Қазір ЖОО-ларда әдебиет қалай оқытылады?
Әдіскер-ғалым Қарлығаш Медетқызы Байтанасованың зерттеулеріндегі әдебиетті жоғары мектепте оқытудың кейбір мәселелері
Қазіргі кезеңдегі білім беруде педагогикалық технологияларды заманауи әдіснамамен үйлестіре отырып оқыту үдерісін жаңғырту – аса өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әдебиетті жоғары мектепте оқытудағы батыл қадамдар жаңа ғылыми-әдістемелік ізденістер мен практикалық шешімдерді талап етеді. Теория мен практиканы біртұтас жүйе ретінде қолдану арқылы білім беру сапасын арттыру, мазмұн мен әдіснаманы тереңдету басты міндеттердің бірі саналады. Осы талаптармен үйлесім тауып отырған құнды зерттеулердің қатарында филология ғылымдарының докторы, әдіскер-ғалым Қарлығаш Медетқызы Байтанасованың ұсынған «Әдебиетті жоғары мектепте оқыту әдістемесі» атты оқу құралы ерекше аталады. Еңбек жоғары мектептегі әдеби білім беру үдерісін ғылыми тұрғыда жүйелеп, оның мазмұны мен құрылымын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.
Оқу құралы қазіргі гуманитарлық білім кеңістігінде қалыптасқан жаңа әдіснамалық ұстанымдар мен педагогикалық технологияларды әдебиет пәнін оқыту тәжірибесімен сабақтастыра қарастырады. Зерттеуші жоғары мектеп жағдайында әдебиет пәнін оқытудың мақсаттары мен міндеттерін нақтылай отырып, оның студенттің кәсіби және тұлғалық дамуына тигізетін ықпалын ашады. Еңбектің мазмұны күрделі педагогикалық жүйені сипаттап, студенттің танымдық қабілеттерін, ғылыми ойлау дағдыларын және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталып, бүгінгі білім беру кеңістігіндегі жаһандық үрдістермен, инновациялық талаптармен тығыз байланыста талданады. Сонымен қатар, ұсынылған материал теориялық негіз бен практикалық тәжірибенің сабақтастығын сақтау арқылы әдістемелік шешімдердің тиімділігін арттырады. Әрбір ұсыныс нақты практикалық жағдайлармен, мысалдармен және дәрістер үлгілерімен толықтырылады, бұл оқу құралының ғылыми-әдістемелік құндылығын күшейтеді.
Оқу құралында практикалық материалдар да қарастырылған. Дәрістер тақырыптары, әр сабаққа арналған әдістемелік нұсқаулықтар, семинар сабақтарының жоспарлары енгізіліп, магистранттардың өзіндік жұмыстарының тақырыптары ұсынылған. Бұдан бөлек аралық бақылау сұрақтары, тест тапсырмалары және олардың жауаптары беріліп, студенттердің білім деңгейін бағалау және оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға арналған құралдар толық көрсетілген. Мұндай кешенді құрылым оқу құралының теория мен практиканы сабақтастырудағы маңызды артықшылығын айқындайды және оқытушы мен студент үшін практикалық бағдар ретінде қызмет атқарады.
Жаңашыл ізденістегі кітап жоғары мектеп оқытушылары мен магистрант, докторант студенттер үшін маңызды әдістемелік бағдар ретінде де пайдаланылады. Оқу құралында әдебиет пәнін оқытудың тиімді әдістері, оқу үдерісін ұйымдастыру жолдары, студенттердің белсенділігін арттыру тәсілдері, дәрістердің мазмұны мен құрылымы нақты көрсетілген. Зерттеу материалы ақпарат берудің дәстүрлі тәсілінен гөрі студентті ойлануға, талдауға және пікір айтуға жетелейтін әдістердің басымдығын ерекше атап көрсетеді. Мұндай тәсіл қазіргі білім беру жүйесіндегі студентке бағдарланған оқытудың басты қағидатымен сәйкес келеді.
Оқу құралының ғылыми мәні, сондай-ақ, әдеби-теориялық ұғымдарды меңгертудің нақты жүйесі мен практикалық үлгілері арқылы айқындалады. Зерттеуші әдеби терминдер мен теориялық категорияларды көркем мәтінмен байланыстыра оқытудың тиімді жолдарын ұсынады. Әдеби шығармаларды талдаудың дәстүрлі және заманауи әдістерін үйлестіре отырып, студенттің дербес ой қорыту қабілетін дамытуға, мәтіннің мәнін терең түсінуге бағытталған әдістемелік ұстанымдар беріледі. Мұндай тәсіл теория мен практиканы сабақтастыру арқылы әдеби білімнің нәтижелілігін қамтамасыз етеді.
Еңбек теориялық тұрғыдан негізделгенімен, практикалық жағынан да қолданысқа ыңғайлы, студенттің танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстар мен нақты мысалдардан тұрады.
Қазіргі жоғары білім беру жүйесінде әдебиет пәнін оқыту көркем мәтінді түсіндірумен ғана шектелмей, студенттің ғылыми ойлауын, талдау мәдениетін, әдістемелік сауаттылығын дамытуға бағытталған. Зерттеу материалы педагогика, психология және әдебиеттану ғылымдарының тоғысқан тұсында дамыған дербес сала ретінде қарастырылады. Әдебиетті оқыту үдерісін күрделі танымдық және тәрбиелік жүйе ретінде сипаттап, студенттің тұлғалық дамуына әсер ететін факторларды айқындайды.
