Сейсенбі, 3 Ақпан 2026
Жаңалықтар 167 0 пікір 3 Ақпан, 2026 сағат 17:09

«Халық бухгалтері» акциясы: Алғашқы нәтижелер қандай?

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

ҚР Үкіметінің, атап айтқанда Қаржы министрлігінің тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету, бухгалтерлік және салық есептілігінің сапасын арттыруға бағытталған біршама жұмыс атқарылып келеді.

Биыл 5 қаңтардан бастап «Халық бухгалтері» республикалық акциясы қолға алынған болатын. Аталған бастаманы Қаржы министрлігі бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарымен бірге жүзеге асырған, бұл жұмыс салық төлеушілерге практикалық көмек көрсетуді көздейді.

Консультациялық кеңестер облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында мемлекеттік кірістер басқармаларының базасында офлайн-қабылдау форматында тегін өткізіліп жатыр. Акция 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Қаңтар-ақпан айларында кеңес аптасына үш рет ұйымдастырылады – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат: 10.00-ден 13.00-ге дейін.

Ал наурыз айынан бастап қабылдау аптасына екі рет өткізіледі. Консультациялық пункттердің жұмыс кестесі мен мекенжайлары Мемлекеттік кірістер комитетінің, МКД мен басқармалардың ресми интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланған. Қабылдау орындарында «Халық бухгалтері» белгілері көрсетілген.

Акцияға мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ 120-дан астам аккредиттелген кәсіби бухгалтер тартылғанын атап өткен жөн.

Осы бастама басталғалы бері 17,5 мың салық төлеуші кеңес алып, 160-тан астам сұхбат жүргізілді.

Бетпе-бет жүздесу форматындағы жұмыс өз тиімділігін көрсетті: салық төлеушілерге бухгалтерлік есеп, салық есептілігі және ақпараттық жүйелердегі жұмыс мәселелеріне байланысты практикалық кеңестер берілді. Акция шеңберінде азаматтарға бірқатар бағыт бойынша консультация ұсынылған:

оңтайлы салық режимін таңдау және өтпелі кезең мәселелері бойынша;

арнайы салық режимдеріндегі салық жеңілдіктері мен шегерімдер;

электронды шот-фактураларды жазып беру;

ҚҚС шегі, ҚҚС бойынша есептен шығару және қою;

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін рұқсат етілген қызмет түрлері;

салық міндеттемелерін орындау тәртібі және тағы да басқалар.

«Халық бухгалтері» акциясы сәтті жалғасып келеді. Жоба түсінікті, қолжетімді және адамға бағдарланған салық ортасын қалыптастыруға арналған кешенді жұмыс болып саналады.

Осы орайда кәсіпкерлер мен азаматтарды тегін кәсіби кеңес алып, өз сауаттылығын арттыруға шақырамыз!

Abai.kz

0 пікір