Жұма, 29 Мамыр 2026
288 0 пікір 29 Мамыр, 2026 сағат 20:54

«Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық конференция өтеді

Сурет: шара ұйымдастырушыларынан алынды.

2026 жылғы 2–3 маусым аралығында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық конференция өтеді. Ауқымды ғылыми іс-шара Қазақстандағы қолжазба қорларын сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, цифрлық форматқа көшіру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды академиялық бастама.

Конференция бағдарламасына Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Өзбекстан, Ресей, Куба және Әзербайжан сынды сегіз мемлекеттен 50-ден астам ғалымдар мен салалық сарапшы-мамандар баяндама жасайды. Конференцияға Харвард университеті, Оксфорд университеті, Индиана университеті, Түркия қолжазбалар басқармасы, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Өзбекстан Ғылым академиясының ғылыми институттары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Astana IT University, «Ғылым ордасы» және Қазақстанның ұлттық кітапханалары мен орталық архивтері қатысады.

Конференцияда Қазақстан мен Орталық Азиядағы қолжазбалар мұрасын көпқырлы тұрғыдан қарастыруға басымдық беріледі. Бағдарламада ортағасырлық мұсылман еңбектерін ғылыми айналымға енгізу, қазақ даласына қатысты араб, парсы және түркі деректерін талдау, Қазақстандағы араб жазуындағы қолжазбалардың тақырыптық және тарихи ерекшеліктерін ашу сияқты мәселелер қамтылған.

Бұған қоса, конференцияның бөлек бір үлкен бағыты ретінде цифрлық гуманитаристика мен жасанды интеллект технологияларын қолдану қарастырылады. Astana IT University зерттеушілері шағатай тіліндегі мәтіндерді тануға арналған OCR жүйелері мен тілдік модельдер жасау бойынша баяндамалар ұсынады, шетелдік мамандар метрика кітаптар мен тарихи құжаттар корпусы негізінде оптикалық мәтін тану модельдерін оқытудың ғылыми‑практикалық қырларын түсіндіреді. АҚШ пен Еуропа ғалымдары АҚШ кітапханаларындағы ислам қолжазбалары қорымен жұмыс істеу, Жібек жолы бойындағы жазба мұраларды цифрландыру, электронды каталогтар құру тәжірибесімен бөліседі. Бұл бағыттар дәстүрлі қолжазбатануды деректер ғылымы және цифрлық гуманитаристикамен ұштастыруға жағдай жасайды.

Конференциямен қоса 4-10 маусымда «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» халықаралық жазғы мектебі ұйымдастырылады.  Жазғы мектепке Қазақстан, Түркия, АҚШ және Жапониядан келген кемінде 14 жетекші маман мен оқытушы қатысады. Олардың қатарында Токио шет тілдері университетінің, Харвард университетінің, Түркия қолжазбалар басқармасының, IRCICA орталығының, Индиана университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік-университетінің, ұлттық кітапханалар мен «Ғылым ордасы» реставрация орталықтарының сарапшылары бар.

Жазғы мектеп бағдарламасы бірнеше негізгі модульден тұрады. Бірінші модуль шағатай тілін оқыту әдістемесіне және шағатай тіліндегі мәтіндер корпусын қазақ зерттеулерімен байланыстыруға арналса, екінші модульде түркі және ислам қолжазбаларына қатысты консервация, реставрация және пассивті сақтау тәжірибелері үйретіледі. Үшінші модульде АҚШ пен Түркия кітапханалары мен ғылыми орталықтарының ислам дереккөздерімен жұмыс істеу мәдениеті, қолжазбалар мен сирек кітаптарды каталогтау, халықаралық стандарттарға сай сипаттау тәжірибесі көрсетіледі.

Аталған екі іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ВР28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: тіркеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеулер» атты  бағдарламаны іске асыру аясында өткізіліп жатыр.

Конференция мен жазғы мектептің мекенжайы: Алматы қ., Шевченко көшесі, 28

«Ғылым ордасы» РМК, Үлкен конференция залы мен Орталық ғылыми кітапхананың Халықаралық залы

Ұйымдастыру комитеті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3342
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2447