Мемлекеттік қызметте цифрландыру мен кадрлық іріктеудің жаңа кезеңі басталды
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2025 жылдың нәтижелері бойынша Агенттіктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Бюрократиядан арылту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру жөніндегі консультативтік-сараптамалықтоп мүшелері, сондай-ақ Агенттіктің аумақтық бөлімшелері мен Мемлекеттік басқару академиясының филиалдары онлайн қатысты.
Алқа отырысында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай 2025 жыл мемлекеттік қызмет жүйесі институционалдық тұрғыдан жаңғыртылған жыл болғанын атап өтті.
— 2025 жылы мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, желтоқсан айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бұл жаңа заң жобасы қазіргідей тек еңбек қатынастарын яғни, мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және оны тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмей, ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді, — делінген хабарламада.
Өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу кезеңі өткізілді. Нәтижесінде резерв 6 бағыт бойынша 50 салалық білікті маманмен толықты. Жобаға қызығушылық артып келеді. Егер 2019 жылы 13 мың азамат қатысуға ниет білдірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 32 мыңға жетті. Жалпы резервке алынған 450 азаматтың 337-сі бүгінде түрлі салаларда еңбек етіп жүр.
Өңірлік кадр резервтері де нақты нәтиже көрсетті. 538 резервшінің 260-ы жаңа лауазымдарға тағайындалып, олардың 193-і жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметке орналасты.
Сонымен қатар, таланттарды тартудың өзге де тетіктері қолданылып жатыр. 735 үздік түлек (GPA 3,33-тен төмен емес) конкурстан тыс ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға қабылданды. Агенттік 964 жоғары лауазымға конкурссыз тағайындауды келісіп, олардың 19,5%-ы квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдері болды.
— Былтыр мемлекеттік қызметке іріктеу және кадрларды басқару толықтай цифрландырылды. Бүгінде онлайн іріктеу 94 мемлекеттік органды қамтып отыр. Цифрлық іріктеудің тиімділігінің нәтижесінде орта есеппен бір бос орынға 7 үміткерден келіп, бәсекелестік 3,5 есеге артты, — деп хабарлады агенттіктен.
«E-қызмет» жүйесінің тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, мемлекеттік сектордағы үздік инновациялық тәжірибе ретінде танылды. Қазақстанның «E-қызмет» — персоналды басқарудың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының халықаралық OPSI платформасында инновациялық жоба ретінде жарияланды. Бұл еліміздің мемлекеттік қызметтегі персоналды басқаруды цифрландырудағы жетістігінің халықаралық деңгейде мойындалуын білдіреді. OPSI платформасы арқылы Қазақстанның тәжірибесі өзге елдерге ұтымды тәжірибе ретінде ұсынылады. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттер қазақстандық модельге қызығушылық танытып отыр.
2025 жылы «Бірыңғай кадрлық жүйе» арқылы бюджеттік ұйымдардағы кадрлық іс жүргізу толық автоматтандырылды. Жоспарланған 2,4 мың ұйымның орнына 2,9 мың ұйым жүйеге қосылды. 482 мың қызметкердің цифрлық профилі қалыптастырылды. Проактивті бақылау тетіктері енгізіліп, мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтау мүмкіндігі іске қосылды.
Жасанды интеллект құралдарын енгізу және мемлекеттік қызметшілерді оқыту жұмыстары жалғасты. Мемлекеттік басқару академиясында «Цифрлық мемлекеттік басқару» магистрлік бағдарламасы іске қосылды. «AI Qyzmet» бағдарламасы бойынша 52 мыңнан астам әкімшілік қызметші оқытылды, ал «AI Governance 500» бағдарламасы аясында 100 саяси қызметші білім алды.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында сервистік және клиентке бағдарланған модель нығайтылды. Қашықтықтан мониторинг нәтижесінде 2 600-ден астам азаматтың құқығы проактивті түрде қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және әдеп нормаларын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы 19 007 бұзушылық анықталды. Профилактикалық жұмыстар аясында 28 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жұмыстары шеңберінде 1 335 ұсыныс әзірленіп, оның 406-сы іске асырылды. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде миллиардтаған теңге көлеміндегі тәуекелдердің алдын алу шаралары қабылданды.
Жиын соңында Агенттік төрағасы 2025 жылы кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылғанын, цифрлық экожүйе құрылғанын, жасанды интеллект енгізілгенін және проактивті бақылау моделі қалыптасқанын атап өтті. Алдағы кезеңде мемлекеттік қызметтің тиімді, ашық және нәтижеге бағдарланған моделін одан әрі дамыту жұмыстары жалғасады.
Abai.kz