Астана: Ескерткішті қорлағандар жазаланды!
Күні кеше ғана Abai.kz ақпараттық порталы жазған мәселеге қатысты бүгін Астана қаласының полиция департаменті редакциямызға ресми жауап қайтарды.
Астана полиция департаментінің түсіндірмесінде:
«Полиция қызметкерлері ұлы жазушының ескерткішіне құрметсіздік танытқан қызды анықтады. Әлеуметтік желілерде қыздың фотосуретке түсу барысында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны бейнеленген видео тарады.
Полиция қызметкерлері 18 жастағы Астана тұрғынын анықтап, «Байқоңыр» ауданы полиция басқармасына жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды.Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», - делінген.
Сонымен қатар, полиция осындай әрекеттерге жол берілмейтінін және мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға ұқыпты әрі құрметпен қарау қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ ескерткіштерді, мәдениет және тарихи мұра нысандарын қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, заңда белгіленген жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске саламыз.
Abai.kz