндігі адам екі жылқы жетелеп, саба артып келді. Нағашы жұрты Шағырай Ағылден бастаған он бестей адам Қарабұлақтан бір жылқы жетелеп, саба артып келді. Лайсағун суанның ақалақшысы Нұрпейіс бастаған отыздан астам адам екі жылқы жетелеп, саба артып келді. Саңғұнның матайдың Жаманқара ақалақшысы бастаған жиырма неше адам бір жылқы жетелеп, саба артып келді. Суйдың ауданынан Шаяхұн әкім бастаған ұйғыр, қазақ, көбі қызметкер бірнеше қорап тәтті тұрым, шәй қатарлы нәрселерін алып қырықтай адам қара машинамен келді. Шет Сарбұлақтан таймас құдасы Дурымбай ауылы отыздай адам үш жылқы жетелеп, саба артып келді. Бес Сарбұлақ торғайының Тергеусіз ақалақшысы қырықтай адам үш жылқы жетелеп, саба артып келді. Құлжа қаласы қазақ ұйымынан басқа, үкімет қызметкерлері екі қара машинамен елудей адам бірнеше қорап қант, шәймен келіп қайтты. Құлжа қаласынің орынбасар уәлиі Әбілқайыр бастаған екі пикап (жеңіл машина), бір қара машинамен бірнеше қорап қант, шәй алып келді. Құлжаның Консул қызметкерлері ішінде төрт орыс, бірнеше татар, қазақ болып 4 пикаппен қорап қант, шәй ала келді. Бураталаның Арасан ауданынан суан ақалақшысы Исрайылдың бастауымен Биік амбал, Қаныма бірнеше моңғұл мансаптылармен 4 жылқы, сабаны үлкен машинаға басып, 3 кіші машинамен келді. Жалпы келер жылы ас біткенше жалпы экономикаға Кәрім ағай жауапты болды. Қожақан келгендерді қүтушілердің бастығы, Әуелқан ат-көлікті, сырттан келген ірілі-ұсақты жанды малды басқарған әрі сойысты басқарып отырған. Істеуге тиісті жалпы қызметкер 35 адам болған. Керей, уақ болып жаздай 13 үй тігіп келген мейманды қүтті. Міне бұл Шекең марқұмның еліне жағымдылығы, еліне сіңірген аз жылдық еңбектің беделі үшін халқы соншалық құрмет қылды. Өзі басқарып отырған керей, уақтан апарған ірілі-ұсақты малды есептемей, тек сырттан келгендерін ғана көрсеттік. Бар қаражат шығымы жалпы Қасым қажының он неше баласының үстінде болды.

Келер 1947-жылы маусым айының басында Ластайдың екі ашасында Шәжәри зәңгінің асы берілді. Екі ай бұрын сауын айтып қағаз жазылып, Буратала, Шапшал, Құлжа қаласы, Сүйдың ауданы, Көне Қорғас қатарлы орындарға хабар айтылып, 3 күнге созылған асы өткізілді. Бұл асқа 22 үй Тігіліп, 80 бие байланып, асқа келушілерден пікір шыққан жоқ. Астың атқарушы төрағасы көрші суан ақалақшысы Нұрпейіс, Әбдіқадыр, Замиқан, Қойшы, Әбді шаңя (мансап аты) қатарлы адамдар басқарып өткізді. Өз ауылының, ел-жұртының пікірі бойынша ат шабу, балуан салу, тағы басқа ойын түрлері алып барылмады. Асқа табақ тартуда 5 көк жорға, 5 тор жорға, 5 жирен жорға атпен бірыңғай сәнді киінген жігіттер тартылды. Атқа бірыңғай керейдің кұмыстелген ерлер ері істетілді. Өзі қайтыс болғаннан тартып келер жылға асын қосқанда жанды малдан 375 қой-қозы, 17 тай, 21 үлкен бие, 10 ту сиыр сойылды дегенді Кәрім ағайдың қортындысынан естіген едік. Одан басқа 470 кг күріш, 250 кг сұйықмай, 400 кг сәбіз, өздері сатып алған 240 кг кәмпит, қант, 55 тас шәй, 70 кг қағаз шәй кеткенін де естіген едік. Мұндай қортынды есебі қазірге дейін ұмытылмаған.

