Жұма, 12 Маусым 2026
Алашорда 144 0 пікір 12 Маусым, 2026 сағат 12:42

Қазақ киносының тұңғыш операторы. Классигі. Абызы...

Суреттер: Т.Теменовтің мұрағатынан алынды.

Ол еліміздегі ең алғашқы кәсіби оператор болды. Әлемге әйгілі Түркісбтің ашылуын, ондағы аттылы, жаяулы, түйелі қазақтардың от-арбаны қуалап шапқанын далалық тарих бетіне қалдырған осы тұлға.

Сурет: Т.Теменовтің мұрағатынан алынды.

Әкесіне тіл тигізген НКВД-ның әпербақаны: «Ұмыт халық жауын! Сенде әке болған емес! Баласы әкесі үшін жауап бермейді. Бас тарт! «Әкем емес» деп, мына қағазға қол қойсаң болды», –  дегенде, ол арыстандай ақырып: «Жо-жоқ, мен әкемнен бас тартпаймын!  Мен әкемнің әр сөзіне, жасаған еңбегі мен әр ісіне жауап берем. Өйткені менің әкем – таза, әділ, өз елін шексіз сүйген адам», – деп НКВД- ның офицерін столдағы күлсалғышпен маңдайынан бір-ақ ұрып құлатқан да сол. Сосын, еш қиналмай  еңсесін көтеріп, 10 жыл Соловкиден Беломорканал, одан ары ГУЛАГ-тың түрмелерін түгендеген Ескендір Тынышбаев еді... Ескендірдің әкесі  Мұхамеджан Тынышбаев. Руы – Найманның ішіндегі Садыр, Садырдан – Тоң, Тоңнан – Түгелбай – Жадық – Діңгелес – Тәуімбет – Жомарт батыр – Тасболат – Бектау – Тәуке – Түйте – Әлдеке – Тынышбай – Мұхамеджан тарайды. Осы орайда қалмақтармен 1723  болған шайқаста жаудың бетін қайтарып, тоғыз ұлымен бірге мерт болған Жомарт Батырды айта кеткен жөн. Жас келін жаңа туған нәрестені қазанның астында жасырып, содан тірі қалған ол Садырдың жалғасы деген аңыз бар. Мұхамеджан – осы Жомарт батырдың ұрпағы. Петербургтегі император Александр 1-нің атындағы Жол қатынас институтын қызыл дипломмен бітірген. Өзінің курстық жұмысына арналған тақырыбы кейін Түркісібтің салынуына арқау болған азамат. Ескендірдің анасы Гүлбахрам Шалымбекова – Жетісудағы ең танымал дәрігер Бәкінің қызы. Ол да Петербургте фельдшердің оқуын тамамдаған хас сулудың өзі еді. Шымкентте тараған тырысқақ эпидемиясында науқастарға көмектесем деп дерт жұқтырған. Ескендір мен әкесі Ташкенттен келгенде, өлгендерді өртеп жатқан жерге тап болады. Гүлбахрам осы өртенгендердің ішінде еді. Мұхамеджанның қолында Ескендірден басқа Фатима мен Дина есімді  үйелмелі-сүйелмелі екі қызы қалады.

Мұхамеджан Тынышбаев – Ресей Думасының  депутаты, Қоқандағы уақытша Үкіметтің Премьер-министрі, Алаш Орда Үкіметінде Әлихан Бөкейхановтың оң қолы болған тұлға. Орынбордан Қызылордаға қоныс аударған Үкіметтің көшін бастап берген тағы да осы Тынышбаев еді. Түркісібті өз қолымен салған Мұхамеджан Тынышбаев қызыл  фашизмнің репрессиясына ұшырады...

Бүгінгі ұрпақ біле жүретін деректің бірі – 1927 жылы Ескендір Тынышбаев Ленинградтағы Политехникалық институтқа түседі. Ал 1929 жылы Түркісібтегі жұмыстар қарқынды басталған кезде Ескендір елге оралады. Бұл кезде Москвадан, Украинадан кинооператорлар Түркісіб құрылысын түсіре бастаған болатын.

