Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
Белес 1512 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 14:30

«Болашақ тағдырымызды саяси процесс көрсетеді!»

Сурет: tengrinews.kz сайтынан алынды.

Конституциялық реформа, референдум, «суперпрезиденттік жүйе», адам құқықтарына қатысты жаңа нормалар, биліктің ұстанымы, алдағы саяси үдерістердің бағыты және басқа да қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер төңірегінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саировпен сұхбаттасқан едік. Халық қалаулысы Мәжіліс таратылғаннан кейінгі жеке жоспары туралы да айтты.


– Ерлан Бияхметұлы, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаға қатысты референдум 2027 жылы өтеді деген еді. Бірақ іс жүзінде биылғы 15 наурызға белгіленді. Билік неге асықты?

– Парламенттің біл палаталы Парламентке ауысатыны жөнінде Президент Тоқаев былтыр өзінің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан. Осыдан кейін конституциялық комиссия жұмыс істеді, Конституцияның баптарын жан-жақты талқылауға жарты жыл уақыт берілді. Оған қоғам, сарапшылар белсенді қатысты. Сондықтан ешқандай асығыстық болған жоқ деп есептеймін.

– Қоғамда қызу талқыланып жатқан баптардың бірі Президент өкілеттігіне қатысты болып отыр. Қоғам өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер Президент өкілетін күшейтіп, «Суперпрезиденттік жүйе» құруды көздейді. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Қазақстанда «Суперпрезиденттік жүйе» құрылмайды. Конституция жобасының 43-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті 7 жылға бір мезгілге ғана сайланады және Ата заңда «бұл бап ешқашан өзгермейді» деп жазылған. Сондықтан бұл Конституция жобасы біздің елде биліктің ауысып тұру тетігін қалыптастырады және Парламент, Үкімет, Президенттің арасындағы тежемелер жүйесін арттырады.

– Ел ішінде жаңа Конституция жобасында арнайы құқықтық режим енгізу, сөз еркіндігі мен бейбіт жиналыс өткізу құқығын шектейтін нормалардың болуы сияқты жайттарға алаңдаушылық білдіріп жатқандар көп. Сіздіңше алаңдауға негіз бар ма?

– Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі деп, адам құқықтарын қорғауға 30 бап арналғанын атап айтуға болады. Демек жаңа заң азаматтардың құқығын қорғауды арттыруды көздейді. Мәселен, Қазақстан азаматына қандай да бір заңсыз залал келтірілсе және ол сотпен дәлелденсе, онда Қазақстан Республикасы жапа шегушіге моральдық, материалдық өтемақы төлеуі қажет. Бұл елдегі бүкіл саяси-құқықтық жүйе азаматтардың құқығын қорғауға бағытталғанын көрсетеді.

Сонымен қатар жоғарыда атап өткен 30 баптың ішінде Қазақстан азаматтарының шетелдерде қорғалуы, ар-ожданының аяққа тапталмауы, сөз бостандығының шектелмеуі, азаматтардың жеке мәліметтерін заң аясында толық қорғау сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Мұның бәрі ел азаматтарының құқығы мен бостандығы заң аясында мүлтіксіз қорғалатынын көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасында неке мәселесі де тыс қалмаған. Заңда ол ер мен әйелдің арасындағы одақ деп қарастырылған. Бұл – қазақ халқының рухани құндылықтарын қорғаудың ең басты аспектісі.

– Қоғамдағы сын-пікірлерге билік қаншалықты ашық?

– Конституция жобасын талқылау барысында Қазақстан азаматтарынан 12 ұсыныс келіп түскен. Осы ұсыныстардың басым көбі конституциялық комиссия жұмысының асында талқыланып, басшылыққа алынды. Сондықтан бұл заң жобасын халықтың ой-пікірімен санасып, көпшіліктің ұсынысын ескере отырып жасалған құжат деп айтуға толық негіз бар.

– Референдумның ашық әрі әділ өтуіне қандай кепілдіктер бар?

– Қазір біз аймақтарға шығып, халықпен кездесулер өткізіп жатырмыз. Сол кезде байқағанымыз тұрғындардың дені жаңа Конституция жобасын қолдайды. Сондықтан 15 наурызда өтетін референдум ашық әрі әділ өтетініне ешқандай күмән жоқ.

– Жаңа Конституция қабылданса, көп ұзамай Парламент таратылады. Болашақ жоспарыңыз қандай?

– Иә, егер Конституция жобасы қабылданатын болса, 1 шілдеден бастап Мәжіліс таратылады. Біз ары қарай саяси жұмысты жалғастырамыз ба, жоқ па, партия басшылығына байланысты. Әзірге заң шығару міндетімізді атқарып жатырмыз. Біздің болашақ тағдырымызды саяси процесс көрсетеді.

Әңгімеңізге рақмет!

Abai.kz

0 пікір