Жұма, 13 Ақпан 2026
Мәдениет 5856 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 13:15

Абыз адамның тағдыр тақтасы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

А.Әшімовтың шәкірттерінен құрылған «Жаңа ғасыр» театры абыз адамның туған күніне орай Б.Беделханның қуатты қаламынан туған «Тағдыр тақтасы» автобиографилық драмасын Алматы жұртшылығынның назарына ұсынды.

Соңғы 2-3 жылдан бері театр репертуарынан орын алған спектакль араға екі жыл салып өз көрерменімен сағыныса қауышқаны жасырын емес. Кеңестік және қазақстандық кино және театр актері,  театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшімов Асанәлі Әшімұлының  шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін қойылым өнер мен өмірдің тоғысар тұсын ашуға бағытталған.

Актердің өнер мен өмір жолындағы басынан кешкен түрлі қызықтары мен шыжықтарын көрсете отырып, мойыма келе жатқан күшті адамның бейнесін көреміз. Адам Алланың жазғанына көнеді. Дегенмен сынбай, қайсарлана қайта жүгіру екінің біріннің қолынан келмейді. Қайта тұрып, еңсесін тіктеген адамның өмірі бәрімізге үлгі.

Өміріннің тірегі болған асыл жары Майрамен танысу, табысу сәттеріннің тәттілігі жанымызға жылу сыйлады. Асанәлі Әшімов роліндегі қос орындаушы бейненің жан-жақты ашылуына жете мән берген. Қ.Құдайберген өмірлік жолдағы адам, Алланың жаратқан құлы ретінде жүрсе, Қ.Демеу өнер жолындағы актерлік болмысты аша түскен. Қойылым режиссері Ж.Жұманбай мұндай шешім арқылы екі жақты теңдей алып жүрген адам бейнесін ашуға баса назар аударғанын түсінеміз. Қ.Құдайберген сүйгеніне айырылып құсалықта жүрген адамға жығылғанға жұдырық болып екі ұлдың қазасы ауыр трагедия болып тигенін тебіреніспен орынды жеткізе білді. Келген сынақтың ауыр жүгін көтерерде өнері мен театрдағы рольдері көп көмек болғанын өнердегі Асанәді Әшімовті кейіптеген Қ.Демеудің ойынынан көреміз.

Майра роліндеге М.Оспан нәзік болмысты әйел адамның махаббат жолында кезкелген алып адам арқалар ауыр жүкті алып жүретінін жеткізуге мән бергенімен ұтқан. Орындаушы ғашықтық пен албыртықты, ақылдылық пен өнер адамына қызмет етудің өзі ұлы сезім махаббат екені түсінеміз. Режиссер бұл кейіпкерді ашуда сағыныштың символына айналдыруды мақсат тұтқанын көрдік. Демек бұл актердің жүрек түкпіріндегі сағымға айналған адал жарға деген сағыныш. Ойша сырласа отырып, мұңдаса алатын жақын адамның болмысы ретінде шешім тапқаны орынды.

Қос қанаты Мәди мен Сағидің мезгілсіз қазасы актер өміріннің трагедиясы. Мәуелі бәйтеректің бұтағы сынып, көлеңкесі өзінен басқаға түспей қалған тұл түлған. Асанәлі Әшімов күдері үзіліп, жалғыз қалғанын бүк түсіп анасынның орамалын бауырына қысып жатуымен орынды жеткізеді. Сырқаттанып, бойын ауыр трагедиялар басып, іштей мүжіп жатқан түсіндік. Осы сәтте махаббаты мен жылулығын ұсынып Бағдат келді. Қанаты сынған қыранды емдеп, көкте самғауына күш берді. Бағдат роліндегі Б.Әбдіғалиева өмірбаянын оқып, қиналған жанның трагедиясын ұғынып келіп отырған болмыс бітімді аша түседі. Соқыр сезімнің жетегіндегі емес, өмірін өнеге қызмет етуге дайын келген әйел психологиясын сахнадан көрдік. Осылайша өмірден таяқ жеген Асанәлі қайта тұрды, ұмтылды. Сөйтіп өмірге жалғасы ұлы келді. Өшкен үміт тұтанып маздай бастады.

Тағдырының тақтасында қара түстері көп болған А.Әшімовтың ендігі жолы тек ақ болғанына, әліде бола беретініне сеніп ұялатты.

Өмірінің жалғасы ұлы Асанәлі болса, өнеріннің жалғасы осы «Жаңа ғасыр» театры десек еш қателеспейміз. Жаңалық пен тың дүниелер өмірге келер шығармашылық алаңы абыз адамның өнердегі жалғасы. Театр – драматургия, музыка, қимыл-қозғалыс, би, орындаушылық өнердің тоғысқан жері. Бұл өнер түрі әр елдің тарихы мен мәдениеті негізінде дүниеге келді. Олда қоғамдық ой-сананы бедерлейтін өнер формасы екені сөзсіз.

Театр заманның озық ойларын бойына жинай отырып, ізгілік пен жақсылықтың салтанат құратын орны. Сонымен қатар, адамның ішкі мазмұны мен психологиялық болмысын аша отырып, өзінің көркемдік сатысынан өз деңгейінде көріне алмақ.

Бүгінгі бәсекеге қабілетті мықты ұжымға айналған кәсіби театр өнер теңізінің алып кемесі болмақ.

Айжан Ахмет,

театртанушы

Abai.kz

0 пікір