Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Арылу 713 0 пікір 25 Ақпан, 2026 сағат 11:18

Қоңыр дәптерге қонған ойлар (жалғасы)

Сурет: Сайт мұрағатынан алынды.

Ей, жол үстіндегі жолаушы!

Қазақстанда күйіп тұрған тағы бір тауқымет, ол – отбасы тауқыметі. Шаңырағымыз жиі шайқалатын болды. Бір амалын таппасақ, ажырасу аламанында әлем алдына шығатын түріміз бар. Ендеше, отбасы тауқыметі - отандық тауқымет деуге келеді.

Отбасы тарихы қашан, қалай басталып еді? Еске алайық; Адам ата қабырғасынан Жаратушы Хауа ананы жаратады. Және, Хауа анаға Жаратушы Жер бетіндегі сұлулық атаулының 99 пайызын береді. Содан, Жаннат бағында Хауа ана мен Адам ата екеуі сейіл құрып мұңсыз-қамсыз өмір сүре бастады. Ібіліс жылан болып келіп Хауа ананы азғырды. «Құдай тиым салған миуаны татып көр!» деп. Хауа ана татып көрді. Онысымен қоймай Адам атаны да көндірді. Сөйтіп, олар Құдайдың каһарына ұшырап Жаннаттан қуылды.

Алғашқы ер мен әйелдің үй болу тарихы осылай. Бүгінде елімізде жастар көтерген әрбір үшінші шаңырақ құлайды екен. Бұл екінің біріне белгілі жәйт. Шыныдай шетін тақырып. Оны еңсерудің қиыны сол. Толстой айтқан екен; «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас. Ал, бақытсыз отбасылар әртүрлі, әрқайсысы өзінше бақытсыз» деп. Яғни, отбасы сырқатын «емдейтін» оп-оңай ортақ рецепт жоқ деген сөз.

- Олай болса, бұл тақырыпты неге қозғап отырмыз?!

- Үндемей отыруға болмайды екен.

- Жоқ.Үндемей отырмаңыз! Айтыңыз!

- Айтсақ, жақсылы-жаманды отбасылық өмірден жиған 50 жылдық тәжрибеміз бар. Содан түйгеніміз бар. Соларды ортаға салсақ дейміз.

- Жөн екен. Айтыңыз!

- Айтсақ, үйлену, үй болу дегеніміз, кейбір жастарымыз ойлағандай бақыт толы бақ отау емес. Үй болу дегеніміз, үйлену дегеніміз – адам өміріндегі алабөтен сынақ. Сынақ болғанда да анау-мынау емес, сұрапыл сынақ. Сираттың өзі. Иманды болсаң - Ұжмаққа, имансыз болсаң Дозаққа құлайсың. Құдай қосқан қосағыңмен біресе бал жұта жүріп, біресе у жұта жүріп өтер Қылкөпір. Ғұмырлық Қылкөпір. Бірақ, біз Дозаққа түсу үшін көтерілмейміз ғой бұл көпірге! Ұжмақтан үміт етеміз ғой! Дуылдасып ақ отау шаңырағын көтердік. Қыран-жапқан той жасадық. Бірақ, сіз бен біз бір нәрсені білмедік.Сіз бен біз көтерген бұл ақ отау, тек сіз бен біздің күндіз-түні жүргізген мәмілеміздің арқасында ғана бақ отауға айналатынын білмедік. Ең қызығы біз ол отбасылық дипломатия дегеннің не екенін де білмедік. Сөйтіп, біз, дипломатиясыз аттап басуға болмайтын ақ отау табалдырығын аттадық. Бұл тақырыпты түсіндіріп бізге ешкім дәріс оқыған жоқ. Ерлі -зайып болудың қыр-сырын үйреткен жоқ. Сөйтіп, біз отбасылық мәмілегерліктен бейхабар күйде ақ отау табалдырығын аттадық. Отбасы болған күннен бастап жас жұбайлар арасында нәзік мәміле – дипломатия жүретінін, онсыз ақ отауымыздың зар отауға айналатынын білмедік. Білмесек те қол ұстасып қойып кеттік. Сөйтіп, ақ отауға бізбен бірге бір қора білместіктер қоса кірді. Бізді аңдыған Сайтанға да керегі сол еді.

- Сізбен бірге ақ отауға білместіктер кіргенін қалай білдіңіз?- Бұл оқырман сұрағы.

- Алғашқы жанжал шыға бастағанда білдік. Бір- бірімізді кінәлай бастағанда білдік. «Бұ не болды? Оу, біз осы сүйіп қосылмап па едік?! Бұ жанжал қайдан шықты?» дедік, білместіктерге тап болған кезде. Бірақ, біз бұл білместіктің не екенін білмедік. Оны біз өмір өткелдерінде мың сүрініп, мың құлап барып білдік. Ақыры түсіндік, отбасылық өмір дегеннің тұнып тұрған дипломатия екенін түсіндік. Бұл өмір бас қосқан екеудің тектілігі, немесе, тексіздігі, көргенділігі, немесе, көргенсіздігі сыналар сынақ екен. Сын майданы екен. Бұл майданға аяқ басқан жастардың оған дейінгі жасырып келген кемшіліктері ашылатын майдан екен. Кемшіліктерді жасыру үй болғаннан кейін мүмкін емес екен. Біз, жастар, үйленбей тұрып бір-бірімізден білмедік. Қыз күліп тұрады. Жігіт жымиып тұрады. Айнымаған періштеміз. Сүттен ақ, судан таза. Ал, үйленгеннен кейін періште емес, пенде екендіктерімізді көрдік. Міндеріміз ақикөзденіп атойлап шыға келді. Ыдыс-аяқ сылдырлады. Сөйтсек, бұл ешкім айналып өте алмайтын тұрмыс заңы екен. Кемшіліксіз кісі болмайды екен. Байқасақ, тұлабойымыз тұнған кемшілік екен.Бірақ, біз сөйте тұра кемшіліксіз жар іздеппіз. Білместік деген осы екен. Мінсіз адам іздеу ақымақтық екен. Жас жұбайларды жарға жығатын қателік осы екен. Осының арқасында той өте сала ұрыстық. Сөйтіп, өмірдің Қылкөпір сынағына көтерілдік. Не Ұжмаққа не Дозаққа апаратын Қылкөпірге шықтық. Сол көпір үстінде сілкілесе келе біз өз қолымызбен көтерген ақ отауымыздың шаңырағын өз қолымызбен ортасына түсірдік. Бұған кім кінәлі? Әрине, өздеріміз едік. Сабырсыздардан болғанымыз үшін. Отбасылық мәміледен бейхабар болғанымыз үшін. Сондай-ақ, бұл күйреуге жалғыз жас жұбайлар емес, олардың ата-аналары да кінәлі еді. Ұл мен қыздарына имани ұлттық тәрбие бере алмағаны үшін.

-Беу, жастар, үй болғалы жүрген! Аллам сіздерді осындай тағдырдан сақтасын!

Сонымен, біз әңгіме етіп отырған отаудың болары болды. Өйткені, «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады». Сол шөлмекті екеулеп жүріп сындырды олар. Бір-біріне айтпаған сөздері қалмады. Бір-бірінен олар, сөйтіп, ешкімнен естімегенді есітті. Естіді де, ақ отау есігін тарс жапты. Тұра қашты. Екеуі екі жаққа.

Мінеки, осылайша, екеулеп жүріп шамын жаққан ақ отаудың отын олар өз қолдарымен өшірді. Отау үй өртке айналды. Жан-жаққа қашып бара жатқан екеулеріңе төңірек дүние түгел өртеніп жатқандай көрінді. Содан кейін екеуің екі жақта біраз жыл сенделдіңдер. Тірі өліктің күйін кештіңдер. Ондай тірі өліктен қоғамға не қайыр? Адамға не қайыр? Ең қиыны, бұл ырың-жырыңның ортасында бала жүрсе ол тіпті қиын. Балаға ата-ана керек. Сендердің қырқыстарың емес. Одан бала шошиды. Шок алады. Жанына өшпес жара түседі. Сөйтіп, әке-шеше жаққан отқа алдымен бала күйеді. Бала жан жарасының жанында сендердің жан жараларың түкке тұрмайды. Бірің басқа қатын алып, бірің басқа бай тауып жараларыңды жазасыңдар. Ал, ата-анадан айырылған баланың жарасын, жан жарасын кім жазар?

Сонымен екі жас ажырасып тынды. Ендігі әңгіме олар туралы емес. Ендігі әңгіме үй боламыз деп сол ажырасып тынғандардың артынан келе жатқандар туралы. Үй боламыз деп қолтықтасып келе жатқандардың қарасы көп екен. Сол көпшілік алғашқы екеудің қателігін қайталамаса екен. - Ол үшін не істеу керек?

- Ей, бала батыр! Ол үшін білу керек! Бүгін сенің қолтығыңда жүрген, ертең сенің ғұмырлық жарың болар анау қыз баланың табиғатын, оның тылсым әлемін білу керек! Сол баланың, қыз баланың табиғаты ұл баланың табиғатынан мүлдем бөлек екенін білу керек. Мойындау керек. Бір американдық ғалым жазған еді. Ер мен әйел екі планетадан деп. Сол шындық. Ер мен әйел шындығында екі бөлек әлем. Олар солай жаратылған. Олар бас қосып бірге тұрғаннан кейін бірін-бірі түсіне алмай қиналатыны да содан. Оның жақсы да жағы да бар. Біз өзіміздің қасымызда жүрген өзгепланеталықтың жан жұмбағын шешуге ұмтыламыз. Жақсылығы сол. Бірақ, біз бәрібір өмірбойы ол жұмбақты шеше алмаймыз. Ер мен әйелдің бір-біріне ұмтылатыны содан. Бір-біріне қызық болатыны содан. Өмір сонысымен қызық. Ер мен әйелді ұлы Дизайнер солай жаратқан.

- Тату-тәтті болудың тағы қандай шарты бар?!

- Жетеді.

- Мысалы!

- Мысалы, соның бірі қызғаныш деген қызыл иттен сақтану.

- Ие! Ие! Сол итті айтыңызшы!

- Айтсам, отбасы кикілжіңі жас кезде, көбінесе, сол қызғаныш атты қызыл иттен шығады. Әсіресе, еркек қызғанышынан шығады. Шынтуайтына келгенде, әйелін қызғанбайтын еркек жоқ. Қызғанбаса еркек емес. Қиыны сол, қызғаныштың таяғы алдымен әйелге тиеді. Сондықтан да, алдымен әйел сақ болуы керек. Үндемес еркектің өзі қызғаныштың қызыл иті ыр еткенде, арыстанша ақырып шыға келеді. Тіптен, әйелі кінәлі болмаса да күйеуі оны жүндей түтіп тастауы мүмкін. Көрдіңізбе, үндеместен үйдей пәле шығады. Ең қиыны - үйдегі бұл есеп айырысуға ешкімнің араша түсе алмайтыны. Сондықтан да, алдымен әйелге сауысқандай сақ болу керек. Ерінен басқа еркекке емексуден сақ болу керек. Одан от шығады. От шығатын себебі, ұлы Дизайнер обаста еркекті агрессор етіп жаратқан. Еркек болмысын агрессор етіп жаратқан. Қараңыз, ер балалар ержете бастады ма олардың арасында шылқымай төбелес те басталады. Тіптен, ес кіріп есейгеннен кейін де ер азамат қаншама сырттай сыпайы көрінгенімен оның ішінде бір арыстан бұғып жатады. Естеріңізде болса, анау бір жылы Шешенстанға қарсы орыстар соғыс ашқанда шешен шалдыры мәз болып көшеге шығып билеп кетпеп пе еді?! Қарттықтарына қарамастан шешен шалдарының жанын жарып шыққан сол бір жауынгерлік дүлей рух бәрімізді таң қалдырмап па еді?!

Еркек болмысы осы. Ел басына күн туғанда арыстанша атылып қан майданға ерлер шығады. Жау жағасын жыртады. Онсыз халық халық болудан қалар еді, көрінгенге жем болып.

Сонда, қараңыз, жер қайысқан ерлер қосыны қан майданда кім үшін қырқысады?! Отбасы үшін... отбасыдан басталатын Отаны үшін. Бөріктілер бірігіп, сөйтіп, жау жағасын жыртпаса басқыншылар келіп оның тұлымдысын – тұл, айдарлысын - құл, жарын күң етер еді.

Сондықтан да, ерлер оққа қарсы, отқа қарсы шабады. Қорғансыз қара шаңырағын қорғайды. Еркекті отқа да, оққа да салатын сол үйдегі жәудіркөз жары, жаутаңкөз балалары. Ол деген сөз, қан майданда қан кешіп жүрген ерлердің жүрегінде әманда жан жары мен балалары жүреді деген сөз. Жүректегі сол жаутаңкөздері оған бір табан шегінуге мүмкіндік бермейді. Ақкөз ерлікке бастайды. Сол қорғансыздарын қорғап батырлар жан алып, жан береді. Көрдіңіздер ме, байқасақ, қан майданда алысып, арпалысып жүргендер бірыңғай ерлер. Неге ерлер? Әлімсақтан солай болған. Солай бола береді де. Қан майданда ерлер алысады. Олардағы агрессия өліспей беріспейді.Бұдан келіп, тағы бір қорытынды шығады. Бұ дүниеде ерлер тұрғанда бұ дүниенің тыныш тұруы мүмкін емес деген қорытынды шығады. Өйткені, үнемі өзгелерден үстем болуға, өзгелерді бағындыруға ұмтылу – ерлерге тән. Агрессор ылғи да үстем болғысы келеді.Әлемді қанға бөктірген тарихта талай империялар болған. Солардың бәрінің астарында осынау еркекке тән алапат агрессия жатыр.

Ал, әйелдер ше? Әйелдерден агрессор шықпай ма? Шыққан да қандай! Бірақ, бұл аламанда олар еркектермен жарыса алмайды. Жаратушы оларға әлемді билеген императорлардың өзін билейтін басқа құдірет берген. Сұлулық, нәзіктік, әлсіздік, сезім, махаббат тәрізді құдірет берген. Олар осы құдіретімен әлемді билегендердің өзін билейді. Бас идіреді. Жарты әлемді билеген Шах Жаханды сүйген жары Мумтаз солай бас идірген. Әлемдегі ең көркем күмбез Таж Махалды патшалардың патшасы сол сүйген жарының басына салдырған. Бұдан келіп тағы бір түйін шығады. Әйелдің әлсіздігі оның әлсіздігі емес, керісінше, оның күші, құдіреті деген. Расында, өмірде, әйел еркекті өзінің әлзіздігімен байлап, матап ұстайды. Сондықтан, әйелдің әлсіздігі оның басты қаруы. Ерден әйел білек күшімен әлсіз болса да, жүрек күшімен әлсіз емес. Әйел жүрегіндегі бауыр еті балаларына деген махаббаттан күшті нәрсе жоқ. Сол күштің арқасында біз бәріміз ана құшағында інгәлаған әлжуаз шақалақтан ат жалын тартып мінер азаматқа айналамыз.

Әйелдің тағы бір ерекше қасиеті оның менталды түрде балаға ұқсастығы. Сондықтан, ер адам бала қылықтарына қалай кешіріммен қараса, әйел қылықтарына да сондай кешіріммен қарауға тиіс. Бала ересек ер адам алдында үнемі именіп, сескеніп тұрады. Одан ол ұтыла ма?! Ұтылмайды. Одан тек ұтады. Сол тәрізді балаға ұқсас әйел де ерінің алдында именіп, сескеніп тұрады. Одан ол ұтыла ма?! Ұтылмайды. Одан тек ұтады. Оған себеп, ер адам әлсіз әйеліне қорған болғанда ғана өзінің еркектігін сезеді. Еңсесі көтеріледі. Осыдан келіп, біз, әйелдің әлсіздігі - еркекті жеңетін, бағындыратын басты қаруы дейміз. /Тарихтың өне бойында ерлігімен еркектен өткен әйелдер болған.Бірақ, бүгінгі әңгіме олар туралы емес. Бүгінгі әңгіме бүгінгі отбасы туралы/

- Бір нәрсені айтпай кеттіңіз! Отбасында енді еркек әйелді қалай жеңетін айтпай кеттіңіз! Отбасында білек басты басты қару емес қой!

- Рас, отбасында білек басты қару емес. Отбасында ер азаматтың әйелді жеңетін қаруы басқа.

- Ие.Ие. Соны айтыңызшы! Әйелімізді қалай жеңеміз?

- Айтайын. Отбасында әйеліңізді жеңетін басты қару – комплимент. Жылы сөз. Қолдап, қолпаштау. Мақтау. Даттау емес. Әйеліңіз дәмді ас пісірсе де, әдемі киім кисе де елеп, ескеріп мақтап отырыңыз. Туған күніне құшақ-құшақ гүл сыйлаңыз. Сонда, ол мәз болады. Балаша мәз болады. Осындай комплиментті ылғи да есту үшін сізге жүгіріп қызмет етеді. Міне, әйеліңізді жеңудің жолы.

- Табыс таппасақ, құр сайраған тілімізден не пайда?!

- Әрине, ер адам ең алдымен табыс табуы керек. Ол өз-өзінен түсінікті ғой.

- Тату-тәтті үй болудың тағы қандай шарты бар?

- Шарты көп. Соның бірі, әрі ірісі - ұлттық тәрбие.

- Ие, ие! Үй болудағы осы ұлттық тәрбие рөліне келейікші!

- Үй болудағы ұлттық тәрбие рөлі, тіптен, ұшан-теңіз. Егер, ұшқан ұяда ұл-қыздарымыз ұлттық тәрбиенің уызына жарыған болса, онда, ажырасу деген індет елімізде бұлайша асқынбас еді.Қараңыз, арғы қазақтың ұл-қыздары ұшқан ұясында жан-жақты ұлттық тәрбие алған. Ұлттық тәрбиенің уызына жарыған. Сондықтан да, олар ол заманда ажырасу дегенді білмеген. – Бұны қалай түсінуге болады? – Бұны 17-18 ғ.ғ. өмір сүрген әйгілі сопы Аллаяр жақсы түсіндірген. «Әлсіздердің әлі» атты ғақлиятында.

Бір үй толған жансың,

Иманың кәміл болмаса,

Бір-біріңе дұшпансың! - дейді.

- Пай! Пай! Айтқан екен! Енді осыны бүгінгі тілмен айтыңызшы!

- Аллаяр айтады: «Егер, Алланың ақ жолында болмасаң, Сайтанның қара жолына түсесің!» дейді. «Сайтанға ерсең бір-біріңе дұшпансың!» дейді. Сопы өсиетіне ден қойсақ , онда бүгінгі бір-біріне дұшпан болып ажырасып жатқандар Сайтан жетегінде кеткендер. Қазақтың ұлттық тәрбиесі дәстүрлі дінімізбен мейлінше біте қайнасқан. Аллаяр осыны айтады. Отбасыңда иман болмаса, отбасың ойран болады деп отыр.

- Түсінікті. Иман бүгінгі жастар тұрмақ олардың әке-шешесінде болмаса қайтеміз?! Әке-шешесі кешегі қызыл коммунистер емес пе, арақты судай сапырған?! Әке-шешесінің түрі сондай болса, олардың балаларынан не жорық!? - Қорыта айтсақ!

- Қорыта айтсақ, ата-бабамыз атам заманнан ұстанып келген, кешегі заманда коммунистер аяқасты еткен дәстүрлі дінімізді қалпына келтіру керек.Дін түзелмей, мін түзелмейді. Осылай. Иманымыз түзелмей, ажырасуды ауыздықтай алмаймыз. Онсыз бұл індет тек асқына бермек. Ей, жол үстіндегі жолаушы!

Смағұл Елубай

Abai.kz

0 пікір