Еңбектегі дәрістер жүйесі жоғары білім ұғымын, оның тарихи даму кезеңдерін және қазіргі білім кеңістігіндегі орны мен қызметін саралаудан басталады. Оқу құралы жоғары мектептегі әдеби білімнің ерекшеліктерін түсіндіру барысында әлемдік білім беру тәжірибесіне де назар аударады. Мұндай кең әдіснамалық аяда қарастыру әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми табиғатын терең түсінуге мүмкіндік береді. Дәрістерде жоғары мектептегі оқытудың мақсаты, мазмұны мен нәтижесі арасындағы байланыс айқын көрсетіледі. Әдебиет пәнінің жоғары мектептегі орны мен маңызы арнайы талданады. Әдебиет эстетикалық танымның ғана нысаны емес, ұлттық дүниетаным мен рухани құндылықтарды меңгертудің пәрменді құралы ретінде қарастырылады. Көркем мәтін арқылы студенттің мәдени жадысын, тарихи санасын және ұлттық болмысын қалыптастыру мәселесі басты назарда ұсталынған. Осы тұрғыда әдебиетті оқыту әдістемесінің мақсаты тек білім беру емес, сонымен қатар тәрбиелік және дүниетанымдық қызмет атқару екені дәлелденеді.
Дәріс беру тәжірибесіне тікелей қатысты мәселелер де байыпталған. Әдебиет пәнінен оқылатын дәрістердің құрылымы, мазмұндық логикасы, оқытушы мен студент арасындағы өзара әрекет ғылыми-әдістемелік тұрғыда негізделеді. Дәрістің ақпарат жеткізуші форма ғана емес, студентті ойлануға, талдауға, пікір айтуға жетелейтін танымдық алаң ретінде ұйымдастырылуы ерекше атап көрсетіледі. Мысалы, әдеби бағыттар мен ағымдарды оқытуда дайын анықтамаларды беруден гөрі, көркем мәтіндермен жұмыс жасау арқылы теориялық ұғымдарды меңгерту ұсынылады.
Оқу құралында әдеби мәтінді талдау әдістеріне айрықша мән берілген. Көркем шығарманы тұтас талдау, проблемалық талдау, образдық талдау сияқты тәсілдер жоғары мектеп жағдайында қолданудың ерекшеліктері нақты көрсетілген. Әдеби шығармадағы идеялық мазмұнды, ұстанымды, көркемдік жүйені анықтау барысында студенттің дербес ой қорытуына мүмкіндік беру негізгі әдістемелік қағида ретінде ұсынылған. Бұл тәсіл дәріс мазмұны мен тапсырмалар жүйесінде айқын көрініс табады.
Еңбектің әдеби-теориялық ұғымдарды меңгертудің жолдарына қатысты саралаулары да құнды. Терминдер мен теориялық категорияларды жалаң түсіндіруден гөрі, оларды көркем мәтінмен байланыстыра оқыту тиімді екені дәлелденеді. Атап айтанда жанр, стиль, көркем образ сияқты ұғымдарды нақты шығармалар негізінде талдаудың студенттің танымдық қызығушылығын арттыратыны көрсетілген. Мектеп пен жоғары мектеп арасындағы сабақтастық мәселесі де құнды ой-пікерлермен дәйектелген. Әдеби білім мазмұнының күрделене түсу заңдылықтары, студенттердің қабылдау деңгейінің өзгеруі ғылыми тұрғыда қарастырылған. Жоғары мектепте әдебиетті оқытуда аналитикалық және зерттеушілік бағыттың басым болуы қажеттігі негізделген. Бұл тұжырымдар болашақ филолог мамандарды ғылыми жұмысқа даярлау ісімен тікелей байланысты.
Әдебиетті оқытуда пәнаралық ықпалдастықтың маңыздылығы зор. Ол пәннің тарих, философия, психология және тіл білімі сияқты бағыттармен байланысы нақты мысалдар арқылы тұжырымдалған. Мұндай ықпалдастық студенттің дүниетанымын кеңейтіп, кешенді ойлау қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоғары мектепте әдебиетті оқытуда жаңа педагогикалық технологияларды қолдану мәселелері әдістемелік тұрғыда талданған. Кредиттік оқыту жүйесі мен студенттің дербестігін арттыруға бағытталған әдістер әдебиет пәнін оқыту мазмұнымен сабақтастықта ұсынылған.
Сонымен қатар магистранттардың өзіндік жұмыстарының тақырыптары, семинар сабақтарының жоспарлары, аралық бақылау және тест сұрақтары, олардың жауаптары толық қамтылған. Бұл бөлімдер студенттердің білімін тексеруге, оқу үрдісін ұйымдастыруға, сондай-ақ теория мен практиканы сабақтастыра қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай кешенді құрылым оқу құралын практикалық бағытта да тиімді етеді және оқытушы мен студент үшін әдістемелік бағдар ретінде қызмет атқарады.
Қорытындылай келе, «Әдебиетті жоғары мектепте оқыту әдістемесі» оқу құралы жоғары мектептегі әдеби білім берудің теориялық және практикалық негіздерін кешенді түрде қамтитын, мазмұны терең, әдістемелік әлеуеті жоғары еңбек. Ұзақ жылдардағы педагогикалық тәжірибеден туған салмақты еңбек болашақ филолог мамандардың кәсіби қалыптасуына, жоғары мектеп оқытушыларының әдістемелік мәдениетін жетілдіруге бағытталуымен құнды. Әдебиетті оқытудағы қазіргі заманғы талаптарды ғылыми тұрғыда көрсететін маңызды нұсқаулық ретінде бағаланады.
Сердалина Сания Қуанқызы,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушы, философия докторы (PhD)
Abai.kz