Қазақ елінің конституциялық даму тарихы
Адамзат баласы тарихында ең алғашқы конституция есебінде ежелгі Вавилония мемлекетінде б.з.б. 1793—1750 жылдары билік құрған Хамурапидің 282 баптан тұратын заңдар жинағын айтады.
Қазақ елінің заңдар жинағы мәселесіне келгенде біздің есіміге бірден Шыңғысханның – «Жасақ» (Яса) заңы, Қасымханның – «Қасқа жолы», заңы, Есім ханның – «Ескі жолы» заңы және Тәуке ханның – «Жеті жарғы» заңы түсетіні аңық.
Бұл заңдар бүгіндегідей түсінікте конституция ұғымындағы заңдар болмағыныменде өз заманында бірнеше бірнеше буын ұрпақтарының қоғамдық қарым-қатынастарын реттеген заңдар жинағы болатын.
Мемлекеттің негізгі заңы ретіндегі конституция ұғымы Жаңа заманда пайда болды. Нақтырақ айтсақ 1787 жылы жаңадан құрылған Америка Құрама Штаттары мемлекетінде қабылданған басты заң – әлемдегі алғашқы жазбаша заманауи конституция болатын.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақ елінің конституциялық даму тарихында мемлекеттіктің басты заңы ретіндегі қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді біз екі топқа жіктеп қарастырамыз:
Бірініші – конституциялық маңызы бар құжаттар;
Екінші – Қазақ елі тарихындағы конституциялар мен конституция жобасы.
Алдымен конституциялық маңызы бар құжаттарға тоқталатын болсақ, біз келесі екі құжатты атаймыз:
– «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы. 1917 жыл 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Алайда осы уақытта Ресей империясы аумағында азамат соғысы жүруіне байланысты бекітілмеді. «Алаш» партиясының бағдарламасы ісі жүзінде конституцияға татитын тарихи маңызды құжат болатын. Себебі бағдарламада мемлекеттік қалыбы, автономиялық билік, азаматтардың негізгі құқықтары, білім-ғылым, дін істері тәрізді маңызды мәселелер аңықталған болатын.
– 1920 жылы қазан айында қабылданған «Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілері құқықтарының Декларацияс құжаты. Декларация Қазан ревалюциясының келесідей жетістіктерін қорытындылады:
- ҚазАКСР құрылуы конституциялық жолмен жарияланды;
- Мемлетекттік билік пен мемлекетті басқару органдарын бекітті;
- Еңбекшілер құқықтары бекітілді.
Қазақ елі тарихындағы конституциялар мен конституция жобасы мәселесіне келетін болсақ, біз бұл құжаттарды үш кезеңге бөліп көрсетеміз:
Бірінші кезең – Ресей империясы құрамында болған кездегі;
Екінші кезең – Кеңестік социалистік құрылымның құрамында болған кездегі;
Үшінші кезең –Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі.
Ресей империясы құрамында болған бірінші кезеңдегі құжат – «Қазақ елінің Уставы» деп аталады. 1911 жылы Петербург қаласында Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Барлыбек Сырттан жасады. Бұл құжат жоба түрінде болды. Аталмыш құжаттың маңыздылығы сонда, бұл құжаттан біз XX ғасырдың басында алаш зиялыларының Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, өз алдына дербес ел қылу мақсатынын болғанын көреміз.
«Алаш» партиясының бағдарламасы болашақ Қазақ елін Ресей федерациясы құрамындағы автономиялық мемлекет ретінде көрген болса, бір қызығы бұл құжат бойынша Қазақ елі Ресей мемлекеті құрамындағы доминион мәртебесіндегі ел ретінде, яғни автономиядан қарағанда өте кең құқықтарға ие, дербестігі жоғары, іс жүзінде тәуелсіз мемлекетке жақын құрылымдағы ел болуы тиіс еді.
Қазақ елінің кеңестік социалистік жүйе құрылымында болған кезеңінде үш рет конституция қабылданды:
Бірінші - 1926 жылғы Қазақ АКСР конституциясы;
Екінші - 1937 жылғы Қазақ КСР конституциясы;
Үшінші - 1978 жылғы Қазақ КСР конституциясы.
Әрқайсысына қысқаша тоқталатын болсақ:
Қазақ АКСР Конституциясы 18 ақпан 1926 жыл қабылданды. Аталмыш конституция 1937 жылға дейін қолданылды. Мемлекеттік басқару нысаның, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті.
Қазақ КСР Конституциясы 26 наурыз 1937 жыл қабылданды. Қазақ АКСР құқықтық мәртебесі өзгертіліп, Қазақстан автономиялық елден КСРО-ның толыққанды мүшесі – Республикаға айналуына байланысты жаңа конституция қабылданды. 1978 жылға дейін қолданыста болды.
Қазақ КСР Конституциясы 20 сәуір 1978 жылы қабылданды. 1977 жылы КСРО-ның жаңа конституциясы қабылданған болатын. Осыған орай ҚазКСР-нің жаңа конституциясы қабылданды. Мемлекеттің басқару нысаны, билік органдары, адам құқықтары мен бостандықтары қатар Қазақстан КСРО құрамындағы тең құқылы республика ретінде жарияланды. Қоғамдық өмірде коммунистік партияның жетекші рөлі тайға таңба басқандай қылып айқындалды.
Қазақ елінің конституциялық дамуының келесі кезеңі – Тәуелсіз Қазақстан кезеңін құрайды, және де бұл кезеңде – үш конституция қабылданды:
Бірінші Конституция Жоғары Кеңеспен 28 қаңтар 1993 жылы қабылданды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы. Конституция кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Мемлекеттің басқару нысанын – Парламенттік-президенттік жүйе ретінде дәйектеді. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары бекітілді.
Екінші Конституция жалпы халықтық референдумда 30 тамыз 1995 жылы қабылданды. Кіріспе, 9 бөлім, 99 баптан тұрады. Мемлекеттің басқару формасы – Президенттіке өзгертілді. Мемлекеттің құрылымы унитарлы құрылымы нақты көрсетілді. Биліктің тармақтары мен фукнциялары, бірін-бірі тежеу және толықтыру механизімі нақты айқындалып көрсетілді. Мемлекеттік басшысы ретінде Президентке кең өкілеттіліктер беріліп, мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде айқындалды. Қазақстан аумағындағы өзге этнос өкілдерінің Парламенттегі өкілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беріліп, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі құрамына 9 депутаттың сайлануына мүмкіндік берілді. Аталмыш конституцияға 1998, 2007, 2011, 2022 жылдары жүзден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оларға қысқаша тоқталатын болсақ:
Конституцияға 1998 жылғы енгізілген толықтырулар мен өзгерістер келесілерді қамтыды:
- Президент өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды;
- Парламенттің рөлі күшейтілді;
- Саяси жүйеде реформалар жүргізілді.
2007 жылғы енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес:
- Президент мерзімі қайтадан 5 жылға қысқартылды;
- Парламенттің (әсіресе Мәжілістің) рөлі айтарлықтай артты;
- Партиялық тізім бойынша сайлау енгізілді;
- Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі күшейді;
- Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы 9 депутат сайлау енгізілді.
Конституцияға 2011 жылғы енгізіліген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес:
- Кезектен тыс президент сайлауын өткізу мүмкіндігі енгізілді;
- Президент өкілеттігіне қатысты кейбір нормалар нақтыланды.
2022 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар келесіні қамтыды:
- Суперпрезиденттік модельден бас тарту басталды;
- Президенттің партияға мүшелігіне тыйым салынды;
- Конституциялық Сот құрылды;
- Адам құқықтарын қорғау күшейтілді;
- Өлім жазасын жою туралы норма бекітілді;
- Парламенттің және жергілікті биліктің өкілеттігі кеңейтілді.
Үшінші Конституция 2026 жылдың 15 наурызда жалпыхалықтық референдума Қазақстан халқының басым көпшілігімен мақұлданды. Жаңа Конституция 2026 жылдың 01 шілдесінде қолданысқа енгізіледі. Конституция 11 бөлім 95 баптан тұрады.
Жаңа Конституция нормаларына сәйкес Қазақстан қоғамыда үлкен өзгерістер күтілуде. Атап айтар болсақ:
1. Қазақстан қос палаталық заң шығару жүйесінен бір палаталы заң шығару жүйесіне өтеді. Парламенттің атауы – Құрылтай болып өзгереді. Құрылтай 145 депутаттан прапорционалды сайлау жүйесінің негізінде партиялық тізіммен жасақталады. Депутаттардың өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Бір палаталы заң шығару органы заңды шығару процессін жеделдетіп, бұрынғыдай палаталар арасындағы қайшылықтардың орын алуына жол бермейді деп көзделуде.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда заң шығарудың жаңа тетігі ретінде төтенше жағдайлар (пандемия, дағдарыстар) орын алған жағдайда Үкіметке Құрылтайды күтпей заң күші бар актілер қабылдау өкілеттілігі де берілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылып, оның орынына құқықтық шешім шығару билігіне ие емес, алайда бүкіл Қазақстан халқы атынан кеңесші және үйлестіруші функциясы бар Қазақстан Халқы Кеңесі орган құрылды.
Мақсаты:
- Халықтық келіспеушіліктерді шешу, қоғамдық диалогты ұйымдастыру және мемлекеттік саясатқа азаматтық бақылау жасау;
- Елдегі құқықтық, саяси, әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу.
Құрамы:
- Құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдері, белгілі тұлғалар кіреді;
- Президент пен Құрылтай тарапынан тағайындалатын мүшелер бар.
Құқықтары мен өкілеттіктері:
- Мемлекеттік органдарға ұсыныс жасау және қоғамдық пікір білдіру;
- Конституциялық немесе заңнамалық актілерге қатысты қорытынды беру;
- Ұлттық мүдде, тұрақтылық және саяси келісім мәселелерін қадағалау;
- Заң шығару бастамасын көтеру (ұсыныс түрінде).
4. Президент өкілеттілігіне қатысты өзгерістер.
1995 жылғы Конституция Президентке биліктің кең өкілеттілігін беріп, оның мемлекет басшысы ретінде саяси рөлін арттырды.
Көптеген сарапшылар жаңа Конституция Президент өкілеттілігін бұрынғыдан да арттырды деп есептегеніменде Президент өкілеттілігінің артуы негізінен үйлестіруші, арбитр рөліне жақын.
Мәселен, жаңа Конституция бойынша Президент өкілеттілігіне қатысты келесідей өзгерістерді көреміз:
- Үкіметті құруда Құрылтайдың рөлі арттырылған;
- Көптеген тағайындаулар Құрылтай келісімімен жүзеге асады;
- Президенттің біржақты шешім қабылдау мүмкіндігі азайтылған;
- Импичмент рәсімі жеңілдетіліп, нақты бір органға (Құрылтайға) шоғырланған.
Бұл өзгерістерді Президент өкілеттілігінің салыстырмалы түрде шектелуі деп бағалауға болады деп есептейміз.
Жаңа Конституция бойынша Президент өкілеттілігін күшейтетін нормалар келесі мәселелерді қамтиды:
- Құрылтай келісім бермесе, Президенттің оны тарата алуы;
- Конституциялық Соттың, Орталық Сайлау Комиссиясы, мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындаудағы рөлі сақталған;
- Төтенше жағдай, қорғаныс, сыртқы саясаттағы өкілеттілігі толық сақталған.
Мұны біз мемлекетті басқарудағы Президенттің стратегиялық билігін сақтауы деп бағалаймыз.
Вице-Президент лауазымын қайта жаңғырту. Бұл лауазым негізінде 1993 жылғы Конституциямен қарастырылған болатын. Алайда 1995 жылғы Конституцияда аталмыш лауазым қысқартылды.
Билік иерархиясында Президенттен кейінгі екінші тұлға 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Парламенттің Сенат Төрағасына болса, жаңа Конституция нормасына сәйкес Вице-Президент болып табылады. Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.
Вице – Президент лауазымы саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде қызмет етеді. Президент халықаралық аренадағы өкілдік, Құрылтаймен жұмыс тәрізді мемлекеттік маңызды істерді Вице-Президентке жүктей отырып атқарушы биліктің жеделдігін арттырады. Вице-Президент лауазымын енгізу қоғамдағы жүргізіліп жатқан реформалар бойынша атқарушы биліктің шұғыл шешім қабылдау қабілетін арттырып (әсіресе дағдарыс кезінде), сонымен бірге Үкіметтің Құрылтай алдындағы саяси жауапкершілігін күшейтеді.
Яғни Вице-Президент — Президенттің ең жақын саяси серіктесі болып табылады. Ол заң шығарушы (Құрылтай) және атқарушы (Үкімет) билік арасындағы негізгі байланыстырушы тұлға болады. Бұл Президенттің күнделікті оперативті жұмыстан босап, стратегиялық мәселелерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Сарапшылар Вице-Президент лауазымының енгізілуі билік транзиті мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді, саяси дағдарыстың алдын алады деп есептейді. Яғни Президент мерзімінен бұрын кетсе, өкілеттік тікелей Вице-Президентке өтеді (51 бап). Осылайша Президент билігінің абсолюттілігі төмендеп, институционалдық бақылау күшейеді.
5. Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты келесідей жаңашылдықтар енгізілді:
- Дербес деректерді қорғау: "Цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан қорғау" құқығы конституциялық деңгейде бекітілді (21-бап).
- Сайлану құқығына шектеу: Сыбайлас жемқорлық үшін кінәлі деп танылған адамдарға сайлану құқығына өмір бойы тыйым салынды (36-бап).
- Білім беру: Оқу орындарындағы тәрбие мен білімнің зайырлы сипаты нақты көрсетілді (33-бап).
- Мемлекет пен дін мәселесі: діннің мемлекеттен бөлек екендігі және діни ұйымдардың қызметі ұлттық қауіпсіздік мүддесінде шектелуі мүмкін екендігі нақтыланды (7-бап).
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің айтар болсақ еліміздің конституциялық реформасының жемісі болып табылатын – жаңа Конституция, әуелде бұқара халыққа түсіндіріп айтқандай – демократиялық қоғамды көркейту, мемлекеттік билік институттарын нығайтып, зайырлы, құқықтық, азаматтық қоғам құру мақсатына жұмыс істейді ме, әлде республикалық басқарудың президенттік формасын сақтай отырып, бір адамның қолына тежеусіз билікті шоғырландыратын принициат жүйесін қалыптастырады ма, мұны алдағы уақыт көрсетеді. Және де бұл өзгерістер де Қазақ елінің конституциялық даму тарихындағы маңызды кезең болып қалатыны аңық.
Садуақасов Аманкелді Жұмғалиұлы
Abai.kz