Ұзын бойлы, алпамсадай Ескендір алдымен тілмаш, кейін оператордың ассистенті боп жұмысқа тұрды. Камерамен жұмыс істеуді қағылез жігіт тез арада үйреніп алған соң, айналасындағы қауырт қимылды өзі түсіре бастаған. Жоғарыдағы айтылған тарихи көріністерді таспаға тартқан Ескендір Тынышбаев болатын.

Бала кезімізде біз тамашалаған кинолар аз емес-ті. Алайда қазақ фильмдері жоқтың қасы еді... Соның бірі – Мәжит  Бегалин түсірген  «Его время придет» туындысы. Қазақша  тәржімесі жөнді болмағандықтан, орысшасын әдейі қолданып отырмын. 1957 жылы шыққан бұл фильм Шоқанның өмір жолын паш еткен кино картина. Басты рольде – Нұрмұхан Жантөрин. Осында ғажап кадрлар жетіп-артылады.

Шоқан Айшаны күтіп далада  жүр. Ымырт үйіріле бастаған шақ... Аспанда ақ бауыр бұлттар маңып барады. Камера қалың шиге көміліп қалған. Ши... –  даланың болмысы, бары, байлығы, киесі, иесі. Кителін желбегей жамылған Шоқан бір орнында байыз таппай, әрі-бері жүреді. Алабұртқан көңілі мына аспандағы жөңкілген шарбы бұлттардай... Қандай сурет! Қарасаң – көз тоятын келбетті Шоқан. Бір кадрдің ішіне дала философиясы сиып кеткен. Миллиондаған аты-жөні белгісіз кадрлерді көрсетсе, мына көріністен қазақ даласын, оған деген сүйіспеншілік пен сағынышты, құрмет пен махаббатты айнытпай табуға болар еді. Иә, болмаса, Шоқанның ат үстінде шабатын сәті. Ескендір бұл көріністі машинаның үстінде тұрып түсіріпті. Қазір қарап отырсам, бір жерінде камераның дірілі болмаса, фокустың суретінен сүрінуі жоқ. Бұл – шын мәнінде нағыз қазақ киносы еді. Алғашқы кино өнеріндегі қазақи суреттер.

1933 жылы Испаниядағы революцияны түсіруге бас оператор етіп Ескендір Тынышбаевты бекітеді. Ал оның ассистенті етіп Роман Кармен болады. «Испания күнделігін» М. Кольцовтің осы аттас кітабы бойынша түсіру керек  еді. Олар отқа оранған Испанияны... жазушы Эрнест Хэмунгейді түсіруге тиіс. Пленка, камера оны-мұны – бәрі де сақадай-сай. Тек әскери самолетпен ұшу керек..

Сурет: Т.Теменовтің мұрағатынан алынды.

Ескендір  ВГИК-те көп дос тапқан. Сол көп достарының бірі – әйгілі Борис Бабочкин – Чапаевтың бейнесін кинода сомдаған талантты актер. Операторлар: Леонид Косматов, Евгений Головня, Ромен Кармен, Александр Галперин болды.

Бұл – Кремльдегі «күн көсемнің» репрессия ошағына  миллиондаған жандарды аяусыз лақтырған сұмдық күндер еді. Әлемдегі өз елін, өз халқын қынадай қырған жауыз биліктің XX  ғасырдағы  «Жаңа беті» болатын. Тіпті, саясаттан қашанда сырт жүретін кино маңындағыларды да жалмаған зұлмат заман болған. Атынан ат үркетін «Веселые ребята», «Вольга – Вольга» мен «Циркті» түсірген Владимир Нильсон да  осы қасіреттің құрбаны боп түрмеге түскен.