Қызайдың атақты төрт асындай болмаса да, Құлжа ауданы, Шапшал, Сүйдің, Қорғас қатарлы төрт ауданда жақынғы 100 жыл ішінде мұндай ас болған емес» – деп, Шәжәри зәңгінің асы туралы өткенді еске алып жазса, ал Шәжәри зәңгінің ел үшін істетен игі жұмыстарының бірі ретінде мынандай тағлымды әңгімелерді баяндайды: «Капиталист Мұсабаевтар Сайрам бойындағы бірталай жайлау-қыстауды заңсыз иемденіп алады. Сонымен керей, уақтың атқамінерлері айтысып жер даулайды. Мұсабаевтың Талғат деген баласы өзі бай, қосымша қаланың үкімет мансаптысы болғандықтан 1941-жылы күзде, елдің жүрегін қайтару үшін Сайрам бойынан керей, уақтың ел басшыларынан 17 адамды қара машинаға басып алып, Құлжаға мырза қамаққа алады. Бірақ олар да қарап тұрмай, күзетші ұйғырға ақша беріп, сол кездің қазақ-қырғыз ұйымына арыз айтып барып, бұл 17 адамды тезден қайтаруды талап етеді. Сонымен Талғат ұйымнан әрі өзі алып барып қамаған 17 адамнан кешірім сұрап, Көксала, Зембілсай, Қаракемер қатарлы Сайрамға қараған бетінен 25 қоралық қыстауды өздеріне қайтарып береді, бұл бір. Енді бірі, қазіргі кезеңге бұрылатын тас жол бойында Талғат бай жазда отырып қайтатын қарағайдан көк сырмен сырлап қойма, асхана, жатақ болып 7 ауыз үй салдырған болатын. Ол үйге шілде айында келіп, тамыз айының аяғында қайтып кететін. Онда арғымақтарға мініп Сайрам көліне баратын. Қыста сол үйдегі мүлкі сол күйінде қалатын. Ол үйді сол жерден адам алып қаратып тұратын еді. 1944-жылы «Үш аймақ төңкерісі» Іленің Нылқы ауданынан басталғанда, белгі қалдырмау негізінде сол көк үйді Есімжан, Нұрман, Замей қатарлы үш жігітті жіберіп үйді өртеп жіберуді айтады. Олар сыртына айналдырып отын жинап от қояды, сөйтіп үй орнымен бірақ жоқ болады. Осындай аласапыран кезінен пайдаланған ел басшылары 1945-жылы күзде Талғаттың қайта-қайта мазасын алып, ақыры оған қол қойдырып Шөладыр, Сытайға қараған Шөладырларды Сайрамның бүкіл солтүстік жағын бірақ алады. Жиыны бұрынғымен қосқанда 135 қоралық қыстау, 117 қоралық жайлауға керей, уақ қайтадан ие болады. Содан бастап қазірге дейін керей, уақ ұрпақтарының жері болып келе жатыр. Міне сол кездің ел бастығы Шәжәри зәңгінің, сондай-ақ өзгеде атқа мінерлердің ащы еңбекімен ұрпақтары алаңсыз малшырауышылықпен шұғылданып келеді. Ал одан бұрын Ластайдың керей, уағы жер суынан айырылғандықтан, амалсыз Арасан ауданына барып қыстап шөп салық төлеп отыратын еді. Талғат капиталисттің оқыған ұлы болғандықтан коммунистік партияның Шынжаңға келетіндігін алдын ала білетін болса керек, 1945-жылы малдарын сатып, 1946-жылы Түркияға барып қоныстанды. Жоғарыдағы Талғаттың қара машинаға басып Құлжаға апарған адамдары:1. Әбдіқадыр, 2. Шәжәри, 3. Дәуіт зәңгі, 4. Әбді зәңгі, 5. Шолақ, 6. Тәлей, 7. Жүрекбай, 8. Албатыр, 9. Мұқай мампаң, 10. Саттар, 11. Қапар, 12. Жұмақан зәңгі, 13. Мауыт, 14. Қәрім, 15. Сейіт, 16. Тыныбек, 17. Нияз ұйғыр.

Иманәлі ақсақал жазып алған сол Шәжәри зәңғінің асы кезіндегі Шәжәрдің әйелі Үмітқанның жоқтауы:

«Күмісті ожау бір кезде,
Сары қымызды сапырдым.
Алғанымнан айырылып,
Тасыған көңіл басылдың.

Мең-зең болып отырмын,
Тигендей оғы жасылдың.
Құдай қосқан қосағым,
Кені еді жатқан ақылдың.

Бұрынғыдай күй қайда,
Мүсәпір ғарып пақырмын.
Аймақпен аудан кенесіп,
Кандидаты еді әкімнің.

Күңіреніп халқың кеп жатыр,
Ұйықтамай таңды атырдым.
Ей, алғаным,
Түгемейді айтса арманым.
Таусылмайды айтса арманым.
Артыңда зарлап қалғаным.

Өзіңдей кім басқарар,
Иесіз қалды мал-жаның.
Ағалап Қызыр қалмады,
Осы ғой ауыр арманым.

Бір жасқа келмей Қызырың,
Салды ғой ажал құрығын.
Ардагер алғыр сабаз еді,
Қара жер бүгін жалмадың.

