Жұма, 23 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 143 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 15:50

Бектенов: Салық төлеу әділ әрі түсінікті болуы керек

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қаржы министрлігінің фискалдық саясатын дамыту және ақпараттық жүйелерді цифрландыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жиынға құзырлы ведомстволар мен өңірлік мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары қатысты. 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджет кірісінің орындалу қорытындылары қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, кірістер жоспары 100,1%-ға орындалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 24,6 трлн теңге түсті. 2026 жылғы 1 қаңтардан бері жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен 454 мың салық төлеуші оңайлатылған салық декларациясы бойынша өз қызметін растады; өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде 138 мың жеке тұлға тіркелген (оның 122 мыңы бұрын тіркелмеген). 7 мыңнан астам бизнес субъектісі жаңа ҚҚС төлеушілер ретінде есепке алынды. Премьер-министр мемлекеттік органдардың басым міндеті қызмет көрсету ісін дамыту, салық төлеушілерге ашықтық пен әділ көзқарас қалыптастыру екенін баса айтты. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшыларына негізгі жұмыс қағидаттары белгіленді.

— Әділ, ыңғайлы әрі түсінікті. Салық төлеу үдерісі дәл осылай болуы керек. Ішкі кірістер қызметінің қызметкерлері бизнестің серіктестері әрі кеңесшілері болуы керек. Жауапқа тарту шаралары тек кірісін қасақана жасырғандар үшін қарастырылған. Сондықтан 2026 жыл бүкіл ШОБ үшін өтпелі жыл болады; төлеудегі қателіктер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдардың өндірілмейді. Сонда кәсіпкерлер бұл жылды өзгерістерге байсалды түрде бейімделу үшін пайдалана алады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Abai.kz

0 пікір