Header Banner
Сәрсенбі, 11 Наурыз 2026
Әдебиет 149 0 пікір 11 Наурыз, 2026 сағат 13:27

Қазақты рухани азудан сақтап қалған тарихи тағдыры!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Диктаторлық, тоталитарлық мемлекеттердің ортақ бір белгісі – өз халқына деген өшпенділік. Саяси қуғын-сүргін өз алдына бір бітпейтін науқан болса, халықты күш-жігерінен, еркінен айырудың басты тәсілі - қасақана қолдан аштық жасау. Әсіресе отар болған елдердегі аштық зұлматы халықтың жартысынан көбін жойып кетті.

Тарихи тағдыр қазақ халқын екі империя арасына бөліп тастады. ХІХ ғасырдаң соңғы ширегінде Ресей мен Цин ипериясы арасында шекара тартылғанда Шығыс Түркістанда Алтай, Тарбағатай, Іле қазақ аудандары қытай жаққа қарап қалған болатын. Екі империяның қол астына қараған қазақтың екі бөлігі де сол зұлматты басынан өткерді. Ресей империясына қараған қазақтар 1920-30-жылдары үзбей ашаршылықтың зардабын тартып, 4 млн-нан аса халқынан айырылса, Қытай қазақтары ширек ғасырдан соң тура сол сценариді басынан өткізген болатын. Бірақ тағдыр оларға аштықтан қырылып қалмай, тарихы отаны - Қазақстанға келуді бұйырған екен.

1930-33 жылдарда ұжымдастырудың салдарынан орын алған аштық Қытай қазақтарына да әсер етті. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Соңғы көш» атты өзінің атақты романында алғашық рет Қазақстан оқырмандарына Қытай қазақтарының қилы тағдыры жайлы тақырыпты ұсынды. Алғашқы басылымында шығармадан Қазақстандағы ұжымдастыру мен аштық туралы мәліметтер цензураға түсіп алынып тасталған болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін 90-жылдары романның екінші басылымында ол сюжеттер қайта орнына түсіп қалпына келтірілді.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы сәуірде дүниеге келген. Ол өз әке-шешесі туралы әртүрлі естеліктер айтатын. Соның бірінде: «Әке-шешем қосылғанда бірі – он алтыда, бірі он бесте екен. Анам Қанипа зайсандық қыз. Біздің жаққа 1916 жылы орысқа әскер бермейміз деп, патша өкіметінің жазалаушы күштерінен үрке көшіп, шекара асқан елмен бірге келіпті. Кейін өзі: сонда он екі жастағы дардай қыз едім. Ертістен жеке ат мініп жүзіп өткенім есімде деп отыратын-ды. Өздері Ордабай, Егінбай, Желдібай… деген көп ағайынды адамдар бастаған бір тайпа ел. Жиырмадай үй. Біздің елге келіп қоныстанады. Онда төртуылдың төбе биі, менің атам Күдері би тірі. Елінің ұйытқысы болып, тұтастықты сақтап отырған адам. Бұ кісілер, енді, жаңа келген ағайынды қалай сіңіріп әкетуді ойлайтыны анық. Соның үшін, келгендердің үйінде бойжеткен қыздары болса дереу құда түскен секілді. Егінбайдың бірінен кейін бірі бойжетіп отырған үш қызы бар екен. Үлкен қызын өзінің Қайса деген жақынына қосады. Ал Қанипа деген менің болашақ шешемді өзінің ұлы Жұмаділге алып береді. Бұл 1919 жыл. Апам айтатын: «Би атамның тәрбиесін көре алмадым. Мен түскеннен кейін бір жылдан кейін қайтыс болып кетті», - дейтін.

1932-33 жылдары ұжымдастыру кезінде шолақ белсенділердің асыра сілтеуінен және малдың жаппай тәркіленуі халықтың наразылығын тудырып, жер жерде бас көтерулер мен шекара асып кету орын ала бастады. Халық жазушысының айтуы бойынша тәркілеген малды тірідей, ет күйінде Ресейге жөнелтіп жатты. Ал, Ресейде де, тіпті Еуропа елінде жылқының етін жемесе де, барлық жылқы тәркіленіп, малдың ішінен ауру шықты деген сылтаумен сай-сайға иіріп, пулеметпен қырып тастаған. Бұны Голощекин қазақты жаяу қалдыру үшін қасақана әдейі жасады. Өйткені ол қазақ атқа мініп жүргенде ешкімге дес бермейтінін және ешкімге бой сұнбайтынын білді. Ал жаяу қалған қазақтардың сағы сынып, жусап қалды.

