Жұма, 12 Маусым 2026
Ғибырат 197 0 пікір 12 Маусым, 2026 сағат 13:31

Алаш философиясы: Елдік сипат...

Суреттер: abai.kz, wikipedia.org сайттарынан алынды.

Басы: Алаш философиясы – ұлттық даму философиясы

Жалғасы: Алаш философиясы: Бөкейханов феноменологиясы
(үшінші трактат)

Елдіміз Тәуелсіздік алған кезден бастап Алаш қайраткерлерінің өмірі, шығармалары, саяси көзқарастары тереңінен зерттеле бастады: шығармалары қайта жарық көріп, халықтың игілігіне айналды. Тарихи зерттеулер Алаш қайраткерлерінің  аласапыран заманда қазақ  ұлтының болашақ даму жолдарын іздеген жанкешті қызметін ұғуға, оны бағалауға, одан тәлім алуға арналған.  Ол, мемлекеттік деңгейде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Бірақ, Алаш қайраткерлерінің дүниетанымдық‑философиялық ойлары академиялық зерттеулерде болмаса, бұқаралық ойда көлеңкеде қалып отырды. Себебі, оны зерттеу үшін белгілі бір деңгейде қоғамның оған дайындығы болуы тиіс еді ‑ сол кез енді туды. Қазір  қазақ даналығын «Алаш философиясы» арқылы  жалғастыру – өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны және қоғамды кеңінен тануға жол ашатын білім құралына айналады. Бүгінгі тақырыптың көтерер мәселесі осы.

Әлихан Бөкейханов:

«Адам баласы өзге хайуандардан айырылғанда бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айырылады»

Бұл тезистен нені ұғамыз?

Әуелі, осы ойдан Әлиханға Ресейдегі астыртын революциялық ұйымдарда талқыланатын марксизм ілімінің біршама ықпалы бар екенін көреміз. Ол ‑ Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясын негізге алып жазылған Фридрих Энгельстің «Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің ролі» (1876 ж.) еңбегі. Онда адамның табиғи және әлеуметтік шығу тегі, яғни антропогенезі материалистік тұрғыдан түсіндірілген, адамның қалыптасуына еңбек қызметі шешуші роль атқарғаны ғылыми негізделген:

Тік жүруге көшу: Еңбектің бастапқы формаларында адамтектестер алдыңғы аяқтарын заттарды ұстау үшін босатты. Ол оны тік жүруге алып келді.

Қолдың жетілуі: Қол тек еңбек құралы ғана емес, сонымен қатар еңбектің жемісі болды. Ол ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жетілдіріле түсті.

Сана мен мидың дамуы: Еңбек процесінде адамдар бірігеді, өзара көмектеседі. Бұл адамның ойлау қабілетін арттырады.

Тілдің пайда болуы: Еңбек процесінде адамдарда «тілдесу» қажеттілігі туды. Осылайша ұжымдық сөйлеу тілі мен дыбыстық қатынас қалыптасты.

Қоғамның құрылуы: Адамдардың өзара бірлесіп еңбек етуі (мысалы, аң аулау, қорғану) алғашқы қауымдық қоғамның ұйысуына негіз болды.

Энгельс адамды табиғаттың пассивті бөлігі емес, еңбек арқылы табиғатты өзгертуші және өзіне бағындырушы белсенді субъект ретінде қарастырды. Оны Табиғат диалектикасы еңбегінен табамыз.

Әрине, Ә.Бөкейханов өзінің жоғарыдағы ойы осы туралы екені даусыз. Бұл, жалпы мағынасында, ағартушылық философиялық теориялық ойға жатады.

Бірақ, біз Ә.Бөкейхановтың кәнігі саясаткер екенін де ұмытпауымыз керек. Егер, мәселені осы тұрғыда алар болсақ, онда Бөкейхановтың ойы астарлы түрде әлеуметтік мәселеге ұштасатынын байқаймыз:

Бөкейханов халқының тәуелсіз Алаш республикасы атануы үшін күресті, соның көшбасында тұрды.  Ендеше, ол халқына өзгеше ойды ұсынады: ол – Дербес ел болу мәселесі!

Яғни, біз Бөкейхановтың философиясын мынадай мағынада трансформациялай алады екенбіз:

Ол:  «Қазақ халқы өз алдына дербес ел болып, отаршыл езгіден құтылғанда өзін отарлаған елден бөлек шыққанда ‑ ақыл‑ойы одан кем болмай (яғни, ғылымы мен білімі кем болмай), қолы шебер (яғни, небір кәсіпті меңгерген, өзіне қажетті өзі өндіретін, экономикалық дербестігі мығым) ел болып ажырауы керек» деген іргелі ой.

Міне, осы түйінді ой Ә.Бөкейхановтың философиялық ойының бар мазмұнын құрап тұр: қазір де Тәуелсіз Қазақстан Республикамыз әлемдік технология қарқынынан қалып қалмауға, неше түрлі өндіріс салаларын дамытуға барынша күш салуда.

