Сенбі, 21 Ақпан 2026
Ақмылтық 134 0 пікір 21 Ақпан, 2026 сағат 13:32

Кәсіпкерлік пен медицина неге тұралап тұр?

Коллаж: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері нарықтық экономикаға бейімделу, жеке секторды дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытында талай реформаны жасап келеді. Соған қарамастан, қоғамда, талай естіп жүрміз «кәсіпкерлік те, медицина да неге тұралап қалды?» деген сауал жиі қойылады. Бұл – жай сөз емес, елдің әлеуметтік-экономикалық болашағына алаңдаушылықтан туған орынды сұрақ.

Кәсіпкерлік: мүмкіндік көп, бірақ сенім кем

Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Палата кәсіпкерлердің құқығын қорғау, оқыту, кеңес беру бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау құралдарын үйлестіруге жауапты негізгі институттардың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі.

Алайда кәсіпкерліктің шынайы тынысын тарылтатын бірнеше жүйелі проблема бар.

Алғашқысы, әкімшілік кедергілер. Рұқсат алу, тексерістерден өту, есептілік тапсыру – мұның бәрі қағаз жүзінде жеңілдетілгенімен, іс жүзінде күрделі әрі уақыт алатын процесс болып отыр. Әсіресе өңірлерде кәсіп ашқысы келген азамат түрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырып жүреді. Бұл – кәсіпкерліктің басталуына деген ынтаны төмендетеді.

Сонымен қатар, қаржыландырудың қолжетімсіздігі. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, кепілдік талаптары қатаң. Көптеген кәсіпкерлер үшін бастапқы капитал табу – ең үлкен кедергі. Мемлекеттік бағдарламалар орынды болғанымен, олар көбіне қағазбастылық пен күрделі рәсімдерге тіреледі.

Тағы бір айтарымыз, нарықтың тарлығы мен бәсекенің теңсіздігі. Ірі компаниялар мен квазимемлекеттік сектор нарықтың маңызды бөлігін иеленіп отыр. Шағын бизнеске тең мүмкіндік берілмеген жағдайда, оның дамуы тежеледі. Кәсіпкер өз өнімін өткізе алмай, қызметін кеңейте алмай, ақыры нарықтан кетуге мәжбүр болады.

Сондай-ақ, салық жүктемесі мен тұрақсыз ережелер. Заңнаманың жиі өзгеруі кәсіпкердің ұзақ мерзімді жоспар құруына кедергі. Бүгін тиімді болған шарт ертең өзгеріп кетуі мүмкін деген қауіп инвестициялық белсенділікті кемітеді. Сонымен қатар, жуықта жанадан сайланған Қанат Шарлапаевқа айтарымыз ісінізді мемлекеттік қазақ тілінде жүргізіңіз. Біз ісінізге қарап жүреміз.

Медицинада реформа көп, нәтиже мардымсыз

Денсаулық сақтау саласы да соңғы жылдары түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді, цифрландыру жүріп жатыр, ауруханалар жаңартылуда. Бұл процестерді үйлестіретін негізгі орган – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі. Кейде, осы саланың министрі А. Әлназарова, өзіне берілген жауапкершілікті алып жүралатындығына күмәнмен қараймыз.

Алайда халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі толық қалыптасқан жоқ.

Айтарымыз, кадр тапшылығы. Әсіресе ауылдық жерлерде білікті дәрігер жетіспейді. Жас мамандар шалғай өңірге баруға құлықсыз, себебі инфрақұрылым әлсіз, жалақы мен әлеуметтік жағдай жеткіліксіз.

Және, қаржыландырудың тиімсіздігі. Бөлінген қаражаттың көлемі артқанымен, оның тиімді жұмсалуы – үлкен проблема. Құжат жүзінде көрсетілген қызмет сапасы мен нақты өмірдегі жағдай арасында алшақтық бар.

Тағыда, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты түсінбеушілік. Көптеген азаматтар жарна төлесе де, қажетті қызметті дер кезінде ала алмайды. Кезек ұзақ, тар бейінді мамандарға жолдама алу қиын. Бұл жүйеге деген сенімді әлсіретеді.

Жемқорлық тәуекелі мен формализм. Кей жағдайда медициналық мекемелер есепті «жабу» үшін ғана жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Нәтижесінде, басты мақсат – науқастың саулығы емес, жоспардың орындалуы болып кетеді.

Екі саланың ортақ проблемасы:

Кәсіпкерлік пен медицинаның тұралауында ортақ себептер бар.

Институционалдық әлсіздік. Заңдар қабылданғанымен, олардың орындалуы мен бақылауы әлсіз. Жүйелік жауапкершілік толық қалыптаспаған.

Сенім дағдарысы. Кәсіпкер мемлекетке, пациент медицина жүйесіне толық сенбейді. Сенім болмаған жерде даму болмайды. Адами капиталдың жеткіліксіз дамуы. Білім сапасы, кәсіби даярлық деңгейі – экономикалық өсімнің кілті. Егер кадр даярлау жүйесі нарық сұранысына сай болмаса, екі сала да артта қалады. Аймақтық теңсіздік. Астана мен ірі қалалардағы жағдай басқа, шалғай өңірлердегі ахуал мүлде бөлек. Әлеуметтік жіктелуді күшейтеді.

Кәсіпкерлік те, медицина да – елдің тірегі. Бірі экономиканы алға сүйресе, екіншісі ұлт саулығын қамтамасыз етеді. Бұл екі сала тұралап қалса, мемлекеттің дамуы тежеледі. Қазақстан үшін басты міндет – жүйені «жөндеп қою» емес, оны терең жаңғырту. Сенімге негізделген, әділ, ашық әрі кәсіби басқару ғана тығырықтан шығара алады. Әйтпесе, реформалар қағаз жүзінде қалып, шынайы өмірде өзгеріс сезілмейді. Бүгінгі күндері ең қауіптісі – тоқмейілсу. Ал ең қажеті – батыл шешім мен жауапкершілік. Кәсіпкерге еркіндік, медицинаға сапа берілмейінше, қоғамның дамуы баяулай түседі. Ал уақыт күтпейді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір