«Әділет» сиезі: Жас партия «бас партияны» жұтты...
Астанада «Әділет» партиясының II Съезі өтіп, онда партия қызметін жетілдіру, өңірлердегі филиалдар желісін кеңейту, ұйымдық әлеуетті күшейту және елдің өркендеуі жолындағы ортақ мақсаттарға саяси күштердің басын біріктіру мәселелері талқыланды.
Съезд қарсаңында өткен стратегиялық сессия барысында делегаттар партияның алдағы кезеңдегі қызметінің негізгі басымдықтарын айқындады.
Съезд барысында сөз алған партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның жаңа даму белесіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда саяси ұйымдардан реформаларды қолдаумен шектелмей, халықпен тұрақты әрі мазмұнды байланыс орнатып, азаматтардың өзекті мәселелері мен сұраныстарына нақты шешім ұсыну талап етіледі.
Іс-шараға құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай-сервис салаларындағы ірі бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтар мен сарапшылық ұйымдардың басшылары қатысты.
Олардың бірқатары «Әділет» партиясының қатарына қосылып, бүгінде ұйымның институционалдық әлеуетін арттыруға және партия бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Атап айтқанда, олардың қатарында «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы, Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы, Қазақстан автомобиль одағы және өзге де ұйымдар бар.
Съезд барысында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай AMANAT партиясына қатысты пікір білдіріп, екі саяси ұйымды бір-біріне қарсы қоюдың орынсыз екенін айтты.
Оның сөзінше, AMANAT партиясының өкілдері мен мүшелері елдің қоғамдық-саяси өміріне ұзақ жылдар бойы белсенді араласып, өңірлерде ауқымды жұмыс атқару арқылы елеулі саяси және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтаған. Бұл тәжірибе енді ортақ ұлттық мақсаттарға қызмет ететін маңызды ресурсқа айналмақ.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, екі партияны мықты мемлекеттік институттарды қалыптастыру, тиімді мемлекеттік басқару жүйесін орнықтыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және заманауи саяси мәдениетті нығайту секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Оның пікірінше, AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген байыпты қадам.
Сондай-ақ ол AMANAT партиясының қызметіне баға беруде біржақты көзқарастан аулақ болу керектігін атап өтті.
– AMANAT партиясы өз қызметі барысында халықтың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Сондықтан бүгін олардың нені дұрыс, нені бұрыс істегенін таразылап, айырмашылық іздеу орынсыз. Қазір ең маңыздысы – ортақ мақсат жолында күш біріктіру, – деді партия төрағасы.
Abai.kz