Көріп тұрсың көпшілік,
Сұм дүниенің алдауын.
Түскен соң басқа қайғы дерт,
Естіңдер Үміт зарлайын.

Ей, елбасым,
Төгілсін енді көз жасым.
Ұрпағы едің алғаным,
Құрметті әке-шешеңнің.

Үйсін, найман жиылса,
Сүйіріліп шыққан шешенім.
Ластайға бірінші,
Жоспарын тарттың көшенің.

Отырақты болудың,
Жасадың өзің есебін.
Жетім-жесір ғарыптың,
Кетірмедің кетеуін.

Рашида, Намаз, Шахида,
Өсірдің ұрпақ нешеуін.
Ойларын айтсам өрелі,
Тайсылмайды неше күн.

Жазылмайтын құдайым,
Жіберіпті кеселін.
Ей, сабазым,
Жоқтап тұр әне Намазың.

(Сол жақта отырған әже Шәжәри зәңгінің бәйбішесі Үмітқан Ыбырайым қызы, оң жақтағы зәңгінің ұлы Қызыр, артқы сол жақтағы зәңгінің қызы Рашида Қасымова, оң жақтағы Қызырдың әйелі Нұрбике Әбдімолдақызы, әжесінің алдында отырған кішкентай қыз Рашида апайдың қызы Ақылтай. Сүрет Қызыр ағаның үйінде сақтаулы).

Шәжәри зәңгінің құдай қосқан қосағы Үмітқан Ыбырайымқызы да үшқыр ойлы, өткір тілді, тап берме табан астында сөз тапқыш шешен адам болған. Әрі жастайынан ән мен жырға, өлеңге бір табан жақын болып өсіпті. Сүйегі торғай таймас, таймас руының инабатты ақсақалы Ерденбек қажының немере қызы, Замиқан зәңгінің қарындасы болып келеді. Міне осындай өнерлі ананың ақ сүтін еміп, аяулы алақанында әлпештеліп ержеткен Рашида Қасымова да өнер көгіне шарықтап шықты. Осы Үмітқан апамыздың бір әзіл өлеңін марқұм Иманәлі Жүрекбайұлы «Мұра» журналына («Мұра журналы», 2007-жыл 6-сан, 13-бет) жариялаған екен. Бұл әзіл өлең Мұқаш Атейбекұлының 75 жас мөлшерінде, бір отбасының қариялары соғым басына шақырған дастарқанда айтылған екен. «Мұқаш Атейбекұлы мен Үмітқанның әзіл өлеңі»:

«Мұқаш:

Ұсынам бұл қымызды өзіңізге,
Құлақ сал, ақ құдағи, сөзімізге.
Әдейі көңілім тартып, пейілім ауды,
Жарқылдап көрінген соң көзімізге.

Үмітқан:

Алайын бергеннен соң жақсы құда,
Менің де көңілімді тапты құда.
Жасында мерген бе екен осы құда,
Мылтығың нысанасыз атты құда.

Мұқаш:

Осы кезде құданыңызды күш керіп жүр,
Сондықтан жақсы құдағи түске еніп жүр.
Қырандай шарықтаған желді күнгі,
Түлкіге өзіңіздей түскелі жүр.

Үмітқан:

Құданы көрмеп едім өзіңіздей,
Жүруші ең бұдан бұрын көзіңе ілмей.
Жастығың еске түсіп отыр ма екен,
Арбаның ұмтыласың өгізіндей.

Мұқаш:

Келеді басы қайқы керегенің,
Сынаған сөзіңізбе, не дегенің.
Қосылса көңіліміз берекемен,
Өгіз бе, бұқамын ба көрер едің.

Үмітқан:

Қар босап, жер еріді көктеп енді,
Келесіз барған сайын өқтеп енді.
Жетпістің бесеуіне жасың кепті,
Тиылар жөнің бар ғой ептеп енді».

1891-жылғы Қоңыр Құлжаның асы, 1912-жылғы Бұлғыншының асы, 1917-жылғы Тойекенің асы, 1924-жылғы Нүптебектің асы сынды Қызайдың төрт үлкен асынан кейін 1947-жылы керей, уақтағы Шәжәри зәңгінің асы өтеді. Бұл әрине 1949-жылға дейін Іле өңірінде өткен астардың ең соңғысы болып тарихта қалды. Бұл соңғы астың басқаларға ұқсамайтын жері балуан, бәйге сияқты ойын түрлері болмады, астан түскен қаражат Ластайдағы Әбдіқадыр мектебіне, одан қалса кедей-кепшікке үлестіріліп берілді.

«Шәжәри зәңгінің асы» шетел қазақтарының бірлігінің, даналығының, оларда сақталған ата дастүрдің куәсы болып қала берді.

Ермек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір