Сейсенбі, 3 Наурыз 2026
Білгенге маржан 203 0 пікір 3 Наурыз, 2026 сағат 13:01

1991 жыл: Тәуелсіздікке дейінгі Семей, Орал оқиғалары

Суреттер: abai.kz, ult.kz, azattyq.org сайттарынан алынды.

Назарбаев казак сепаратистері шекарадан кіргенде қайда кетті?

1991 жылғы өткен бір бірімен тізбектес оқиғалар мен онда болған кейбір жайттарды әркім өзінше пайымдап, өзінше бағалап жатыр. Бұл тарих үшін ұсақ-түйек емес.

«Азат» қозғалысының ұрандары

1. 1991 жылғы 18-20 тамыздағы КСРО ыдыраған бұлғақ/ГКЧП-дан кейін көптеген республикалар тәуелсіздік жариялап жатты. Мысалы 24 тамызда Украина кетті «одақтан». Одан кейін Өзбекстан, Түрікпенстан, Қырғызстандар да егемендік сапына тұрды. Ал 41 пайыз ғана қазағы бар Қазақстанда ол туралы әңгіме басталмаған еді. Оның есесіне сол бұлғақтан кейін алдында жоспарланған Семей полигонын жабуға аттаныс басталып кетті де, Семей қаласына «Азат» қозғалысының өңірлердегі қарапайым мүшелері мен жергілікті лидерлер бас қосты. Бұл жиын «Аттанайық Семейге!» деген ұранмен басталды. Бұл 25 тамыз болатын, 4 күн бойы дамылсыз митингтің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда кешкісін ұмытпасақ, шамамен 18 сағат кезінде полигонды жабу туралы Қазақ КСР-ның президенті Н.Назарбаевтың жарлығы шықты. Семейдегі бұл оқиғада өзін ерекше көрсеткен семейлік журналист, «Азат» газеті бас редакторының орынбасары болған Жұмаш Кенебай/Көкбөрі болды. Осы Жеңістің құрметіне жиналған азаткерлер келесі бас қосу Орал қаласында 14 қыркүйекте деп шешілді де, «Аттанайық Жайыққа!» ұраны бекітілді. Бұл ұранды кейін 1997 жылы азаттықтар Өзбекстанмен арадағы шекараны бекіту кезінде «Аттанайық Бағысқа!» деп өзгертті.

Назарбаев Таулы Қарабаққа неге кетті?

2. Осылайша 1991 жылы 13 қыркүйектен бастап елдің түкпір-түкпірінен азаткерлер жинала бастады. 14-15 қыркүйек екі күн бойы митинг өткізген азаткерлерге ақыры жергілікті мыңдаған жастар қосылып, Оралдың тірлігін бақылауға алды. Нәтижесінде сеператист 300-дей казак атамандары масқара болып қашты. Бұл – Қазақ тәуелсіздігі қарсаңындағы айтулы екі оқиға еді!

3. Кәзіргі тарихшылар Н.Назарбаевтың Таулы Карабаққа Ельцин екеуі кеткен күнді 1991 жылғы 20 қыркүйек дейді. Сол оқиғаға қатысушы ретінде нақты білетініміз басқа. Біз сол кезде Алматыдағы саяси элитадан да, зиялы қауымнан да әбден көңіліміз қалған күн болғаны әлі есімізде. Шын мәнісінде ол 14 қыркүйекте Оралдағы шиеленісті біле тұра кетіп қалғаны оқиғаға қатысушыларға әбден айқын болатын. Оны сол кездегі «Азаттық» радиосының тілшісі, «Азат» газетінің бас редакторы, марқұм Батырхан Дәрімбеттің жарияламдарынан білу қиын емес. Қазақстанның 2-3 облысын Ресейге беріп құтылып, тәуелсіздік жариялауды ойластырған сол кездегі саяси элитаның ішкі ойы болғанын енді жасырып керек емес. Тіпті, «Азат» қозғалысының 7 төрағасының ішіндегі ең белсендісі Сәбетқазы Ақатайдың да сол ойын Рысбек Сәрсенбайұлының өз құлағымен естіп, бүгінде айтып жүргені соны дәйектейді.

Орал оқиғасына қандай ұйымдар қатысты?

4. Орал оқиғасына сол кездегі қоғамдық лидерлерден кім жиналды? Ол кезде «Азат» қозғалысының беделі соншалықты болған емес. Оның есесіне жекедара баскерлер бір-бір топ құрып ала беретін. Соның бірі Жасарал Қуанышәлин мен Дәурен Сатыбалдин «Жаңғыру» деген қозғалыс атынан келді. Бақытжан Әділов «Невада-Семей» қозғалысынан, ал Амантай (белгілі ақ шапанды қажы) Асылбеков пен Орал Сәулебаев бастаған топтар өздерін «Аттан» тобы деп жариялады. Басқасының бәрі «Азат» қозғалысынан еді. Оралдағы оқиғаға «Азаттың» Батыс аймақ бойынша үйлдестірушісі ретінде мен және Орал облысының «Азат» бөлімінің Аманжол Зинуллин бастаған белсенділері мен «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Айсұлу Қадырбаева басшылық етті. Басшылыққа Жасарал, Бақытжандар кіріп, барлығы 13 адам штабты басқардық. Мақсат – оқиғаны шиеленістірмей, ұлтаралық, мемлекетаралық жанжалға ұластырмай, қазақ пайдасына шешу ғана болды. Сондықтан мыңдаған оралдықтарды көтере отырып, казактардың үрейін ұшырып, қорқытып, шараларын болдырмау жүзеге асты. 13 адамның мыңдаған оқиға қатысушыларын басқаруға аздық ететіні белгілі болғасын біздің идеямызбен 100 адам ерікті «ұлан» құрдық. Бұның сол сәттегі қолмен жазған тізімімізді Батырхан «Азат» газетіне бастырғанынан мәлім.

Жасаралдың сессиядағы сөзін Назарбаев Мәскеуге жеткізді

5. Жасарал Қуанышәлин жекедара лидер ретінде сол кезде бейнесі жарқын шықты. Ол орысша-қазақша өте сауатты сөйлей білетін шешендігімен көзге түсті. ГКЧПдан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында (ол кезде депутат емес адам да депутаттар алдында сөз алатын еді) депутаттардың алдында Қазақстан тәуелсіздік жариялауы тиіс деген баяндамасының тезисін Назарбаев Мәскеуде өз сөзімен қайталағанда, ол өзін бұрынғы жұмсақтығынан ажырап, қатқыл сөйлегендей әсер еткені бар. Бірақ Жасарал ағамыз 1991 жылы қазан айында Сәбетқазы Республикалық партия құрып, «Азат» қозғалысына Михаил Есеналиев басшылыққа келгенде өзіне бірінші орынбасар ретінде Хасен Қожахметті, екі орынбасар етіп, Жасарал мен Дос Көшімді шақырғанда ғана мүшелікке өткенін кәзіргі зерттеушілер көзден таса етіп алған. Хасен ағамыз ол кезде Желтоқсаншылардың бір тобын басқаратын, ал Дос Көшім Дуванов екеуі құрған Социал-Либерал партиясының басшысы еді. Бұған дейін бұлардың ешқайсысы «Азат» қозғалысында болған емес. Жалпы 1991 жыл Қазақстанның жаңа тарихы үшін ерекше кезең, оны зерттеу әлі күнге қолға алынбай отыр. Көзге көрінген адамның бәрі «Азатта» болғандай айтылып, көрінбегендер одан мүлде шегеріліп жатыр. Бұдан кейінгі қозғалыс тарихы мүлдем басқаша өрбіді. Оның басты куәгері ретінде қызылордалық баскер Сағат Жүсіпті атаған әділ. Ол кісідей саясатқа барынша адал, бар күш-жігерін жұмсаған адам кем де кем.

Серік Ерғали,

«Азат» қозғалысының Орталық Үйлестіру кеңесінің 1991-1993 жылдардағы мүшесі

Abai.kz

0 пікір