Бірде Қ. Жұмаділов «қазақ жаппай аштыққа ұшырап, жеуге азық таппай жатқанда кімдер тірі қалды?», - деп тағы бір әңгімесін айтты. «Ұжымдастыруға дейін Шыңғыстау ауданыныны (кейін Абай ауданы) халқының саны 36 мың болатын. Ал ұжымдастырудан соң олардан 6-ақ мыңы қалды.  Соның ішінде тірі қалғандардың арасында екі мыңы әскер санатындағылар, НКВД мен милиция қызметкерлері мен өкімет адамдары болса олардан басқа қалғаны кім? Соны ойласаң төбе  шашың тік тұрады...», - дейтін. Талғажау ететін азық таппаған ел тышқан аулап, дала-даланы кезіп кетіп, тіпті адам етін, өз балаларын асып жеп, тірідей көр азабын көріп жатты. Мұндайға шыдамаған ауылдар жаппай шекара асып Қытайға өтіп жатты.

Ол кезде екі мемлекеттің келісімі бойынша шекараны Совет шекарашвлары күзететін. Шекарадан өтпекші болған ауылдардың көбі оққа ұшып жатты. Ал шекарадан өткен азды-көпті елді арғы бетте жергілікті қазақ ағайындары қарсы алып, қамқорлығына алды, келген елге төрт түлік пен  жайлымын бөліп беріп құдандалы болып жатты.

Сол тағдыр тәлкегіне қарап отырып, әкеміз «қазақ не нәрсенің болса да арты қайырлы болсын деп тілеп отырады» дейтін. Қазақ халқының тағдыры екі империя арасында жарылып бөлінсе де ол болашақта ұлт үшін қайырлы болды.

1916-жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде де, ұжымдастыру кезінде де Қытайға бас сауғалап кеткенде қазақтарға тек арғы беттегі қазақтар ғана көмектесті. Егер ХІХ ғасрдың соңғы ширегінде Қытай жақта қазақ аудандары болмаса, онда 1930-жылдары советтік Қазақстаннан кеткен ауылдардың тағдыры не болар еді? Бүгін солардан ұрпақ қалар ма еді, қалмас па еді?! Шыңжаңда қазақтардың қоныстануы қазақ халқының генофондын ғана емес, рухани құндылықтарын да сақтап қалуына үлкен септігін тигізді. Ширек ғасырдан соң бұның да қайтарымы болды.

ХХ ғасырдың ортасында 1955 және 1962 жылы Қытайдан қазақтардың екі толқыны тарихи отанына оралды. Алғашқы толқын кеңестік кезеңде Қытайға өтіп кеткен адамдарды екі елдің өзара келісуімен совет азаматының паспортымен Қазақстанға қайтарды. Бір паспортқа он адамның тіркелуіне рұқсат берілген. Өйткені соғыстан кейінгі жылдары КСРО-да адам шығыны қатты байқалып, жұмысшы күші жетіспеді. Білетіндердің айтуынша орта есеппен Қытайдан Совет еліне жүз мыңнана аса қазақ өтіпті.

Екінші толқын 1962 жылы сәуір айында ҚХР-да мәдениет революциясы мен комуналарға күштеп ұжымдастырудың салдарынан болды. Қытайдағы комуна құрылысы КСРО-дағы ұжымдастыруға қарағанда өте қысқа мерзімде, тіпті анайы түрде жүргізілді. Қытай комунистреі «ортақ мал, ортақ мүдде» дегенді тіке түсініп, барлық елді мекенде комунаға біріккен адамдарға өз үйлерінде жеке қазан асуға тыйым салып бәрін бір қазанға телміртіп қойған. Осындай ақылға симайтын асыра сілтеудің салдарынан халық жаппай аштыққа ұшырай бастады.

1958 жылы Қытай мен КСРО арасы бұзылып, советте оқып жүрген ҚХР студенттерінің бәрі елге қайтарылған болатын.  Оларды Қытайда жүріп жатқан мәдени революция жалыны шарпып, қатаң сынға алды, «еңбекпен тәрбиеледі». Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов сол жылдарды еске алғанда «22 жасымда Қытай өкіметінің маған «ұлтшыл» деп таққан атағын бәрінен жоғары қоям» дейтін. «Еңбекпен түзеуден» өткен жазушы ақыры өз еліне оралып, бастауыш сыныпта сабақ беріп жүрді.