(Мысалы, биыл Астана қаласында алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылып, оған алғашқы бакалаврлер мен магистранттар қабылдана бастады. ЭКСПО ғимараттарынан оған орын берілуі де қисынға келеді).

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады».

Әрине, бұл жерде алдымен Абай даналығы ойға оралады ‑ Абайдың «өз сөзім өзімдікі» дегені — оның бірінші қара сөзіндегі халықтың енжарлығынан түңіліп, рухани еркіндікті таңдауын білдіретін философиялық ойы. Бұл сөздер оның кейіннен ұрпаққа аманат ретінде 45 қара сөзін жазуға түрткі болған, өзінің ақыл-кеңесін тыңдамайтындардан шаршағанын білдіреді.

Міне, осы ойды А.Байтұрсынов та басқаша түрде, бірақ, сол мағынада қайталап айтады...

Жалпы, бұл идеяны қоғам өмірінің қай кезінде де өзекті, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан философиялық заңдылық десек те болады. Себебі, әрбір заман тарихқа өз бейнесін алып келеді: ғылым мен білімнің дамуы қоғам алдында үнемі де жаңа горизонттарды ашып отырады. Міне, осы кезде қоғам мен мемлекеттің рухани‑мәдени потенциялы бір деңгейден табылып отыруы маңызды.

Мысалы, біздің елімізде жыл сайын жүздеген заңдар қабылданады, еліміз әділетті әрі құқықтық мемлекет құруды көздейді. Ол мемлекетке демократиялық сипаттағы, адам құқын қорғайтын заңдарды қабылдау міндетін жүктесе, қоғам өз тарапынан сол заңдарды «қолдануды», оны өзінің құқын қорғауға пайдалануды өзіне міндеттейді. Ол үшін қоғам деңгейі оған сай болуы керек – әрбір азамат өзін қорғайтын заңдарды біліп қана қоймай, оны қолдана алуы керек.

Оған мемлекет барлық жағдайды жасауы тиіс: құқықтық көмек көрсету, адам құқын қорғау, құқықтық ағартушылық қызметін дамыту және заңдардың барлық азаматтар үшін тең болуын қамтамасыз ету міндеттерін жүзеге асырады.

Бұл – дамыған демократиялық, азаматтық, құқықтық мемлекет құрудың негізі. А.Байтұрсыновтың философиялық ойы да осы түйінге тіреледі.

Бүгінде жастар арасында қылмыс көбейуде деп қоғам алаңдаулы. Оның да бір себебі осы – жастар өздерінің заңдық құқын білмейді, мемлекеттік заңдарды түсінбейді, ненің дүрыс, ненің бұрыс екеніне заңдық, моралдік, этикалық, тіптен, эстетикалық тұрғыда баға беруге қабілеттері мен өмір тәжірибесі жетпейді...

Біз қазір мемлекетшіл азаматтарды тәрбиелеуге зәруміз. Бірақ, өзіміздің тәуелсіз мемлекеттік және елдік сипатымызды жастардың санасына сіңдірмейміз. Нәтижесінде, жастар санасы Ұлттық мүдде тұрғыда қорғаусыз қалуда. Онымен бірге, жат ағымдар жетегіне кету қаупі арта түседі.

Соның әсерінен осы мәселені көтеріп жүрген ойлы азаматтардың да сөзі «жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеннің күйін кешуде.  (Абайдың 1896 жылы жазылған бұл өлеңі — ақынның өз ортасына, замана шындығына деген өкініші мен рухани жалғыздығын суреттейтін ең терең философиялық туындыларының бірі. Өлеңдегі жартас — ақынның айтқан сөздерінің халық тарапынан түсіністік таппай, өзіне тек бос дыбыс болып қайтуын білдіретін, сезімсіз қоғамның символы).

Міне, А.Байтұрсынов осыны айтты: егер, билік қаншама дұрыс заңдар шығарып, реформалар жасаса да, оны халықтың санасына жеткізе алмаса – ол «жеке батыр» болып қала бермек.

Қазір ондай мысалдар жиі кездеседі:

бір жағынан, биліктің мемлекетшіл жігері жеткіліксіз болса,

екінші жағынан, халықтың да азаматтық потенциялы әлсіз күйде қалып отыр. Оны мойындау керек.

Сонымен, бүгінгі мақалада Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрынұлының  философиялық ойларын талқыладық. Одан әрі соза берсек, мақала кітапқа айналар түрі бар – Алаш қайраткерлерінің ойлары тым терең әрі ауқымды. Сондықтан, мақала (публицистика) жанрын сақтай отырып, біз оны кезең‑кезеңмен жүзеге асыратын боламыз. Бүгінгі ой осымен тәмәм.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір