Сенбі, 7 Ақпан 2026
Әне, көрдің бе? 526 0 пікір 7 Ақпан, 2026 сағат 14:42

Орталық Азия үшін жаңа шындық қалыптасып келеді...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

«Орта дәліз» логистика тамыры бола ала ма?

Кезінде – ЕАЭО құру барысында – «Одақтың пайдасы» туралы қандай мадақ сөздер айтылмады десеші ‑ со кезде Қытай «Бір жол – бір белдеу» жобасын ұсынды. Ол бойынша «белдеу бойында жатқан елдер транзиттік мүмкіндіктері арқасында байлыққа батып қалатын» болған‑ды: Қазақстан‑Ресей‑Беларус автотранспорт жолы, темір жолдар, Қытай‑Қазақстан‑Орта Азия жолының оңтүстік бағыты және т.т. Бұл мақтаныш ЕАЭО құрылуын тездетті. Нәтижесінде көптеген асығыс шешімдер қабылданып, енді оның зардабын Қытай да, Қазақстан да, Орталық Азия да молынан тартуда.

Одақ Шартында жіберілген қателіктердің зардабы көп ұзамай‑ақ    көрінді: Шарт негізінен тек Ресейдің мүддесіне сай екендігін өзгелер сезе бастады. Соңында бірнеше бұрынғы одақтық республикалар (Өзбекстан, Украина) бұл одаққа кіруден бас тартты. Нәтижесінде Ресей мен Украина арасы шиеленісті және Украина территорияларын Ресейдің аннексиялау қимылы басталды: РФ Қырымды «қайтарды», ДНР мен ЛНР сияқты квази республикаларды құрды, соңында өзіне қосып алды. Осы шиеленіс 2022 ж. 24‑ақпанда РФ әскерінің Украинаға баса‑көктеп кіруімен жалғасты. Сөйтіп, «Бір жол –бір белдеу» жобасының басты субъектісі саналатын Ресей әлемдік санкциялар құшағына енді...

Орта дәлізге ойысу

Ресейдің қаржы жүйесіне қарсы салынған санкциялардың қатаңдатылуы, соған байланысты Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы «Орта дәлізді» іске асырудың жеделдеуі ‑ Орталық Азия елдері үшін жаңа шындықты қалыптастырып отыр.  Өйткені,  ЕуроОдақ Қытайдың ең ірі сауда‑саттық серіктесі болып отырғандықтан, екі арадағы транзиттік табыстан ажырау қай елдің болмасын экономикасына тиімсіз. Сөйтіп, соңғы ондаған жылда алғаш рет транзит мәселесі тек география мен инфрақұрылым шеңберінен шығып, тікелей қаржы жүйелеріне, реттеушілерге, цифрлық платформаларға және комплаенс (бизнестегі үйлесімділік) институттарына деген сенімге тірелді.

РФ-тің ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру қаупі жоғары юрисдикциялар тізіміне енгізілуі ‑ еуропалық банктердің  «ресейлік із» бар деген кез келген операцияға көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бұның тек тікелей транзакцияларға ғана емес, делдалдарға, транзиттік мемлекеттерге және олардың «ішкі нарықтарына» да қатысы бар екені анықталды.

Еске салайық, 28 қаңтар күні Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен алқа отырысында Президент Тоқаев агенттік төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сүйене отырып, 2025 жылы көрші елдердің бірінен қазақстандық банктің көмегімен 7 трлн теңгеден (14 млрд АҚШ доллары шамасында) астам қаржының өзге мемлекеттерге шығарылғанын айтқан болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Қазақстан Ұлттық банкіне нақты тапсырмалар жүктеген. Осы жағдайда қаржылық транзиттің көпмиллиардтық көлемі жүйелік тәуекелдердің айқын индикаторы ретінде көрінеді.

Ендеше, альтернативті бағыттар іздеу керек пе?

Иә, іздеу керек, әрі, бұл кезек күттірмейтін мәселеге айналуда. «Орта дәліз» әскери қақтығыс аймақтары арқылы өтетін бағыттарға және шамадан тыс жүктелген теңіз жолдарына балама ретінде ойластырылған.  Алайда қатысушы елдердің қаржылық және цифрлық инфрақұрылымы сыртқы ықпалға (мысалы, Ресейге) осал күйінде қалса, бұл жоба тұрақты бола алмайды. ЕО инвесторлары мен реттеушілері үшін жүктің жеткізілу жылдамдығы ғана емес, есеп айырысулардың ашықтығы, капиталдың шығу тегі және негізгі жүйелердің тәуелсіздігі де аса маңызды.

Қазақстан Орта дәліздің қаржылық әрі логистикалық торабын атқаруға ең басты үміткер ретінде объективті түрде қарастырылды.

Экономикалық ауқым, дамыған банк жүйесі және транзиттік орналасу Қазақстанға елеулі артықшылық берді. Алайда соңғы жылдары бірқатар «тәуелділіктер» (әрине, ең алдымен, Ресейге) жинақталып, олар біртіндеп басқарылатын тәуекелдерден стратегиялық шектеулерге айнала бастады.

Мәселе тек энергетика мен мұнай транзитінде ғана емес, мұнда ҚР әлі де ресейлік маршруттар мен жанар-жағармай жеткізілімдеріне тәуелді. Цифрлық құрамдас бөлік те маңызды рөл атқарады. Қазақстанның интернет-трафигінің едәуір бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді, бұл оны сүзгілеуге, баяулатуға және техникалық бақылауға осал етеді. Іс жүзінде ел әлі күнге дейін солтүстік көршіні айналып өтетін жаһандық желілерге балама толыққанды шығу жолына ие емес, ал геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл ұлттық қауіпсіздік факторы болып отыр.

Қаржы саласы бұған тағы бір күрделі сұрақ қосады.

Тәртіп орнату және көлеңкелі экономикамен күрес ұрандарымен Қазақстанда бірқатар салаларда, соның ішінде құмар ойындар мен бәс тігу нарығында, орталықтандырылған есепке алу тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, архитектурасы сарапшылар мен депутаттардың айтуынша, ресейлік орталықтандырылған есеп жүйесі — ЦУПИС моделін көп жағынан қайталайтын Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) туралы сөз болып отыр.

Ресейдегі ЦУПИС жүйесі 2016 жылдан бері букмекерлік нарықтың қаржы ағындарын шоғырландырып келеді, ал 2021 жылдан кейін Умар Кремлёвпен байланысты құрылымдардың бақылауына өтті. Бұл экожүйенің қаржылық серіктесі — халықаралық қатаң санкциялар салынған Ресейдің ірі банктерінің бірі ВТБ.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек дәл осы тәуекелге назар аударып, БЕЖ-ді жай ғана реттеуші құрал емес, ресейлік ізі бар жекеменшік компанияның ақша мен деректер ағындарын бақылауға алу ықтимал арнасы деп атады. 

Қазақстанда «екінші санкциялар қаупі» туралы жария ескертулерге қарамастан, бұл жүйе енгізілді. Соның салдарынан тәуекелдер тек нарық операторларына ғана емес, есеп айырысулар өтетін банктерге де жүктелді. Еуропалық санкциялық режимнің қатаңдауы жағдайында мұндай байланыстардың барлығы автоматты түрде халықаралық реттеушілердің назарын аударады.

Сұр импорт мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Сыртқы сауда статистикасы Қазақстан арқылы Ресейге экспорттық шектеулерге жататын тауарлардың — электроника, компоненттер, қосарлы мақсаттағы жабдықтардың — жеткізілуі жүздеген пайызға күрт артқанын көрсетеді. Формалды түрде бұл ағындар қазақстандық экспорт немесе транзит ретінде рәсімделгенімен, іс жүзінде елді санкцияларды айналып өтудің буферіне айналдырады. Бұл қаржы жүйесіне қысымды күшейтіп қана қоймай, ашықтық негізгі талап болып табылатын жаңа логистикалық бастамаларға ҚР-дың қатысуын да қауіпке тігеді.

Қырғызстанның тәжірибесі 

Республика да сұр импорт, кедендік статистикадағы алшақтықтар, ресейлік қаржылық және цифрлық шешімдерді енгізу әрекеттері сияқты ұқсас сын-қатерлерге тап болды. Алайда бірқатар жағдайда анағұрлым сақ әрі институционалдық тұрғыдан өлшенген шешімдер қабылданды. Санкцияға ұшыраған банктермен байланысты жекелеген тетіктерді интеграциялаудан бас тарту, сондай-ақ телекоммуникациялық операторды ұлттық меншікке алу ақпараттық және қаржылық қауіпсіздік мүддесінен туындаған қадамдар болды.

Қырғызстанның жекелеген банктеріне салынған санкциялардың өзі реформаларды іске қосқан стресс-тест рөлін атқарды. Банк жүйесі ЕО, Ұлыбритания және АҚШ талаптарына сай AML/CFT рәсімдерін жедел енгізе бастады, түпкілікті бенефициарларды талдау мен трансшекаралық төлемдерді бақылау күшейтілді. Қысқа мерзімде бұл ауыр соққы болғанымен, дәл осындай қадамдар сенім қалыптастырады.

Жалпы Орталық Азия үшін жаңа шындық қалыптасып келеді.

Орта дәліз — бұл тек көлік бағыты ғана емес, қаржылық және цифрлық жетілгендікке жасалатын емтихан. Санкцияға ұшыраған құрылымдармен шатысқан схемаларды «заңдастыруды» жалғастырған елдер жаңа экономикалық тәртіптің шетінде қалу қаупіне ұшырайды.

Бүгін  сұр транзиттен түсетін қысқамерзімді пайда мен ұзақмерзімді тұрақтылық арасындағы таңдау шешуші мәнге ие.

Аймақтың болашақ құрлықтық логистика архитектурасындағы рөлі де дәл осы таңдауға байланысты болмақ.

Abai.kz

0 пікір