Голливудтағы Ресейге қарсы наразылық: Бұрынғы мұғалімнің жеңісі
АҚШ, Лос-Анджелес. Әлемдік киноакадемияның басты марапаты саналатын 98-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінде күтпеген жағдай орын алды. «Үздік деректі фильм» аталымында бас жүлдені ресейлік билік пен Украинадағы қақтығысты сынға алған «Аты жоқ мырза Путинге қарсы» (ағылш. Mr. Nobody Against Putin) картинасы жеңіп алды.
Сахнаға көтерілген режиссерлер тобының арасында бұрын Челябі облысында мұғалім болып жұмыс істеген Павел Таланкин болды. Қолына алтын мүсінді ұстаған ол жиналған жұртшылыққа орыс тілінде үндеу жасады. Оның сөзінше, адамдар бейбіт аспанды армандайды, алайда кейбір өңірлерде күн сайын зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар ұшып жатыр. Таланкин баршаға қайрыла сөйлеп, соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға шақырды!
Фильмнің тағы бір авторы, америкалық режиссер Дэвид Боренштейн туындының идеясын түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұл лента адамның өз Отанын қалай жоғалтатыны жайлы сыр шертеді. «Бұл үнсіздік пен ымырашылдықтың салдарынан болатын құбылыс», - деп атап өтті Боренштейн.
МҰҒАЛІМНІҢ ТӘУЕКЕЛІ
Павел Таланкин — бұрын Карабаш қаласындағы жалпы білім беретін мектепте сабақ берген педагог. 2022 жылдың ақпан айынан кейін оқу орындарында жүргізілетін тәрбие сабақтарының барысын жасырын түрде бейнетүсірілімге түсіріп отырған. Бастапқыда бұл материалдар есеп беру үшін қажет еді, дегенмен кейін олар маңызды деректі дәлелге айналды. 2024 жылы Таланкин елден кетіп, жинаған жазбаларын шетелдік әріптесіне тапсырған. Осылайша, екі режиссердің бірлескен жұмысы дүниеге келген. Айта кетейік, бұған дейін бұл туынды «Сандэнс» пен «BAFTA» сынды беделді кинофестивальдарда топ жарып үлгерген.
МӘСКЕУДІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Ресей Федерациясының ресми өкілдері бұл марапатқа қатысты пікір білдіруден бас тартты. Мәселен, президент әкімшілігінің өкілі Дмитрий Песков журналистерге аталмыш фильмді көрмегенін жеткізді. Оның сөзіне сенсек, туындының мазмұнымен таныспай тұрып, ешқандай түсініктеме беру мүмкін емес.
Мемлекеттік телеарналар да бұл жаңалықты назардан тыс қалдырды. «Бірінші арна», «Россия-1» және «НТВ» сияқты ірі медиаресурстар таңғы ақпараттық бағдарламаларында «Оскар» жеңімпаздарын атаған кезде бұл фильмді тілге тиек етпеген. Тек жекелеген интернет-басылымдар ғана марапат туралы қысқаша хабарлама жариялады.
Кейбір мемлекеттік Дума өкілдері болса, аталмыш марапаттың маңызы төмендеп кеткенін айтып, оны елемеуге шақырды. Алайда халықаралық басылымдар бұл оқиғаны ресейлік БАҚ-тағы цензураның айқын көрінісі ретінде бағалап отыр.
СИМВОЛДЫҚ БЕЛГІ
Павел Таланкин марапаттау кешінде ерекше танамоншақ (брошь) таққан. Ол кішкентай теледидар пішінінде жасалып, ішінде «Аққу көлі» балетінің кадрлары көрсетіліп тұрған. Бұл Кеңес дәуіріндегі теледидардың символы саналады. Осылайша режиссер ресейлік насихаттың бүгінгі әдістері мен Кеңестік өткен дәуірі арасындағы байланысты меңзегісі келгендей.
Қазіргі уақытта Чехияда тұратын Таланкин үшін бұл жетістік — тек кәсіби марапат қана емес, сонымен қатар жеке ерліктің де көрінісі. Өз отанында ол әлеуметтік желілерде сынға ұшырап жатса да, оның Голливуд сахнасында сөйлеген сөзі әлемдік БАҚ-та кеңінен тарады.
Abai.kz