Қолында С.М. Киров атындағы ҚазМУ филология факультетінің студенттік куәлігі мен сынақ кітапшасы бар Қ. Жұмаділов Қазақстанға оралуды жоспарлайды. Шекара алыс емес, таяу, не бәрі 18 шаұырым жерде. ҚазМУ студенті деген құжаттары қолда. Бірақ ел ішін аштық жайлай бастаған соң ол жеке қара басы ғана кетпей, не болса да жұртпен бірге өтуді ойлай бастайды. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 1961 жылы Шәуешек ауданы  жұртының атынан Құлжадағы Совет консулына және СССР мен Қазақстан басшыларына тарихи отанға қайтту туралы өтініш хаттарды бірінен соң бірін әр түрлі азаматтардың атынан жазып, елді Қазақстанға көшіруді ұйымдастыра бастайды. Артынан сол хаттарда айтылған жағдайдың шын-өтірігін анықтау үшін  Шәуешекке Құлжа қаласындағы совет консулдығынан адам келіп, жергілікті адамдардың арасынан сұрау салып жағдайдың ауыр екеніне көзі жетіп қайтты.

Қабдеш Жұмаділов 26 жасында 1962 жылы сәуірді 20-сы мен мамырдың 1-і аралығында бес застава арқылы Шәуешек аймағынан 200 мыңнан аса халықтың көшін бастап екі империяның шекарасынан өткізіп, ата жұрты Қазақстанға аман-есен көшіріп әкелді. Бұл қазақ қоғамы әлі де толық түйсініп, әділ бағасын бере алмай отырған үлкен тарихи құбылыс. Жазушының өзі де: «Менiң жазу­шылық еңбегiм, жазған том-том кiтап­тарым өз алдына. Ал 1962 жылғы көш – менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы. Бақилық болар алдында да осы еңбегімді еске алып өтетін шығармын», - дейтін.

Бәз біреулер «бұл оқиғаға жазушының қатысы жоқ, бұл көш екі елдің келісімімен болды» дегенді айтып қалады. Онда, егер екі елдің келісімі болса онда неге ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономилық ауданда үш қазақ ауданының тек Шәуешек ауданының халқы шекарадан өтті? Алтай қазақтары қозғалған жоқ, Құлжа көшкен жоқ. Оның үстіне бұл оқиғаның куәләрі әлі бар, арамызда. Оларды жазушыға деген алғысы мен ризалығынан басқа айтары жоқ. Жер-жерде жазушының көзі тірісінде Оның атымен «Қабдеш шоқысы», «Қабдеш бұлағы» сияқты жер-су аттары пайда болды. Шәуешек ауданы халқының көші туралы оқиғалар жазушының «Соңғы көш» және өмірбаяндық «Таңғажайып дүние» атты шығармаларында жақсы сүреттелген.

Білетініміздей, соғыстан кейін тек қазақ интелигенциясы ғана құғындалған жоқ. Қазақтың рухани әлемі де қудаланды. Халық ауыз әдебиетін, ұлттық тарихты зерттеуге тыйым салынды. Домбырада ойнау феодализмді аңсаудың ең сорақы көрінісі боп саналды. Осындай жағдайды Бұл екі көштің де қазақ елі үшін қайырлы болатыны арғы бет шекарадан тек адам өтіп қойған жоқ. Сол көшпен бірге Қазақстанда көмескілене бастаған салт-дәстүрлер, халық ауыз әдебиетінің жоғылып бара жатқан үлгілері, Шәкәрімнің мұрасы, ұлттық мейрамдар мен ұлттық ән-күй оралды. Кеңестік-атеистік қоғамда жаназа шығару қайта жалғасты. Ал, сол көшпен бүгінгі күні Қазақстанның мақтанышына айналған өнер, ғылым, әдебиет саласының  өкілдері, мемлекеттік қайраткерлер қаншама.«Бұл қазақтың сұйылып бара жатқан қанын қайта қоюлатқан құбылыс болды», - деп баға берді сол оқиғаларға Халық жазушысы.

ХХ ғасыр қазаққа опа қайыр әкелген жоқ. Балшабектердің сценариі бойынша қазақ халқы өзінің ұлттық болмысынан айырылып, тұқымы тұздай құрып кетуі керек еді. Бірақ, Жаратушы ием: «Қазақ халқы жоғалмасын, бүтін болсын», - деді ме, қазақ елі үшінші мыңжылдыққа тәуелсіз ел боп қадам басты, ал 1962 жылғы қазақ көші бұл такрихи оқиғаны жақындата түскені айдай анық.

Арман Жұмаділ, 

т.ғ.к., ҚБТУ қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

0 пікір