Ескендірдің Воронежге баруын достары құптаған жоқ. Сотталғанның аты – сотталған. «Аш пәледен – қаш пәле», әзірге бармай тұр» деген. Алайда ол ешкімнің сөзіне құлақ асқан жоқ. Воронежге тартты да отырды.

1933 жылдың наурыз айы еді. Ескендір Қазақстаннан келген әкесін сұрастыра бастады. Біреу білмеймін десе, біреулер жер аударылғандардың атын естігенде қашқақтай бастайды. Ақыры  әкесін іздеген жолаушы жайлы сыбыс  Мұхамеджанға да жетеді. «Жексенбі күні  түскі сағат 12.00-де өзеннің жағасына, кісі жоқ жерге келсін» дейді. Қаланың қақ ортасынан өтетін өзен наурыз айында әлі сіресіп жататын. Ескендір әкесі айтқан жерге келгенде, қыстай сіресіп қатқан мұз еріп, сең жүре бастаған екен. Қарсы беттегі әкесін көргенде, жас жігіттің жүрегі жарылардай қуанған. Жүдеген, азған, арықтаған  әкесін көргенде  ол қуаныштан айғайлап жіберді. Тыпыршып орнында тұра алмай, «қазір, папа!» деп өзенге ұмтылған. Өзен бетіндегі мұздар сең болып баяу жылжиды. Ескендір  мұздан мұзға секіріп, үстіндегі киімінің малмандай су болғанына қарамай, арғы бетке өтті. Қар ерігенімен, күн жыли қоймаған. Жағалаудан әрідегі орман әлі ұйқыда. Ағаштарда өң-түс жоқ, сидиып тұр –  тура айдаудағы арып-ашыған әкесінің түріндей... Баяғыда Гүлбахрамды отқа өртегенде, әкелі-балалы екеуі осылай бірін-бірі құшақтап жылаған. Мұхамеджан  қазір дәл сондағыдай көз жасына ие бола алмай баласын қайта-қайта сүйіп, құшақтай берді. Бұл қорқыныш пен қуаныштың, үміт пен сағыныштың, өкініш пен қорлыққа шыдамаған жанның көз жасы еді...

Алайда ойда жоқта кездескен НКВД-ның адамы олардың жоспарын да, жолын да, тағдырын да быт шыт қылды...

Әкенің көрген қорлығы, кедейшілік тұрмысы, екінші анасы Әмина мен кішкентай інісі Дәулеттің аш-жалаңаш түрі Ескендірдің жанын ауыртқан. Метрополь мен Арбаттағы ең қымбат ресторандардың қадірлі қонағы болып жүретін Ескендір алдымен үй сатып алды. Сонан соң  сиыр алған...

1932 жылы ұсталған Мұхамеджан Тынышбаев адамның ақылына симайтын жаламен  осында  5 жылға жер аударылған-ды. Москва – Донбас темір жол құрылысының жоспарлау ( проектный ) бөлімінде инженер  боп істеп жүрген кезі еді. Қашанда солай: пысақайлар мен сатқындар күн шуақты іздейді..

Оннан қашқан, мұннан қашқан небір алаяқтар, мамандығы жоқ шолақ белсенділер сол кезде биліктің төңірегіне жинала бастаған. Былғары етік пен тері шекпен, қала берді – беліндегі пистолет «манқұрттарға» дұрысы – шаң- құрттарға мүмкіндік берді. Нағыз «шаш ал десе, бас алатын» армия пайда болды.

Сурет: Т.Теменовтің мұрағатынан алынды.

Ескендір базардан әкелген етті қазанға салып, дастархан басында әкесі мен балалар мәз болып отырған. Көріспегелі қаншама уақыт өтіп еді?.. «Шүкір, –  деген іштей Мұхамеджан. – Осыған да шүкір». Алайда ішін жалмаған өкініш пен өксікті ұлына көрсетпеуге тырысты. Олар дүрсілдетіп соққан есікті ашқан. Сіріңкедей милиция қызметкері керіліп-созылып үйге кірді. Москвадан келген еңгезердей жігітке бір, жер аударылған қазаққа бір қарап, еріне сөйлеген ол: «Ертең таңғы жетіде Воронеждің НКВД-сына келіңіз», – деді.

