Бейсенбі, 5 Ақпан 2026
Алашорда 145 0 пікір 5 Ақпан, 2026 сағат 13:18

Алаш арыстарына саяси мәртебе беру - маңызды іс!

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жаңа заңдар – халықтың көптен күткен арманы

2026 жылдың 30 қаңтарында Астана қаласында «Қазақстанда кеңес дәуірінде орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық ақтау жолдары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси тұрғыдан ақтау мақсатында Мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемкомиссия) құрылғаны белгілі.

Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин 2023 жылғы желтоқсан айында Мемкомиссияның қызметін қорытындылай келе, оның Қазақстандағы кеңес дәуіріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны болған және зардап шеккен қазақстандықтарды ақтау бойынша ауқымды ұйымдастырушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгенін, архив құжаттарының құпиясын ашу ісін ұйымдастырғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Жобалық офис пен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының филиалы 1920–1950 жылдардағы бұрын зерттелмеген әрі ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккен қазақстандықтарға қатысты  іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Мемкомиссияның ғылыми тұжырымдарын жалғастыруда.

Конференция барысында Мемкомиссия жанындағы ғалымдар мен сарапшылар тобы, белгілі заңгер-ғалым И.Ш. Борчашвилидің жетекшілігімен әзірленген заң жобаларының мазмұнын жетілдіру мәселелері талқыланды:

  • «Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық құқықтық ақтау туралы»;
  • «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендерге саяси ақтау және мәртебе беру туралы». 

Жобалық офис жетекшісі С.Қасымов өз сөзінде бұл заң жобаларының бірегей әрі айрықша екенін, Мемкомиссия материалдары негізінде және халықаралық құқықтық құндылықтар мен стандарттарға сәйкес әзірленгенін атап өтті. Ол аталған заңдарды қабылдаудың тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық дамуын ілгерілету үшін аса қажетті әрі өзекті екенін негіздеді. Сондықтан, бұл мәселелер электоралдық кезеңде кеңінен талқыланады деген үміт білдірді.

Конференцияның мақсаты – заң жобаларының мазмұнын барлық бағыттар бойынша пысықтап, оларды Парламент қарауына ұсынуға даярлау.

С.Қасымов осы заң жобаларында ақтау мәселесі көтерілген қазақстандық құрбандардың көптеген санаттары бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы өзге республикаларда, бүгінде тәуелсіз мемлекеттерде әлдеқашан ақталғанын атап өтті.

«Ескі» Қазақстанның бұрынғы басшылығы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге қатысты архивтерді жауып, Республикадағы ауқымды саяси репрессиялардың ерекшеліктерін кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік бермеді. «Қазақстандағы Кіші Қазан» деп аталған, халқымызға қарсы бағдарламаның шамамен 15 революциялық саяси кампаниялары іргелі түрде зерттелмей қалды.

С.Қасымовтың баяндауынша, жоғарыда аталған заңдарды қабылдаудың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Қ. Тоқаев ұсынған (2020 жылғы 24 қарашада қабылданған  Жарлық) кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру идеяларын іске асыру.

Президент ғалымдардың мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға, азаматтардың мүддесін қорғауға, сөзбен ғана емес, шынайы іс-әрекетімен Отанынына адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған конституциялық реформаларды қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның ұлттық бостандығы мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерді саяси ақтау Мемлекет басшысы жариялаған «Тәуелсіздік – бәрінен биік!» ұлттық идеясына қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Ол Қазақстан азаматтарын Президентке әділетті мемлекет құру жолындағы стратегиялық міндеттерді шешуге жәрдемдесуге, саяси жүйені либералдық және демократиялық тұрғыдан реформалауға қолдау көрсетуге шақырды.

Конференция барысында белгілі ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасады, олардың қатарында академик Ш. Құрманбайұлы; ғылым докторлары Ю. Шаповал, С. Жакишева, И. Борчашвили, К. Айтхожин, Е. Абайдельдинов, К. Балтабаев; ғылым кандидаттары Ш. Нағымов, К. Балтабаева, Т. Алланиязов, С. Исаева, мемлекет және қоғам қайраткері М. Жакыпов және басқа да ғалымдар қатысты.

Тарихшы-ғалымдар Мемлекеттік және өңірлік комиссиялар материалдарына, сондай-ақ өз зерттеулеріне сүйене отырып, заң жобаларын қабылдаудың қажеттілігі мен өзектілігін дәлелдейтін ғылыми аргументтер келтірді. Ғалымдар еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан билігі жаппай саяси қуғын-сүргіннің ерекшеліктерін мен салдарын, зардаптарын іргелі зерттеуге мүмкіндік бермегенін атап өтті. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және демографиялық апатқа – Ашаршылыққа алып келген «Қазақстандағы Кіші Қазан» халыққа қарсы бағдарламасының шамамен 15 революциялық саяси кампаниялары іргелі түрде зерттелмеді.

Заңгер-ғалымдар белгілі себептерге байланысты бұрын Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргінді зерттеуге заңгерлер тартылмағанын, соның салдарынан елімізде саяси қуғын-сүргіннің құқықтық табиғаты мен қырларын зерттейтін дербес ғылыми мектеп қалыптаспағанын атап өтті. Баяндамашылар бұрынғы одақтас республикалар мен Шығыс Еуропа елдеріндегі тоталитарлық партиялық-кеңестік режим құрбандарын ақтауға бойынша мемлекеттік актілерді қабылдау мен саяси-құқықтық бағалау тәжірибесін келтірді.

Конференцияға қатысушылар Президенттің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығын сөзсіз іске асыруды қолдай отырып, талқыланып отырған екі заң жобасын қабылдау құрбандар мен зарпдап шеккендердің ақталмаған санаттарын толық  құқықтық және саяси ақтау үшін аса қажет екенін атап өтті.

Конференцияда көтерілген мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша тиісті Қарар қабылдады.

Н. Шоманова, 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының қызметкері     

Abai.kz   

0 пікір