АҚШ-тың ірге кеңейту тарихы...
Луизиананы сатып алу (1803) – Америка тарихындағы шешуші сәт
1803 жылы АҚШ президенті Томас Джефферсон Луизиана аумағын Франциядан сатып алу туралы шешімге келді.
2 миллион шаршы шақырымнан асатын аумағыбар Луизиана сатып алу жаңадан пайда болған мемлекет үшін маңызды өзгеріс болды, бұл Американың континенттік державаға айналуына баспалдақ болды.
Луизиана колониясы Францияның Солтүстік Америкадағы ең ірі территориясы еді. Дегенмен, Франция бақылауындағы Сент-Доминге (қазіргі Гаити) аралындағы бірнеше рет құл көтерілістері және Ұлыбританиямен соғыс қаупі француз көсемі Наполеон Бонапартты оны Америка Құрама Штаттарына сатуға итермеледі.
1803 жылы Луизиананы Франциядан сатып алу жас Америка Құрама Штаттарының алғашқы ірі экспансиясын білдірді.
Ол кездегі Луизиана қазіргі Луизиана штатынан әлдеқайда үлкен болды, Миссисипи өзені мен Рокки таулары арасында орналасқан 15 заманауи штатты қамтыды.
Бұл жерге ие болу Джефферсонның батысқа қарай экспансия амбициялары үшін өте маңызды негіз болды; ол оның Американың болашағын бейнелейтініне сенді. 1803 жылдың қарашасында АҚШ пен Франция үкіметтері Луизиананы 15 миллион долларға сатып алу туралы келісімге келді, бұл бүгінгі таңдағы 400 миллион доллардан астам сомаға тең.
Бұл ауқымды сатып алу жас мемлекеттің аумағын екі есеге жуық ұлғайтты.
Мексиканың жерін жаулау (1848)
1840 жылдарға қарай американдықтар батыстан Тынық мұхиты жағалауына дейін кеңею «тағдыр таңдауы» дегенге имандай сенді. Бұл сайып келгенде Мексиканың есебінен жүзеге асты.
АҚШ шекарасын кеңейтудің ең белсенді жақтаушыларының бірі президент Джеймс К. Полк болды. 1845 жылы қызметке кіріскеннен кейін, Мексикамен Техастың иелік құқығы жайлы ұзақ айтысқа түсті. Техас 1836 жылы Мексикадан бөлініп шыққан еді.
Вашингтон 1845 жылы Техасты қосып алып, оны АҚШ штатына айналдырды. Келесі жылы АҚШ пен Мексика күштері арасындағы қақтығыстардан кейін Конгресс Мексикаға қарсы соғыс жариялауды мақұлдады, бірақ қақтығыстың тамыры тереңде еді.
Тарихшы Джей Секстонның айтуынша, «Америка Құрама Штаттары сол кезде Мексикаға тиесілі және Америкадағы экономикалық тұрғыдан ең қарқынды аймақтардың бірі болған, терең сулы порттары бар Калифорнияға қызығушылық танытты».
Америка Құрама Штаттары соғыста жеңіске жеткеннен кейін, екі ел 1848 жылы Гваделупа-Идальго келісіміне қол қойды.
Вашингтон ақырында берілген аумақ үшін 15 миллион доллар төледі, бұл бүгінгі таңда шамамен 615 миллион долларға тең. Бұл аумаққа қазіргі Калифорния, Невада және Юта, сондай-ақ Аризона, Колорадо, Нью-Мексико және Вайоминг штаттарының бөліктері кірді.
Бірақ Секстон атап өткендей, Мексика жеңілмесе ешқашан жерін сатпас еді. «Бұл қарумен жасалған келісім болды», - дейді ол.
Қысқасы, Мексика соғысқа дейінгі аумағының жартысынан көбін берді, ал Америка Құрама Штаттары шамамен 1,36 миллион шаршы шақырым жерді иеленді.
Ла Месильяның сатылуы (1853)
1848 жылы Мексика-Америка соғысы аяқталғанына қарамастан, екі ел арасындағы шиеленіс сақталды.
1854 жылы аяқталған келісімде екі үкімет Мексиканың оңтүстігіндегі шағын аумақты сатуға келісті, ол кейінірек Аризона және Нью-Мексико штаттарының құрамына кірді.
Мексикада «Ла Месильяның сатылуы» (Venta de la Mesilla) және Америка Құрама Штаттарында «Гадсден сатып алуы» деп аталатын бұл келісімге ішінара Америка Құрама Штаттарының трансконтиненттік теміржол салуға деген ұмтылысы және Мексика үкіметінің экономикалық қиындықтары ықпал етті.