Неге екені белгісіз Ескендір де, Мұхамеджан да түнімен ұйықтай алмады. Таңертең есті жігіт шақырған жерге барды.

–  Неге келдіңіз бұл жерге?

–  Әкеме келдім... Менің әкем...

–  Керегі жоқ. Ертегі тыңдайтын кезеңнен өтіп кеттім.

–  Менің әкемді қателесіп ұстаған. Білесің бе, әйгілі Түркісібті салған – осы адам. Ол Петербургтің темір жол институтын қызыл дипломмен бітірген.

–  Сенің әкең... аты жөні кім еді... әлгі Тынышбаев... Совет Одағының жауы...

–   Жоқ! –  деді Ескендір. –  Ол жау емес!

–  Сенің әкең – дұшпан. Сондықтан әкеңнен бас тарт! «Менің әкем емес» де. Міне, қағаз, міне, сия. Жаз! Онда тұрған ештеңе жоқ. Ол дұш- пан! Естідің ғой, дұ- шпан!

Ескендірдің көзі қарауытып, құлағы шуылдап, ашудан дірілдеп кетті. Мынау сіріңкедей сүмелек не деп тұр?! Әкесіне қол көтеріп сабаған, мазақтаған, азаптаған, тырнағының астына ине жүгірткен осы екен-ау! Оңбаған, қан ішер!..

Ескендір ауыр күлсалғышпен алдында тұрған офицерді бір ұрғанда, ол ұшып түсті. Маңдайындағы қан бет-аузын түгел жапқан.

«Болды, болды, – деді анау аяқ қолы дірілдеп, –  болды».

Ескендір қан жұққан жұдырыған сүртті де, еңсесін тіктеп, есіктен шыға берді.

***

Ескендір мен Роман Кармен аэропортқа ерте келген. Үлкен ғимаратқа камера, штатив, ЯУФ – оны-мұныларын көтеріп ортаға жетіп тоқтаған. Бір сәт жан-жақтан НКВД-ның киіміндегі көк көз жігіттер бұларға жақындай берді..

–  Ескендір Тынышбаев сіз бе?

–  Иә.

–  Жүріңіз, сізбен оңаша әңгіме бар.

***

Ескендір Тынышбаев он жыл түрмеде отырып шықты. Сынған жоқ, сүрінген жоқ, шаршап-шалдықпады. Ешкімге өкпе айтпады. Қаны қарайып қасындағы жандарға қастық істемеді. Қайда жүрсе де өз биігінде жүрді, адамдық қалпынан еш айнымады. Абақты мен айдаудан оралғаннан кейін қайтып келді де, камерасын қолына алды. Қазақ киносының аяғынан тұрып, нық қадам басып кетуіне тік тұрып қызмет етті.

Сурет: Т.Теменовтің мұрағатынан алынды.

Адам өмірге келеді, кетеді. Тағдырдың тауқыметін тартады. Қиындық, әділетсіздік, сатқындық, опасыздық, жауыздық сынды жаман қасиеттер адамның ар ұятын таптап, қинап, өмірге келгеніне өкіндіретін күйге душар етеді. Адам – пенде. Қорлық пен азапқа шыдамай Алладан ажал тілейтіндері қаншама?.. Жан амандығы үшін арынан аттағандар жетіп-артылады. Сынбайтындар сирек. Тым сирек. Миллионнан біреу ғана бұл азапты шыбын шаққандай көрмейді. Сондай ұлы тұлға – Ескендір Тынышбаев.

Қазақ киносының тұңғыш операторы. Классигі. Абызы. Киесі...

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі, Кинорежиссер

"Жұлдыз" журналының
6 саны, маусым. 2026 жыл

Abai.kz

0 пікір