АҚШ үкіметі ақырында шамамен 76 900 шаршы шақырым жерді 10 миллион долларға (бүгінгі доллармен шамамен 421 миллион доллар) сатып алды. Бұл жер кейінірек қазіргі Америка Құрама Штаттарының оңтүстік шекарасына айналды.
Ресейден Алясканы сатып алу (1867)
Көптеген адамдар АҚШ Мемлекеттік хатшысы Уильям Сьюардтың 1867 жылы Ресей империясынан Алясканың шалғай Арктикалық аумағын сатып алу туралы шешімін түсіне алмайды.
Сьюард бұл жердің стратегиялық құндылығы зор деп санады, себебі ол Ұлыбританияның Солтүстік Америка істеріне араласуын тоқтатады және Америка Құрама Штаттарына Тынық мұхитының бай балық шаруашылығына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін алға тартты.
Ресей, керісінше, өзін онша құнды емес, басқаруға қымбат және сол кездегі басты қарсыласы Ұлыбританияның шабуылына жиі ұшырайтын аумақтан азат болдық деп санады.
Алайда, Сьюард Ресейден 1,554 миллион шаршы шақырым жерді 7,2 миллион долларға (бүгінгі бағамен шамамен 158 миллион долларға тең) сатып алған кезде, бұл келісімді американдық қоғам қуана қабылдамады.
Қарсыластар бұл мәмілені «Сьюардтың ақымақтығы» деп атады, бұл айтарлықтай дау тудырды, кейбіреулер Америка Құрама Штаттары пайдасыз жер учаскесін сатып алды деп мәлімдеді.
Үздіксіз сынға қарамастан, Конгресс сатып алу туралы келісімді мақұлдады, ал Аляска Америка Құрама Штаттарының құрамына кірді, дегенмен ол 1959 жылға дейін штат болған жоқ.
Ақырында, Сьюардтың Аляскаға салған инвестициясы ақталды, өйткені кейінірек алтын мен мұнайдың ірі қорлары табылды, ал Алясканың әскери маңызы қырғи қабақ соғыс кезінде алға шықты.
Даниядан Виргин аралдарын сатып алу (1917)
Америка Құрама Штаттарың соңғы рет жер иеленуі Дания үлесінен болды. Сол кезде Дания Вест-Индиясы деп аталған Кариб аралдарыныңа 19 ғасырдың ортасынан бастап американдық стратегтер қызыға бастаған еді.
Уильям Сьюард бұл аумақты өзінің бейбіт экспансионистік жоспарларының маңызды бөлігі ретінде қарастырды. Қазіргі АҚШ Виргин аралдарын құрайтын үш негізгі аралдың бірі - Әулие Томас порты ерекше тартымды болды, себебі оның айлағы Кариб теңізін бақылау үшін тамаша база ретінде қарастырылды.
Шамамен сол уақытта Дания аралдарға деген қызығушылығын жоғалта бастады. Дания бұрын аралдарда еуропалық саудагерлер Атлант мұхитының арғы жағынан әкелген африкалық құл еңбегін пайдаланып, ірі қант плантацияларын дамытқан болатын. Алайда, әлемдік қант бағасы төмендеген сайын, Данияның бұл плантацияларды сақтауға деген ынтасы бәсеңдеді.
1867 жылға қарай екі ел арасында екі аралды 7,5 миллион долларға (бүгінгі бағамен шамамен 164 миллион долларға тең) сату туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Алайда, АҚШ Конгресі оны мақұлдаудан бас тартқандықтан, келісім жүзеге аспады.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы және неміс сүңгуір қайықтарының американдық кемелерге төндірген қаупі Вашингтонның қызығушылығын қайта оятты. АҚШ Германия Данияны басып алып, аралдар мен стратегиялық маңызды Әулие Томас портын бақылауға алады деп қауіптенді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің веб-сайтына сәйкес, Мемлекеттік хатшы Вудроу Уилсон Данияға егер Дания сатудан бас тартса, АҚШ аралдарды басқа қолға түсіп кетпеуі үшін басып алуы мүмкін екенін ескерткен.
Дания халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Астрид Андерсен: «АҚШ Виргин аралдарының тағдыры мен бүгінгі көріп отырғанымыз арасында ұқсастықтар жоқ деп айта алмаймыз» дейді.
Андерсен: «Гренландиядағы жағдай ұқсас, себебі сол кездегі АҚШ-тың көзқарасы: «Не Гренландияны бізге сатасыз, не біз басып аламыз» болды», - деді. 1917 жылға қарай Кариб аралдарын АҚШ-қа 25 миллион долларға сату туралы келісімге қол жеткізілді, бұл бүгінгі таңда шамамен 630 миллион долларға тең.
Келісімнің бөлігі ретінде АҚШ Данияның «Гренландия бойынша саяси және экономикалық мүдделерін кеңейтуіне» қарсылық білдірмеуге келісті.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz